CАЛАДИН
CАЛАДИН
Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ
1138 жылы Күрдiстан жерiндегi Тикрит қаласының әмiршiсi Айюб ибн-Шадидiң отбасында Юсуф атты бала өмiрге келдi. Бұл заман крест жорықшылары Шығысқа қайта-қайта қанды жорық жасап жатқан қиын кез болатын. Сол кезде оның кейiн «дiншiлдердi қорғаушы» Салах ад-Дин болатынын, ал батыс әлемi оны «Саладин» атайтынын ешкiм де бiлген жоқ. Күрдiстан түрк-селжұқ мемлекетiне қарайтын. Бiрақ сол кезде Күрдiстан ыдырай бастаған едi. Юсуф туған күннiң ертеңiне-ақ Айюб отбасымен Тикриттен кетуiне тура келдi. Айюбтың iнiсi Ширкух ашу үстiнде елге танымал селжұқты өлтiрiп алған едi. Олар Мосул билiгiндегi Зангиге жол тартты. Содан бiраз жыл бұрын Ирактың бұл аймағы селжұқ мемлекетiнен бiржолата бөлiнiп шыққан болатын. Айюб бұрын Зангиге бiраз көмек берген. Занги 1130-1140 жылдары Сирия мен Ливан аймағын өзiне қаратып, өзiнiң билiгiн ұлғайтқан едi.
Занги Айюб пен Ширкухті әскери басшы қызметке тағайындап, Ливанның биік тауындағы Баальбек қаласын сеніп тапсырды. Айюбтың отбасында бірнеше бала бар. Саладиннің балалық шағы сол Баальбек қаласында өтті. 1146 жылы Занги өз қызметшісінің қолынан қаза табады да, оның мемлекеті бірнеше бөліктерге бөлініп кетеді. Бұл жағдай Айюбтың отбасына елеулі әсер етеді. Осы жағдайды пайдаланған Дамаскі атабегі Муин ад-Дин Баальбекке қарай жорыққа шығады. Қаланы қорғауға мүмкіндігі болмаған Айюб бірден беріліп, әмірге қызмет етуге келіседі. Оған әмір Дамаскі маңынан үлкен жерді иелігіне берген.
1154 жылы Юсуф әкесі Айюб тұрып жатқан Дамаскіге келген. Сол кезде Айюб пен Ширкух бұл қаланы қантөгіссіз Нұраддинге беру туралы жасырын келісім жасаған еді. Олардың бұл жасырын әрекеті іске асып, Сирияның жаңа билеушісі ретінде Дамаскіден басқара бастайды. Нұраддин крестшілерден бірнеше территорияны жаулап алып, әділ билік жүргізе бастады. Мемлекетке түскен барлық табыстарды қайырымдылыққа, жол құрылысына және керуен сарайларына жұмсап, сауда-саттықты дамытқандарға сый-сияпат жасап отырды. Нұраддин Дамаскіні астана етіп, Юсуфты үкімет мекемесінің аса маңызды бақылаушы қызметіне тағайындайды. Алайда мекеме басшысына он алты жасар баланы осындай жоғары қызметке тағайындауы ұнаған жоқ. Ол қанша шағымданса да Нұраддин оның сөзіне құлақ аспады.
1163 жылы жиырма алты жасар Юсуф күтпеген жерден ағасы Ширкухпен бірге Египетке жорыққа шығуға бұйрық алады. Бұл бұйрық оны қуанта қойған жоқ. «Мен Египетті тұтас жаулап алатын болсам да, оған жорық жасағым келмейді», – деді ағасына. Бірақ Ширкух тыңдаған жоқ. Египетке жорықтың басталуына себепші болған египеттік уәзір Шавар өзінің саяси бәсекелесімен күресте жеңіліп қалған соң Сирияға қашып келіп, Нұраддиннен әскери көмек сұраған. Египеттегі Фатимидтер халифаты ислам-шиіттер мемлекеті болғандықтан Нұраддин мұсылман-сунит ретінде оған араласпауы керек еді. Алайда Сирия билеушісі Иерусалимді басып алған крестшілер күндердің күнінде Египетті де жаулап алуға аттанатынын сезіп, соған кедергі келтіруді ойлады. Оның бұйрығы бойынша Ширкух сириялық әскерді еш қиындықсыз кіргізіп, Шавараны билікке қайта отырғызды. Алайда Шавар берген уәдесінен тайқып, есесіне крестшілермен одақтасты. Екі жақты соғыс ұзаққа созылған жоқ. Екеуі де Египетті тастап кетуге уағдаласты. Сөйтіп Нұраддиннің Египетке ықпалын жүргізу жоспары іске аспай қалды. Бұл екі жақты қырқысу Шавардың ғана пайдасына шешілді. Сол бірінші Египет соғысында Юсуф ерекше көзге түсе қоймаған еді. Алайда ол ағасы Ширкухке жақсы кеңесші бола білді. Алайда Шавар сириялық әскердің қайта оралу қаупінен алдын-ала сақтанып, Иерусалим корольдігімен әскери келісім-шарт жасасқан. Оның қауіпі расқа айналып, 1167 жылы Жоғарғы Египет аймағында Сирия әскері египеттік және крестшілермен шайқасқа түсті. Ширкух жауға елеулі шығын келтіріп, Александрияны басып алды. Артынша қосымша күш алған қарсыластары қаланы қоршады. Ширкух қоршаудан шығып, Александрияны өзінің жиеніне қалдырып, жауының тылынан соққы бере бастады. Ал Саладин Александриядағы сириялық әскерге басшылық жасай отырып, жауының бірнеше шабуылына тойтарыс берді. Содан бастап крестшілер оны Саладин атап кетті.
Халиф уақыттан ұту үшін крестшілермен келіссөз жүргізе отырып, олар үшін көп мөлшерде азық-түлік сатып алуға дайындық жасады. Сол кезде Сирия әскері Каирге жақындап қалған болатын. 1169 жылдың 8 қаңтарында олар қарсылықсыз бұл қаланы басып алды. Қала халқы Ширкухты құтқарушы ретінде құрметтеді. Он күннен соң Саладин уәзір Шавараны сатқын ретінде дарға асып, оның орнына Ширкух тағайындалды. Ал Саладин елді билеуді өз қолына алды. Алайда Ширкух өз жеңісінің рахатын екі-ақ ай көре алды. Ол өте ашқарақ болатын. 23 наурызда тамақты көп жегені соншалық, қарыны жарылып кеткен.
Оның орнына үкімет билігі Саладиннің қолына көшеді. Халиф та оған қарсы болған жоқ. Сонымен 29 жастағы күрт жігіті Саладин Египет билігінің басына келген. Ол бір жағы Фатимидтер халифаты уәзірі бола отырып, Египетке дәстүрлі билігін жүргізді. Екінші жағынан Сирия сұлтаны Нұраддинге алым-салық төлейтін болды. Онымен қарым-қатынасы да, сыйластығы да жақсы еді. Енді оның алдында екі жол тұрды. Нұраддинге тәуелділіктен құтылу, не Египетті Зангидтер жасаған ірі мемлекетке айналдыру. Одан бөлек Сирияда суниттер, ал Египетте шейіттер үстемдік құрып тұрды. Исламның осы негізгі екі бағытының өкілдері арасында ара-тұра кескілескен ұрыстар орын алып тұратын. Саладин өзін әділ мұсылман етіп көрсетуге тырысты. Солай бола тұра ол биліктен Фатимидтер халифатының жоғары шенеуніктерін ығыстырып, олардың орнына өзіне берілген сириялықтарды тағайындады. Оларға египеттіктерден тәркіленген жерлерді бөліп берді. Египетте тұратын 50 мың судандықтар жаңа басшыға қарсы тұрған кезде, ол бәрін де жойып жіберді. Содан кейін Египетке теңіз жағынан флотын түсіруге әрекеттенген крестшілерді де талқандады. Осының бәрін ол жарты жылда атқарды. Екі жылдан соң Каирде сунит мектебі құқықтарын орнықтырып, суниттер соты билігіне үстемдік алып берді. Нұраддин оған Фатимидтер халифатын мүлдем жоқ қылып жіберуді ұсынған болатын. Бірақ Саладин елде жаппай наразылық етек алып кететінін ойлап, оның бұл ұсынысын қолдаудан бас тартты. 1171 жылы қыркүйекте халиф ауыр науқасқа ұшыраған кезде Саладин жаңа халифты Аббасидтер руынан сайлауға жарлық берді. Аббасидтер ұрпақтары Бағдадты билеп, барлық суниттердің формальды басшысы болатын. Саладин іс-әрекеті Египетті суниттік мемлекет жасаумен пара-пар еді. Он күннен соң фатимидтердің соңғы халифы өмірден өтеді де, Саладин ойын жүзеге асырады. Айюб ұлы Саладинге райынан қайтып, Нұраддиннің билігін мойындауға шақырды. Тіптен ашумен қатты-қатты сөздер де айтқан. 1174 жылы мамырда Нұраддин Египетке жорыққа шығуға дайындалып жатқанда күтпеген жерден қайтыс болады. Артында 11 жасар ұлы ас-Салих қалады. Саладин Фатимидтерден қалған байлықтың көп бөлігін бағыныштыларына бөліп беріп, қалғандарын мемлекеттік қазынаға құяды. Ол өз маңындағыларға сәнді сарай тұрғызып, ал өзі сұлтандардың арнайы резиденциясына жайғасады. Өзіне ұстаз болған Нұраддинге еліктеп, жаңа қалалар салып, ауруханалар тұрғызды. Бұл оның кемеңгерлік атын шығарды. Ас-Салих өскен Алеппо 1174 жылдың жазынан бастап оның қарсыластарының орталығына айналды.
Саладин жау көрінгісі келмей Алеппоға шабуыл жасаудан бас тартты. Оның орнына Бағдат халифын Египет пен Сирияға билігін жүргізуге мойындатуға қол жеткізді. Суниттер басшысы ретінде оны Сирия мен Египеттің сұлтаны деп жариялаған соң Саладинге ас-Салихқа қамқоршылық етудің қажеті болмай қалды. Ол мемлекеттік ақша белгісінен және арнайы құжаттан өзінің бағынышты патша ретіндегі атын алып тастап, оны өзінің жеке атымен ауыстырды. Саладиннің бұл ісіне ас-Салих кедергі келтіре алмады.
Саладин 1176 жылы шілдеде ас-Салихпен келісімге келген соң Нұраддиннің өзінен 38 жас үлкен әйеліне үйленеді. Сол арқылы ол өмірден өткен сұлтанның мұрагері болып қалуға ұмтылған. Саладиннің барлық әйелдерінің саны бесеу. Ол сол әйелдерінен оның 17 ұл бала мен бір қызы бар. Ұлдарының үлкені Афдаль 1160 жылы өмірге келген.
Сирия мен Египеттің бірігуі крестшілерге қауіп төндірді. Олар Византия императоры Комнин-І Мануэлмен одақ құрды. Палестинаға граф Филипп Эльзасский басқарған рыцарлардың жаңа отрядтары келіп жетті. Византиялықтар солардың көмегімен Египетке шабуылдауды жоспарлаған болатын. Алайда Филипп олардың бұл жоспарларын құптамай қойды да, оның орнына Сирияға қарай жорыққа шықты. Осы сәтті пайдаланған Саладин өзінің әскерін қорғансыз Палестинаға аттандырды. Иерусалим королі Болдин-ІV 500 рыцарымен Аскалонға жасырынды. Саладин әуелі бұл қамалды қоршауға алып, содан кейін Иерусалимге шабуыл жасады. Король өзінің азғана отрядымен Саладиннің соңына түсіп, 1177 жылы 27 қарашада күтпеген жерден күші көп қарсыласына тап берді. Саладин Египетке қарай шегінуге мәжбүр болды.
Саладин 1180 жылы крестшілермен әскери қақтығыстарды аяқтау туралы келісімге келді. Бұл кезде король Болдуин-IV ауыр науқасқа ұшыраған еді. Ал Саладин Сириямен бірігуді аяқтап қалған кез. Алайда Керак қаласының басқарушысы Рено де Шатийон келісімді бұзып, Дамаскіден Арабияға бет алып бара жатқан Сирияның бай керуеніне шабуыл жасайды. Содан кейін ол қарақшылар кемелерін қару-жарақтармен жабдықтап, Қызыл теңізге жіберген. Қарақшылар арабтардың теңіз сауда кемелеріне шабуылдап, жағалаулардағы қалаларды тонай бастайды. Олар мұны мұсылмандардың Меккеге қажылыққа барған кезінде істеген.
Саладин 1183 жылы қыркүйекте Керакты қоршағанмен бекінісі мықты қаланы ала алмады. Келесі жылдың маусым айында жасаған кезекті шабуылы да сәтсіз аяқталды. Ал король Болдуин-IV-тің денсаулығы мүлдем нашарлап кеткен еді. Ол 1185 жылы наурызда қайтыс болған кезде оның тағына 6 жасар немере інісі Болдуин-V отырады. Сол уақытта Саладин Мосулға шабуылдап, келер жылдың наурыз айында қалаға басып кіреді.
1186 жылдың қыркүйегінде Иерусалимнің жас королі кенеттен қайтыс болып, орнына Ги (Гвидо) де Лузиньян отырған. Триполи қаласын уақытша басқарып тұрған Раймонд-ІІІ пен оның саяси бәсекелесінің билігі әлсіреген кезде Рено тағы да бақылаудан шығып кетті. Ол 1187 жылдың басында Каирден Дамаскіге кетіп бара жатқан сауда керуеніне шабуыл жасаған. Керуендегі Саладиннің қарындасы тұтқынға түседі. Рыцарлардың бұл ісі ислам жұртшылығының ашу-ызасын тудырып, Саладин оларды қатты жазалауға бекінген. Сұлтан өте сақ қимылдады. Ол әуелі Реноға елші жіберіп, керуеннен тонағандарын қайтарып, қарындасын босатуды талап етті. Рено елшіні қабылдамады. Ол айтқанға көнбеген соң Саладин король Гиден қарақшыны жазалауды талап еткен. Алайда ол да Реноға ештеңе жасай алмайды.
1187 жылы наурызда Саладин өзінің әмірлерін жинап, әділетті соғыс-жихадқа бірігуге шақырады. Оның бұл шақыруын Египет, Сирия және Жазира мұсылман әскерлері қабыл алып, Дамаскіде бас қосқан. 2 шілдеде мұсылман армиясы Раймонд-ІІІ-тің әйелі басшылығындағы Галилей теңізіне жақын орын тепкен Тиверия қаласын шабуылдайды. Бұл Саладиннің осы шабуылымен крестшілерді алдап түсіру әдісі болатын. Ал өзінің әскерінің негізгі бөлігін Назареттің солтүстігіндегі Саферииде ұстап отырған. Король Ги оның бұл тәсіліне көңіл бөлмейді әрі Раймонд-ІІІ-тің соғысудан қалайда бас тартуымыз керек деген ақылына да құлақ аспайды. 3 шілдеде крестшілер қарсы шабуылға шақты. Олар Тиверииге түске дейін жетеміз деп ойлап қалған. Алайда мұсылман армиясымен қақтығысып, Хаттин төбешігіне әзер жетеді. Күн өте ысып, олар су тапшылығына ұшырайды. Саладин 4 шілдеде крестшілерді қоршауға алып шабуылдайды. Рыцарлар барын салып шайқасқан. Бірақ мұсылмандар айнала от жағып, онсыз да шөлден қаталаған рыцарларды әбден бықсыған көк түтінге көмеді. Көп ұзамай крестшілер жеңіліске ұшырайды. Тұтқынға түскендер ішінде король Ги мен Рено да бар еді. Оларды Саладиннің алдына алып келген кезде сұлтан корольдің көз алдында күншіл рыцардың басын алуға бұйрық берген. Бір жылдан соң екіншісін көп ақшаға сатты.
Мұсылман армиясы Иерусалимнің басты порты Акруді қоршаған кезде-ақ көп қарсылықсыз берілуге мәжбүр болды. Сондай-ақ Саладин Яффу, Торон, Сидон, Бейрут қалаларын жаулаған. Ал 1187 жылы қыркүйекте оның армиясы Иерусалимге қарай бет алды. Ол палестин тұрғындарымен соғыспай берілу туралы келісімге келуге әрекет жасаған. Бірақ олар келісуден бас тартты. 20 қыркүйекте Иерусалимді қоршаған мұсылман әскерінің саны 20000 жетті. Қалада бүкіл Палестинадан 60000 рыцар әскері жиналған. Алайда әскери тәртібі әлсіреп, рухы түскен христиандарға саны көптігі көмек бола алмады. 29 қыркүйекте мұсылман жауынгерлері қала қабырғасын бұза бастады. Содан кейін ғана олар бейбіт келісімге келуді өтінді. Саладин: «Сендер соғысқа дейін келісімге келмедіңдер, енді тек ешқандай бұлтарыссыз тізе бүгулерің керек» – дейді. Крестшілер оған келіспейтіндерін білдіріп: «Біз қаладағы мұсылман құндылықтарын түгел қиратамыз және 5000 тұтқынды өлтіреміз» деді. Содан соң ғана Саладин Иерусалим тұрғындарына қайырымдылық жасап, райынан қайтты. 2 қазанда ғана Саладин сағынышты көз жасын төге отырып, Иерусалимге кірді. Сол күні Мұхаммед пайғамбар көкке көтерілген Әл-Ақса (Купол Скалы) мешітінің үстінен крест белгісін алып тасталды. Иерусалим көшелерінде мұсылмандардың жүздері шаттыққа толды.
Саладин 1193 жылы ауыр науқасқа шалдығып, 4 наурызда Құран оқып отырып өмірден озған. Оның: «Адамдар мені түсіну үшін кемеңгер дананың білімін игерулері керек» деген ұлағатты сөзі ел аузында қалды.
05.01.2012