РЕСЕЙ ДЕГЕНІНЕ ЖЕТТІ

РЕСЕЙ ДЕГЕНІНЕ ЖЕТТІ

РЕСЕЙ ДЕГЕНІНЕ ЖЕТТІ
ашық дереккөзі

Ресей үкiметi жылдың соңына дейiн Грузиямен арадағы түйткiлдердi шешiп, ДСҰ-ға мүше болуға барынша тырысып баққан едi. Ресей президентi Д. Медведевтiң ДСҰ-ға мүше мемлекеттердiң соңғы өткен отырысында «Желтоқсанның соңына дейiн ДСҰ қатарына енемiз» деп сенiмдi айтқанындай бар екен, олар бұл дегенiне де жеттi.

ДСҰ-ның министрлік конференциясы Ресейдің аталмыш ұйымға қосылуын бірауыздан құптады. «Ұйымның 8 министрлік конференциясы аясында Ресейдің ұйымға кіруін қолдадыңыздар. Бұл ұзаққа созылған келісім-шарттар Ресейге де, оның серіктестеріне де әкелетін пайдасы зор», – деді РФ Президенті Д.Медведев. Ал Анатолий Чубайс өзінің «Твиттердегі» парақшасында: «Ресей ДСҰ-ға кірді! Біз өркениетті өмірге қол жеткіздік» деп қуана жазыпты. Әрине, бұл жаңалықты естіген бүкіл Ресей халқының қуанышында шек жоқ.

Естеріңізге сала кетсек, Ресей ДСҰ-ға ену әрекеттерін 1993 жылы бастаған болатын. Алайда 2008 жылы Ресей мен Грузия арасындағы бескүндік соғыстан кейін екі мемлекеттің арасындағы жағдай ушығып, бұл мәселе табандап қалған еді. Бірақ та өз ұстанымын тайсалмай жүргізген Ресей билігі бейбіт келіссөздер арқылы биылдан бастап ДСҰ-ның табалдырығын аттап отыр.

Ендігі кезек – ДСҰ-ға кіргеннен кейінгі жоспардың жай-жапсарын талқылау. Бұл туралы «Коммерсант» газетіне берген сұхбатында жұмыс тобының бастығы, РФ Экономика министрінің сауда келіссөздері департаментінің директоры Максим Медведков кеңінен тоқтала келе: «Бұл іске салқынқандылықпен дайындалу керек. Ең алдымен ведомства және бизнес өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста болу қажет. Олар экспорттың алдында тұрған барьерді қарау тиіс», – дегенді айтыпты.

Айта кету керек, Қазақстан да Ұлу жылының соңына қарай ДСҰ-ға кіреміз деп құлшынып отыр. Бұл жайында еліміздің эко­номикалық интеграция істері жөніндегі ми­нистрі Жанар Айтжанованың пікіріне құлақ түрсек, бүгінде Женевада өткен 8-інші ДСҰ министрлік конференциясында Қа­зақ­­станның осы ұйымға мүше болуы жө­ніндегі келіссөздер толықтай аяқталған. «Қазақстанның 2012 жылдың соңына дейін ДСҰ-ға кіруі жөніндегі келіссөздер үдерісінің аяқталуы Кеден одағына мүше елдерінің сыртқы сауда саясатын жетілдіру үшін маңызы зор. Біздің және көршілес Ресей елінің ДСҰ-ға мүше болуымыз Кеден Одағының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді», – деді Жанар Айтжанова ханым.

05.01.2012

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ