Жаңалықтар

УКРАИНА ГАЗҒА ЖЕҢІЛДІК СҰРАУДА

ашық дереккөзі

УКРАИНА ГАЗҒА ЖЕҢІЛДІК СҰРАУДА

Әзірге Украина билігі Ресейдің айтқанын істеп, айдағанына көнуге мәжбүр. Экс-премьер Юлия Тимошенкоға тағылған айып та осы газдың төңірегіндегі дау-дамайдан шыққаны бұл мәселе күрделеніп кеткен. Соған қарамастан украиндік билік бірде Ресейдің қолтығына су бүркісе, бірде сол қолтыққа өзі кіріп кетуге дайын тұр.

Жыл соңында Украина газды жыл сайынғы жеңілдікпен, яғни 9 млрд. долларға беруін өтінді. Ресей Премьері В.Путин: «Газдық-транспорттық консорциум құру жөніндегі келіссөздерді жүргізе беріңдер! Өйткені Украина – біздің стратегиялық серіктесіміз болды және бола береді» деп жылы қабақ танытқан болатын. Алайда, газ жөніндегі мәселені түбегейлі шешу жағдайы қаңтар айының ортасына шегерілді.

Бүгінде Украина 2009 жылдан бергі газ төңірегіндегі келіссөз шартын қайта қарауға талпынып көруде. Бірақ сол Владимир Путин мен Ю.Тимошенко қол қойған құжаттардан шикілік табылғалы бері украиндік тарап біраз тығырыққа тірелген болатын. Алайда Украина президенті В.Янукович жылдың соңында «ресейлік газдың 1 мың текше метрі 250 доллардан аспауы керек» деп мәлімдегені есте. Ал былтыр жыл бойы Киев ресейлік газдың 1 мың текше метрін 265 доллардан сатып алып отырды. Жыл ортасына таман бұл баға 296 долларға көтерілсе, кейіннен 354, жыл соңында 400 долларға бірақ қарғыды.

«Газпром» Украинаға газды жеңілдікпен беруге қарсы емес, бірақ та бұл мәселеге Газдық-транспорттық консорциумға қол жеткізу арқылы нүкте қоюға құлықты. Ресми Киев бұған дейін мұндай сценарийге қарсы екенін білдірсе де, халықаралық консорциумнан қаша алмайтын түрі бар.

05.01.2012

Динара ДҮРМӘН