Жаңалықтар

ДСҰ-ҒА ЕНГЕН ТИІМДІ БОЛАР ЕДІ

ашық дереккөзі

ДСҰ-ҒА ЕНГЕН ТИІМДІ БОЛАР ЕДІ

– Биыл дағдарыстың екінші толқыны келеді деген болжам бар. Еуропаның экономикасы тұралап тұр. Жалпы, сіздің ойыңызша, Қазақстан дағдарысқа қаншалықты дайын?

– Сарапшылардың, экономистердің дағдарыстың екінші толқыны келе жатыр деген болжамына әбден негіз бар. Әлем «Жүйелі дағдарыс» деп атаған 2007-2009 жылдардағы дағдарыстың алғашқы толқынында негізгі себептер шешілген жоқ. Ол тек шегеріліп тасталды. Әлемнің барлық мемлекеттері экономикасына миллиардтаған қаржылар құйып, банкілерге, қаржылық институттарына көмектесті. Сол арқылы ағымдағы экономикалық, әлеуметтік проблемаларын шешуге тырысты. Бірақ сол дағдарысқа әсер еткен негізгі себептерді реттей алған жоқ. Бұлар – қаржылық пирамидалар, қайтарымсыз несиелер, әлемдік валюталардың (доллар, еуро) құнсыздануы. Сол себептен де 2007-2009 жылдары құйылған ақшалардың ықпалы азайып, 2012 жылы дағдарыстың екінші толқыны келе жатқаны рас. Және оның ауқымы да, ықпалы да алдыңғысынан едәуір күшті болмақ. Ал «Қазақстанға ол қалай әсер етеді дегенге?» келсек, кейбір мәселелер өзімізге байланыс­ты, кейбір дүниелерге біз ешқандай ықпал ете алмаймыз. Мысалы қазіргі Еуропадағы дағдарыстарға, еуро аймағының тарылуына, доллардың бағамына және негізгі экспорт көздері – мұнай мен газдың бағасына Қазақстанның қылар қайраны жоқ. Өзіміздің ішкі дайындығымыз – қалыпты, орташа деңгейде. Жағымды тұстары – 75 миллиард ұлттық қорымыз, мұнай қорымыз, алтын қорымыз баршылық. Екінші жағынан – соңғы екі жылда үдемелі индустриялы инновациялық даму бағдарламасы іске асып жатыр. Ол тым керемет бастамаларға мұрындық болмаса да, бірден бір мақсаты – шикізатты экономикаға тәуелді емес, әртараптандырылған экономикаға алмас­тыру, екі-үш жылдың ішінде бірталай кәсіпорын іске қосылса да, әлі күнге дейін біздің экономикамызда жетекші рөлді мұнай-газ, металл салалары атқарады. Үшіншіден, дағдарыстың алғашқы толқынынан кейін екінші дәрежелі банкілерге қойылған талаптар күшейтілді. Бірақ банктер экономиканың дамуына әжептәуір үлес қосып отыр деп айта алмаймын. Екінші дәрежелі банктер баяғы үстемесі өте жоғары, көбіне жедел жүретін коммерциялық операциялармен айналысады, нақты экономикалық шаралармен айналысып отырғаны кемде-кем. Бірден-бір себеп, бірден пайда таба алмайтындығы. Оны ұзақ күтетіндігінде. Ал 18-20 пайыз үстемемен қарыз алып, шағын және орта бизнесті дамыту, әсіресе ауыл шаруашылығын дамыту мүмкін емес. Бұл жерде тығырықтан шығудың екі жолы бар. Біріншісі – банктерге билік жоғары талаптар мен реттеу тетіктерін қою, екіншіден – соған оларды ынталандыру. Айталық, ұзақ мерзімді жобалар болатын болса, соған жеңілдіктер жасау, белгілі бір салықтардан босату. Ол толыққанды іске асқан жоқ. Яғни Қазақстанда өте мол қаржы бар, бірақ ол нақты (орта, шағын бизнеске, ауылшаруашылығына) экономикаға жетпей отыр. Тек қана ірі кәсіпорындарға, ірі трансұлттық бағдарламаларға бөлінеді. Қазақстан қаржылық дағдарыстың келесі толқынының алдында тұрып, өте шығыны мол жобалармен айналысып келе жатыр. Ол – түрлі мерекелік жобалар, мерейтойлар, қазір бүкіл әлем үнемдеумен айналысып жатқанда, Қазақстан да үнемдеуді қолға алуы керек.

– 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап, бірыңғай экономикалық кеңістік (БЭК) жүзеге асырыла бастайды. Кедендік одақ пен БЭК-тің бізге берері не? Сонымен қатар, 2012 жылы Дүниежүзі сауда ұйымына (ДСҰ) мүше болуды көздеп отырмыз. Бізге осы интеграциялардың қайсысы тиімді?

– Кедендік одақтың тәжірибесіне қарайтын болсақ, ол да екі жыл бұрын тұсауы кесілді ғой. Оның толыққанды іске асып кетуіне 1,5 жыл кеткен жоқ па?! 2010 жылдың 1 қаңтарынан іске қосылады деп жарияланды, бірақ толыққанды 2011 жылдың шілдесінен іске асты. Алайда әлі күнге дейін проблемалар жетеді. Бұл интеграцияның маңыздысы – ортақ тарих, ортақ экономикалық құрылымы, көлік дәліздері, тілдік ахуал, т.т. осы әлеуетті пайдалану керек-ақ. Бірақ осы Кедендік ұйым мәселесін сол экономикалық субьектілерге қатысушылар шешпеді. Олар араласпады. Кедендік одақтың құрылымдарын және экономикалық мәселелерін саясаткерлер шешті. Оған экономикалық субьектілер даяр ма, даяр емес пе, олардың мүдделері қаншалықты ескерілген. Осы тұрғыдан тәуелсіз экономистердің дауысы естілмеді. Экономикалық мүдделер екінші орынға ысырылғандықтан кейбір проблемаларға жол берілді. Кедендік одаққа енер кезде оның тиімділігін былай сипаттаған: Үш мемлекет арасындағы кедендік кедергілер алынады. Тиісінше, бәсекелестік өседі, тауарлардың санымен қатар сапасы артады. Баға құлдырайды. Бұл біздің отандық тұтынушыларға тиімді болады делінді. Екіншіден – елдегі кәсіпорындар Ресей мен Беларусьтің кәсіпорындарымен шынайы бәсекелестікке түсіп, шынығып, соның негізінде кәсіпорын дамиды делінді. Ең негізгісі осы еді. Алайда, өкінішке қарай, осы екеуі де жүзеге аспады. Керісінше, қымбаттамаған тауар қалмады. Әрине, бұған тек қана Кедендік одақ кінәлі емес. Әлемдік тенденция осылай боп барады. Дегенмен Кедендік одақтың да белгілі бір әсері болды. Екіншіден, кәсіпорындардың саны да айтарлықтай өсе қойған жоқ. Айталық Қазақстанда 10 миллионға тарта жұмыс күші болса, солардың 2,7 миллионы мемлекет тарапынан жұмыспен қамтылып отырған жоқ. Олар өздерін-өздері еңбекпен қамтып отыр. Олардың басым көпшілігі – Кедендік одақ жасақталғанға дейін шет мемлекеттерден көлік, жиһаз тасу сияқты кәсіппен айналысты. Кедендік одақ іске асырылғаннан кейін, бұл мүмкіндіктердің жолы жабылды да, көптеген адамдар жұмыссыз қалды. Себебі Кедендік одаққа енбейтін үшінші мемлекеттермен арада үлкен кедергі қойып алдық.

БЭК-ті жасақтау үшін де бізге кемінде 1-2 жыл кетеді. Оның үстіне 2012 жылдан ДСҰ-ға енгелі отырмыз. ТМД мемлекеттерімен интеграцияға барғаннан гөрі, меніңше, ДСҰ-ға ену әлдеқайда тиімді. Біріншіден, Кедендік одаққа үш-ақ мемлекет енген, ДСҰ-ға 150-ден астам мемлекет мүше. Екіншіден, Кедендік одақ өз ішінде ғана қарым-қатынас жасап, өзге әлемнен оқшаулана беретін болса, ол да тиімді болмайды. ДСҰ-ның саясаты мүлдем басқа, ол сол 150 мемлекет арасындағы кедендік кедергілерді мүлдем алып тастау немесе азайту. Қандай да бір интеграциялық құрылымның мақсаты не? Азаматтардың, тұрғындардың өмір сүру мүмкіндігін арттыру. Оның ең басты көрсеткіші – бағаны тежеу, төмендету. ДСҰ-ына енген әр мемлекеттің бір дауысы бар. Ол үлкен мемлекет пе, кіші мемлекет пе – бәрібір. АҚШ-тың экономикасы 13 триллион долларға парапар, одан жүз есе кіші мемлекет Грекия екеуінің де бір-бір дауысы бар. Бір мемлекет – бір дауысқа ие. Кіші мемлекеттің өз ұлттық мүдделерін сақтап қалу тұрғысынан ДСҰ тиімді. Кедендік одақта Беларусь пен Қазақстанның дауысы 20 пайызға да жетпейді, ал Ресейдікі 80 пайыздан асып түседі. Демек ірі экономикасы бар мемлекеттің ықпалы басым болып тұр.

– Рахмет!

05.01.2012

Әңгiмелескен Е.КӘПҚЫЗЫ