САЙЛАУ КҮНДЕЛІГІ
САЙЛАУ КҮНДЕЛІГІ
2011 жыл аяқталып, 2012 жылды қарсы алу қарбаласы кезінде де, алдағы саяси науқанды естерінен бір сәт шығармаған саяси партиялар мейрам күндерінде де, сайлауалды кампаниясын жалғастырды. Астанада сайлаушыларымен кездескен нұротандықтар бұл күндердегі науқандық шараларын «Есіктен есікке» деп атады.
«НҰР ОТАН» САЙЛАУШЫЛАРДЫ ПАРТИЯ
ТҰҒЫРНАМАСЫМЕН ТАНЫСТЫРДЫ
Партия тұғырнамасын таныстыру мақсатында Қазақстан көлемінде үш мыңға жуық жедел топтары аттандырылған. Олар әрбір сайлаушымен кездесіп, барлық ірі сауда орталықтарында, базарларда, қалалар мен ауылдарда партияның үгіт насихат бекеттері жұмыс атқаруда. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының тізімі бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттығынан үміткерлердің бірі – Орал Мұхамеджанов Қостанай облысының Наурызым, Амангелді, Жангелді сияқты шалғай аудандарында сайлаушылармен кездесті. Үміткер бұл жүздесулерде партияның «Қазақстан. 2017 жыл мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» атты тұғырнамасымен таныстырды. Аймақтардың тұрғындары Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығында жеткен жетістіктердегі Елбасының ерен еңбегін атап, өздерінің партияны қолдайтындықтарын білдірді.
«АҚ ЖОЛ» ПАРТИЯСЫ ҚАЗАҚ ҰЛТШЫЛДАРЫНЫҢ
АМАНАТЫН ҚАБЫЛ АЛДЫ
«Ақ жол» партиясы ұлттық патриоттық қозғалыс лидерлерiмен кездесу өткiздi. Олар ақжолдықтарға сайлаушылардың ұлттық мүдделерiн жүзеге асыру мақсатында аманат жүктедi. «Аманаттың» басты көздегенi – ұлттық табиғи байлықтарды Қазақстан халқының мүддесi тұрғысынан пайдалану, өзге этностардың мәдениетi мен тiлiн қолдай отырып, мемлекеттiк тiлдiң рөлiн арттыру, отандық тауар өндiрушiлердi қолдау, т.б. да мәселелер. «Ақжолдықтар» ұлт патриоттарының аманаты ескерiлетiндiгiн айтады.
– Партия мемлекеттiң тұтастығына, халықтың бiрлiгiне үндейдi және ел игiлiгi үшiн жұмыс iстейтiн болады. ХХ ғасырдың басында «Алаш Орда» қайраткерлерi бiрiншi орынға ұлттық бiрлiк, экономикалық даму, либералдық-демократиялық құндылықтарды қойған едi. Осы құндылықтарды бiздiң партия ХХI ғасырдағы өз Парламенттiк қызметiнде жүзеге асыруды көздейдi, – дедi партия лидерi Азат Перуашев кездесу кезiнде.
ПАТРИОТТАР АЛМАТЫДА СЕНБIЛIК ӨТКIЗДI
Алматыдағы аула сыпырушыларға көмектесудi мақсат тұтқан Патриоттар партиясының үмiткерлерi жаңа жылдың алғашқы сенбiсiнде сенбiлiк ұйымдастырды. Партия үмiткерлерiнiң бiр тобы аулаларды сыпыруға кiрiссе, екiншi тобы халыққа үгiт насихат плакаттарын таратты. Осылай патриоттықтар партияның басты тұғырнамасының не екенiн айқындап бердi. Ол экологиялық проблемаларды шешу және қоршаған ортаны сауықтыру.
Патриоттар сонымен қатар, қоғамдық пiкiр жайындағы сауалнамалар мен болжамдардың нәтижесiн сайлау өткiзуге бес күн қалғанда жариялауға тыйым салу жөнiнде мәлiмдеме жасады. Патриоттар партиясы атынан Мәжiлiс депутаттығына үмiткер Станислав Смирнов:
– Барлық саяси партиялар мен қоғамдық бiрлестiктердi осы мәселеде белсендiлiк танытып, бiздiң ұсынысымызды қолдауға шақырамыз, – дедi.
«АУЫЛ» АУЫЛДЫ ГҮЛДЕНДIРУГЕ УӘДЕ БЕРДI
«Ауыл» партиясының өкiлдерi жаңа жыл қарсаңында Алматы облысы, Кербұлақ ауданының орталығында және ауданның Тастыөзек кентiнде сайлаушылармен кездесу өткiздi. «Ауыл» партиясы атынан Парламент Мәжiлiсi депутаттығынан үмiткер Сәрсенғали Әжiбаев ауыл тұрғындарын партия тұғырнамасымен таныстырып, ауыл мүддесiн қорғайтындықтарын мәлiм еттi. Осындай кездесу Астана қаласындағы «Астана-Бурабай» өнеркәсiптiк базасында да болып өттi. Мұнда жиналған қауым Парламент Мәжiлiсi депутаттығынан «Ауыл» партиясының атынан үмiткер болып тiркелген ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Көпмағамбет Елемесовпен кездестi. Дәл осындай кездесулер Ақтөбе облысының бiрқатар елдi мекендерiнде, Солтүстiк Қазақстан облысының Қызылжар ауданында, Оңтүстiк Қазақстан облысының Кентау қаласында және елiмiздiң басқа да өңiрлерiнде болып өттi.
«ӘДIЛЕТ» КӨШПЕЛI КОНФЕРЕНЦИЯ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ
«Әдiлет» партиясы Орал қаласындағы өндiрушi және өңдеушi кәсiпорындарда әрi азық-түлiк сататын нысандарда көшпелi конференциялар ұйымдастырды.Ақжайыққа «Әдiлет» партиясы төрағасының орынбасарлары Уәлихан Қайсаров пен Мәди Артығалиев келдi. Кездесуге сонымен қатар партияның облыстық филиалының жетекшiсi Мұхит Бисенғалиев пен оның орынбасары Нұрлан Тәшiмов қатысты.
Көшпелi конференция облыстағы бiрқатар нысандар мен ұжымдарда өткiзiлдi. Орал газ-турбиналы электр стансасында инженер-техник қызметкерлермен кездескен әдiлеттiктер Орал қаласындағы «Ел ырысы» коммуналдық базарын да аралап қайтты.
ЖСДП-ҒА ДАУЫС БЕРУДIҢ ТӨРТ СЕБЕБI
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия лидерлерiнiң бiрi (ЖСДП) Әмiржан Қосанов сайлауалды кампания аясында Алматыда «Рух пен тiл» жастар клубына келiп, сайлаушылармен жүздестi. Әмiржан Қосанов кездесуде ЖСДП-ға дауыс берудiң төрт себебiн түсiндiрiп өттi. Бiрiншi кезекте экономикалық проблемаларға қатысты.
– Экономика – бiздiң игiлiгiмiздiң негiзi. Сол себептен бiз әрбiр тұрғынның, ұлттық қордың және мемлекеттiк бюджеттiң кiрiсiн молайтатын нақты механизмдердi ұсынып отырмыз, – дедi Әмiржан Қосанов.
ЖСДП-ның сайлауалды бағдарламасы «Өзгеретiн кез жеттi!» деп аталады. Онда байларға салынатын салықты молайту арқылы кедейлердiң кiрiсiне салынатын салықты азайтуға мүмкiндiк тудыруға болады, ал мемлекетке стратегиялық кен орындары мен кәсiпорындарын қайтару шикiзат экспортына бақылауды күшейту – мемлекеттiк әлеуметтiк саясаттың тиiмдiлiгiн көтередi делiнген.
Келесi себеп – әлеуметтiк саясатқа тiрелсе, үшiншiсi – саясат. Саяси партиялардың iшiнен тек ЖСДП ғана саяси жүйенi реформалау қажеттiгiн алға тартуда дейдi Әмiржан Қосанов.
ХАЛЫҚТЫҚ КОММУНИСТЕР
ЖАС СПОРТШЫЛАРДЫ ҚОЛДАДЫ
Астана қаласында Қазақстан Коммунистiк халықтық партиясының қолдауымен 5 және 15 жас арасындағы балалар арасында каратэ-до-дан чемпионат өткiзiлдi. Бұл жарыс «Алтын айдаһар» каратэ-до шотокан федерациясының басшылығымен өттi.
Жас каратэшiлер алдында ҚКХП хатшысы Жамбыл Ахметбеков құттықтау сөз сөйледi.
Жамбыл Ахметбеков жастайынан осы спорт түрiмен айналысып келедi. Талай бәйгелерде жеңiс тұғырына көтерiлген ол каратэнiң жастарды тәрбиелеудегi рөлiне айрықша тоқталды.
ҚКХП-ның сайлауалды үгiт-насихат жұмысымен сәйкес Парламент Мәжiлiсiнiң депутаттығынан екi үмiткер Атырау облысын аралады. Бұл өңiрде Коммунистiк халықтық партияның белсендiлерi жер-жерлерде үгiт-насихат жұмыстарын жүргiздi. Атап айтқанда, олар Атырау қаласындағы медициналық колледжде жүздесу өткiзiп, партияның сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды. Қаладағы базарлардың бiрiнде Коммунистiк халықтық партия белсендiлерiмен кездескен сайлаушылар шағын және орта бизнеске қатысты өздерiн толғандырған сауалдарға жауап алды.
05.01.2012 Дайындаған Е.ҚҰМАР