Жүректiң шерiн шертетiн жинақ
Жүректiң шерiн шертетiн жинақ
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев бiрде:
«Ей, ақындардың жарлары!
Бақыт деген қастарыңнан кете алмай жүр айналып,
Кете алмай жүр, қона алмай жүр бастарыңа байланып.
Әне, ақының келе жатыр ұлан-ғайыр пайда алып,
Ұлан-ғайыр ойланып,
Ұлан-ғайыр қайғы алып,
Кешiрiңдер, ақын деген,
Мiне, осындай бай халық!» деп жырлапты.
Мiне, осындай бай халыққа арналған тағы бiр тағылымды еңбек рухани әлемнiң есiгiн ашты. «Аққудың сыңары» деп аталатын жинақ ақын, қаламгер қауымның жарларына, жақсының көздерiне, асылдың сынықтарына арналған екен.
Тәуелсiздiктiң 20 жылдығына арналып, «Атамұра» корпорациясы ұсынған бұл жинақтың авторы «Айқын» газетiнiң бас редакторы, сықақшы Ермахан Шайхыұлы.
Автор талай жылдар бойы басылым беттерiнде «Аққудың сыңары», «Жақсының көзi» айдарларын ашып, сыр-сұхбаттар жүргiзген едi. Сол сыр-сұхбаттардың желiсiнде елiмiздiң көрнектi қаламгерлерi туралы әдемi естелiктер, жылы лебiздер айтылыпты. Ақындардың «қысы, жазы, күзiнде» де, қиындығы мен қуанышында да бiрге болған сүйiктi жарлары өнер көгiне еркiн қалықтап, биiкке самғаған саңлақтарымыздың күнделiктi тiршiлiктегi сүйiктi жар, асыл әке ретiндегi азаматтық болмысы туралы айтылған.
Аталмыш кiтаптың тұсаукесер рәсiмiнде сөз алған «Атамұра» корпорациясының президентi Рақымғали Құл-Мұхаммед: «Кiтап жақсы шықты, мазмұнына сай безендiрiлдi деп ойлаймын. Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығына арналып, осындай жақсы ай, жақсы күнде шыққан бұл жинақтың әр оқырманның жүрегiнен өшпестей өз орнын алатындығына сенемiз және соған тiлектеспiз» деген жүрекжарды тiлегiн жеткiздi.
Сонымен бiрге, кеш барысында Т.Айбергенов, Қ.Бекхожин, Н.Тiлендиев, Ж.Әбдiраш, Ж.Түменбаев, Н.Мәукенұлы сынды қазақтың бiртуар азаматтарының жұбайлары мен балалары арнайы келiп, өздерiнiң жылы лебiздерiн жеткiздi.
«Аққудың сыңары» жинағының авторы Ермахан Шайхыұлы бұл жинақтың әлi де жалғасын табатынын, қазақтың маңдайына бiткен асыл азаматтары, халық жүрегiнен мәңгi орын тепкен халық қалаулылары туралы шертiлер сырдың, айтылар естелiктiң әлi де баршылық екендiгiн тiлге тиек еттi.
Өмiрi мен өнерi бiте қабысқан ұлт зиялыларының ғибратты ғұмыры жас ұрпақ үшiн әрқашанда тағылымға толы. Сондықтан оқырманына жол тартқан осы бiр ғибратты еңбекке сәт-сапар тiлейiк
!
Едiге БЕКТАС