Жаңалықтар

ЖАҚСЫЛЫҚҚА – ЖАРҚЫН ЖОЛ

ашық дереккөзі

ЖАҚСЫЛЫҚҚА – ЖАРҚЫН ЖОЛ

Дидахмет ӘШIМХАНҰЛЫ

Мәңгілік қозғалыс… Тынымсыз тіршілік… Жермен бірге дөңгелеп, дөңгелеген Жермен бірге дөп-дөңгелек Күнді айналып, мәңгілікке шеру тартқан дүние. Жермен бірге бір дөңгелеп өткен мезгілді «күн» деп, сол дөңгелеген Жермен бірге дөп-дөңгелек Күнді бір айналып шыққан уақытты «жыл» деп, ғасырлар мен дәуірлерді артқа тастап, тек қана алға ұмтылған адамзат. Қозғалыста кері бұрылу жоқ, о бастағысына қайта оралуды материя маңдайына жазбаған. Оның өткені – өткен, кеткені – кеткен. Өткені мен кеткеніне «қайта оралуды» Жаратқан Ием тек қана адамзатқа несібе еткен. Бірақ материя түрінде емес… ой-сана, терең зерде, өшпес жады арқылы. Он сегіз мың ғаламдағы барлық тіршілік иесінен адамзаттың артықшылығы да осында. «Болған» мен «болатынның» арасын жымдастыра жылжумен ғана ол (адам-зат) – мәңгілік мәнді ғұмырға ие. Демек тоқыраусыз, тоқтаусыз ылғи да алға жылжи беру үшін өткен мен кеткенді әркез бағамдап-бағалап, жан-жақты саралап отырудың орны ерекше. Адам, қоғам қозғалысындағы ең үлкен Қозғаушы Күш те – осы! Сосын қанағатсыздық.

Қанағатсыздық. Тар ұғымда жақсы сөз емес. Ынсапсыздық та. Бірақ қоғам, қауым, ел-жұрт биігінен қарасақ, қанағатсыздық, ынсапсыздық дегенге екі аяқтының қай-қайсысы да қарыздар.Баяғы тас үңгірлердегі жабайы, жалаңаш адамды өркениеттің бүгінгі шырқау шыңына көтерген де осы – оның әмсе көз алдындағысына көңілі толмауы, жеткен биігіне қораштана қарауы, бұдан да жақсы болса екен деген қанағатсыздығы болса керек. Мойында, мойындама, адам табиғаты солай. Жаратылыс заңын жоққа шығара алмайсыз.

Біз де солаймыз. Бүгінгімізден ертеңіміз, биылғымыздан келесі жылымыз жақсы болса екен дейміз. Үнемі алдымыздан жақсылық күтеміз. Сөйте отырып өткенімізді, келмеске кеткен кешегімізді ойлаймыз. Біріне қол соғамыз, біріне сан соғамыз. Бірақ қол соғу жағымыз аз. Өйткені табиғатымыз солай, мың жақсылықтың соңынан бір жамандық көрсек, есімізге ең алдымен сол түседі. Бұған не дәлел? Дәл осы сөздерім дәлел! Бұны оқыған ең жақын достарым мен таныстарымның өзі: «Ау, не жақсылық көріп қол соғып отырсың!» деуі анық. Бұлай дейтіндерге де түсіністікпен қарау керек. Өйткені күні кешегі Жаңаөзен жаңғырығы, жаздағы «жанкештілер», күздегі Тараз, қыс басындағы Боралдай оқиғалары олардың есінен әлі кеткен жоқ. Жуық арада кетпейді де.

Дегенмен «Жақсылықтан үміт етпеген Құдайдан үміт етпейтінін» еске ала тұрып, Жаңа жылдағы бірінші сөзімізді жаманшылықты тізбелеуден бастамайық деген ниет те біздікі.

Жақсылық! Ол – Алланың бір аты – бір сипаты. Солай бола тұра жақсылықтың бірден көрініп, бірден жүрекке ұялауы және қиын. Бұл жерде салыстырмалы ой қорыту ғана ақиқаттың ақ бетін ашар еді. Мысалы мына жайға қараңыз. Бүгінде тіл туралы әңгіме көп. Оның бәрін тыңдай берсең түңіліп кетесің. Ендігі жерде қазақ тілінен қайыр да, үміт те жоқ сияқты. Сондайда менің ойыма сона-ау 70-жылдардың басында Алматыға алғаш келген кезім түседі. Сол уақытта… күні бойы бүкіл қаланы аралап жүріп қазақ тілінде сөйлейтін бір бала, бір оқушыны көрмеуші едік. Өйткені қазақ мектебі жоқтың қасы еді. Қазір ше? Елуден астам орта мектеп таза қазақша білім береді. Негізінен қазақпын деген қай үйге кірсең де қазақ тіліңді түсінбейтін ешкім жоқ. Алға жылжу бар ма? Бар. Жақсылық бар ма. Бар. Шүкіршілік дейміз. Дейміз де тағы да тіл дейміз. Өйткені адам баласы табиғатынан қанағатсыз. Бұл – керек қасиет. Бұл – қажет қасиет. Осы біреу ұнатып, біреу ұната бермейтін қанағатсыздығымыз бізді ылғи алға жетелей береді. Бірақ жақсылық та жадымызда жүрсе керек.

Хош. Қоян жылы өтті. Күнгейімен, көлеңкесімен. Жақсылығымен, жамандығымен. Басы «Азиада» алауымен қуантқан, аяғы Жаңаөзен жағдайымен жылатқан. Уақыт өтер, қисайған түзелер, қираған жөнделер. Бірақ жүрек жарасы жазылар ма екен жуық арада…

Иә, Қоян жылы өтті. Жарқын істерімен, жарылыстарымен… Торқалы тойларымен, топырақты өлімдерімен… Өз ажалымен кеткендерге сөз жоқ, ал ай мен күннің аманында, бейбіт аспан астында оққа ұшқандар туралы не дейміз. Обалы кімде, сауабы қайда?

Жақсылықты діннен күттік. Дінге сара жол ашылған кезде, бөркімізді аспанға аттық. Сондағы көрейік дегеніміз осы ма еді?! Бір қазақты бір қазақтың өлтіруі ме еді?!

Құдай бізді Ұлу жылы осындай зобалаңнан сақтаса екен. Бұл жылы жұтымыздан құтымыз, сорымыздан бағымыз, күдіктен гөрі сеніміміз мол болса екен.

Біз алдағы Ұлы күндерден, Ұлу жылынан осындай жақсылықтар күтеміз.

Жаратқан иемнен тек қана жақсылықтар тілейміз.

05.01.2012