Жаңалықтар

БӨКЕЙ ХАН ТУРАЛЫ ДЕРЕКТI ФИЛЬМ

ашық дереккөзі

БӨКЕЙ ХАН ТУРАЛЫ ДЕРЕКТI ФИЛЬМ

Қазақ халқының Тәуелсiздiкке оңай қол жеткiзбегенiн барша жұрт бiледi. Бұл күндi күндiз-түнi аттың үстiнде жүрген арғы-бергi ата-бабаларымыз, хан-батырларымыз бен Алаш қайраткерлерi де аңсап, армандап кеткен жоқ па?! Мiне, сол атпал азаматттар көрмеген жарық күндi көрудi кейiнгi ұрпақ, бiзге нәсiп етiптi. Ендеше Егемендiктi, тұтас елдiктi сақтап қалуға үлес қосқан әрбiр хас батырымызды ұлықтау – әркiмге де парыз.

Тарихқа зер салсақ, бөлек бiр әңгiменiң арқауына татырлық оқиғалар көп болған. Соның бiрi, биыл Едiл мен Жайық аралығындағы ұлан-ғайыр кеңiстiкте құрылған Бөкей хандығына – 210 жыл толып отыр. Әрине, Тәуелсiздiктiң 20 жылдығымен тұспа-тұс келген бұл айтулы датаға тоқталмау үлкен сын болар едi. Айта кету керек, биылғы күзде Ресейдiң Астрахань облысы, Краснояр ауданы, Кiшi арал ауылында Бөкей ханға арналып күмбездi кесене орнатылған болатын. Одан бөлек тарихи тұлғаның сыр-келбетiн ашу мен рөлiн бағалау «Бөкейдiң оралуы» атты деректi фильмде кеңiнен көрiнiс тапқан. Батыс Қазақстан облысының кәсiпкерi Мұрат Жәкiбаев пен ресейлiк режиссер Лев Вахитовтың ортақ туындысы жақында ғана көрерменге жол тартып, жақсы бағаға ие болды. Деректi фильмде Бөкей ордасының құрылуы, қазақ даласының батыс өңiрiне қоныс тепкен ата-бабаларымыздың Едiл мен Жайықтың аралығына қайтадан қоныс аударуы сияқты ауыр кезеңдер мен оқиғалар нақты ғылыми, тарихи деректер негiзiнде суреттелген.

Продюссерлiк орталықтың жетекшiсi Мұрат Жәкiбаевтiң айтуынша, бұл фильмнiң жарық көруi үшiн бiр жылға жуық уақыт кеткен. Соның iшiнде үш айға жуық мерзiм Қазақстан мен Ресей архивтерiндегi Бөкей ханға қатысты құжат­тар­ды iздестiрiп, iрiктеуге жұмсалыпты. Фильм қазақ және орыс тiлдерiнде түсiрiлген.

Деректi фильмде Бөкей ханның алысты болжай бiлетiн көреген басқарушы бола бiлгенi, Едiл мен Жайық аралығындағы кең жазықтықта хандық құруының өзi түгiн тартса майы шығатын осы шұрайлы жердi келiмсектердiң таптауынан аман сақтап алып қалу ниетiнен туындағаны жан-жақты берiлген. Ең бастысы, Бөкей халқымыздың болашақ тағдыры үшiн дер уақытында қажеттi шешiм қабылдай бiлгенi деректi фильмнiң мазмұны мен мағынасын арттыра түскен.

Айтпақшы, Тәуелсiздiктiң жиырма жылдығына байланысты Астанадағы тәуелсiздiк сарайында өткiзiлген салтанатты жи­ынды сөйлеген сөзiнде Астана қала­сының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов: «Елбасы Астананы Алатаудан Арқаға көшiрмегенде, қазақ ендiгi Едiлдi емес, Есiлдi жоқтап қалар ма едi. Осы тарихи шындық үшiн ғана қазақ халқы Елбасының алдында мәңгiлiк қарыздар», – деген едi.

Расында да, тарихта қазақ жерiне көз алартып, қол салғысы келгендердiң көп болғаны мәлiм. Мiне, осындай жоспарлы саясатқа қарсылық танытқандардың бiрi Бөкей хан қазақ­тардың Едiл мен Жайық аралығына қоныс аудару үдерiсiнiң қолдаушысы әрi қорғаушысы ретiнде көрiнгенi белгiлi.

Динара ДҮРМӘН

29.12.2011