ЕСКI ДЕРТ КӨРIНIСТЕРI КӨРIНIСТЕРI
ЕСКI ДЕРТ КӨРIНIСТЕРI КӨРIНIСТЕРI
Бiлместiкпен астасқан әсiре шамшылдық һәм орынсыз асқақтық әдiлетсiздiкке төте жол салады, абай болайық… Қоғам қайраткерi Арғынбай Бекбосын «Астана» телеарнасынан жыр алыбы Жамбыл хақында бiрер жаңсақ пiкiр бiлдiрiп қалды. Сол-ақ екен, қарт қаламгер Сағат Арынұлы баспасөз бетiнен оған ащы сын айтты. Артынша Арекеңнiң өзi және оның намысын жыртушылар сынға қарсы шауып, Сақаңның жеке басын сойыл астына алды.
Сөйтiп, осы екi жiгiт ағасы арасында едәуiр айтыс туды. Оған жас-кәрiсi аралас бiраз журналист үн қатты. Бiрақ бейтарап көзқараспен емес, күрт бiржақтылық тұрғыдан. Олар республиканың түрлi мәртебелi газеттерi беттерiнен зейнеткер қалам қайраткерiмен едәуiр шайқасты. Тiптi жас журналистерiңiз де – «облысымызда, қала бердi, республикамызда өзiндiк орны бар ардақты азамат Арғынбай Бекбосынды» сынағанға төзбей, «өңiр журналистерiнiң құрметтi ақсақалын» қорғау мақсатында, «басыбұзық» Сағат Арынұлының ұзақ жылдарғы журналистiк қызметiнде жол берген кемшiлiктерiн рахаттана тiзбеледi…
Журналистердiң осылай ой шарпыстырғандарын көргенде, мен үндемей қалуды жөн көрмедiм. Өйткенi менiң қынжыла аңғарғаным – Сақаңның сынының ең басты өзегiне жауап болмады. Сағат Арынұлы Арекеңдi тарихта өз орны бар тұлғалар жайында астам сөйледi деп сынаған, алайда Арғынбай Бекбосынның өзi де, оны қорғаушылар да бұл негiзгi мәселенi «ұмыт қалдырды». Оларға ауызекi әңгiмеде байқамай айтылып кеткен қате пайымды түзеуден гөрi, белгiлi адам жайында сыни пiкiр бiлдiруге батылдық еткен сыншыны «түзеу», оны жеке басын кемiту арқылы тұқыртып тастау – әлдеқайда оңай әрi тиiмдi екен…
Иә, көрген олқылықтарын көпшiлiкке жария етiп, ешкiмнiң бет-жүзiне қарамай сынауда Сақаң алдына жан салмайды. Қарт қаламгердiң Тараздағы мәдениет ошақтарынан Абай, Шоқан, Кенен есiмдерiн алып тастауға жол бергендермен бiрнеше жылдан берi қажымай-талмай күресiп келе жатқаны мәлiм. Кезiнде әрiптестерiммен бiрге, менiң де бұл кiсiнiң сын садағына iлiккенiм бар: қазақ тiлдi жазушы-журналист бола тұра, «Заңгер» журналында орысша мақалалардың көп болуына жол бергенiмiздi, iс-қағаздарын қазақ тiлiне көшiрдi деп есептелетiн Жамбыл облысына арналған журнал бетiнде облыс заңгерлерiнiң кiлең орысша материалдарын жариялағанымызды мiн еткен едi… Бiзге әдiл сынды мойындау, оны дұрыстаудың жолдарын ортаға салу ғана қалған…
Сағат Арынұлы секiлдi жеке шапқан қайраткер-қаламгерлердiң бiздiң сыбайластықпен тұтасқан қоғамда әдiлетке жетуi нәгүмән, оның жұртшылық iшiнде дұрыс түсiнiлуi екiталай. Өйткенi идеяға емес, белгiлi бiр «қарға тамырлылардың» мүддесiне қызмет етудi көздейтiн түрлi сыбайлас топтар өздерiнiң әлдебiр мүшесiнiң абыройына дақ түсiруi ықтимал бөгде сөздi көтере алмайды. Олар өздерiнде ешқандай кемшiлiк жоқ деп есептейдi, бар болса да оларды бөтендер көрмеу керек. Сондықтан да қанша әдiл сынағаныңмен, нысаналы сыныңнан түйетiнi – тек сенiмен жауласу болып шығады. Нәтижесiнде, бiрiне тиiссең, басқалары саған араша жабылады.
Байланыстары және сүйенетiндерi мықты болғандықтан, сыбайластар астам келедi. Тиiсiнше, шетiнен өте-мөте шамшыл. Ал мұндай әсiрешамшылдар, әдетте, әдiлет дегендi ұмытып кетедi. Олар ешқашан да «Платон менiң досым, бiрақ шындық одан қымбат» дей алмайды. Өкiнiштiсi, әдiл төрелiк айта алатын жан билiк буындарында да, қоғамда да жоқтың қасы. Дұрысында, олар бар болғанмен, бой көрсетпейдi, өйткенi «сен тимесең – мен тимен…»! Тыныш та бақуат өмiр сүруге осы ереже қолайлы…
Жақында жұртшылық санасында көптеген ғылыми-публицистикалық жарияланымдар негiзiнде бекем қалыптасқан сықылды көрiнетiн тағы бiр ахуалды бұзған тосын мақала жарық көрдi. Қалың қауым әлiптiң артын бағар, ал белсендi аз ғана топ, қараңыз да тұрыңыз, бiрiнiң аузына бiрi түкiрiп қойғандай бiрауыздықпен, тосын мақаланы терiстеуге бiлек сыбана кiрiседi. Дұрысында, Сыпатай батырдың «саяси келбетiн – сатқындық» деуге батылы барған қаламгер Садық Смағұловтың өткен-кеткен жолын қазбалап, соңына шырақ алып түсетiн болады… Жоғарыда еске алынған, Сағат Арынұлы бастан кешiп отырған жағдай көз алдымда тұрғандықтан, бұл да тап солай болар-ау деп, қауiп қылғаннан айтып отырмын. Шынына келгенде, өз басым тура сондай күйдi емес, байыпты пiкiр алмасу, шындықты бiрлесiп iздеу әрекеттерi орын алғанын қалар едiм.
Алайда бiздiң менталитет, бiздiң айтысу, пiкiрталас жүргiзу мәдениетiмiздiң төмендiгi, ағайынқуушылық, тек «өз жерiн, аймағын» тым жақсы көрушiлiктiң жалпыхалықтық мүддеге қиянат тигiзерiне мән бермейтiн дiлiмiз оған жол бермей ме деп қорқамын. Себебi бұдан бiрнеше жыл бұрын тарихи әдiлеттiлiк тұрғысынан ой қозғауға қатысамын деп, өзiм де талайдың «ұйқысынан айрылуына» себеп болған едiм. Қазақ мемлекеттiгiн нығайтуға күш жұмсаған айшықты тұлғаларды – Әбiлқайыр мен Абылайды – бiрiне бiрiн қарсы қоймай, әрқайсысын тарихтағы өз орнымен әдiл бағалауға шақырғанымызды түсiнуге тырысқан жан жоқ, қолына құшырлана қалам алған әсiре-абылайшыл «белсендiлер» негiзiнен бiздiң жеке басымызды кемiтiп, қорлаумен шұғылданған болатын. Тарихи шындықты тек өз «биiктерiнен» бағамдаушылықтың салқыны биыл да айқын көрiнуде. Мен мұны Абылай ханның 300 жылдығын атап өту қажеттiгiн өте орынды көтерген және соған байланысты жарық көрiп жатқан түрлi жарияланымдардағы бiржақты пiкiрге орай айтам…
***
«Мәдени мұра» iспеттi мемлекеттiк ғаламат жоба аясында орыс, қытай, парсы, моңғол, түркi дереккөздерiндегi қазақ тарихына қатысты мәлiметтер жинастырылып шығарылғаны мәлiм. Өзге де тың зерттеулер (әсiресе, И.Ерофееваның еңбектерi) жарық көрдi. Соларды мұқият зерделеген кiсi 18-ғасырда қазақ мемлекетiн басқарудың мынандай түрi болғанына келiсуге тиiс…
Күрделi геосаяси ахуалда ұлан-ғайыр кеңiстiктi алып жатқан алып елдi оңтайлы басқару, сыртқы күштерге төтеп берудi қамсыздандыру талаптарына жауап беруi хақ реформаны, үш өлкеге үш хан сайлатып, Тәуке хан жасады. Бұл кезеңдi, өкiнiштiсi, кейбiр тарихшылар бiртұтас қазақ хандығының өмiр сүруi аяқталған, бұдан былай оның орнына бiрнеше бiрлiктiң – қазақ хандықтарының сахнаға шыққан кезi деп бiледi. Яғни бiр мемлекет (хандық) үш бөлiкке бөлiндi деп санайды.
Алайда бұл жаңа құрылым елдi басқаруды тиiмдi жолға салып, тұтастықты нығайта түсудiң бiден-бiр дұрыс жолы едi. Бас хан, ұлы хан, қаһан мәртебесiндегi Тәуке хан ортақ елдiк мүдденi үш жүздiң хандарымен шешiп отыратын. Ол 1715 жылы дүние салғаннан кейiн аға хан, ұлы хан ретiнде үш өлкедегi хандардың iшiндегi ересегi әрi беделдiсi – Орта жүздiң және Кiшi жүздiң бiр бөлiгiнiң билеушiсi Қайып хан танылды. Оны бақталастары өлтiрген соң, Кiшi жүздi және Орта жүздiң бiр бөлiгiн билеушi Әбiлқайыр хан осы мәртебеге 1719 жылдан ие болды. 1748 жылы Әбiлқайыр қаза тапты да, бұл лауазым Орта жүз ханы Әбiлмәмбетке өттi. Ол өмiрден көшкен 1771 жылы хан тағына Абылай отырып, он шақты жыл аға хан, ұлы хан мәртебесiн алып жүрдi. 1781 жылы Абылай қайтыс болғаннан кейiн, патша үкiметi қазақ iшiне хан сайлаудың тiзгiнiн өзi қолына бекем алғандықтан және қазақтың тұтастығын ыдыратуға ашық кiрiскендiктен, ешкiм де аға хан аталған жоқ.
Қазақ мемлекеттiгiн қалпына келтiруге ұмтылған 19-ғасырдың 40-шы жылдарындағы әйгiлi Кенесары қозғалысы тарихтың қаһармандық беттерiне айналды. Ал сол ғасырдың басында ұйысқан Iшкi Орда, яғни Ресей империясының тiке өз iшiнде, өз аумағы есептелетiн жерде шаңырақ көтерген қазақ автономиялық құрылымы – Бөкей хандығы – өркениетке сай ұлттық мемлекет орнатудың үлгiсi болды. Жәңгiр хан дүние салғаннан кейiн Бөкей Ордасы хандық ретiнде аталмай, жойылғандай көрiнген. Бiрақ автономияның әкiмшiлiк құрылымы өзгермей, ханның орнына алқа құрылды. Сөйтiп, Iшкi Орданы басқару жөнiндегi уақытша комитеттiң басқаруымен, автономия iс жүзiнде совет өкiметi орнағанға дейiн өмiр сүрдi.
Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығы тойланып жатқан биылғы жылда қазақ мемлекеттiгi тарихындағы осындай елеулi кезеңдер мен белестердi, тарихта өзiндiк орны бар тұлғаларды мейлiнше толық және әдiл бағасын берiп атаған жөн болар едi.
Мәселен Абылайдың 300 жылдығымен бiрге Әбiлқайырдың 330 жылдығын ескеру мәселесi сұранып тұр. Жоңғар басқыншыларына қарсы жүргiзiлген Отан соғысын жеңiспен қорытындылап, батыс шекараның бекемдiгiн күйттеген, қазақтың Жайықтан өзен суы сарқылғанша айрылмайтынын мәлiмдеген, «Орынбор өлкесiнiң I Петрi» Неплюевтiң «жеке дұшпаны» және орыс халқының «жауы» атанған Әбiлқайыр ханның елiне сiңiрген еңбегiн әдiл таразылау ләзiм. Осы тарапта, тарихтың үлкен жанкүйерi, негiзгi мамандығына байланысты өлкемiздiң қиыр-шиырын көп кезген геолог және картограф Молдияр Серiкбаев бұдан бiраз жыл бұрын «Ақтабан шұбырынды оқиғасының картасын» сызған едi…
«Бұл картаның жасалуына өзiм тәуiр көретiн бiр жазушының ескертпесi себеп болды, – дейдi ол. – Көне карталарда есiмi географиялық атау ретiнде талай жерден көрiнетiн Әбiлқайыр хан туралы айтып жүретiнiм бар. Сондай кездердiң бiрiнде әлгi қаламгерiм: «Сен неменеге Әбiлқайырды айта бересiң, ол елiмiздi бодандыққа байлап берген сатқын ғой», – деп қарап тұр. Мен, шынымды айтсам, әлгi жазушы үшiн ұялдым. Неге дейсiз бе? Бұларды бiз ұлттың ар-намысы деп есептеушi едiк қой. Егер олардың тарих пен тарихи тұлға туралы пайымдары осындай шолақ та қарабайыр келетiн болса, ұлтымыздың соры әлi қалың екен деп ойладым. Содан, әлгiндей беделдi жазушылар мен оларға құдайдай сенетiн жалпы көпшiлiк әзiрге мойындай қоймаған, бiрақ үлкен тарихшылар зерттеулерiнде тарихи бағасын әлдеқашан дәлме-дәл берiп қойған ұлы хан туралы мен де өз қолымнан келетiн сөздi айтуға тиiспiн деп шештiм. Содан осы карта дүниеге келдi».
Оның айтпағы – тарихты бұзбай, өз қалпында оқып-үйрену қажеттiгi, тарихи тұлғаларға әдiл, адал қарау, ешқайсысын алаламай, өз кезiнде елге сiңiрген еңбегiн бұрмаламай бағалау керектiгi. Өте дұрыс ниет. Бiз бiлiп, я бiлмей iстейiк, тарихи сәттердi өз пиғылымызға бағындырып, жүрегiмiзге жақын пәлен деген батырымызды дәрiптеуге жанымызды саламыз, бiрiн кемiтiп, екiншiсiн өсiрумен шұғылданамыз. Мәселеге кең қарай алмайтындығымыздан, жан-жақты жүргiзiлген ғылыми зерттеулермен айқындалып-дәйектелген тарихи шындық айдалада қалады. Оған бықпаймыз, ел аузындағы сөздердi жиып, том-том роман жазамыз. Соларымызды ақиқаттың тап өзi ретiнде аузымызды айға бiлеп сөйлеймiз келiп. Өстiп, қарапайым оқырманды ертегiмен тәрбиелеймiз. Ал мифпен өмiр сүруге дағдыланған осындай ахуалда Молдекең картасымен бiрдеңе өзгерте алар ма екен?
Алайда ол өзгертуге тырыспайды да. Ол тек елiн, жерiн, тарихын қадiрлейтiн қатардағы азамат ретiнде өз көзқарасын бiлдiредi. Және ой-пiкiрiн заманында Әбiлқайырға берген халықтың өз бағасымен дәйектейдi. Ғалымдардың тұжырымдарына Қазақстанның қазiргi жер бедерiнен, көне карталардан тапқан дәлелдерiн қосумен ғана шектеледi. Сөйтiп, Әбiлқайырдың қазақ халқының мемлекеттiлiгiн сақтап қалуға сiңiрген тарихи қызметiне лайықты бағасын беру жөн деп есептейдi.
Жоңғар шапқыншылығынан қазақтың ғасырлар бойы жапа шеккенi белгiлi. Соларға қарсы күресте әр жылдарда көрсеткен ерлiктерi үшiн даңқты бабаларымыз бүгiнде дәрiптелiп келедi. Орынды дәрiптеледi. Тек екi жүз жылға созылған сол қазақ-қалмақ шайқастары iшiнен – 1723 жылғы жойқын басқыншылық шабуыл тұтатқан қарсылықтардан, қазақтың ел болып қалу-қалмау мәселесiн шешкен 1726–1730 жылдарғы Отан соғысынан гөрi, басқа кезеңдердегi жергiлiктi шеңберден аспайтын жекелеген ұрыстарды ауызға алумен шектелу бар. Сол жеке шайқастарда халық назарына iлiккен батырларды мақтан тұтып, шашылып-төгiлiп жатқанымызда, негiзгi де түйiндi мәселенi – мемлекеттiлiгiмiздiң тағдырын, елдiң бiрлiгiн айқындаған айбынды кезең мен оның қаһармандары тасада қалып жатады.
Үлкен ғалымдардың зерттеу еңбектерi куә, қазақ жоңғармен екi ғасыр бойы айқасқанда, есте қаларлық жеңiстер де, жеңiлiстер де көп болды. Қазақ елi ақыры Аңырақаймен түйiнделген азаттық соғысынан кейiн ширек ғасыр өткенде ғана, жаудан толық тазартылды. Әйтсе де, солардың бәрi әр аумақтағы ойдым-ойдым, локальды қақтығыстар едi.
Әбiлқайыр хан Отан соғысының шешушi кезеңiнiң бас қаһарманы, қазақ елiнiң мемлекеттiлiгiн сақтап қалған қайраткер, батыр, қазақ әскерiнiң бас қолбасшысы болған адам (Биыл Әбiлқайырды бас қолбасшылыққа сайлаған Ордабасы құрылтайына – 285 жыл). Қазақ жасақтары оның бастауымен елiмiздiң барша аймағында шайқасты. Iрi жеңiстерге жеттi. Оның еңбегiн халықтың өзi тура сол кездiң өзiнде дәл де әдiл бағалап, ел намысын қорғап, ерлiк көрсеткен майдан орындарына оның атын бердi. Сол атаулар көне карталарда, халық жадында күнi бүгiнге дейiн сақталған. Молдекең соларды жаңғыртып, өз картасына түсiрдi.
Сызбаға қарағанда, Арқада «Қалмаққырылған» деген жер бар, соның үстiмен «Әбiлқайыр өзенi» ағып жатыр. Ал Шу мен Талас өзендерiнiң арасында «Әбiлқайыр даласы» жатыр. Осында екi «Қалмаққырылған» деген жер атауы сақталған. Қаратау қойнауында «Әбiлқайыр бұлағы» бар. «Үлкен Орда қонған», «Кiшi Орда қонған» деген жер атаулары – азаттық соғысын басқарған аға хан, кiшi хан ставкаларының тұрған орнын көрсетедi. Ал Балқаштың оңтүстiгiндегi әйгiлi Аңырақай шайқасы өткен өңiрде, Iлеге тақауырақта – Хантау, одан Шуға қарай созылып жатқан «Әбiлқайыр жалы» деген тау атауы сақталған.
Осы картаға, оқырман, сiз де көз салыңыз. Айтылғандардан артық не дәлел керек? Бiздiң көңiлiмiз қаншама тарылып, қазақтың 1726–1730 жылдарғы Отан соғысының бас қаһарманының еңбегiн мойындағымыз келмесе де, географиялық жер атауларының өзi-ақ оның да, бiздiң де кiм екенiмiздi көзге шұқып айтып тұрған жоқ па?
Ордабасыдағы жиынға дейiн, жоңғарлар басып алған оңтүстiктегi қазақтың астанасын, өзге де қалалары мен көшiп-қонып мал бағып жүрген жер-суын азат етiп көзге түскен батыр – Әбiлқайыр хан едi. Сондықтан да ел оны отаншыл жауынгер-хан ретiнде танып, қазақтың бiрiккен қолын басқартты. Сызбада Әбiлқайыр 1710 жылы Кiшi жүзге және Орта жүздiң бiр бөлiгiне хан болып сайланған Қарақұм құрылтайы өткен жер де көрсетiлген. Әбiлқайыр-баһадүрдiң басқаруымен болған шайқастар нәтижесi қазақ даласының талай жерiнде «Қалмаққырылған» деген атаумен сақталып қалған.
Аға хан әрi бас қолбасшы Әбiлқайыр қазақ жерiн бiртұтас майданға айналдырып, азаттық жолындағы жеңiстi шайқастарын жүргiзгенде – Абылай әлi балаң бозбала болатын. Ол 30-шы жылдардың ортасына қарай ерлiктерiмен көзге түсiп, жеке ру-тайпа әмiршiсi болды. Әбiлқайыр хан өлтiрiлген уақыттан ширек ғасыр өткенде барып, Абылай сұлтан хан тағына отырды. Ол Әбiлқайыр ханның ұлы Нұралымен құрдас. Әрi оның күйеубаласы. Кезiнде Абылай сұлтан қалмаққа тұтқынға түскенде, Әбiлқайыр хан оны құтқаруға әсер еткен, бұл жайында, бүгiнгi зерттеулер өз алдына, Шәкәрiм де айтады. Абылай Әбiлқайырды «бiздiң аға ханымыз» деп атаған.
Сонымен, 330 жыл iлгерiде өмiрге келген Әбiлқайыр хан – халықтың еңсесiн көтерiп, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» апатынан аман алып шығушы, Отан соғысындағы бас қолбасшы, қазақтың ұлттық мемлекеттiгiн қорғаушы мемлекеттiк тұлға. Ал туғанына биыл 300 жыл толған Абылай хан – Әбiлқайыр хан бастаған азаттық соғысын бiржолата жеңiске жеткiзiп қорытындылаушы, екi алпауыт империя арасында қазақтың елдiгiн сақтай бiлген iрi мемлекет қайраткерi….
Бiлместiкпен астасқан әсiре шамшылдықтан, орынсыз асқақтықтан ада болайық, бiлiммен ұштасқан әдiлеттiлiктiң баянды бiрлiгiмiзге төте жол ашары кәмiл.
Бейбiт ҚОЙШЫБАЕВ,жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты