Жаңалықтар

ҚОҒАМ ТЕРIС АЙНАЛМАСА ИГI

ашық дереккөзі

ҚОҒАМ ТЕРIС АЙНАЛМАСА ИГI

Әлемдiк медицинаны әбiгерге салған ВИЧ, СПИД iндетiне қарсы ем әзiрге табылмай отыр. Содан да болар, жұқпалы дерттiң таралу ауқымы да жылдан жылға ұлғайып келедi. Оған қарсы түрлi шаралар жасалып жатса да, нәтиже көңiл көншiтерлiк емес.

Дүниежүзінде 1 желтоқсан күні – СПИД-ке қарсы күрес күні ретінде белгіленген. Алайда бұл күрес жылдың барлық мезгілінде жүргізілуі тиіс. Жақында АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі USAID агенттігі бейресми дөңгелек үстел өткізіп, Қазақстандағы жағдайды кеңінен талқылады. Мәселен СПИД/ВИЧ-пен күрес және алдын алу Республикалық орталығының мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылы осы дертпен тіркелгендердің саны 16935-ке жеткен. Оның 44 пайызы 20-29 жас аралығындағы жастар, ал 33,6 пайызы 30-39 жас аралығындағы адамдар. Сорақысы сол, айықпас ауруға шалдыққандардың дені Алматы қаласында тіркелсе, инфекция жұқтырған балалардың саны жағынан Оңтүстік Қазақстан көш бастап тұр.

АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі USAID ұйымына 50 жыл. Өзінің негізін қалаған 1961 жылдан бері халықтың денсаулығы мен әл-ауқатының артуына айрықша көңіл бөліп келеді. Ал соңғы он жыл ішінде Орта Азияда, соның ішінде Қазақстанмен етене жұмыс істеген ұйым ВИЧ пен туберкулезге қарсы түрлі шараларға демеушілік жасауда. «USAID 1990 жылдан бастап Қазақстан үкіметі және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, ВИЧ пен туберкулез дертінің алдын алу үшін ауқымды жұмыстар жүргізуде. Біздің ұйымның негізгі мақсаты – науқасты күту мен емдеу, стигманың төмендеуі, өмір сүру сапасын жақсарту», — дейді USAID-тің Орталық Азия мемлекеттеріндегі аймақтық директоры Эрин Элизабет Макки ханым.

Республикалық СПИД-ке қарсы күрес және алдын алу орталығының бас директоры Марат Түкеевтің айтуынша, бүгінде жұқпалы дертке қарсы шараларды халықаралық ұйымдар тарапынан қаржыландыру азайып барады. Соған қарамастан медицина қызметкерлері арнайы семинарларды үзбей өткізіп, өзара серіктестікте жұмыс істеп келеді екен. Сондай-ақ, Марат Түкеевтің «халықты ақпаратқа қанықтыру үшін телеарналардан әлеуметтік бейнероликтерді тегін көрсетсе» деген ойын құптауға болады. Алайда оған телеарна басшылары қомақты ақша талап ететін көрінеді. Республикалық СПИД-ке қарсы күрес және алдын алу орталығының бас директоры Марат Түкеев: «Қазіргі кезде бейнероликтерді тегін көрсету бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Егер қандай да бір нәтижеге қол жеткізсек, бүгінде дайын тұрған 4 бейнероликті ұсынатын боламыз», – десе, ВИЧ-ке шалдыққан адамдардың қа­зақ­стандық одағының президенті Нұралы Аманжолов жаңадан жасақталатын мәжіліс заңға ВИЧ-ті жұқтырған адамдарды жазалау жөнінде бап енгізу керектігін айтады.

Дөңгелек үстелде ВИЧ-ке шалдыққан адамдардың басынан өткен жағдайлар айтылды. Мысалы балалар үйінен тәрбиеленіп шыққан Люба есімді қыздың басынан өткізген оқиғасы жан ауыртады. Өмірдің қатаң заңдылығына көндіккен қызбала мектепті бітірген соң, дәмханаға жұмысқа тұрады. Көп ұзамай тұрмыс құрып, құрсақ көтереді. Алайда медициналық тексеру кезінде Любаның ВИЧ-қоздырғышын жұқтырғаны анықталады. Ол бұл дерттің күйеуінен келгенін сезіп, тексеруден өтуін сұрайды. Бірақ та ізін суытқан жолдасы іштегі шарананы да ойламастан, дәмхананың қожайынына Любаның ВИЧ-пен ауыратынын жеткізген. Бұдан соң жұмыстан да, баспанадан да айрылған екіқабат келіншек СПИД-ке қарсы орталықтан көмек сұрап жүріп, USAID-тің «Сұхбат» жобасының серіктесі «Қуат» қоғамдық қорына кезігеді. Міне, осы қор Любаға көмек қолын созып, қоздырғышқа қарсы терапия емін берудің арқасында өмірге дені сау бала әкеледі.

Жасыратыны жоқ, қоғам ішінде Люба сынды байқаусызда жұқпалы дертті жұқтырып алғандар баршылық. Олардың көпшілігі ақпараттың ашық еместігінен де өз өміріне бей-жай қарайды. Дертті жұқтырғанын сезсе де, арнайы тексеруден өтуді ар санайды немесе қорқады. Әрине, мұндай адамдар өздерін қоршауда қалған аң сияқты сезінеді. Сондықтан да дерттің асқынуына жол бермеген дұрыс әрі қоғам олардан теріс айналмауы тиіс.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ