Жаңалықтар

ҚОҒАМ ТЕРIС АЙНАЛМАСА ИГI

ашық дереккөзі

ҚОҒАМ ТЕРIС АЙНАЛМАСА ИГI

Әлемдiк медицинаны әбiгерге салған ВИЧ, СПИД iндетiне қарсы ем әзiрге табылмай отыр. Содан да болар, жұқпалы дерттiң таралу ауқымы да жылдан жылға ұлғайып келедi. Оған қарсы түрлi шаралар жасалып жатса да, нәтиже көңiл көншiтерлiк емес.

Дүниежүзiнде 1 желтоқсан күнi – СПИД-ке қарсы күрес күнi ретiнде белгiленген. Алайда бұл күрес жылдың барлық мезгiлiнде жүргiзiлуi тиiс. Жақында АҚШ-тың халықаралық даму жөнiндегi USAID агенттiгi бейресми дөңгелек үстел өткiзiп, Қазақстандағы жағдайды кеңiнен талқылады. Мәселен СПИД/ВИЧ-пен күрес және алдын алу Республикалық орталығының мәлiметiне сүйенсек, ағымдағы жылы осы дертпен тiркелгендердiң саны 16935-ке жеткен. Оның 44 пайызы 20-29 жас аралығындағы жастар, ал 33,6 пайызы 30-39 жас аралығындағы адамдар. Сорақысы сол, айықпас ауруға шалдыққандардың денi Алматы қаласында тiркелсе, инфекция жұқтырған балалардың саны жағынан Оңтүстiк Қазақстан көш бастап тұр.

АҚШ-тың халықаралық даму жөнiндегi USAID ұйымына 50 жыл. Өзiнiң негiзiн қалаған 1961 жылдан берi халықтың денсаулығы мен әл-ауқатының артуына айрықша көңiл бөлiп келедi. Ал соңғы он жыл iшiнде Орта Азияда, соның iшiнде Қазақстанмен етене жұмыс iстеген ұйым ВИЧ пен туберкулезге қарсы түрлi шараларға демеушiлiк жасауда. «USAID 1990 жылдан бастап Қазақстан үкiметi және үкiметтiк емес ұйымдармен бiрлесiп, ВИЧ пен туберкулез дертiнiң алдын алу үшiн ауқымды жұмыстар жүргiзуде. Бiздiң ұйымның негiзгi мақсаты – науқасты күту мен емдеу, стигманың төмендеуi, өмiр сүру сапасын жақсарту», — дейдi USAID-тiң Орталық Азия мемлекеттерiндегi аймақтық директоры Эрин Элизабет Макки ханым.

Республикалық СПИД-ке қарсы күрес және алдын алу орталығының бас директоры Марат Түкеевтiң айтуынша, бүгiнде жұқпалы дертке қарсы шараларды халықаралық ұйымдар тарапынан қаржыландыру азайып барады. Соған қарамастан медицина қызметкерлерi арнайы семинарларды үзбей өткiзiп, өзара серiктестiкте жұмыс iстеп келедi екен. Сондай-ақ, Марат Түкеевтiң «халықты ақпаратқа қанықтыру үшiн телеарналардан әлеуметтiк бейнероликтердi тегiн көрсетсе» деген ойын құптауға болады. Алайда оған телеарна басшылары қомақты ақша талап ететiн көрiнедi. Республикалық СПИД-ке қарсы күрес және алдын алу орталығының бас директоры Марат Түкеев: «Қазiргi кезде бейнероликтердi тегiн көрсету бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Егер қандай да бiр нәтижеге қол жеткiзсек, бүгiнде дайын тұрған 4 бейнероликтi ұсынатын боламыз», – десе, ВИЧ-ке шалдыққан адамдардың қа­зақ­стандық одағының президентi Нұралы Аманжолов жаңадан жасақталатын мәжiлiс заңға ВИЧ-тi жұқтырған адамдарды жазалау жөнiнде бап енгiзу керектiгiн айтады.

Дөңгелек үстелде ВИЧ-ке шалдыққан адамдардың басынан өткен жағдайлар айтылды. Мысалы балалар үйiнен тәрбиеленiп шыққан Люба есiмдi қыздың басынан өткiзген оқиғасы жан ауыртады. Өмiрдiң қатаң заңдылығына көндiккен қызбала мектептi бiтiрген соң, дәмханаға жұмысқа тұрады. Көп ұзамай тұрмыс құрып, құрсақ көтередi. Алайда медициналық тексеру кезiнде Любаның ВИЧ-қоздырғышын жұқтырғаны анықталады. Ол бұл дерттiң күйеуiнен келгенiн сезiп, тексеруден өтуiн сұрайды. Бiрақ та iзiн суытқан жолдасы iштегi шарананы да ойламастан, дәмхананың қожайынына Любаның ВИЧ-пен ауыратынын жеткiзген. Бұдан соң жұмыстан да, баспанадан да айрылған екiқабат келiншек СПИД-ке қарсы орталықтан көмек сұрап жүрiп, USAID-тiң «Сұхбат» жобасының серiктесi «Қуат» қоғамдық қорына кезiгедi. Мiне, осы қор Любаға көмек қолын созып, қоздырғышқа қарсы терапия емiн берудiң арқасында өмiрге денi сау бала әкеледi.

Жасыратыны жоқ, қоғам iшiнде Люба сынды байқаусызда жұқпалы дерттi жұқтырып алғандар баршылық. Олардың көпшiлiгi ақпараттың ашық еместiгiнен де өз өмiрiне бей-жай қарайды. Дерттi жұқтырғанын сезсе де, арнайы тексеруден өтудi ар санайды немесе қорқады. Әрине, мұндай адамдар өздерiн қоршауда қалған аң сияқты сезiнедi. Сондықтан да дерттiң асқынуына жол бермеген дұрыс әрi қоғам олардан терiс айналмауы тиiс.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ