АДАМҒА ҚЫЗМЕТ ЕТКЕННIҢ ЕҢБЕГI ЖАНАДЫ
АДАМҒА ҚЫЗМЕТ ЕТКЕННIҢ ЕҢБЕГI ЖАНАДЫ
Бұрынғы Одақ кезiнде жол құрылысына, мектепке, ауруханаға т.с.с. жұмсалатын қаржылар жоспар бойынша жүргiзiле беретiн. Кейде көршi ауданның жолы қирап жатса да тағы бiр ауданда жап-жақсы жолдарға жөндеу жұмыстары жүргiзiлiп жататын. Жоспарды бұзуға болмайтын-ды. Нарықтық экономика жоспарсыз-ақ бәрiн өз орнына қойды. Өйткенi «нарық» қаражатты қайда, қанша және қашан жұмсауды алдын-ала қарастырады, оны жұмсаудан бұрын оның қайтарымын ойластырады.
Мәселенi тереңiрек, философиялық, әлеуметтiк-психологиялық жағынан қарастыратын болсақ, жол құрылысына, мектепке және ауруханаға жұмсалған қаржылар, тiптi соны жұмсаған күннiң ертеңiне-ақ қайтарыла бастайды. Былтырғы ескi жолды жүрiп өткен көлiк жүргiзушiсi (жолаушы да) мына биылғы жаңа жөндеуден өткен жолмен жүргенде өзiн қалайша сезiнетiнiн көз алдыңызға елестетiңiз. Өткен жылы ескi мектепте оқыған бала, биыл жаңа мектепке кiрiп бара жатқанда қандай шаттанатынын бiлерсiз. Тiптi жаңа балабақшаға кiрген бүлдiршiннiң көңiл-күйi басқаша болатыны бәрiмiзге белгiлi. Ал ескi ауруханада есiк-тесiгiнен жел үрлеп, мазасызданып жататын былтырғы қарттарымыз, биыл жаңадан iске қосылған аурухана ғимаратында жатып, көңiлi көтерiлiп жүргенiн сөзбен айтып жеткiзу мүмкiн бе?
Биыл Елшенбүйрек тауының етегiндегi ауылда адам капиталын дамыту бағытында бiраз қаражат жұмсалды. Күн көзiне шағылған Мәдениет үйi мен атақты ақын Мұқағали ағамыздың әдеби-мемориалды мұражайы, күрделi жөндеуден өткен өнер, бiлiм ошақтары, тақтайдай түп-түзу жолдарының бәрi адам капиталын дамытудың айғағы сияқты «менмұндалап» тұрғандай.
Ал ендi осы бағыттарға жұмсалған қаражаттар қашан қайтады деген мәселеге келсек, олардың бiразы тiптi қайтып та жатқан тәрiздi. Жоғарыдағы жаңа ауруханада жатып, өткен өмiрiне көз жүгiрткен қарттарымыздың көңiл-күйi, iшкi сезiмi, жаңа мектепке кiрiп бара жатқан бала-оқушының жан-дүниесi сол қаражаттардың қайтарымы болмағанда не дейсiз? Алматы облысы Райымбек ауданының 83666 тұрғыны осындай әлеуметтiк игiлiктердiң рақатын көрiп-бiлiп, iштей сезiнiп отырғаны бәрiмiзге белгiлi. Осы ауданның 14,2 мың шаршы шақырым аумағында жүрiп жатқан басқа да құрылыстардың қайтарымы ұзақ емес, әрқайсысы өз ретiмен қайтады. Моральдық, әлеуметтiк-психологиялық тұрғыдан олар бүгiннiң өзiнде қайтып та жатыр.
Қазiргi кезде аудан еңбеккерлерiне 23 мәдениет үйi мен ауылдық клубтар, 10 кiтапхана мен 2 мұражай қызмет көрсетедi. Сонымен қатар 54 әртүрлi деңгейдегi бiлiм шаңырақтары, 2 кәсiптiк мектеп, 2 оқу-өндiрiстiк комбинаты бар.
Шарын өзенiнде салынып жатқан «Мойнақ» су-электр стансасының аудан халқының адам капиталын дамытудағы ролi орасан. Оның құрылысының жалпы жобалық құны 360 млн. доллар (54,1 млрд. теңге). Осы жобаға Қазақстан даму банкi 50 млн. доллар бөлсе, Қытай мемлекеттiк даму банкi 200 млн. доллар қаржы салып отыр. «Мойнақ» СЭС-ы 2011 жылы толық пайдалануға берiледi деп жоспарланған.
Аудан аумағындағы 810 шақырымдық автокөлiк жолының 273 км.-i республикалық маңызы бар жолға жатқызылады. Аудан көлемiндегi жолдарды жөндеу үшiн және темiрбетон құбырын салуға республикалық бюджеттен 1 млрд. 057 млн. 242 мың теңге қаржы бөлiндi.
Ақын Мұқағалидың 80-жылдығына орай жұмсалған қаражат, әрине адам капиталын дамытуға бағытталды деп есептеу керек. Ақын туған өлкенiң Заңғар шыңдары мен сұлу қарағайлары, көкорай шалғындары мен мөлдiреп аққан мың бұлақтары, тамылжыған тылсым табиғаты сол қаражаттардың қайтатынына күә сияқты. Өйткенi осы тамаша табиғаттың адам баласына келтiретiн әсерi, сол қаражаттардың арқасында арта түседi.
Айта кететiн бiр мәселе, Мұқағали ақынның 80 жылдығы қарсаңында Қарасаз ауылындағы орталық көше, мектеп пен ақын мұражайы, Мәдениет үйiнiң алды адам танымастай өзгерiп, қаладағыдай кескiн-келбетке ие болған. Осы мақсатта үлкен жұмыс жүргiзiлдi. Оған 100 миллион теңге бөлiнген. Ақын мұражайы алдындағы орталық алаңды жаңартып, абаттандыруды және ауылдық Мәдениет үйiн А. Рябинин басқаратын «Ауыл құрылысы» мекемесi күрделi жөндеуден өткiздi. Ғимаратты күрделi жөндеуден өткiзуге 156 миллион теңге бөлiнiптi. Мәдениет үйi де ақын мұражайы секiлдi өзгеше ғажайып түрге бөленген, кескiн-келбетi жарасқан, заманға лайық сәулеттi көрiнедi. Мұндағы еңбек етiп отырған 80 адамның 20-сы осы ауылдың тұрғындары. 1991 жылы салынған Мұқағали мұражайы былтыр (2010 ж.) күрделi жөндеуден өткiзiлген. Ақынның «Ақ қайың» атты өлеңi негiзiнде жасалған Қарасаздағы «Қайыңды паркке» шеттен келген адамдар бiр кiрмей қайта алмайды. Онда 100 дана қайың, 100 дана шырша отырғызылған. Ауылдағы көшелер асфальтталып, үйлер, шарбақтар ретке келтiрiлген, ол қала тәрiздес келбетке ие болған. Ауылды көрiктендiруге 120 млн. теңге, ал мұражай iшiндегi жәдiгерлерiн орналастыру жұмыстарына 45 млн.теңге бөлiнген.
Ендiгi бiр адам капиталын дамыту бағытындағы күрделi мәселе ауданда спорт пен туризмдi ұйымдастыру. Осыған орай Кеген селосында құны 1 млрд. теңгеге жуық спорт кешенiн салу ойластырылып отыр. Оның құрылысы биылғы күзде басталып та кеттi.
Аудан халқының денсаулығын нығайту және жоғары жетiстiктер спортын дамыту үшiн бәсекеге қабiлеттi туристiк индустрия және дене шынықтыру мен спорттың тиiмдi жүйесiн құру қажет. Осы бағытта туристiк кластерлердi одан әрi дамыту, ауданның тартымды туристiк имиджiн және туризм инфрақұрылымын қалыптастыру бойынша жағдайлар жасау, жоғары жетiстiктер спортын және халықтың салауатты өмiр салтын қалыптастыру үшiн бұқаралық спортты дамыту жұмыстары жүргiзiлуде.
Отандық сарапшылардың есептеулерiне жүгiнсек, туризмнен түсетiн табыс үшiншi орынды (мұнай экспорттау, пайдалы қазбаларды сатудан кейiнгi) иеленедi екен. Анығырақ айтқанда, 1 саяхатшыдан (туристен) түсетiн табыстың көлемi 9 тонна көмiрдiң немесе 2 тонна сапалы бидайдың бағасына тең. Оған Райымбек ауданындағы (әсiресе Елшенбүйрек тауларының, Қарасаз төңiрегiнiң) табиғат байлығын, тарихи көзтартарлық орындарын қосыңыз.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкiмет Үдемелi индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттiк бағдарламасын және елдi индустрияландырудың Картасын жасаған болатын. Осы бағытта да ауданда тиiстi жұмыстар жүргiзiлуде.
Президент қай Жолдауында болсын ең негiзгi фактор ретiнде адам өмiрiне, оның денсаулығына, бiлiм алуына, әлеуметтiк қолдауға ие болуына, адам капиталын дамытуға баса назар аударып келедi. Биылғы Жолдау да соның айғағы.
Қорыта келгенде, Райымбек ауданында да осы бағыттар төңiрегiнде бiрқатар келелi жұмыстар жүргiзiлiп жатыр. Ел Президентi салып берген жолмен жүре отырып, аудан еңбеккерлерiнiң өмiр сапасын арттыруды үлкен-кiшi аудан басшылары өздерiнiң басты мiндетi деп санайды.
Ж. ШАРАҚЫМБАЙҰЛЫ,ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты
29.12.2011