Бiр жағадан бас шығарып...
Бiр жағадан бас шығарып...
Оралмандар Жаңаөзендегi оқиғада зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетпек
Өскемен қаласы маңындағы Шығыс ауылы жақында «Нұрлы көш» бағдарламасымен бой көтерген едi. Тұрғындарының басым көпшiлiгi Қытайдан оралған қазақтар. Олар Жаңаөзен оқиғасынан зардап шеккен тұрғындарға материалдық көмек көрсетпек.
«Шығыс ауылының бастамасымен бiз жиналыс өткiздiк. Оған 300 адам қатысты. Осы жиында Ново-Явленко ауылы мектебiнiң қызметкерi Мiрсәлiм Мақсұтхан өз айлығынан 10 мың теңгенi Жаңаөзенге, қирап қалған қаланы қалпына келтiруге бөлетiндiгiн мәлiмдедi», — дейдi бұл жайында №11 өзiн-өзi басқару комитетiнiң директоры Нұрбақыт Атанұлы. Жиналысқа қатысқан өзге қазақтар да бұл бастаманы қолдаған.
«Бiз тәуелсiз, тұрақты, дамыған Қазақстанға келдiк. Аяқ астынан Жаңаөзенде мынадай оқиға орын алды. Кiм өз Отанында өмiр сүрмесе, сол отансыздықтың не екенiн түсiнбейдi. Жат жерде бiздi ешкiм көзге iлмейтiн. Отанымызға үлкен үмiтпен, қуанышпен оралдық. Бiрақ мұндайды күтпеген едiк. Сол үшiн онда бәрi орнына келгенiн қалар едiк», – дейдi онда сөз алған оралмандар.
«Қазақстанға оралуды көксейтiн, бiрақ жете алмай жүргендер көп. Бiз қолымызда барымызды бағалай бiлейiк», – дедi, Шығыс мектебi асханасының меңгерушiсi Әлиман Мұхаметхан.
Өскемен қаласы iшкi саясат бөлiмiнiң бастығы Бұлбұл Бакинова бұл жиналысты оралмандардың өздерi бас болып ашып, отандастарын проблеманы бейбiт жолмен шешуге шақырғанын айтады. «Бұрын бұл ауылдағы тұрғындардың да тұрып жатқан үйлерiне көңiлi толмаушы едi. Олар үйлерiнiң шатырларын, канализациясын, су құбырларын, жертөлелерiн ұнатпай күңкiлдеп жүретiн. Бүгiн ол проблемалардың барлығы шешiлдi», – дейдi ол.
Шығыс ауылында 290 отбасы, 1100 адам өмiр сүредi. Барлығы «Нұрлы көш» бағдарламасымен қоныс аударған. Олардың 50 пайыздан астамы жұмысқа орналасқан. 20 пайызы уақытша жұмыс iстейдi. Сонымен бiрге көкөнiс егуге, пiшен дайындауға 200 гектар жер бөлiнiп отыр.
29.12.2011