АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН

АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН

АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН
ашық дереккөзі

Ауыл iшiнде әңгiме көп. Солардың кейбiрi аңыз секiлдi. Сенерiңдi де, сенбесiңдi де бiлмейсiң. Ал болған жайды көзiмен көргендер: «құй сен, құй сенбе, солай болған» – деп табандап тұрып алады. Бiрi емес, күллi ауыл үлкендерi оларды растап тұрса, сенбей гөр.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары болса керек. Ақтөбе облысының Ойыл ауданына қарасты Жетiкөл совхозында ағайынды екi жiгiт тұрған. Үлкенi Есен үйлi-баранды болса керек. Ауылдан жырақтағы қорада совхоздың бiр отар қойын бағып, бiреуден iлгерi, бiреуден кейiн күн кешедi. Ал кiшiсi Кәкен ауылдағы әке мен шешеден қалған қара шаңырақта тұрып, совхоздың құрылыс жұмыстарында жүрген. Алайда айлық табысы бiрде олай, бiрде былай. Қысқасы мандырымды болмаған.

Бiрде ағасы Есен: «Кәкен, ендi үйленiп, үй болатын жасқа жеттiң. Үйлену үшiн азын-аулақ болса да қор керек. Байқаймын, сен мына салпаң жүрiсiңмен ештеңенiң басын құрай алмайсың. Менiң көмекшi шопаным бiр жағдайларымен жұмыстан кеттi. Сен соның орнына маған көмекшi бол. Айлық еңбекақың да тұрақты болады. Басқа да табыс бар. Бiрер жылдан соң үйленiп те қаларсың», – дейдi.

Кәкен ары ойланып, берi ойланып, ақыры ағасының айтқанына көнедi. Алғашқы күндерi ауылдағы құрбы-құрдастарын ойлап, жалғызсырап күн кешкен. Кешкiсiн клубтан кино көрiп, соңынан дос-жарандардың бiрiнiң үйiне жиналып, түннiң бiр уағына дейiн көңiлдi отыратын шақтарын аңсайды. Бозала таңнан күн батқанға дейiн жапан далада қой соңында жүру азап көрiндi. Түс әлетiнде отарды сонау ылдидағы артезиан құдығына айдап барады. Содан соң шiлденiң ми қайнатқан ыстығы басталар шақта отарды ескi қораның көлеңкесiне айдап келiп иiредi. Өзi де арқасын қора дуалына сүйеп, жеңгесi Жамал берген түстiк асын iшiп, күннiң ыстығы қайтқанша аяқ суытады. Бiр күнi бiр күнiнен айнымайды. Сүреңсiз тiршiлiгi осылай өтiп жатқан. Оның бұған көнбеске амалы тағы жоқ.

Сондай күндердiң бiрiнде түстiк асын iшiп-жеуге отырған. Бiр кезде ертектегiдей ғажайып бiр үлкен ғажайып құс қора бұғатынан шығып тұрған бөренеге келiп қонды. Кiсi құлашынан да ұзын қанаттарын қағып-қағып жiберiп, бауырына жинап алды да, құйрығындағы ұзын қауырсынын жоғары көтерiп, шаршылап жiбергенде Кәкен таңырқап қалған. «Бұл аймақта құс қонатын көл не өзен жоқ едi. Бұл қайдан адасып келдi екен»,– деп тұрғанда құс секiрiп жерге түстi де, оның жанына жақын келдi. «Өзi келiп тұрғанда ұстап алып, үйге алып барайын. Ағамның балалары тамашаласын». – Ол шап бермекшi болып, ұмтыла бергенде, құс қанатын қағып-қағып жiберiп, лезде адам бейнесiне келдi. Алдында үлде мен бүлдеге бөленген, үрiп ауызға салғандай бiр хордың қызы тұр. Кәкен шошып кетiп, кейiн ыршып түстi. Қорыққаны соншалық тiлi сөйлеуге келер емес. Кекештенiп: «Сен кiмсiң?..» – дегенге шамасы зорға келдi. Қыз қасына тағы да жақындай түсiп: «Кәкен, сен менен қорықпа. Мен саған еш зиян келтiрмеймiн. Мен пәленше деген перiнiң қызымын»,– деп есiмiн айтып (әңгiменi осыдан жетi-сегiз жыл бұрын естiгендiктен атын ұмытыппын), жанына келiп тiзе бүктi. Кәкеннiң тұла бойы дiр-дiр қағып, сабасына түсе алар емес. Қыз: «Ендi екеумiз бiрге отырып, түстiк ас iшейiк», – деп бiр қолын жоғары көтерiп, екiншi қолымен алдын желпiп өткенде, ғайыптан кең дастарқан жайыла кеттi. Дастарқанда не жоқ деңiз. Құстың сүтiнен басқа тiл үйiретiн ас түрiнiң бәрi бар. Кәкен мұндай тағамдарды бұрын өңi түгiлi түсiнде де көрмеген. Қыз жымиып: «Кәкен, қане тамақтан алайық. Бәрi де халал»,– дедi. Ол жүрексiнiп барып, дастарқанға қолын созды. Дәмi тiл үйiредi екен. Аздан соң өзiне-өзi келе бастады. Алғашқы сұрағы: «Сен менiң атымды қайдан бiлесiң?» – болды. Қыз: «Мен сен жөнiнде көп бiлемiн, тiптi ауылдағы достарыңды да», – деп олар туралы айтқанда, тағы да таңданбасқа амалы қалмады. Бұл кезде күн еңкейiп, түс те ауып қалған. Отар жатқан жерiнен әлдеқашан өрiп кеткен бе, қораның ұзара ауған көлеңкесiнен көрiне қоймады. Кәкен орнынан атып тұрып, төңiрекке аласұра жалтақтай қарады. «Отар қой қайда кеткен?» – Жаныққан үнi қатты шықты. Қыз: «Кәкен, отарың ана белдiң арғы жағында жайылып жүр. Қорықпа, қасқыр оларға жоламайды. Кешке түп-түгел осында өздерi келедi. Соған дейiн алаңсыз менiң қасымда бол», – дедi оның аптыққан көңiлiн басып. Сонда да Кәкен сенер-сенбесiн бiлмеген жандай алаңдап тұрды да, қолына таяғын алып, қыз сiлтеген бел жаққа қарай жүгiре жөнелдi. Шынында да отар сол белдiң арғы бетiнде қанаттана жайылып жүр екен. Көзiне жердiң оты да шүйгiн көрiндi. Ол қайтып оралды. Кешкiсiн қыз: «Мен қазiр құс бейнесiне түсiп, қайта ұшып кетемiн. Ертең тағы келемiн. Сенiң ағаң мен жеңгең болса, менiң де әкем мен шешем бар. Күт. Бiрақ саған бiр қояр шартым бар. Қырық күнге дейiн мен туралы жан адамға тiс жарып айтпайсың. Содан кейiн мен нағыз адам бейнесiне түсемiн», – деп лезде бағанағы ғажайып құс бейнесiне енiп, көкке көтерiлiп кеттi. Отар қой да беткейден берi шығып қалыпты. Кәкен әдеттегiдей күн бата отарды қораға айдап келдi. Қоралап жатқанда ағасы: «Кәкен, бүгiн малды қайда жайып едiң? Күндегiге қарағанда қоңы жоғары көрiнедi ғой», – дедi сүйсiнiп. Кәкен мал жайылған жердi айтты. Ағасы басын шайқап: «Апырай, ол жердiң жусаны тықыр сияқты едi»,– дедi екiұштылау күмәндi оймен. Олар мал жайғап, үйге кiрген кезде шай қамын жасап жатқан Жамал: «Шырақ, бүгiн шөлдемегенсiң бе? Айран мен нанды сол күйiнде қайтып әкелiпсiң ғой. Әлде менiң дайындап берген асым саған ұнамады ма?» – дедi. Кәкен: «Тамаққа аса зауқым болмады, жеңге», – дей салды.

Ертеңiне түс әлетiнде ғажайып құс тағы ұшып келдi. Көрiктi қыз бейнесiне енiп, Кәкен екеуi бiрге отырып тамақ жедi. Отар өз бетiнше жайылып жатты. Екеуi кешке дейiн әзiлдесiп, ойнап-күлдi. Батыс жақ қызыл шапаққа бөленгенде қыз құс бейнесiне енiп ұшып кеттi. Кешке Жамал оның iшiлмеген айраны мен желiнбеген етiн көрiп, қайран қалды. Күйеуi Есенге айтып едi ол: «Қарны ашпаған шығар», – деп қоя салды. Күндер солай өтiп жатты.

Жамалдың ойын күдiк биледi. «Мына ұзақ күнде шырақтың шөлдеп, қарны ашпауы мүмкiн емес. Қалай болғанда да мұнда бiз бiлмейтiн бiр сыр бар», – деп өзi аңдуға бекiнген. Келесi күнi сәскеде өрiстi бетке алды. Ескi қораның күнбатыс жақ тұсына келiп, көлеңке жақ бетiне шыққаны сол едi, өз көзiне өзi сенбей қалшиып тұрып қалды. Кәкен ай десе аузы, күн десе көзi бар бiр сұлу қыздың құшағында жатыр екен. Оның: «Шырақ, мына қыз кiм?..» дегенi сол едi, қыз орнынан қарғып тұрып: «Кәкен, шартты неге бұздың? Ендi бiр күн шыдағаныңда мен мүлдем адам кейiпiне түсiп, саған адал жар болатын едiм! Бiз ендi қосылмаймыз!»,– деп қора үстiне ырғып шықты. Iле Кәкен орнынан ұшып тұрып, өзiнiң жан адамға тiс жармағанын айтып ақталмақшы бола бергенде қыз: «Кәкен, құрсағымда ұлың бар. Үш жылдан соң оны жол үстiнде жа­лаңаш тұрған кезiнде кездестiресiң. Ол саған нағыз бала болады. Тек ауылдас балалармен бiрге ойнаған кезiнде көзден таса қалдырма», – деп қас пен көздiң арасында құсқа айналып, ұшып кете барды. Жамал жағасын ұстап, көз алдында болған жайға сенерiн де сенбесiн де бiлмей бiразға дейiн аңтарылып тұрып қалды. Сол күннен бас­тап Кәкен тұйықталып, үй iшiмен сөйлесудi қойған. Жамал күйеуi Есенге көргенiн баян еттi. Есен: «Сен не көкiп тұрсың, Жамал? Қайдағы құс?.. Қайдағы қыз?.. Сендерге бiрдеңенiң шалығы тиген шығар осы», – деп ашуға бой алдырып, жеки сөйледi. Ал Кәкен барлық қымбатын жоғалтқандай күнделiктi жұмысын көңiлсiз атқарып, саяқ жүретiн болды. Өң-басы солғын тартып, күн ұзаққа сам-соз жүредi де қояды. Өрiске барса, әлгi ескi қораның үстi үгiтiле бастаған дуалына арқасын сүйеп, түпсiз терең ойға шомып отырғаны. Ағасы мен жеңгесiне оның бұл мiнезi түсiнiксiз әрi оғаш көрiндi.

Малдан да күй кете бастағаны қашан. Есен де iнiсiнiң күннен күнге солып бара жатқанын байқап, әйелiне: «Жамал, мынаған не болған? Өңi қашып барады ғой»,– дедi жабырқау үнмен. Жамал ана жолғы көргендерiн қайталап айтты. Есен мұқият тыңдады да: «Жамал, осылай қаннен-қаперсiз жүре берсек, iнiмдi науқас меңдеп кетер. Малды қойып, елдiң ортасына барайық. Достарымен көңiл көтерiп, бәрiн де ұмытсын. Үйленiп те кетер. Оның бiр тойын өткiзiп, құда күтуге де шамамыз келедi»,– дедi.

Олар күзде отарды басқа бiреуге өткiздi. Алайда ауылға келген соң да Кәкеннiң көңiлi көтерiле қоймады. Достары қанша орталарына икемдесе де, ыңғайларына көнер емес. Оңашаланып, томаға тұйық, өзiмен-өзi жүрумен болды. Құрылыста бригадирi қандай жұмыс тапсырса да үн-түнсiз жүрiп, мiнсiз орындайды. Ағасы мен жеңгесi үйлену жағынан сөз қозғаса болды, орнынан тұрып жүре бередi. Ал уақыт өтiп жатты.

Арада үш қыс, үш көктем өтiп, жадырап жаз шыққан. Көршi ауылда үлкен той болып, бұл ауылдан барғандар ертеңiне трактор тiркемесiмен қайтып келе жатты. Жұрт көңiлдi. Ән салып, даурыға сөйлесiп келедi. Кенет трактор тоқтай қалды. Кабинадан жүргiзушi басын шығарып: «Ау, тойшылдар, мына жол үстiнде тұрған жалаңаш бала кiмдiкi? Танитындарың бар ма?», – деп дауыс­тады. Жұрттың бiразы орындарынан тұрып, мойындарын соза қарап, бiразы тiркемеден түсiп, жол үстiнде тұрған балаға барды. Бәрi де аң-таң. Бiрi: «Балақай, сен кiмнiң баласысың? Атың кiм?», – деп сұрап едi, бала тiл қатпай тұра бердi. Тағы бiрi: «Жас шамасы үш-төртте секiлдi. Осы кезге дейiн қалай тiлi шықпаған мұның?», – дедi басын шайқап. Шетте тұрған әйел: «Әлдекiмдердiң көшiнен түсiп қалған болар», – деп күңк еттi. Сол кезде ғана топ арасында тұрған Кәкеннiң ойына осыдан үш жыл бұрынғы қыздың айтқаны сап ете қалды. Қалың топты кимелеп алға шықты да, баланы құшақтап: «Бұл менiң балам!», – деп жерден көтерiп алды. Бала да оны жатсынған жоқ. Мойынынан қыса құшақтады. Баланы Есен мен Жамал жатсынып, жылы қабақ таныта қойған жоқ. Сонда да Кәкен оған Жалғас деп ат қойып, аз күннен соң ағасынан еншiсiн алып, отауын бөлек тiктi.

Жылжыған жылдармен Жалғас та өсе бердi. Сөйлей алмаса да қағылез, әкесi Кәкенге қолқанат. Үй iшiн жинап, қорадағы азын-аулақ малды жайғайды. Кешкiсiн Кәкенмен бiрге жатып, таң азаннан бiрге тұрып, қай iсте де болысып жатқаны. Кәкен бұрынғыдай томаға-тұйық емес, көңiлдi. Ұлын жетектеп, көршi-қолаң, ауыл-аймақ тұрғындарымен емен-жарқын араласып жүрдi. Өң-басы да шырайланып, әңгiме- дүкенге араласты.

Түс кезiнде көзi iлiнiп кетсе керек. Балалардың шулаған дауыстарынан шошып оянды. Жүрегi әлденендей бiр сұмдықты сездi ме, тулап, кеудесiне симай дүрс-дүрс соғуда. Жүгiрiп сыртқа шықты. Анадай жердегi жар басында бiр топ бала шуласып жатыр. Жан ұшырып сонда барды. Төмендегi ескi темiрлер көмбесiнiң үстiнде баласы Жалғас жатыр екен. Ол сол бойда қарғып, төмен түстi. Тұла бойы қанға бөккен ұлының жансыз денесiн бауырына алып, ұзақ егiлдi. Ауыл адамдары жиналып, қолын зорға ажыратты. Балалар алысып-жұлысып ойнап жүргенде Жалғас қапелiмде жардан құлап кеткен. Оны ауыл болып, ақ жуып арулап, жер қойнына бердi. Ауыл сыртындағы зиратта томпиып жас топырақ жатты.

Күн сайын зират жанындағы қара жолмен ары-берi жүргiншiлер өтедi. Олар бейiт басында шөкелеп отырған жанға қарап, мүсiркеп: «Қандай тұлғалы жiгiт едi! Бейшара-ай, қор болды-ау!»,– деп күрсiнедi. Ол – Кәкен. Бүгiнде еңгезердей тұлғасы бүкшиiп, шөгiп кеткен. Көптен бастырылмаған сақал-мұрты реңiн қашырып-ақ тұр. Кейде кеудесiне түсiп кеткен басын жоғары көтерiп, әлдене деп дауыстап қояды. Әлдекiмдердi iздейтiн секiлдi…

* * *

Шымкенттегi Оспан суретшiнi жұрттың бәрi бiледi. Он саусағынан өнер тамған жанның сөз тапқыштық қасиетi де өзгелерден ерекше. Қазiр жұрт аузынан Оспан айтты деген күлдiргi сөздердi жиi естисiз.

Ана бiр жылы әкесi бар тапқан-таянғанына «Жигули» сатып әперген екен. Ол сол көлiкпен ары-берi шапқылап жүрiп, байқаусызда соғып алыпты. Әкесi күйiп кетiп: «Әй, найсап, көзiңе қарап неге жүргiзбедiң?..» – деп жер-жебiрiне жетсе керек. Сонда ол: «Неге сонша күйiнесiң? Бұл сенiң әкеңнiң сатып алып берген машинасы ма едi? Маған өзiмнiң әкемнiң сатып алып берген «Жигулиi». Қалай айдаймын, оны өзiм бiлемiн», – дейдi. Әкесi тосылып қалып: «Әй, саған дауа жоқ шығар»,– деп сырт айналып жүре берiптi.

* * *

Оспанның бала кезiнен бiр көзi көрмейдi. Қалада мәшинесiмен асығып жүрiп, бағдаршамның қызыл жарығынан өтiп кетедi. Оны қарсы бетте тұрған автоинспектор байқап қалып, ала таяғын шошаң еткiзiп, жолдың жиегiн нұсқайды. Оспан қолын бiр сiлтеп, тоқтамай жүре берген. Автоинспектордың соңынан қуатын көлiгi болмай артында қала бередi. Тек көлiк нөмiрiн есiне сақтап қалған. Аздан соң Оспан шаруасын бiтiрiп, қайта оралады. Әлгi көше қиылысында автоинспектор әлi тұр екен. Ол ала таяғын көтерiп, тоқтауға белгi бередi. Оспан жол жиегiне тоқтап, кабинадан шығады. Автоинспектор: «Сен неге бағана тоқтамай кеттiң?», – дейдi. Ол: «Сiз не, менi көрмей тұрсыз ба?», – дейдi. Автоинспектор таңданып: «Сенен ненi көру керек едi?» дейдi. Ол: «Менiң бiр жақ көзiм көрмейдi. Бағана сiз сол көрмейтiн жағымда тұрған боларсыз. Ал қазiр көретiн көзiм жақта тұрсыз. Тоқта дедiңiз, мiне тоқтадым. Айтыңызшы, сонда менiң жазығым не? Сiздi көрмей қалғаным ба?», – дейдi. Автоинспектор оған үңiле қарап: «Әй, өзiң бiр тiлiң мен жағыңа сүйенген жан екенсiң. Сенiмен салғыласып, береке таппас­пын. Бар, жөнiңе кете бер», – дейдi.

Көлбай Адырбекұлы