АҚЫНДАР ТОЙЫН ҚАЛАЙ ӨТКІЗДІК?
АҚЫНДАР ТОЙЫН ҚАЛАЙ ӨТКІЗДІК?
«Той – тәңiрдiң қазынасы» дейдi қазақ. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дейтiнi тағы бар. Жалпы, қазақ халқы тойшыл, көпшiл, қонақжай, жомарттығымен ерекше көзге түседi. «Бiр тойым болатыны сөзсiз менiң» деп әндететiн де қазақ. Сондықтан болар, олар әрдайым «жиғанын тойға шашуға даяр» тұрады. Өтiп бара жатқан қоян жылында да қазақ тойдан кенде болған жоқ.
Ең әуелі халық болып, Нарынқолдың мұзбалағы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойын атап өтті. Күз келіп, жиын-терін басталған уақытта Арқаның арқалы ақыны Қасым Аманжоловтың 100 жылдығын тойлады. Дәулескер күйші Дина апамыздың күмбірлеген тойы өтті. Қазақ үшін ең ұлық той Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өтілді. Ең бастысы, той тойладық, бірақ жалпы халық сол тойдан не ұтты? Нені көңілге түйді? Тойдан кейін көрерменнің көңілінде не қалды? Бүгінгі бізді толғандыратын да осы жайт. Қарап отырсаңыз, елімізде атап өтілетін мерекелердің көбінің сценарийі бір-бірінен ауытқымайды, бір-бірінен аумайды екен. Жаңа жылдық мерекелік думаннан өзгесін телеарналардан шалып қалсаңыз, өзіңіз де анық байқайсыз. Сырнайларын сыңсытып, кернейлерін күңірентіп жүрген, әрқайсысы өзінің ұлттық киімін киіп, әшекейленіп жүрген ағайынды байқайсыз. Тойдан тойдың несі артық немесе несі кем? Неге біз үнемі бірізділікке жол беріп жатамыз? Бұл көріністер мереке сайын қайталанып отырмаса, ұлылардың мерейтойларында атап өтілмесе, ештеңенің сәні кірмейтіндей сезіледі. Дегенмен де әр жиын-тойдың өзіндік ерекшелігі мен заман талабына сай жасалған бет-бейнесі болғаны қандай жақсы. Әсіресе “…салт-дәстүрлік рәсімдер, тұрмыстық түрлі шаралар, той-жиындар өткізудегі келеңсіздіктер, әсіресе ысырапшылдық, даңғазалық, астамшылдық, сөздің қадірін кетіру, кез келген тойды кешіктіріп бастау, тым ұзаққа созу, түрлі тараптардан жол берілетін талғамсыздық, асабалардың білім-біліктілік деңгейіндегі және тіл байлығындағы орашолақтықтар” туралы айтылар ой бір басқа. Біздің бүгінгі тоқталатынымыз, ұлылардың мерейтойларын қалай атап жүргеніміз?! Жоғарыда өзіміз мысалға келтірген Мұқағали тойы, Қасым тойы қаншалықты көңілден шыға білді? Той тойлаудың да өзіндік әдебі, дәстүрі болары белгілі. Тойды біркелкі атап өту бір облысқа ғана емес, тұтастай республикамызға тән құбылыс десек, қателесе қоймаймыз. Біз әуелі жалпы жұрт болып, Мұқағали Мақатаевтың мерейтойын атап өттік. Мұқағалидың өлеңдер жинағы қайтадан басылып шықты. Мұқағали Мақатаевқа арнап, арнайы жазба ақындардың мүшәйрасы өтті. Шығармалары оқылды, асы берілді. Театрландырылған қойылым да көрсетілді. Шалкөденің жайлауында жұрт поэзия патшалығында қонақ болып, жырдан шашу шашты. Мұқағали Мақатаев! Қазақ поэзиясының шыңында тұрған шынарлардың бірі. Махаббат әлемін Мұқағалидай жырлаған адам, сірә да кем де кем шығар. Ол нағыз махаббатқа бас иді, «ғашық екенін» жасырмады, «нағыз махаббатына» мұңын шақты. Оның поэзия әлемі нағыз сұлулыққа, әсемдікке, махаббатқа толы еді. Оның кеудесі сарқылмас сағыныштан тұратын, ал сағына білген адам сүйе біледі, сағына білген адам өзге жанды түсіне алады, жұбата да алады. Біз, яғни поэзияны сүйетін қалың жұртшылық Мұқағалидың табиғатын осылайша елестетеміз. Өйткені сені жылататын да, жұбататын да Мұқағали жырлары. Қарасаздың топырағында дүниеге келген ақын қысқа ғұмырында атақ емес, арды алғашқы орынға қойып, сол арқылы таза бұлақтай тамаша туындылар жазып қалдырды. Мұқағали шығармалары барша қазақтың жыр маржанына, кәусарына айналды. Поэзиямен жаны егіз ақынның көзі тірісінде «Ильич», «Армысыңдар достар», «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің» атты жыр жинақтары жарияланған екен. Өмірден ерте кетсе де, оның еңбегі бағалаусыз қалған емес. Ақын өлеңдеріне жазылған әдемі әуендер әншілеріміздің орындауында тыңдарманының құлақ құрышын қандырып жүр. Болашаққа арыз жазып кеткен ақынның аманатын бүгінгі ұрпақ аяқ асты етпей, керісінше ұлықтауға тырысып жүр. «Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ» өткен Нарынқолдың мұзбалағының армандаған дүбірлі тойын бүкіл Қарасаз болып, бүкіл қазақ болып атап өтті. Сондай оқырманның бірі былай деп сыр шертеді. «Мұқағалидың тойы – халықтық той болды. Облыс басшылары осыншама көп адам келеді деп ойлаған жоқ. Өздері ойлағанынан жұртшылық екі-үш есе көп жиналды. Мұны Мұқағалиға деген халықтың сүйіспеншілігі деп қабылдағанымыз абзал. Сондықтан болар, үш жүзге таяу тігілген киіз үйге жұрт сыймай жатты. Әкімшіліктің оларды игеруге мүмкіндігі болмай қалды. Дегенмен той қарсаңында ауыл орталығы Қарасазда ашылған Мұқағалидың мұражайы, мәдениет сарайы, жаңа мектеп, ауыл көшелерін абаттандыру мәселелері игілікті шара екені рас. Бір Мұқағалидың атымен бір ауылдың әлеуметтік жағдайы көтеріліп қалды. Тойдағы ұтқанымыз да осы шығар деп ойлаймын. Әр тойдың соңында ауыл жұртшылығына осындай игілікті нәрсе қалса, онда ол тойдың ұтқаны деуіміз қажет», – дейді. Бәйгеге шауып, өлеңдерін оқып, мүшәйраның бәйгесін алып, ішіп-жеп қайту емес, ақын мұрасын түгелдеу арқылы елге, ауылға қаншама құрмет жасалды. Аста-төк тойда ел Мұқағали поэзиясымен сусындап қана қойған жоқ, халықтық рухани мұраларымен толықты. Қарасазда ақын атындағы мұражай ашылып, Мәдениет сарайы жанданды. Ауыл тұрғындарының рухани әлеміне жаңа, тың дүниелер қосылды. Бұл да ауыл қазағының тұрмысының жақсаруына, рухани санасының өсуіне игі ықпалын тигізері анық. Ал Арқа жұрты ат шаптырып тойлаған Қасым Аманжолов бір Қарқаралының ғана баласы ма еді. Қазақ үшін Қасым Аманжолов баршаға ортақ тұлға. Ол поэзиямыздың отыз жылдық тоқырауынан кейін қазақ поэзиясының көгінде жарқ етіп шықты. Ол: Кең далалы, кең пейілді қазақпыз, Құл емеспіз, еркін жанбыз, азатпыз. Қас тағдырдың қиқаңына көнбейміз, Ел намысын кескілеспей, бермейміз, Сертің осы азат жігіт, азат қыз!», – деп жырлады. «Сөз қалай түледі? Өлең қалай жанданды? Ой мен өнер қалай табысты? Қазақ поэзиясы қалай өрледі? – деген сұрақтарға ешкім де Қасымсыз жауап бере алмайды»-деген екен қазақ поэзиясының ірі өкілдерінің бірі Әбділда Тәжібаев. Шынымен де, Қасым ақын қазақ әдебиетіне кең өріс, тың серпіліс, соны жаңалықтар әкелді. Жайық Бектұровтың: «Қасым – советтік дәуірде кері кетуге шақ қалған қазақ поэзиясын жұлқа тартып орнына қойған ақын» деп тегін айтпаса керек. Қалай дегенде де, Қасым қазақ поэзиясында от болып жанды. Жарқ етті, қазақтың баласының қандай екенін танытты. Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойы оның қандай ақын екендігін, оның поэзиясының қаншалықты биікте тұрғандығын дәлелдеуі қажет еді. Қасым туралы арнайы сайт ашылды, Қасым жырлары, Қасым поэзиясы кітап болып, қайта жаңғырды. Қасым шығармалары Арқа жерінде сахналандырылған қойылымдарға ұласты. Бірақ барша қазаққа ортақ тұлғаның тойы Арқа жерінде ғана тойлануы, Арқа жерінде ғана ұлықталуы қалай?! Бір оқырманның жалпы халықтық той туралы айтқан мынадай пікірі бар еді. «Шын мәнінде, халықтың рухани, мәдени жақтағы таным, түсінігін байыту үшін мұндай тойлар қажет. Ал соған байланысты бөлінген қаржылар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетсе, ол басқа әңгіме. Сосын рулық, өңірлік ат, атақ үшін өтіп жатса, ол да қасірет. Түгел қазақ үшін өтетін шаралардың жаманы жоқ» деген еді. Шын мәнінде біз ұлыларымызды ұлықтауды да меншіктеп алып жүрген жоқпыз ба? Қасым ортақ қазаққа, Мұқағали ортақ емес пе еді қазаққа… Қасым Аманжоловтың мерейтойына қатысқан жас ақындардың бірі: «Мұқағалидың тойын көргем жоқ. Қасымдыкін көрдім. Жақсы өтті. Бұрынғы 80-90 жылдығына қарағанда алға жылжушылық болғандай. Жинақтары шықты, ескерткіш орнатылды, шығармашылығы туралы жазылды. Дегенмен менталитетімізге тән дәстүрден алыс кеткен жоқпыз. Аста-төк, босқа шашылу тағы да болды. Менің ойымша, осындай атаулы оқиғаларды атап өтудің формасын өзгерту керек сияқты. Тойда жұрт ішіп-жеп тарасты. Одан да ақынның шығармашылығын зерттеуге, оны танытуға көбірек көңіл бөлінсе деп ойлаймын. Тойға шашқан ақшаны жақсы бір деректі фильм түсіруге, оны телеарналардан көбірек көрсетуге жұмсаса. Немесе халыққа пайдалы бір нысан салуға бөлсе. Мәселен мектеп, балабақша салуға. Сосын сол нысанға есімін берсін. Әрине, деректі фильм түсірді. Бірақ сол қайда? Бәлкім санаулы адамдар көрген шығар. Шығармашылық адамдары, зиялы қауым. Журналистер. Бірақ қарапайым халық көрген жоқ. Бір аудан, жарайды бір облыс халқы қана тамашалайтын жабайы тойдан гөрі қалың жұртшылыққа жақсы бір деректі фильм ұсынса, барлығының есінде қалар еді ғой Қасым және т.б ақындарымыз» деген болатын. Қасым тойына қатысты барша бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген сүбелі дүниелер аз болған жоқ. Олардың арасында, ұсыныс айтқандары да жоқ емес. «Ұлт тұлғаларын рулық деңгейде таразылап, ұлылардың рухын ас пен тойдың деңгейіне түсіріп алған халықтың қасымтануға бетбұрыс жасауға мұршасы келер емес…», «Ұлы ақынның жыр бәйгесi нағыз көркем шығарманы, қазақ әдебиетiнiң жаңа беталысын көрсететiн нағыз өнер туындысын таңдауы тиiс», «Қаламгерлерімізге ас берудің, мерейтойларын өткізудің жаңаша қалпын қалыптастыру керек пе?», «Қасым туралы көркем фильм неге жоқ?» деген тараптағы түрлі ой-ұсыныстар БАҚ беттерінде жарыса жазылып жатты. Бұл ұсыныс-тілектерден орындалғаны бар ма? Әй, қайдам, орындала қоймады-ау… Бұл бір Қасым тойына ғана қатысты нәрсе емес. Мұқағали тойында да, одан өзге халықтық тойларда жасалатын ізгі шаралар. Біздіңше, халықтық тойды өткізудің жаңа формасын қалыптастырудың мезгілі жеткен сияқты. Бір ізбен, бір жолмен жүре берудің қажеті шамалы. Мүшәйра өткізу, мұражай ашу әрбір он жыл сайын қайталанып отыратын дүниелер. Одан өзге, ұлттық сипатқа тән, халықтық мақсаттағы, халықтық үрдістегі дүниелер жоқ па? Сонда қазақ халқы жаңашыл реформация жасауға қабілеті жетпей ме? Қалай дегенде де, ұлыларымызды ұлықтаудың, ұлыларымызды қастерлеудің жаңа түрін жасағанымыз абзал. Ұлылардың шығармаларын келешек ұрпаққа жеткізу үшін мерейтой қарсаңында мың таралыммен кітап шығару аздық етеді. Санаулы ғана адамның қолына жететін рухани дүниені барша қазақ баласы оқи ала ма? Міне, осыны ойлағанымыз абзал! «…Есе тиер, еншi алар, Ел болсам деп ойлаушы ем. Қазақпын деп айта алар, Мен болсам деп ойлаушы ем!» – деп жырлаған Қасым ақынның ұлттық арманын да, аңсарын да терең түсінетін шақ жетті. 29.12.2011Гүлзина Бектасова