АЛДАСПАН – ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАРЛЫҒАШЫ ЕДІ...

АЛДАСПАН – ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАРЛЫҒАШЫ ЕДІ...

АЛДАСПАН  –  ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАРЛЫҒАШЫ ЕДІ...
ашық дереккөзі

Биыл Қазақстанның Тәуелсіздік алуы жолында өз үлестерін қосқан көптеген саяси қозғалыстар мен ұйымдардың құрылғанына да 20 жыл толып отыр. Бұл дегеніміз – «Қазақ Елінің Тәуелсіздігі өзінен өзі келе қалған жоқ» деген сөз. Яғни, Қазақстандағы барлық қоғамдық-саяси ұйымдардың жұмыла жүргізген жұмыстарының нәтижесінде Тәуелсіздік алдық деген сөз. Ғасырлар бойы Қазақ Елі аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізуге өз үлесін қосқан осындай қоғамдық ұйымдардың бірі –«Алдаспан» қоғамдық саяси-мәдени бірлестігі болатын. Әрине, «Алдаспан» қоғамдық саяси-мәдени бірлестігі бірден құрылған жоқ. Әуелі Ақтөбеде 1989 жылы «Қазақ тілі» қоғамы, «Жем» антиядролық тобы, «Дәстүр» ұлттық салт-дәстүрлерді дамыту ұжымы дүниеге келді. Осы қоғамдық ұйымдардың басы-қасында Қазақ Елінің болашағына, әсіресе жойылып бара жатқан қазақ тілі мен ұлтымыздың салт-дәстүрлерінің ертеңіне жандары ашитын 25-40 жас аралығындағы ақтөбелік қыздар мен жігіттер жүрді.

* * *

…1990 жылы қаңтар айының 24-күні кешкі сағат 18-де облыстық саяси-ағарту үйінің ғимаратына «Қазақ тілі» қоғамы жанынан құрылмақшы қазақ тіліндегі пікірталас клубының жиналысы өтіп, оған 50-ге тарта адам қатысты. Олар, негізінен, «Қазақ тілі» қоғамының белсенділері, ұлт жанашырлары, әртүрлі оқу орындарының студенттері мен оқытушылары болатын. Ұйымға бірнеше ат ұсынылды. Осы жиналыста Серік Ерғалиевтің ұсынысы бірауыздан мақұлданып, «Алдаспан» атты пікірталас клубы дүниеге келді. Ол кезде қазіргідей қоғамдық бірлестіктерді тіркейтін Әділет департаменті жоқ болатын. «Алдаспан» пікірталас клубының құрылғаны туралы жиналыс хаттамасы жасалынып, халық депутаттары Ақтөбе облыстық атқару комитетіне тапсырылды. Клубтың алғашқы белсенді мүшелері болған Серік Ерғалиев, Естай Жайлыбаев, Серік Сапарғалиев, Сейілхан Мұстафин, Айтқали Италиев, Көшкінбай Ахметов, Сұлтанбек Тәшкенбаев, Қайырбек Тоқтаров, Молдабек Мырзағұлов, Оразбай Жұматов, Сәбит Сүлейменов, Нұркен Уайдин, Хамит Қырқымбаев, Абдулқабыл Досмурзаев, Кәрімхан Қиқымбаев, Болатбек Кемелбаев, Мәкен Мәтжанов, Бауыржан Құрманқұлов, Шерәлі Бәйімбетов, Шынтас Мырзабеков, Бекарыстан Мырзабаев, Ұлықпан Қуатов сияқты азаматтар мен осы мақаланың авторы және Гүлсамал Аймаханова, Күләш Ибрагимова, Айша Омарова, Зоя Бралова, Зура Ықсанғалиқызы, Мария Құрманғалиева, Әсима Дүйсенбина, Ақжелең Оразова, Нұрсұлу Ахмадиева, Таңсұлу Сатанова, Ғалия Нысанбаева сияқты қарындастарымыз бен апаларымыз көптеген мәселелерді қызу талқылап, қызығы мен қиындығы мол қоғамдық-саяси жұмыстардың ортасында жүрді.

«Алдаспан» пікірталас клубының жұмыстарын Гүлсамал Аймаханова, Идош Асқаров, Қуаныш Тектіғұлов, Раукен Отыншин, Сәбит Сүлейменов сияқты журналистер радиодан, газет беттерінде жариялап, жұртшылыққа байыппен жеткізіп отырды. Басшылық қызметтегі көптеген зиялы қауым өкілдерінің кейбірі ашықтан-ашық, енді біреулері жасырын түрде қолдады. Мысалы сол кездегі облыстық партия комитетінің саяси-ағарту үйінің меңгерушісі Нұртаза Абдоллаев «Алдаспанға» бір бөлмені жиналыс өткізуге беріп қойды. Бұл – сол кездегі «Желтоқсан көтерілісінен» кейінгі жылдар деңгейінен қарағанда… үлкен тәуекел, тіпті, ерлік десе де болады.

«Алдаспан» клубының қатары күн санап өсіп, мүшелері 400-ден асты. Клуб мүшелері әр сейсенбі сайын кешке облыстық саяси-ағарту үйінде жиналып, қоғамдағы түрлі мәселелерді «қызылкеңірдек» болып, қызу талқылайтын еді. Кейін «алдаспандықтар» тек қана пікірталас өткізудің аз екендігін ұғынып, сол талқыланған мәселелерді билік өкілдері мен мемлекеттік органдар алдына қою қажет деген ұйғарымға келді. Осылайша, «Алдаспан» қоғамдық саяси-мәдени бірлестігі құрылды. Естай Жайлыбаев пен Серік Ерғалиев «Алдаспанның» тең төрағалары болып сайланды. Бірлестіктің Жарғысы мен Бағдарламасы жиналыста қызу талқыланып, қабылданды. Сол кездегі билік бізді тіркемеуге тырысты. Өйткені, ол кезде қазіргідей қоғамдық бірлестік дегендер Ақтөбеде атымен жоқ болатын. «Алдаспанның» бір мүшесі 1932 жылы шыққан «Қоғамдық бірлестіктер» туралы КСРО заңын тауып әкелді. Бірлестік басшылары соған сүйеніп, құжаттарды дайындап, тіркеуге тапсырды. Биліктегілер сарапшылар комиссиясын құрды. Ақырында, сарапшылардың төртеуі «Алдаспанды» тіркеуге келісіп, үшеуі қарсы болады да, 1990 жылдың 6 желтоқсанында «Алдаспан» қоғамдық саяси-мәдени бірлестік болып тіркелді. Бұл – Ақтөбе облысында бірінші рет ресми түрде тіркелген қоғамдық бірлестік болатын!

Екінші болып, демократиялық бағыттағы интеллигенция өкілдерінен жасақталған Ақтөбе қаласының Демократиялық күштер одағы (ДКО) тіркелді. Бұл қоғамдық бірлестікті Қазақ Еліне белгілі көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, марқұм Марат Тұрдыбекұлы Оспанов ағамыз басқарған еді.

Көп ұзамай, Маңғыстауда – «Парасат», Қызылордада – «Тамшы», Жезқазғанда – «Ұлытау» қоғамдық бірлестіктері, Алматыда — «Азат» Қазақстанның азаматтық қозғалысы (ГДК «Азат») және бірнеше қоғамдық-саяси ұйымдар құрылды. «Алдаспан» солардың барлығымен тығыз байланыста болды.

«Алдаспандықтардың» облыс аймағында араласпаған мәселелері болған жоқ. Мысалы, 1990 жылы облыстық өлкетану мұражайының директоры Р.Ілиясова бізге мұражайдан 12 қанат қазақы киіз үй мен оған қажетті барлық жабдықтарды беріп, біз, «алдаспандықтар» 22 наурызда облыстық саяси-ағарту үйінің алдында Наурыз мерекесін тойладық. Әрқайсымыз үйлерімізден ыдыс-аяқ, қазан-ошақ әкеліп, «наурызкөже» асып, мерекені тамашалаған көпшілікке дәм татқыздық. Сол жылы қазіргі қалалық орталық мешіттің жанынан бір үй жалдап, қой сатып алып, құрбандық шалып, дастархан жайып, Құрбан Айт мерекесін де өткіздік.

Бір жолы «Алдаспанның» белсенді мүшелерінің бірі Қайырбек Тоқтаров (ол қазір облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері) бүкіл Кеңес Одағына тарайтын «Аргументы и факты» газетіне: «Казахи, желающие переехать в Казахстан обратитесь по адресу…» деп, «Алдаспанның» мекенжайын көрсетіп, хабарландыру беріпті. Содан кейін Кеңес Одағының түкпір-түкпіріндегі қазақтардан хаттар қарша борады. Сол кезде «Алдаспан» қазіргі көші-қон басқармасының жұмысын атқарып, оралмандар мәселесін бастап жіберген болатын. Кейін бізбен тығыз байланысқан бірнеше қазақ отбасы Ақтөбеге көшіп те келді.

Әлия Молдағұлова даңғылы бойындағы Теміржол басқармасына жақын жердегі №27 орыс орта мектебінің қарсы алдындағы жаңадан салынған мектеп ғимаратын қазақ мектебі етіп ашуға қалалық және облыстық білім бөлімдерінің басшылары қарсы болды. Олар: «Мектеп – 1200 орындық, ал қазақ тілінде білім алуға ниет етушілер саны, бар болғаны – 400», – дейді. Содан «Алдаспанның» барлық мүшелері сол жердегі үйлердің барлық пәтерлерінің адамдарымен сөйлесіп, бір айдың ішінде 1700 адамның қолын жинадық. Осыдан кейін, сол кездегі халық депутаттары Ақтөбе облыстық Кеңесінің төрағасы Е.Золотаревті, оның орынбасарлары мен білім бөлімдерінің басшыларын «Алдаспанның» мәжілісіне шақырдық. Тұрғындардан жинаған қазақ тілінде білім алуға ниет етушілердің өтініштерін көрсеттік. Облыс басшысы амалсыз келісіп, 1990 жылы 1 қыркүйекте №21 қазақ орта мектебі салтанатты түрде ашылды!№98-ші қазақ балабақшасының құрылысы бітпей жатқан кезде де, «Алдаспанның» жігіттері жұмыстан кейін өз еріктерімен тегін еңбек етіп, құрылыс жұмыстарына белсене араласып, балабақшаның мерзімінде тапсырылуына көп жәрдем берді.«Алдаспан» бірте-бірте тәжірибе жинақтап, облыстағы ықпалды саяси күшке айналды. Білім беру саласындағы былықтарды тікелей министр Шаяхметовке жеткізіп, ақырында облыстық білім бөлімінің бастығы Омутных пен қалалық білім бөлімінің бастығы Евдокимовті орындарынан алдыртып, солардың орындарына қазақ басшылары отыруына ықпал еттік. Облыстық білім бөлімінің бастығы болып сол кезде Е.Сағындықов тағайындалды. «Алдаспандықтар» Ақтөбеде қазақ драма театрын ашу мәселесін көтеріп, көп ұзамай ол да ашылды. Көше атауларын қазақшалау мен қазақ тілінің мәртебесін көтеру жұмыстарын қолға алдық. Облыстағы жетім қазақ балаларына ұлттық тәрбие беру мен қазақ тілін үйрету мәселесі, облыс орталығында қазақтілді балабақшалар мен мектептердің көбейтілуі бір жүйеге түсуіне де «алдаспандықтар» ықпал етті. Біз енді бұрынғыдай ебіл-себіл болып, қол жинамайтын болдық. Себебі, енді өз сөзімізді билікке тыңдата алдық. Біз, біріншіден, қолданыстағы заңдар аясында, ресми құжаттармен жұмыс істедік, екіншіден, сол кездегі үлкен қоғамдық-саяси күш болдық. «Алдаспанның» билік алдындағы ықпалының қандай болғанын сол кездегі Тәуелсіз Қазақстанда тұңғыш сайланған Ақтөбе қалалық Мәслихатындағы 28 депутаттық орынның 8-ін «алдаспандықтардың» иеленуінен-ақ көруге болады. Бұлар: Гүлсамал Аймаханова, Жоламан Алдияров, Мұхамбетияр Аманғалиев, Қуанғали Әбдірахманов, Сәтбай Қабақбаев, Нұрлан Қожин, Руслан Аманғосов, Айтқали Италиев болатын.

…Бір үлкен орман өртеніп жатыр екен. Оны көрген қарғалар шуылдап: «Ұшып-қонғанда қанатымызға бұтақтары тиіп, қиындық келтіретін еді. Өртенгені жақсы болды!» деп қуанып, өртке тырнақтарымен шөп-шөңге апарып тастаған екен. Бұл өртке қарлығаштар қайғырып: «Бұл орман ұшқан құсқа, жүгірген аңға пана, әрі азық тауып беретін. Орманды сақтап қалу керек!» деп, тұмсықтарымен су тасып, өртке шашқан екен. Бірақ екі топ құстардың ниеті мен пиғылына орай, орманды шалған өрт одан әрі өршіген де жоқ, сөнген де жоқ дейді аңыз…Осы мысалдағы сияқты, «Алдаспан» қоғамдық саяси-мәдени бірлестігінің ұлтжанды мүшелері де қолдарынан келгенше, өркөкірек те өктем билікпен күресіп, қазақ халқының салт-дәстүрі мен Тілін қорғау жолында бірқатар істер тындырды. Аңыздан айырмашылығы: өздерінің елжандылығын, ұлтжандылығын, отансүйгіш шын ықылас-ниеттерін нақтылы іспен көрсетіп, табандылықпен жемісін де көре білді.

Өмірсерік ОРАЗАЛИН,

журналист

Ақтөбе қаласы