Жаңалықтар

ӘР АУЫЛДА ҮНIМIЗ ЕСТIЛЕТIН, – ДЕЙДI ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕҢБЕК СIҢIРГЕН ӘРТIСI САУЫҚ ЖАҚАН

ашық дереккөзі

ӘР АУЫЛДА ҮНIМIЗ ЕСТIЛЕТIН, – ДЕЙДI ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕҢБЕК СIҢIРГЕН ӘРТIСI САУЫҚ ЖАҚАН

Құпиялылығы да сонда, атам заманнан қазақ өнерiнiң алғашқы қарлығаштарының үнiн естiгiңiз келсе, сыр сандықтың кiлтiн бұрай салыңыз, ар жағынан мәдениетiмiздiң мәңгiлiк музыкасын, дәстүрлi өнерiмiздiң салиқалы да сапалы тарихы алдыңыздан ашылары сөзсiз. Со-нау тарихқа терең бойламай-ақ, сол саңлақтардың жүзiн көрiп, сөзiн естiп өскен, бүгiнде Қазақ радиосының асыл ардагерлерiне айналған, есiмiн естiген ел елең ете түсетiн сүйкiмдi де сүйiктi қазақ қыздарының бiрi – Сауық ЖАҚАНОВАНЫ торқалы той алдында әңгiмеге тартуды жөн санадық.

– Әңгiмемiздi ертеректе бiрге қызмет атқарған, радионың ыстық-суығында бiрге болған әрiптестерiмнен бастайын. Өйткенi ғасырлық ғұмыр кешкен осынау жылдардың өзi тарих қойнауына жақындаған сайын сағымға айналып, сағыныш болып қалатыны бар ғой. Бiразы мәңгiлiкке о дүниелiк болып кетсе де, бейнелерi тұстастарының көңiлiнен кете қойған жоқ. Ал Қазақ радиосы арқылы нәзiк те сырлы үндерi мыңдаған тыңдармандарының жадында сақталуы, тiптi бақыт емес пе?!

Тек Қазақ радиосында ғана емес, еңбек жолын жергiлiктi аудан, облыс төңiрегiнен бастап келген, телерадионың тiлiн, мәдениетiн жақсы меңгерген Қазақ радиосының құрдасы Сара Омарқожаева, Жаңыл Аяпбергенова-Бiржанова, Асыл Рахымжанова, Раиса Аманбаева, Зияда Бекетова, Гүлжан Қайыржанова, Шолпан Байғабылова, Аманжан Серiков, Болат Бiжiбаев, Шолпан Ахметова, Бүркiт Бекмағамбетов, Ұлжан Сағындықова, Мұрат Оспанов, Құрманғазы Дiнасылов халықтың сүйiспеншiлiгiне бөленiп, бүгiнде ардагерлердiң көш басында келе жатқандар. Олардың қатарында Мина Сейiтова, Шәрипа Бейсекеева, Мәмбет Сержанов, Хатира Әзiмбаева, Мырзабек Қуатбеков, Жәнел Асқарова, Марат Тоғатаев, Болат Масин, Айман Ақшалова, Омархан Қалмұрзаев, Әмiр Жұмабековтер ортамызда орны ойсырап тұрған керiм азаматтар. Кейiнгi толқын iшiнде Аманжан Серiков, Болат Жұбаев, Райса Аманбаева, Нұргүл Қайыржановалар сол ұзын-сонар көштi жалғастырып келе жатқан қыз-жiгiттер. Мен тек дикторларды ғана айтып отырмын. Ал Әнуарбек Байжамбаевпен бiрге қатар отырып, эфирге шығу дегенiңiз бақыттың бақыты. Ол кiсi жайлы әңгiме мәңгiлiк дастанға айналғалы қашан?!

– Сауық Мәсiғұтқызы, өткендi еске алу да бiр ғанибет. Дегенмен ақпарат құралдары iшiнде радионың өзiне тән ерекшелiгi бар ғой, әңгiменi осы жағына қарай бұрсақ?

– Дұрыс айтасың. Радио – дыбыстау, сөйлеу арқылы хабар тарататын құдiреттi, тiптi сиқырлы құрал деуге болады. Ол – жаңалық жаршысы, ол – өмiр тынысының жүрек соғысы, мәдениет-тұрмыс, ол – әдебиет, өнер, ән-музыка, ол – өнеркәсiп, ауыл шаруашылығы, ол – ғылым, бiлiм, тiптi саясат, ең алдымен ол – мемлекет. Мiне, радио осылардың бәрiн ауа арқылы дүние жүзiне сенiмдi шыншыл дауыспен таратушы Алла тағаланың адамзат баласына берген бiрден-бiр өлшеусiз сыйы. Осыншалық жүктi 90 жыл бойы Қазақ радиосы ойдағыдай атқарып келедi.

Менiң радиодағы қызметiмнiң басталуы 1966 жылдан, Мина Сейiтова апамыздың қамқорлығынан басталды. Пысық, қайсар қазақ қызы ұзақ жылдар дикторлар бөлiмiн басқарды. Тәулiк бойы 17 диктор – 9 қазақ, 8 орыс және бiр-бiрден кәрiс, ұйғыр, немiс дикторы болатын. Түрлi жанрдағы мәтiндердi оқытып, дауыс ерекшелiгi, дикциясына қарап, үнiнiң ашықтығына, дыбыстың анық шығуына қарап таңдайтын. Ал Әнуардек Байжанбаевтың дауыс ырғағы кез келген қазақтың жүрегiнде күмбiрлеушi едi. Онымен қатар отырып хабар оқу дикторлық мектептiң ең бiр шыңы болды. Талант – Алладан деймiз, ол рас. Әнекең табиғатынан өте сезiмтал, жан дүниесi рухани бай, мiнезi мен ақыл-парасаты келiскен, дарыны мен қабiлетi үйлескен ерекше жаратылған жан едi. Бүгiнгi тiлмен айтар болсақ, радионың жұлдызы едi. Радио тыңдаушы халық Байжанбаев оқыған хабарлардың авторы барлығын бiлгiсi де келмейтiн. «Әнуарбек Байжанбаевтың өзi солай деп жатыр ғой» деп имандай иланып отыратын-ды. Боямасыз адал, шын көңiлден шыққан әуез, жағымды үн, iшкi сезiм байлығы, бәрi-бәрi жиналып келiп, радиодан әуездi саз бөлiнiп тұратынын бәрiмiз мойындаушы едiк, тәнтi болушы едiк. Менiң де бiр бақытым – Әнекеңе елiктеп, тiлдiң мағынасына қарай қандай ырғақ, дауысты көтеру мен төмендету, баяулату мен шапшаңдатуды, кiдiрiстер мен тыныс белгiлерiн сездiрудi дауыс­пен, дыбыспен меңгерудi үйрендiм.

Қазiргiдей емес, ол кездерi дикторлар күнi-түнi, сенбi-жексенбi, тiптi мереке күндерiнде де жұмыста жүретiнбiз. Алаңнан парадтар кезiнде репортаждар жүргiзу, үкiмет қаулы-қарарларын, басшылардың баяндамаларын, ұрандар оқу да дикторлардың құзырында, тiптi тiкелей эфир студиясы тек дикторлар кiре алатын жабық есiк едi. Ал бүгiн ше? Бүгiн диктор мамандығы жоқ, радиожурналистердiң жұмысы күрделене түстi. Журналистер мәтiнiн жазады, оны компьютерде тередi, өздерi монтаждайды, музыканы да өздерi таңдап, өздерi оқиды. Техника алға шыққан заманда журналистер де жаңаша жұмыс үлгiсiне көштi. Бұл жаңалануды кейде құп көрмейтiн жағдайлар да кездесiп қалатыны жасырын емес. Радиохабарды таратушы хабарды оқып қана шықпай, маржан тiлiмiздiң әуездiлiгiн, әдемiлiгiн, олардың артикуляциясы, дикциясы, дауыс тембрi, ауызекi тiлiнiң заңдылықтарын сақтап оқу, ырғақ-интонациясы, дауыс эмоциясы, актерлiк шеберлiктi меңгеру, хабар оқу барысындағы дем алысы, психологиялық, логикалық кiдiрiстер сияқты толып жатқан өзiне ғана тән ерекшелiктердi сақтау керек. Яғни бiр өзi бiрнеше мамандықты қатар алып отыру деген жүк жүктеледi. Бүгiнгi ақпарат құралдары маман-кадр дайындауда осындай қасиеттерiне байланысты Қазақ Ұлттық университетi журналистика факультетiнде жаңадан «Сөйлеу техникасы» атты пән қосып, мен сол сабақтан лекция оқимын.

Радиоэфирiнiң жұмысы оңай емес. Әсiресе, бүгiнгi Тәуелсiз Қа­зақ­­станның эфирi сапалы, салиқалы, тәрбиелiк мәнi зор, айтқанына сендiре алатын, жауапкершiлiгi үлкен насихат құралы екенiн ұмытпауымыз керек. Еңбегi көзге көрiне бермейтiн жұмбақ сандықтың атқарар қызметi, жүгi ауыр-ақ.

– «Көзге көрiнбейтiн» демекшi, Қазақ радиосының тарихымен есiмдерi бiрге аталатын талай марқасқа дикторлар үйiп-төгiп сыйлыққа батып жатпса да, халық жадында қалатыны бiр бақыт деп өзiңiз жиi айтасыз…

–Жақында «Қазақстаннан» Мәдениет бағдарламасында 55 минуттық «Жүздесу» хабарына шақырылдым. Өте әдемi бiр кездесу болды. Жалпы, өмiр сүру, жақсы өмiр сүру үшiн адам баласының алдында үлкен бағдаршам болуы қажет. Мен де өмiрге келген соң оң-солымды танып, есейе бастағанда осы Қазақ радиосынан Зәмзәгүл апамыздың даусына ғашық болдым. Теледидардың ендi шығып жатқан кезi. Ал радиоңыз республикамыздың кез келген ауыл селоларында саңғырлап тұратын-ды. Мейлi, ол совхоз орталығы не болмаса он шақты ғана отбасы тұратын кiшкентай ауыл болсын, үйдiң бiр бұрышынан әуездi ән мен көркем шығармалардан үзiндiлер, тiптi балаларға арналған түрлi хабарларды тыңдай алатынсың. Сонда түннiң бiр уағына дейiн әдемi әуезге толы бiрiнен-бiрi өткен қоңыр дауысты дикторларды көз алдымызға елестетiп, армандап өстiк. Әсiресе, менiң Зәмзәгүл Шәрiповаға деген сүйiспеншiлiгiм ерекше болды. Бала болсам да дауыс мәнерiнен-ақ ол кiсiнiң хабар оқыған кездегi отырысы, қимылы санамда сайрап тұратын. Хабарды жеткiзушiнiң мықтылығы да сонда ғой, тыңдап отырып өзiң де сол ырғаққа тербелiп, әсем бiр әуенге елтiп билеп отырғандай сезiнесiң. Үнiнен бет-бейнесiндегi құбылысты танып, кiшкентай ғана қобдишадан шығып жатқан жанға жайлы дыбыс ырғағына мен де қосылып отыратынды шығардым.

Осындай арман жетелеп Алматыға келдiм ғой. Одан кейiнгi жылдарым тiптi керемет. Қазақ радиосының патшалары – Байжанбаевтармен қоян-қолтық жүрiп қызмет жасау, тау тұлғалы Мұқағалилардың жүрiс-тұрыстары қандай ғажап! Әсiресе, олардың аузынан өзiң жайлы жақсы пiкiр есту деген сұмдық қой?!

Осынау тоқсан жылдың iшiнде әйгiлi диктор Әнуарбек Байжанбаев, осы биыл редактор Алтын Иманбаева ғана, бiрi Халық артисi, бiрi Қазақстанға еңбек сiңiрген қайраткер атағын алыпты. Таяуда ақын, телерадио журналист Дүйсенбек Қанатбаевтың қайтыс болғанына жыл толып, үлкен дастарқан басында қарапайым ғана бiр зейнеткер: ес бiлгелi Қазақ радиосы серiгi болғанын, көп тыңдайтынын, бұрынғыларды былай қойғанда Дүйсенбектiң хабарларын тұщына тыңдайтынын айта келiп, «Алтын қорда» сақталған осындай құнды радиохабарларды неге мемлекеттiк сыйлықтарға ұсынбайтынымызды жеткiздi. Ал шын мәнiнде осындай дүниелер жоқ емес қой. Өз басымды айтып отырғаным жоқ, мен халық артисi болмасам да, қайраткер болмасам да, радио тыңдайтын қарапайым халық назарында жүрген азаматшамын. Оның iшiнде 1995 жылы «Еңбек сiңiрген артист» деген атақты радиодан мен, ал теледидардан Ласкер Сейiтов пен Рабиға Аманжолова үшеумiз алғанбыз. Мәселе тiптi атақта да емес, дегенмен жасап жатқан, өзiңнiң халқың үшiн жасап жатқан тiрлiгiн ешкiм де мiндетсiнбесе керек, дегенмен сол қым-қуат тiрлiктiң нәтижесiн де көргенi жаман болмас едi ғой.

Жалғыз мерейтойда ғана емес, мемлекетiмiздiң басқа да айтулы күндерiнде радио, теледидар еңбектерлерiн, әсiресе оның ардагерлерiн ұмытпай елеп-ескерiп жүрсе, нұр үстiне нұр емес пе?! Бұл пiкiрiмдi торқалы тойы дүрiлдеп өткен Қазақ үнi – Қазақ радиосының мерейтойы үстiндегi назы деп қабылдарсыздар.

Иә, шын мәнiнде Қазақ үнi – Қазақ радиосының қазақ халқы үшiн жасап келе жатқан қызметi бiр ғана әңгiмемен бiтпек емес. Олай болса, әрiптестерiмiздi той­ларымен құттықтап, шығар­ма­шы­лық табыс тiлеймiз.

Әңгiмелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

29.12.2011