Қ.Т.Тұрғанқұлов, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы: АЗАМАТТАРДЫҢ САЯСИ БЕЛСЕНДІЛІГІ ЖОҒАРЫ БОЛАТЫН ШЫҒАР

2012 жылды жаңа леппен, жаңа тыныспен бастағалы отырмыз. 15 қаңтарда Парламент Мәжiлiсi мен мәслихат депутаттарын сайлау өткiзiлмек. Осы саяси науқанға орай, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловпен әңгiмемiз сайлаудың ақпарат құралдарында насихатталу тәртiбiне арналды.

– Қуандық Тұрғанқұлұлы, жел­тоқ­санның 16-сынан сайлауалды үгіт­ науқаны бас­талды. Жалпы, қандай ақпаратты ақылы, қандай ақпаратты ақысыз түрде басуға болады? Ақылы ақпарат таратудың тәртібі қандай?

– Кез келген сайлау науқанына ақпараттық қолдау көрсету, оның барысын электрондық және мерзімді басылымдар арқылы жария ету – азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыруын кепілдендіретін тетіктердің бірі болып табылады. Бұл – демократиялық сайлау үдерісінің өте маңызды аспекті. Сондықтан сайлауға қатысты ақпаратты өндіру және тарату барысында туындайтын сұрақтар сайлау және ақпараттық құқық саласындағы заңдармен реттеледі.

Бұл жерде келесі ұстанымдар басшылыққа алынған:

– Сайлаушылар өз таңдауын сайлау туралы толық және шынайы ақпараттар негізінде жасауға құқылы;

– Саяси партиялар мен кандидаттар өздерінің сайлауалды бағдарламаларын сайлаушылардың назарына жеткізуге құқылы;

– Бұқаралық ақпарат құралдары сайлаушыларға қоғамдық маңызы бар сұрақтар бойынша хабарламаларды жеткізуге, сондай-ақ сайлау науқанына өз көзқарастарын білдіруге құқылы.

Бұл ретте, сайлау заңнамасына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары кандидаттардың, саяси партиялардың сайлау науқанын объективтi көрсетудi жүзеге асыруы тиіс.

Сонымен қатар БАҚ барлық кандидаттарды және партиялық тiзiмдердi ұсыну, оларды сайлау комиссияларының тiркеуi жөнiндегi iс-шаралар туралы ақпаратты баспасөз бетiнен орын, эфир уақытының көлемi бойынша бiрдей таратуға мiндеттi.

Мемлекет азаматтарға, қоғамдық бiрлес­тiк­тер­ге белгiлi бiр кандидатты, саяси партияны жақтап не қарсы кедергiсiз сайлау алдындағы үгiт жүргiзу құқығына кепiлдiк бередi.

Сондай-ақ, үгiт науқаны кезеңінде кандидаттар, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партиялар өздерiнiң сайлауалды бағдарламаларын БАҚ арқылы насихаттауға құқылы және бұл мақсатта олардың бұқаралық ақпарат құралдарына тең жағдайда қол жеткiзуiн кепiлдендіреді.

Мемлекет кандидаттарға, атап айтсақ, бұл сайлауда – мәслихаттар депутаттығына үміткерлерге – өз бағдарламаларымен бұқаралық ақпарат құралдарына шығуы үшiн бiрдей мөлшерде қаражат бөледі, атап айтқанда: әрбiр кандидаттың телевизиядан он бес минут, радиодан он минут сөз сөйлеуiне, сондай-ақ баспа басылымдарында 0,1 баспа табақтан аспайтын көлемде екi мақала жариялауына мүмкіндік туғызады.

Ал, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялар теледидарда Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын, ол белгiлейтiн уақыт көлемiнде өтетін саяси пiкiр-сайыстарға қатысуға құқылы.

Мұның сыртында, бұқаралық ақпарат құралдары тiркелген кандидаттарға және партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға шарттық негiзде, яғни ақылы эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бередi және бұл шарттың талаптары барлық саяси партиялар мен кандидаттар үшін бірдей болуы және ешкімге артықшылық бермеуі тиiс. Сонымен, қорыта айтатын болсақ, мемлекет кепілдендіргеннен басқа барлық үгіт материалдары ақылы болып табылады және партия мен үміткерлердің сайлау қорлары қаражаты есебінен қаржыландырылуы тиіс.

– Сайлауалды үгіт қашан аяқталады және ол аяқталғаннан кейінгі қандай әрекеттер заңсыз деп табылады?

– Сайлау туралы заңға сәйкес, сайлау алдындағы үгiт кандидаттар мен саяси партиялар ұсынған партиялық тізімдерді тіркеу аяқталған күннен басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күні жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.

Осы сайлау науқанына қатысты айтатын болсақ, Мәжіліс депутаттарын сайлау бойынша сайлауалды үгіт 2011 жылғы 16 желтоқсанда, ал мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың үгіт науқаны 21 желтоқсаннан басталды және 2011 жылғы 13 қаңтарда 24.00-де аяқталады.

Дауыс беру күнінің алдындағы күнді «тыныштық күні» деп жариялау және кез келген үгiтке тыйым салу әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылады. «Тыныштық күні» болғандықтан 14 қаңтарда ешқандай үгіт-насихат жұмысын жүргізуге жол жоқ.

Айта кету керек, сайлау комиссиясының үй-жайы мен дауыс беруге арналған үй-жайда кандидаттың фотосуретi, кандидаттар туралы ақпарат пен партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар туралы ақпарат орналастырылады. Бұл ақпарттардың стандартты жиынтығын Орталық сайлау комиссиясы белгiлейді және олар бiрыңғай форматта баспа арқылы бас­тырылып, барлық учаскелік сайлау комиссияларына таратылады. Сонымен қатар сайлау комиссияларының үй-жайларынан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде де бұрыннан iлулi тұрған баспа үгiт материалдарын сол орындарында қалдыруға болады.

– Алдағы сайлауда электрондық дауыс беру қолданылмайтын болды. Жалпы, өркениетті елдердің ешқайсысында электрондық дауыс беру жүйесі қол­да­ныл­май­ды екен. Бізде бұл жүйе қашан пайда болды, оның тиімділігі неде? Осы сайлауда неге пайдаланылмайтын болды?

– Жалпы, электрондық сайлау жүйесiнің атқаратын қызметі жан-жақты. Ол сайлау өткiзу кезiнде сайлаушылардың тiзiмiн жасау, дауыс беру, дауыс берудiң қорытындыларын белгiлеу мен сайлау нәтижесiн анықтау үшiн пайдаланылады.

Дегенмен электрондық сайлау жүйесiн пайдаланудың ерекшелiктерi де көп.

Науқанды электрондық сайлау жүйесi арқылы өткізу Қазақстан бойынша жаппай компьютерлендіруді, телефон желісін әрбір учас­кеге түгел орнатуды талап етеді. Кең байтақ еліміздің барлық аймағынан жедел мәлімет алып, оны орталық жүйеге енгізіп, сол сәтте экранға шығарып тұру ыңғайлы болғанымен, оны ұйымдастыру мәселесінде қиындықтар аз емес. Осындай қиындықтар туындамас үшін алдағы сайлауды дәстүрлі тәсілмен өткізгелі тұрмыз.

Қазіргі уақытта бұл жүйе Қазақстан Рес­пуб­ликасы сайлаушыларының бірыңғай электрондық тізімін жасауда бізге көп септігін тигізіп отыр.

– Сайлауға сайлаушылардың қанша па-йызы қатысуы тиіс. Қандай жағдайда сайлау өтпеді деп есептеледі. Сіздің болжамдарыңыз қандай? Қандай жағдайда ІІ кезең өткізіледі?

– Егер сайлау қорытындыларын шығару барысында азаматтардың ерiк бiлдiру нәтижелерiн дұрыс анықтауға мүмкiндiк бермейтiн заң бұзушылық орын алған болса, Орталық сайлау комиссиясы тиiстi аумақтық сайлау комиссиясының ұсынуы немесе азаматтардың өтiнiштерi бойынша тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктегi Мәжiлiс депутаттарының сайлауын жарамсыз деп тануы мүмкiн. Мұндай жағдайда Орталық сайлау комиссиясы сол әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте қайта дауыс берудi тағайындайды. Ал, республика бойынша сайлау жарамсыз деп танылғандай жағдайда, қайта сайлау бастапқы сайлаудан кейiн екi ай мерзiмнен кешiктiрiлмей немесе Орталық сайлау комиссиясы белгiлейтiн мерзiмде өткiзiлуі және бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарлануы тиіс.

– Сіздердің болжамдарыңыз бойынша, халықтың сайлауға қатысу белсенділігі қаншалықты деңгейде болады? Шамамен сайлаушылардың қаншасы дауыс береді деп болжалуда?

– Біздің Республикамыздың сайлау туралы заңнамасында азаматтарды дауыс беруге міндеттейтін баптар жоқ. Өзінің сайлау құқығын пайдалану, я пайдаланбау – әркімнің жеке таңдауы. Бұл жердегі басты фактор — әрбір адамның азаматтық ұстанымы, саяси сауаты мен белсенділігі.

Сондықтан сайлаушылардың қаншасы дауыс беру күні сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасайтынын болжау мүмкін емес. Дегенмен бұдан бұрын өткен сайлау науқандарында біздің азаматтарымыз ұдайы жоғары белсенділік көрсетіп келгені белгілі. Сондықтан 15 қаңтар күні де тізімге енгізілген сайлаушылардың басым көпшілігі дауыс беруге қатысады деген үміттеміз.

Біздер, сайлауды ұйымдастырушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының, көрнекі ақпараттың әртүрлі үлгілерінің көмегімен отандастарымызды алдағы сайлау туралы хабардар ететін, дауыс беруге қатысуға шақыратын ақпараттық және жұмылдыру материалдарын кеңінен таратып отырмыз. Бұл да өз нәтижесін беруі тиіс.

Орталық сайлау комиссиясының басты міндеті – сайлауды ұйымдастыру және өткізу болғандықтан, сайлау тағайындалғаннан бергі кезеңде заңмен көзделген ұйымдастыру іс-шаралары жан-жақты қамтылып, рет-ретімен жүзеге асырылып келеді. Бұл да сайлаудың заң аясында және табысты өтуін қамтамасыз етуге бағытталған қызмет. Сұхбатымыз жыл соңында өтіп отырғандықтан, Қазақ еліне ғана емес, шетелге де тарап отырған «Түркістан» газеті арқылы барша оқырмандарды Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сайлау сынды жауапты саяси науқанмен басталғалы тұрған 2012 жыл ырысты, берекелі жыл болсын. Елімізге тыныштық, әр шаңыраққа бақыт, табыс, ынтымақ тілеймін!

29.12.2011

Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button