Жаңалықтар

ҰЛЫҚТАР МЕН ҰЛУ ЖЫЛЫ

ашық дереккөзі

ҰЛЫҚТАР МЕН ҰЛУ ЖЫЛЫ

Әдетте, қалтасы қалың азаматтар Жаңа жылды шетелде қарсы алатын. Әсiресе қыстың қақаған аязында экзотикалық елдерде, теңiздiң жағасында болып қайтудың өзi ғанибет екенi сөзсiз. Ал биыл елiмiздiң жоғары лауазымды шенеунiктерi Ұлу жылын өз Отанымызда қарсы алмақшы.

Жақында ғана Елбасы Н.Назарбаев мем­ле­кет­тік шенеуніктердің шетелге сапар шегуіне тый­ым салған болатын. Ол өз сөзінде: «Жаңа жылдық және басқа да мемлекеттік мерекелерді өз елімізде, өз халқымызбен бірге атап өту керек» дегенді жеткізді. Осыдан соң іле-шала Қырғызстан үкіметі де мемлекеттік шенеуніктердің Жаңа жылды тойлауы үшін шетел асып кетуге шектеу қоятындығын мәлімдеді. Қырғызстан республикасы Премьер-министрі Өмірбек Бабанов: «Қаулыға сәйкес, мемлекеттік органдар жетекшілері мен атқарушы биліктің қызметкерлері 31 желтоқсан мен 7 қаңтар арасында барлық шетелдік іссапарларды кейінге қалдыруы керек», – деді.

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары қалталылар (оның ішінде шенеуніктер, кәсіпкерлер) Жаңа жыл кезінде шетелге құстай ұшып кетіп жатады. Бәлкім онда Жаңа жылды қарсы алу дәстүрі басқаша ма, әлде жұртқа мақтану үшін бара ма, әйтеуір осы үрдіс белең алғаны рас. Бірақ та сауық-сайран қуғысы келген кейбір қандастарымыздың шетелге жол тартуының соңы өкінішті жағдайға ұласып жатады. Әсте, «Сақтансаң сақтаймын» дегенді де естен шығармаған абзал болар.

Әрине, қазақта жаңа жыл отбасылық мереке ретінде аталып кеткен. Ең бастысы, бұл өз Отаныңда, өз шаңырағының астында қарсы алатын мейрам. Сондықтан да әрбір қазақ Жаңа жылды ниеті бір, тілегі бір дарқан көңілді, ақ пейілді халқымен бірге қарсы алса, құба-құп емес пе?

!

Динара ДҮРМӘН