Жаңалықтар

САЙЛАУ КҮНДЕЛІГІ

ашық дереккөзі

САЙЛАУ КҮНДЕЛІГІ

АССАМБЛЕЯ ҮМIТКЕРЛЕРIН АНЫҚТАДЫ

26 желтоқсанда Қазақстан халқы ассамблеясының кеңесi Парламент Мәжiлiсi депутаттығына үмiткерлердi анықтады. «Заңнамаға сәйкес тiзiм жасақталды», – дедi Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, секретариат меңгерушiсi Ералы Тоғжанов. Кеңес мүшелерiнiң бұл тiзiмi Орталық сайлау комиссиясына жiберiлдi. «Парламент және оның депутаттарының дәрежесi» туралы Заң бойынша Мәжiлiс 107 депутаттан тұрады. Оның 98-i саяси партиялар тiзiмi бойынша сайланса, 9-ы Қазақстан халқы ассамблеясының атынан ұсынылады.

«НҰР ОТАН» НАНДЫ ӨЛКЕНI АРАЛАДЫ

«Нұр Отан» партиясының сайлауалды штабының мүшелері үгіт науқанын Солтүстікте жалғастырды.

Кездесулер барысында әртүрлі мәселелер талқыланды: ауылдың дамуы, жалпы, агроөнеркәсіптік кешенді және ет мал шаруашылығын, білім және ғылым салаларын дамыту, қазақстандықтардың әлеуметтік қамсыздандырылуы. Білім саласы өкілдерін жастарға қолдау көрсетуге бағытталған пар­тиялық бағдарламалар, студенттердің шәкіртақысын және мұғалімдер мен оқытушылардың еңбекақысын көбейту мәселесі қызықтырды. «Нұр Отан» партиясы білім мен ғылымды табысты болашақтың негізі ретінде қарастырады. Осы бағытта өзінің «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» сайлауалды тұғырнамасы басымдықтарының бірі ретінде айқындады. Қалалық Мәдениет үйінде өткен кездесуге келген оқытушылар мен студенттер алдында сөйлеген сөзінде «Нұр Отан» партиясының Республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Нұрлан Нығматулин: «Бүкіл әлем таныған тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастаған даму жолын жалғастыру үшін, халқымыздың жағдайын одан әрі жақсарту үшін, ұлы мақсаттарға жету үшін алдағы сайлауда өз дауыстарыңызды тек қана «Нұр Отан» үшін беріңіздер» деп атап өтті.

«РУХАНИЯТТА» ШУ ШЫҚТЫ

Сайлауда «Нұр Отаннан» кейінгі орынға табан тірейміз деген сеніммен сайлау кампаниясын бастап кеткен «Руханият» партиясын Орталық сайлау комиссиясы сайланушылар тізімінен алып тастауы мүмкін бе? Партияның бұрынғы басшысы, оның негізін қалаушы, жазушы Алтыншаш Жағанова «Руханиятты» сайлау тізімінен мүлдем сызып тастады және партияның қазіргі жетекшісі Серікжан Мәмбеталинді жауапқа тартуды сұраған мәлімдеме жасады. Ол тіпті бұндай өтінішпен Бас прокуратураға шағымданып үлгерген.

– 1995 жылы біздің ұйы­мы­мыз Қазақстанның «Дәуірлеу» партиясы атауымен тіркелгені белгілі. 2003 жылы біз қайта тіркелуден өтіп, «Руханият» деп аталдық. Партия­ның басым­дық­тары ретінде ха­лық­тың рухани жаңғыруы, ұлтаралық келісімді ілгерілету, яғни бәріміздің ал­ды­мызға Мемлекет басшысы қой­ған міндеттерге басымдық беру мәлімделді, – дейді А.Жағанова.

Алтыншаш Жағанованың айтуынша, қызметіне кіріскен С.Мәмбеталин пар­тиялас­тары­ның, әсіресе өңірлер өкілдерінің пікірлерімен санаспай, өзінің жеке басын насихаттаумен айналысқан. Белгілі жазушының мәлімдеуінше, съезд заңсыз өткізілген.

Нәтижесінде ҚР Бас прокуратурасы А. Жағанованың шағымы бойынша, «Руханият» партиясының сайлау заңдылығын бұзғандығын анықтаған. Сөйтіп Орталық Сайлау комиссиясы «Руханият» партиясын сайлау тізімінен алып тастауға мәжбүр болған. Бұл жайлы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдеш мәлімдеген.

«АҚ ЖОЛ» — АЛТАЙДА

«Ақ жол» партиясының үгітшілерi Өскеменде болып, қаладағы «Азия Авто» өндірістік кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесті.

Сайлауалды іс-шараларды партия төрағасы Азат Перуашевтiң өзі басқарып жүр. «Азия Авто» кәсіпорны – аймақтағы ірі компаниялардың бірі. Мұнда қызмет жасайтындардың басым бөлігі 35 жасқа дейінгі жастар. Экономиканың нақты салаларын қолдауды басты мақсат етіп алған ақжолдықтардың осы кәсіпорынға келуі – тегін емес. Олар зауыт жұмысшыларына өз сайлауалды тұғырнаманың басқа да басым бағыттарын түсіндірді. Азат Перуашевтің пікірінше, мұндай кәсіпорын елімізде көптеп салынуы керек. Парламентке келген жағдайда ақжолдықтар осы мәселелерді мықтап қолға аламыз деп отыр.

«Ақ жол» демократиялық партиясының үгіт-насихат тобы Тараз қаласы тұрғындарымен де кездесті. Тұрғындармен кездесуде партия өкілдері жалақыны көтеру, жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздықты жою туралы ашық әңгіме қозғаған. «Ақ жол» сондай-ақ, білім беру сапасын көтеріп, Қазақстанда бәсекелестікке қабілетті нарықтық экономика құруға ат салысамыз деп отыр. Партия Үкімет пен Парламентке шағын және орта бизнесті қолдаудың тиімді тәсілдерін ұсынбақ. Олар кәсіпорын құрылғаннан бастап үш жыл ішінде салықтан босатылу керек деп есептейді. Ал Қылмыстық кодекстен жалған кәсіпкерлік бабын алып тастау керек деп санайды.

«АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ҮГIТ ЖҰМЫСТАРЫНА КӨҢIЛI ТОЛАДЫ

Қазақстанның социал-демок­ратиялық «Ауыл» партиясының аймақ­тардағы штабтары сайлауалды үгіт жұмыстарының алғашқы қорытындыларын шығара бастады.

Оңтүстік Қазақстан облысында бұл партияның 30 мыңнан аса мүшесі бар. Оңтүстік Қазақстан облысындағы тұрғындардың 65 пайызға жуығы ауылды жерде тұрады. «Ауыл» партиясы мүшелерінің айтуынша, партия тұғырнамасы ауыл тұрғындарының мүддесін қорғауға, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға арналған бірден-бір құжат болып есептеледі. Жақында олар Солтүстік Қазақстан облысының Водопроводное ауылы тұрғындарымен де кездесті. Мұнда да олар ауылды гүлдендіруге бар күш-жігерлерін жұмсайтындықтарын айтты. Жастарды ауылға көптеп тарту үшін – оларға нақты көмектер көрсетілуі қажет. Мәселен, тұрғын үй салуға ұзақ мерзімді пайызсыз несиелер беру, ауылшаруашылығы өнімін өндірушілерге мемлекеттік қолдауды ұлғайту, кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту және зейнет жасын он жылға төмендету қажет.

«ӘДIЛЕТ» ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРДIҢ СӨЗIН СӨЙЛЕМЕК

Алматыда зейнеткерлермен кездескен «Әділет» партиясы қанша шарықтаса да, бүгінгі нарықты қуып жете алмай отырған зейнетақы жайындағы мұңдарын тыңдады. Елдегі зейнеткерлердің сөзін сөйлейтін «Поколение» қозғалысы «Әділетті» қолдап, күш біріктірді. «Әділеттіктер» егер сайлауда жеңіске жетіп, Парламент Мәжілісінен орын бұйыратын болса, зейнеткерлердің жайын қозғайтынын мәлім етті.

Желтоқсанның 24-інде «Әділет» партиясының басшылары Батыс Қазақстан облысында болып, Досмұхамедов атындагы педагогикалық колледждің ұжымымен кездесіп, еліміздің іргелі болашағы – жастармен ой бөлісіп қайтты.

ХАЛЫҚШЫЛ КОММУНИСТЕР ДЕ ҚАРАП ЖАТҚАН ЖОҚ

Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясының сайлауалды штабының өкілдері желтоқсанның 24-інде Тараз қаласында БАҚ өкілдерінің басын қосып, баспасөз мәслихатын өткізіп, алда атқаратын жұмыстарымен таныстырды. Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы арнайы үгіт-насихат пойызын жасақтап, аймақтарды аралауға аттанған еді. Осы поезд Павлодар өңірін аралап жүр. Халықшыл Коммунистер Павлодар қаласынан 20 шақырым жердегі Қызылжар ауылындағы құс фабрикасының жұмысшыларымен кездесті.

Cайлауалды тұғырнама мен бағдарламаны астаналықтарға жеткізу үшін рупормен қаруланған екінші үгіт-насихат тобы түске дейін қаланың басты көшелерімен жүріп өтті. Басты алаңдардың бірі – Республика, Жастар шағын ауданын аралаған халықшыл коммунистер керуені Астананың басты қақпасы – темір жол вокзалына соқты. Жиналған жұртты партияның тұғырнамасымен таныстырып, коммунис­терге дауыс беруге үндеген үгіт-насихат тобы бұдан әрі Жеңіс, Бейбітшілік және Желтоқсан көшелерімен жүріп өтті.

ЖСДП САЙЛАУДЫ КЕЙIНГЕ ҚАЛДЫРУҒА ҮНДЕЙДI

Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаға орай Қоғамдық комиссия құрған Жалпы­ұлттықсоциал демократиялық партиясының өкілдері Ақтауға барып қайтқаннан кейін, баспасөз мәслихатын өткізіп, «Сайлауды кейінге қалдыру қажет» деген мәлімдеме жасады.

– Жағдай өзгерді, ел өзгерді. Бізді полицейлер Жаңаөзен мен Жетібайға жібермей, Ақтауға кері қайтуға мәжбүрледі. Біз жалпыреспубликалық қаралы күн жариялауды және сайлауды кемінде 3 айға немесе 6 айға кейінге қалдыруды талап етеміз, – дейді олар.

Дайындаған Е. ҚҰМАР