Жаңалықтар

ЕҢБЕК пен ЕРМЕК

ашық дереккөзі

ЕҢБЕК пен ЕРМЕК

Уақыт зымырап барады деседi… Исламның iзгi ғалымдары да, бүгiнгi жаратылыстану ғалымдары да қазiр Уақыт бұрынғыға қарағанда өз ағысын күрт жылдамдатқанын айтады.

Бала кезде үш ай жазғы демалыс бізге үш жылдан кем көрінбейтін. Бәлкім, мамыражай ауылдың тірлігі соған бейімдейтін болар. Бәлкім, уайым-қайғының аздығы, әлде мүлде жоқтығы әсер еткен болар….

Әйтсе де, қазіргі заманның жеткіншектерінің уақыттың сынаптай сырғып өтетіндігіне өкінетіні несі? Әлде жаппай ақпараттандырудың салдары балалық бал дәуренді де күрт қысқартып жіберді ме екен?

Бүгінгінің баласы әріп танымай тұрып, әуелі IT-технология жетістіктерімен ауызданады. Қолына бір кітапты ұстамай жатып, компьютердің құлағына жармасады. Әженің ертегісін тыңдаудың орнына теледидарға телміреді. Ақыры, дүниедегі жақсы-жаманды да әке-шешесіне қарағанда ертелеу біліп алады.

Ерте есейген, жасына қарамай кексе болған ұрпақтан қандай адамдар шығады?

Баяғының сөзін дұрыс ұғу керек: «Баланың балалығын тыйдым дегенше, оның қартайғандағы даналығын тыйдым де».

Біз тым көп ақпаратты жасынан ерте беріп, балалардың балалығын ұрлап жүрген жоқпыз ба, осы?

Балалықтарынан ерте айрылған ұрпақ туралы кітаптан оқып, естелік тыңдап өстік. Бүлдіршін кезі Соғыспен тұспа-тұс келген буында бал дәурен балалық болмады деуге де болар. Ерте есейіп, үлкендермен бірге жүк көтеріп, белі қайыспай еңбек еткен Ұрпақ жауапкершілігі зор азаматтар болып жетілді. Өйткені оларды Адам еткен Еңбек болатын!

Алайда бүгінгінің баласын «есейтіп» жатқан Еңбек емес, Ермек!

Балабақша бүлдіршіндерінің қолында жүрген қалта телефон – Ермек, ұзын саны 40-тан басталып, 100-ге жететін телеарналардан күні-түні беріліп жатқан мультфильмдер, кинофильмдер – Ермек, үйдегі және түздегі компьютердегі түрлі тақырыптағы ойындар – Ермек, ірі қалалар мен облыс орталықтарындағы ойын-сауық орталықтарында, көпшілік орындарға қойылған түрлі аттракциондар – Ермек, көрші мемлекеттерден келіп жатқан, ересектерге еліктеуге шақыратын ойыншықтар – Ермек, тіпті дүкендерде самсап тұрған, көздің жауын алатын Тәттілер де – Ермек!

Бір ғажабы, қазіргі ата-аналар да балаларына бар қызықты көрсетуді мақсат тұтқан сияқты. «Бар жақсымыз – балаларға!» деген ұранды үнсіз ұғып, оны орындауда жанталас жарысқа, кейде жасырын бәсекеге түсіп жатқандай.

…Дұрыс-ақ. Алайда балаларды Ермекпен бірге Еңбекке баулуды естен шығарған жоқпыз ба? Бардың қадірін біліп, Жоққа қанағат қылуды, Ермекке алданып, Уақытты бос өлтірмей, Еңбек қылып, Ғылым-білім жинауды, Еңбек қылып, Денді сауықтыруды, Еңбек қылып, Өнер үйренуді, Еңбек қылып, Ата салтын игеруді, Еңбек қылып, әуелі Ата-Анаға, сосын Ел-жұртқа қызмет етуді жасынан бойына сіңіре аламыз ба?

Уақыт зымырап барады… Ай жаңарып, Жыл айналды, балалар да өсіп, «есейіп» жатыр….

…Уақыт зымырап барады…

29.12.2011

Гүлбиғаш Омарова