ТЕРРОРИЗМДІ ҚҰРЫҚТАУ ЕЛ ТЫНЫШТЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ
ТЕРРОРИЗМДІ ҚҰРЫҚТАУ ЕЛ ТЫНЫШТЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ
Таяуда «Бөбек» Ұлттық сауықтыру орталығында экстремизм, сепаратизм және лаңкестiкке қарсы күрес мәселелерi бойынша, студенттер мен құқық қорғау орындарының қызметкерлерi арасында арнайы кездесу өттi. Кездесу барысында соңғы уақыттарда елiмiздiң тыныштығын бұзған лаңкестiк әрекеттердiң орын алу себептерi мен олардың алдын алу шаралары жөнiнде айтылды.
Соңғы уақытта елімізде бірнеше адамның өліміне әкелген қылмыстық әрекеттер орын алды. Бұл оқиғалардың көпшілігі мемлекеттік құзырлы органдар тарапынан экстремизм, терроризм және лаңкестік оқиғалар деп бағалануда. Құқық қорғау органдары террорлық әрекеттер деп тапқан топтар халық арасында бой көрсетіп, болған оқиғаларды өз мойындарына алып жатқан жайы бар. Елдегі қалыптасқан ахуалды ескере отырып, Алматы қаласының Ішкі істер департаменті мен прокуратура өкілдері, білікті имамдардың және діни мәселелермен жұмыс жүргізетін мемлекеттік құзырлы органдардың қатысуымен оқушылар, студенттер, ұстаздар арасында экстремизм, терроризм және сепаратистік идеялардың алдын алу, профилактикалық ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізу мақсатында арнайы тақырыптық кездесу өткізуді қолға алуда. Ол жөнінде Алматы қаласы Дін істері департаментінің жетекші маманы Ерсайын Шәймерден: «Жастар арасында экстремизм және террористік идеялардың алдын алу, профилактикалық жұмыстар жүргізу мақсатында Алматы қаласы бойынша 500-ге тарта іс-шаралар ұйымдастырылды. Аталмыш шаралар қаламыздағы жоғары оқу орындарында, колледждер мен мектептерде ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізілді. Жастар арасында терроризм идеяларының алдын алу жұмыстары – Алматы қаласы Дін істері департаментінің басты бағыттарының бірі. Сондықтан да біз осындай шаралар қатарын жиі өткізуді жолға қойып отырмыз», – дейді. «Кейінгі кезде елімізде болып жатқан оқиғалардың шығу төркініне көз жүгіртіп, ой тастайтын болсақ, қазіргі кезде студенттердің бәрі де интернетке жақын. Ал интернет – толассыз ақпараттар ағыны. Онда жастардың дұрыс нәрсені қабылдап, бұрысына үйренбеу үшін терең білімді қажет етеді.
Жастардың көпшілігі дінге бет бұрғаныменен, оны тереңінен зерттеп біліп жатқан жас жоқ. Ата-аналар балам намаз оқып, мешітке барып жүр деп мәз болады. Ол ата-ананың баласы намазды қалай оқып жүр? Кімнен ілім алып, қандай жолмен барып жатыр дінге? Міне, соны білуі керек», – дейді Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің Экстремизм, сепаратизм және лаңкестікпен күрес басқармасының бөлімше бастығы Ғани Жұмағұлов. Соңғы бес жыл ішінде ата дінін жоғалтып, адасып жүрген жастарымыздың саны артып келеді. Осыған орай, Ғани Балшабекұлының айтуынша, еліміздің аумағында 2004 жылдан 2008 жылға дейін өмір сүрген «Хизбут-Тахрир» деп аталатын экстремистік пиғылдағы партия болған. Сол партияның мүшелері аз ғана уақыттың ішінде көптеген жастарды өз қатарларына кіргізіп үлгерген. Өте шапшаң әрекет етуінің арқасында, талай жастырымызды өз торларына түсірген. Қазіргі таңда «Хизбут-Тахрир» ұйымы еліміз аумағында жұмыс істеуін тоқтатты. Ал оның мүшелерінің көбі тиісті жазасын тартуда. Тағы бір айта кетерлік жайт, шетелдерде діни білім алып келіп жатқан мамандарды тексеріп жатқан ешкім жоқ.. Сондай-ақ, таяуда қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы Заңының кейбір тармақтарына тоқталып кетуді жөн көрген Алматы қалалық прокуратурасының басқарма прокуроры Бауыржан Молдажанның айтуынша, дәстүрлі және дәстүрлі емес діндердің жұмысына мониторинг жүргізу жолға қойылып, қазіргі таңда еліміздегі барлық діни бірлестіктер мен олардың құрамы жаппай тексеруден өткізілуде. Осы Заңның «Діни жоралар мен рәсімдер» туралы 7-бабына сәйкес, діни бірлестіктер, Құдайға құлшылық ету орындары, діни жоралар мен рәсімдер, жиындар тек діни ғимараттарда ғана өткізілуге рұқсат етілген. Демек кез келген діни жоралар мен рәсімдер тек үй мен діни ғимараттарда ғана өткізілуі тиіс. Сонымен қатар, миссионерлік қызметке қатысты, еліміздің және шетелдердің азаматтары миссионерлік қызметін тек құзырлы органдардың тексеруінен кейін ғана жұмыстарын жалғастыра алады. Ал миссионерлік қызметтің иелері міндетті түрде Дін істері жөніндегі департаменттің Аймақтық органында тіркеледі. Аталмыш Заңның 9-бабына сәйкес, діни кітаптар мен кітапшалар тек Қазақстанда тіркелген діни ұйымдардың аумағында сатылуына немесе таратуға рұқсат етілген. Ал көшенің кез келген жерінде, үйлердің ауласында, сондай-ақ басқа да қоғамдық орындарда сатылуына тыйым салынады. Егер діни мазмұндағы кітаптар мен кітапшалар және басқа да ақпараттық материалдар діни ғимараттардан тыс жерде еркін таратылатын болса, Әкімшілік кодекстің 395-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын айтып ескертті. Мемлекеттік құзырлы органдар терроримзді құрықтаудың жан-жақты іс-әрекеттерін жүзеге асыру барысында ел тыныштығын сақтау шаралары жолға қойылғандығын айтады. Демек қоғамда, әсіресе жастар арасында терроризм, экстремизм идеяларының насихатталмауы үшін алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатса, «санасы уланғандардан» жастарды оқшаулауды негізге алатын жұмыстар жүргізілуде. Аталмыш жиынға қатысқан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Академиясының доценті Гүлнар Жұманованың пікірінше, «біздің елімізде дәстүрлі екі дін бар. Ол – Исламның Ханафи ағымы мен христианның Православиесі. Осы екеуінен басқа ағымдарға күмәнмен қараған жөн. Ол өзіңді қорғау. Саналы ұрпақты ел келешегі үшін дайындағанымыз болады». Сондай-ақ кездесу соңында Ішкі істер департаментінің мамандары дайындаған «Ислам терроризмге қарсы» – «Ислам проклинает террор» деп аталатын қысқаметражды фильмнің көрсетілімі болды.
22.12.2011 Маржан КЕҢЕСБАЙ