ӨМІРДЕН ЖАСТАЙ ТҮҢІЛГЕНДЕР
ӨМІРДЕН ЖАСТАЙ ТҮҢІЛГЕНДЕР
Бүгінгі таңда бүтін бір елді елеңдетіп, жасөспірімдердің баудай үзіліп, қыршынынан қиылуына себепші болған, талай ата-ананың қабырғасын сөгілтіп, кей отбасыларды шаңырағын ортасына түсірген суицид, яғни адамның өзін-өзі өлтіруі қоғамның ең өзекті мәселесі болып отыр. Осы орайда, таяуда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дегі «Елтұтқа» пікірталас ұйымы «Суицид: себептер және салдары» атты дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстелге Алматы қалалық ішкі істер департаментінің өкілдері, психологтар мен Алматы қалалық білім басқармасының өкілі және ҚазҰУ студенттері қатысты.
Ойталқы барысында еліміздегі суицид деңгейінің өткен жылмен салыстырғанда азайғандығы мәлім болды.
Адамның ең қымбат, қастерлі табиғи құқығы − өмір сүру. Алайда өмірдің қадірін жете түсінбеу салдарынан өзіне-өзі қол жұмсап, суицид өрттей қаулап, кәрі-жасына қарамай қаншама отандасымыздың өмірін жалмап кетті. БӘДСҰ жүргізген санағы бойынша, бүкіл әлемде 1миллион адам өзін өзі өлтірсе, соның 8 мыңы біздің отандасымыз. Және ұйымның жыл басында жасаған сараптамасына қарағанда, еліміз суицидтің таралымы бойынша 193 мемлекет арасында 3 орынды, ал жасөспірімдер суициді жөнінен Ресейден кейінгі екінші орынды иеленіпті. Психолог Л. Ілімханованың келтірген деректеріне сүйенсек, Қазақстан бойынша жасөспірімдер суициді ең көп тіркелген (100 мың тұрғынға шаққанда) аймақтар − Солтүстік Қазақстан облысы (59 адам), одан кейін Шығыс Қазақстан (55 адам), Қарағанды (39 адам), Атырау (29, 3 адам), Қызылорда (13, 2 адам), Оңтүстік Қазақстан (14, 1 адам) облыстары екен. Бар болғаны 16 миллион ғана халқы бар Қазақстан үшін бұл жантүршігерлік көрсеткіш.
Еліміздегі әлеуметтік жағдайдың қиындығы, экологияның кері әсері, ақпарат құралдарындағы «қажетсіз» ақпараттардың, атап айтқанда, атыс-шабыс фильмдер, қырып-жоятын виртуалды ойындар, суицидке итермелейтін сайттардың психикаға әсерінен, адамның өзіне деген сенімнің жоқтығынан бүгінгі таңда жүздеген отандасымыз қапияда көз жұмуына өзі себепкер болып отыр. Елімізде суицидалды өлімді көбіне 14-24 арасындағы жастар, оның ішінде қыз балалар, ал 29 жастан жоғары ер азаматтар таңдайды екен. Әсіресе, 14 -17 жас аралығында жасөспірімдердің ажалға құштар болуы алаңдатарлық жайт. Мұның себебін психолог мамандар жасөспірімдердің өмір сүруге тәжірибелерінің жоқтығы, санасында туындаған кейбір мәселелерге байланысты үлкендердің түсіндірмеуінен, қамқорлықтың, мейірімнің болмауынан деп түсіндірді. Сондай-ақ, «Сананы тұрмыс билейді» демекші, тұрмыс жағдайының төмен болуы, отбасында дау-жанжалдың орын алуы, қатарластарына қызығуы, өздерін олардан кем сезіну секілді жағдайлармен байланыстырады. Ал қыз балалардың өзіне қаскөйлік жасауына жауапсыз махаббат, некесіз жүктілік секілді факторлар әсер етсе, ер азаматтардың отбасындағы жанжал, отбасын асырай алмауы өмірден ерте кетуіне себепкер болады.
«Суицид – біздің қоғамға келген тажал. Суицидті түбірімен толығымен жоймаса да, оның алдын алуға, белең алуын тежеуге болады. Ол үшін бүкіл қоғам болып ат салысуымыз керек» деген ұсыныс айтылды психологтар тарапынан. Алматы қалалық Білім басқармасының өкілі Р.Б.Ахмедова бүгінгі таңда жасөспірімдер арасындағы сиуцидтің алдын алу мақсатында мектептерде түрлі психологиялық сабақтар, семинарлар, тренингтердің жиі ұйымдастырылуда екенін айтты. Алматы қаласындағы 181 мектептің барлығында дерлік бақылау камералары орнатылып, инспектор қадағалауы күшейтілген. Сенім телефондары жұмыс істеуде. Полиция майоры Нұрбекова Светлананың айтуынша, жыл басынан бері жасөспірімдерді суицидке итермелейтін сыртқы күштерді, нақтырақ айтқанда, жасы үлкендердің кішілерден ақша бопсалауды, күш көрсетуді тежеу үшін қолдан келетін шаралардың барлығы жасалып жатыр. Осындай суицидке қарсы үгіт-насихат жұмыстары, ішкі істер департаменті тарапынан жасалған жұмыстар өз нәтижесін бергендей. Себебі былтыр жасөспірімдер арасында 237 суицид оқиғасы тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш біршама төмен – жыл басынан бері 120 оқиға тіркеліпті.
Жапонияда суицидтің алдын алу үшін бір жылда 32 миллиард доллар бөлінеді екен. Бір өкініштісі, суицид бойынша әлемде үшінші орынды иеленіп отырған біздің елде суицидтің алдын алу шараларын ұйымдастыруға арнайы бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Әлем тәжірибесінде суицидтің кезеңдерін, суицидалды мінез-құлықты зерттейтін суицидология деген ғылым енгізілген. Алайда ғылымның бұл саласы біздің елде кенже қалып отыр.
«Студенттердің осы түйткілді мәселенің шешу жолдарын қарастырып, қоғам мүшелері ретінде өз үлестерін қосуы қуантарлық жайт. Бүгінгі жастар – ертеңгі ата-ана. Сондықтан ол балалармен жұмыс жасау тәсілдерін біліп жүруі қажет. Сондықтан осындай іс-шаралардың көптеп өткізілуі қажет», – деді Алматы қалалық Білім басқармасының өкілі Р.Б.Ахмедова. Дөңгелек үстел суицидтің алдын алу үшін бүкіл қоғам атсалысуы керек деген ой қорытумен аяқталды.
22.12.2011 Әбдiбек ЖАНИЯ,ҚазҰУ-дiң журналистика факультетiнiң 2-курс студентi