ҰСТАЗ – АРДАҚТЫ АТ
ҰСТАЗ – АРДАҚТЫ АТ
Әл-Фараби: «Ұстаз… Жаратылысынан өзiне айтылғанның бәрiн жете түсiнген, көрген, естiген және аңғарған нәрселердiң бәрiн жадында жақсы сақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әдiл, жұрттың бәрiне жақсылық пен iзгiлiк көрсетiп, қорқыныш пен жасқану дегендi бiлмейтiн батыл, ер жүрек болуы керек», – деген ұстанымынан ешқашан айнымаған.
Ал егеменді еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты жолдауында бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына ену үшін сапалы білім мен саналы тәрбие керек екендігіне баса назар аударды. Осыған орай білім мен ғылым саласында да айтарлықтай өзгерістер орын алуда. Бүгінгі таңда еліміздегі алдыңғы қатардағы оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті заман талабына сай зерттеу университетіне айналу мақсатында академик Ғалымқаир Мұтановтың басшылығымен көптеген игілі істерді атқару үстінде. Әрине, университет ұжымының алдына қойылған міндеттерді ойдағыдай орындау үшін оқытушы-профессорлардың біліктілігі мен білімділігі қажет. Зерттеу университетіне айналу үшін ғылым, білім беру саласына айтарлықтай өзгерістер енгізу керек. Осы бағытта аталған университеттің химия және химиялық технологиялар факультетінің ұстаздары да аянбай еңбек етуде.
Ал жалпы және бейорганикалық химия кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Баешова Ажар Қоспанқызының ғылым сапарындағы басып өткен жолы өрелі де өнегелі деуге әбден болады. Қашан көрсең де жүзінен мейірім төгіліп тұратын Ажар Қоспанқызының негізгі мақсаты – шәкірттеріне химияның қыр-сырын, құпия қырларын жете түсіндіру. Осы мақсатын іске асыру жолында атқарған істері жеткілікті. Білім, ғылым және техника саласындағы ерен еңбегімен елге танылған ардақты ұстаз, абзал ана, танымал ғалым, профессор Баешова Ажар Қоспанқызының өмірбаяны да жастарға үлгі боларлықтай. Ажар Қоспанқызы Солтүстік Қазақстан облысындағы Гордецк орта мектебін алтын медальмен бітіріп, 1974 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) химия факультетіне түскен. Осы университетте атақты ғалымдар Б.А.Бірімжанов, М.Т.Козловский, Н.Н.Нұрахметов сынды ұлағатты ұстаздардан дәріс алып, өзі де ғылым жолына түскен. Жоғары білім алған жас маман әйгілі академик Е.А. Бөкетовтің басшылығымен аспирантура бітіріп, кандидаттық диссертация қорғайды. Еңбек жолын академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде бастаған. Сол жылдары Бүкілодақтық өнертапқыштар қоғамы тарапынан «Өнертапқыштар мен рационализаторлар үздігі» деген марапаттауға ие болды. 1991 жылы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің шақыруымен рухани астана аталған көне Түркістанға аттанып, жаңа университеттің оқу, ғылым, білім ісін жолға қоюға тікелей араласып, көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Жаңадан ашылған университет қабырғасында доцент, профессор, кафедра меңгерушісі қызметтерін мінсіз атқарып, шығармашылық еңбегімен танылады. Үздіксіз ізденіс нәтижесінде 2002 жылы электрохимия саласы бойынша докторлық диссертациясын қорғап, еңбек жолын шәкірттерге терең білім берумен жалғайды. Университет ұжымының үлкен сенім артуы нәтижесінде экология факультетінің деканы қызметін атқарды. Университеттің оқу үрдісі мен ғылыми салаларының дамуы мен өркендеуіне өз үлесін қосады және осы университеттің Сенатының шешімімен ХҚТУ қайраткері атағына ие болады. 2003 жылы Ажар Қоспанқызы өмірлік жолдасы, профессор Әбдуәлі Баешұлы Баешовпен бірге Қазақстан Республикасының ғылым, білім және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ата¬ғына ие болды. Қос ғалымның еңбегіне баға беріп, сараптан өткізер тұста ұлы жазушы М.Әуезовтің «тартыспен түскен, бейнетпен келген жақсылық қана – шын мәнінде қымбат табыс» деген мәнді де, астарлы сөзі еске түседі.
2004 жылдан бері білімнің қара шаңырағы – өзі қанаттанып ұшқан, біліммен сусындаған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің химия факультетінің профессоры қызметін атқаруда. Ұлағатты ұстаздың салған даңғыл жолы – шәкірттерінің бойындағы білім нәрі болса керек. Бүгінгі таңда Ажар Қоспанқызының бастамасымен жасалып жатқан ізгі істер мен шаралардың саны мол. Химия және экология пәндерінен қазақ тілінде жазылған оқу құралдары осы күні студенттерді білім жолында жетелеуде. Студенттерді ғылымға баулу, білімге ынтасын арттыруда, тәрбие ісінде де шығармашылдық танытуда. А.Баешованың дайындаған студенттері ғылыми конференцияларда баяндамалар жасап, жүлделі орындарға ие болғанын да атап өту қажет деп ойлаймыз. 2010 жылы арқалы ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған поэзия кешін ұйымдастырып, студенттер арасынан атақты ақынның шығармаларын жатқа айтатын тұлғалар тауып, қызықты да мазмұнды іс-шара өткізуі де – бұл ұстаздың жан-жақты іскерлігін танытады. Ол кісінің жетекшілік етуімен 100-ден астам дипломдық жұмыс, 50-ден астам магистрлік, 4 кандидаттық диссертациялар қорғалып, ғылыми саладағы беделдері биіктей түсті. 2007 жылы өзінің ұстазы – ұлы ғалым, академик Е.А. Бөкетов атындағы сыйлықтың иегері атанса, 2008 жылы профессор Ажар Қоспанқызы ғылым саласында жеткен жетістіктерінің нәтижесінде Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, ал 2009 жылы ҚазҰУ-дың үздік оқытушысы атағын иеленді. Ғылыми, оқу-әдістемелік еңбектерінің, авторлық куәліктері мен патенттерінің жалпы саны – 400-ден астам. Қандай іске болмасын білегін сыбана кірісетін абзал жанның алда жетер белестері де, ашар жаңалықтары да көп екеніне күмән жоқ. Бүгінгі күні университет ұстаздарының арасындағы ғылыми бәсекелестіктің нәтижесін шығару кезінде факультет оқытушыларының алдыңғы қатарында жүруі де студенттерге өнеге.
22.12.2011 Раушан Әшкеева,Лейла Түгелбаева,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дiң жалпы және бейорганикалық
химия кафедрасының доценттерi, химия
ғылымдарының кандидаттары