КӨТЕРГЕН ПӘЛЕНБАЙ ПҰТ КІРДІҢ ТАСЫН

Еліміздің түкпір-түкпірінде елеусіз ғана жүрген азаматтар қаншама. Олар сол жергілікті аймақтың бетке ұстар әрі үлгі тұтар жандары. Сондай азаматтың бірі – Жаңақорған аудандық пошта байланыс торабының аға нұсқаушысы Серік Ибрагимов. Ол мемлекет алдындағы адал борышын өтей жүріп, салауатты өмір салтын берік ұстанғандығының арқасында кір тасын көтеруден бес дүркін Әлем чемпионы дәрежесіне қол жеткізген.

Әу баста Серік Ибрагимов пошта байланыс торабына 3-санаттағы электромонтер болып жұмысқа орналасады. Ал 1979 жылдан бері аудандық пош¬та байланыс торабында электромонтер, техник, аға электромеханик, диспетчер қызметін атқара жүріп, білімін де жетілдіре түседі. 1993 жылы пош¬та байланыс торабының шаруашылық бөлімінде еңбек еткен Серік Ауханұлы бүгінде аға нұсқаушы. Мұнымен қоса Кәсіподақ комитетіне төрағалық еткен ол спортпен шұғылдануды бір сәтке кейінге қалдырған емес. «Тәні саудың – жаны сау» демекші, Серік Ибрагимов науқастарға да тікелей көмегін көрсетіп, тұрақты түрде қан тапсыруды әдетке айналдырған. Ол 1980 жылдан бері 125 рет (100 литр) қан өткізген екен.

Серік Ауханұлы 2010 жылы 85 келі салмақтағы 50-54 жас ардагерлер арасында кір тасын көтеруден Мәскеу облысы Лухавица қаласында өткен Әлем, Еуропа, Ресей чемпионаты мен Халықаралық турниріне қатысып жеңіспен оралды. Ол Әлем, Ресей чемпионатының жүлдегері, Еуропа чемпионы, Жеңіс кубогының иегері атанды. Сондай-ақ М.Ломоносов атындағы Халықаралық турнирінің жеңімпазы. Осындай жоғары жетістікке қол жеткізген Серік Ибрагимов Жаңақорған ауданының экономикалық-әлеуметтік дамуына қосқан ерекше үлесі үшін «Ең үздік спортшы» атағына ие болып, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталған-ды. Ал ағымдағы жылдың 31 наурыз бен 4 сәуір аралығында 85 келі салмақтағы 50-54 жас ардагерлер арасында кір тасын көтеруден Беларусь мемлекеті Витебск қаласында өткен Әлем, Еуропа, ашық Ресей, Беларусь чемпионаттары және 4-Халықаралық турниріне қатысқан балуан тағы да жеңіс тұғырына көтерілді. Ол әдеттегідей Әлем, Еуропа чемпионы, М.Ломоносов атындағы 4-Халықаралық турнирінің жеңімпазы.

Иә, ел арасында дәл осы Серік Ибрагимов секілді аты беймәлім алып күш иелері баршылық. Өз күшін халықаралық аренада көрсетіп, бәсекелестері арасында орнын дәлелдеп қойған балуан бұдан да биік белестерге жетуден тайсалмайды. «Күш атасын танымас» деген сөз нағыз осы азаматқа бағытталып айтылса керек-ті.

22.12.2011

Әбу ТҰРҒАНБАЕВ

Қызылорда облысы,

Жаңақорған ауданы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button