Жаңалықтар

МЕТРОДА ЖЕҢІЛДІК ҚАРАСТЫРЫЛСА...

ашық дереккөзі

МЕТРОДА ЖЕҢІЛДІК ҚАРАСТЫРЫЛСА...

1980 жылы «Алматыда метро салынсын» деген Министрлер кеңесінің қаулысы шыққанда бір қуансақ, ал 1988 жылы «Алматыда метро құрылысы басталды» дегенде тағы бір қуандық. Бірақ сол аралықта талай өзгерістер мен қиыншылықтар орын алып, тіпті қаулы шығарған КСРО-ның өзі де о дүниелік болып кетіп, метро жұмысы «сақалды құрылысқа» айналып кетті. Өтпелі кезең басталған егемендігіміздің алғашқы жылдарында экономикалық қиыншылықтарды жеңумен уақыт өтті. Етек-жеңімізді жиған соң, 2005 жылы «2010 жылға дейін Алматы қаласын дамыту бағдарламасы» қабылданғаннан бас¬тап метро құрылысы қарқынды қолға алынды. Негізгі жұмыс та осы кезден басталды. Одан кейінгі дағдарысқа қарамай, қаулы қабылданғанға 31 жыл, «басталды» дегенге 23 жыл толғанда метро халықтың игілігіне айналды-ау. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына тамаша тарту болып, 2011 жылдың 1 желтоқсанында іске қосылды. Ел қуанышты! Бұл – тек алматылықтардың ғана емес, Қазақстан халқының қуанышы. Себебі біз дүниежүзінің метросы бар 40 елінің қатарына қосылдық. Метро салу – мемлекеттің әл-ауқатын, қуаттылығын көрсетеді.

Өзім Абай даңғылы мен Жароков көшелерінің қиылысына таяу тұратындықтан, «метро салынады» деген «М» әрпі бар қоршау орнатылғаннан бастап, оның құрылысы көз алдымнан өтті десем де болады. Аялдамаға бару үшін 23 жыл бойы осы қоршауды айналып өтіп жүрдік. «Жақсыны көрмекке» демей ме?! 2 желтоқсан күні ел қатарлы бала-шағам мен немерелерімді ертіп, жеті бекеттің әрқайсысына түсіп, көріп шықтық. Ең қарапайымы «Алатау» бекеті екен. Қалған бекеттер өз атауына сай ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен, тарихи композициялармен әдемі әрлендіріліпті. Әр бекет қазақ халқының салт-санасынан, дәстүрінен, тарихынан хабар беріп тұр. Бұл – жастарға үлгі. Келесі салынар бекеттер де осылай әрленсе жақсы болар еді. Мәскеу метросының бекеттеріне қарағанда әлдеқайда тартымды. Вагондардың да қауіпсіздігі мен жайлылығы көңілден шықты. «Алатау» бекетінен «Райымбек батыр» атындағы бекетке дейін, яғни бір басынан екінші басына 15 минутта келіп жеттік. Ал автобуспен жүрсең кемінде бір сағат кетер еді. Демек уақыт төрт есе үнемделді деген сөз. Уақыттың өзін ретімен пайдалануға тырысып жүрген мына заманда бұл үлкен пайда. Қаламыздың экологиялық ахуалының жақсаруына үлес қосатын метромыз халқымыздың игілігіне қызмет етсін.

Келесі кезек батыс және солтүстік желілерін салу. 2017 жылға дейін батыс желісі «Қалқаманға», солтүстігі «1-Алматы» теміржол вокзалына жетуі керек. Экономикалық әл-ауқатымыз дәл бүгінгідей артып отырса, бұл жоспар да орындалады деп үміттенеміз. Ал жалпы екінші желі аяқталған соң, түбінде батыс бағытты Қаскелеңге, солтүстікті Қапшағай қаласына жеткізген абзал. Бұл келешектің ісі. Метро құрылысы қаладан бір шығып алса әрі жердің үстімен жүргізілсе әрі арзан, әрі тез болар еді.

Қай қаланың метросында болсын, халықтың өзі сақтанатын бір жағдай бар. Рельсте жоғары кернеулі тоқ жүреді. Құдай сақтасын, абайсызда рельске құлап кетсең түгің қалмай күйіп кетесің. Сондықтан вагондар келгенше белгіленген сызықтан аспай, жолға таямай тұрған дұрыс. Әсіресе жас балалар мен «жүз грамм» тартып алып жүретіндерге сақ болу керек. Алла да «Сақтансаң сақтаймын» дейді ғой. Метрода сақ жүрейік, ағайын!

Метрода жүру үшін алдымен кассадан жетон алады екенсіз. Ал жетонды дәл берер кезде магниттеп отырады екен. Бұл біраз уақытты алады. Әсіресе, таңертеңгі және кешкілік қарбалас уақытта кезек пайда болады. Ұзын-сонар кезек сенбі, жексенбі күндері байқалды. Бұл халыққа ыңғайсыздық тудыруы мүмкін. Мүмкіндік болса автобустағыдай ақшаны тікелей валидаторға салған дұрыс болар еді. Тағы бір ескеретін жағдай, бекеттерге орындықтар қойылмапты. Вагондар келгенше қариялар мен мүгедектер, жас балалар отыратын орындықтар болғаны дұрыс. Сол сияқты қоқыс жәшігін де қойған артықтық етпейді. Жол жүру 7 жасқа дейінгі балаларға тегін. Бірақ зейнеткерлер мен мүгедектерге жеңілдік жоқ екен. Қазірше басқа кемшілігі жоқ сияқты. Метроның іске қосылуы жұмыс орнының ашылуына да септігін тигізгені мәлім. КСРО кезінде жұрт «пәленбай зауытта, түгенбай фабрикада жұмыс істеймін» деп үлкен өндіріс орындарын атаушы еді. Енді егемен Қазақстанда «метрода жұмыс істеймін» деп мақтан тұтатындар көбейетін болар. Метрода он шақты, жүз шақты емес, мыңдаған халық жұмыс істейтін болады. Метро ұзарған сайын жұмысшылар да көбейе береді.

Алматымыз метролы қала болды. Метромызды бағалай білейік, сақтай білейік. Құтты болсын!

22.12.2011

Назрахмет ҚАЛИ,

зейнеткер

Алматы қаласы