Жаңалықтар

КЕДЕЙЛIКТIҢ ӨЛШЕМI ҚАНДАЙ?

ашық дереккөзі

КЕДЕЙЛIКТIҢ ӨЛШЕМI ҚАНДАЙ?

Оңтүстік Азияда (Үндістан, Бангладеш т.б.) 500 миллион кедей болса, «қара құрлықта» (солтүстіктегі араб елдерінен бөлек) ондайлардың саны 300 миллионнан асады. Латын Америкасында да кедейлер өте көп. Есесіне дүние жүзінің дамыған елдерінің (АҚШ, Канада, Батыс Еуропа, Жапония т.б.) құрамына енетін бір миллиардтай адамдар әлемдегі кірістің 60 пайызына ие. БҰҰ-нің есептеуінше, бір күнгі табысы екі доллардан аспайтын жан – кедей санатында. Көрші Ресейдің де шекесі шылқып тұрған жоқ. Тек ресми мәліметтер бойынша, бұл ел тұрғындарының 25 пайызы кедейлер екен. Ал біздің елімізде қанша кедей барлығынан хабардар емеспіз. Біз білетін ресми мәлімет бойынша Отанымыздағы ең төменгі күнкөріс мөлшері әзірге (көрсеткіш нақты жағдайға орай тоқсан сайын өзгеріп отырады) 16298 теңге. Облыс бойынша (әр өңірдің ерекшелігіне байланысты) 16178 теңге. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім бастығы Мирагүл Дүйсекешовадан алынған мәліметке қарағанда, 1 қарашаға шаққандағы есеп бойынша біздегі кедейге жатқызылған 1546 отбасында 6329 адам бар. Мирагүл Жеңісқызының сенімді пікіріне құлақ түрсек, қазір кедейлер облыс халқының тек бір-ақ пайызын құрайды, әрі олардың саны жылдан жылға азайып келеді. Несі бар, оған да шүкір.

КІМГЕ – КӨМЕК,

КІМГЕ – ҚАМШЫЛАУ…

Ізгілік мұраттарына сай, БҰҰ-ы 2000 жылдан бері сан бағыттағы, кедейлікті жою және мұқтаждық аясында қалған жандарға мақсатты көмек көрсету жолында бірнеше бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Әрине онан бұрын да талай жұмыстар тындырылған. Халықаралық ұйымның үндеуі бойынша АҚШ, Канада, Батыс Еуропа және Жапония сынды бай елдер осы мақсатқа мол қаржы бөліп, миллиондаған адамдарды ауру мен ажалдан сақтап қалды. Тіпті төрткүл дүниенің танымал тұлғалары, марқұм әлемдік боксшы Мұхаммед Әли, ізгілікті марқұм Тереза ана, актер (көзі тірі) Джекки Чан және басқалары қалтасынан ақша шығарып, ортақ іске лайықты үлестерін қосты. Әлі де адами парызынан жеріне қоймаған атақтылар аз емес.

Елбасымыз Н.Назарбаев және Қазақстан Республикасының Үкіметі кедейлік сияқты күрделі әлеуметтік мәселені қашанда басты назарында ұстайды. Бұған дейін де, қазір де жүзеге асырылып жатқан және жарасымды жалғасын табатын «Жол картасы», «Жастар машығы» және басқа кең көлемді әлеуметтік бағдарламалар ең бірінші кезекте халықты, соның ішінде өмір жолын енді бастаған жас ұрпақты кедейлікке ұрындырмауды көздеп отыр. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандар мен әлеуметтік қамқорлыққа айрықша мұқтаж адамдарға мемлекетпен бірге кәсіпкерлер де қол ұшын созуда. Мақсат – тек ізгілік мұратында ғана емес, сонымен бірге тақыр кедейліктен туындайтын әлеуметтік-саяси дүмпулердің алдын алу немесе жол бермеу. Өйткені адам қаны аяусыз төгілетін төңкерістің ешкімге керегі жоқ. Соның ішінде кедейлердің өзіне де. Сірә, ұлы қолбасшы Наполеон Бонопарт былай деп бекер айтпаса керек: «Төңкерісті данышпандар даярлайды да, табандылар(фанатик) жүзеге асырады, ал қызығын пасықтар көреді». Тағы бір қосарымыз, американдық Рокфеллердің мынадай тамаша пікірі бар: «Жеке меншік үйі мен көлігі бар кісі төңкеріске мұқтаж емес».

Енді көмектен қамшылауға көшсек. Шыны керек, кедейдің де кедейі бар. Бұрын қазақта тақыр кедей сирек ұшырасты. Өйткені «У ішсең – руыңмен» деген, қауым болып, жеке-жеке ауылда өмір сүрген ата-бабалар қандастарын қаңғыртпапты. Сөз жоқ, «жауыз байлар мүлдем болмады» деуден аулақпыз. Дегенмен, қазақты бай мен кедейге бөліп, еуропалық және көршідегі «тап күресін» зорлап таңған–негізсіз коммунистік идеология. Нәтижесінде қазақтың басым көпшілігі мемлекетке алақан жайған, шөп басын сындырмайтын, иманнан жұрдай, дау-далабаға үйір кедейлердің тобырына айналды. Тіпті заман өзгерсе де, санасы сол күйінде қатып қалғандар әлі де бар.

Үнді мен зәңгі кедей болса, оның себебі тайға таңба басқандай. Халық тым көп, табиғи жадығаттар жұтаң, табиғаты қасаң. Ал біздің кейбір қандастардың кедейлігі кейде өзінен. Банктен несие алып, 37 жасын тойлайтын немесе баласы үйленіп не қызы ұзатылса, 300-500 адам шақырып, қолда барды шашатын пенде қалай кедейленбейді? Ата-бабамыздың «Қолда барды қорғап бақ!» дегені қайда?

ДІНИ ІЗГІЛІК БОЙЫНША

Әлемдік діндердің қай-қайсысы да кедейге көмек беруді, «Ол да сенің бауырың» деп, мұқтаж жандарға қол ұшын созуды уағыздайды, соған шақырады. Бұл тұрғыдан алғанда, қасиетті ислам мен христиандықтың православие тармағының ұстанымдары мейлінше жақын және ұқсас. Ал протестанттықта «Құдай кедейді сүймейді» деген түсінік бар. Нақты мысалдарға жүгінсек. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистерінде былай делінген: «Жәрдем немесе садақа беруді ең әуелі өзіңнен баста. Артылғаның болса, отбасыңды жарылқа. Тағы бірдеңең артылып қалса, ағайын-туыстарыңа бер. Олардан да артылып жатса, басқаларға бер». «Ашыққанға ауқат беріңдер, аурудың көңілін сұраңдар». «Өзің тоқ отырып, көршің ашықса, менің үмбетімнен емессің». Қандай ізгілікке, бауырмалдыққа бағыштаған сөздер десеңізші! Әдетте, жиі ашығатын да, ауыратын да–тұрмысы төмендер ғой. Керек десеңіз, бір өсиетінде пайғамбарымыз кедейліктің мыңнан бір себебін де көрсете кеткен: «Зинақорлық кедейлікке ұшыратады». Сөйте тұра, Алланың елшісі кедейлерге тәкаппарлықпен және өшпенділікпен қарауды қатаң айыптайды. Себебі бүгін шылқыған байдың күні ертең тақыр кедей болып қалуы оп-оңай. Осындайда «Түрмені көрмеймін, арқама дорба аспаймын деп ойлама» дегенге саятын орыс көршіміздің даналық сөзі өте үйлесімді. Зекет пен садақа да–кедейлерге көмектің жария да жанға батпайтын түрлерінен саналады. Әсіресе Құрбан айт кезінде ізгілік шараларының мұқтаж жандарға пайдасы ұшан-теңіз. Бірі байып қалады, бірі тойып қалады.

Орыс көршіміздің «Кедейлік – күнә емес» деген сөзі бар. Рас, бірақ оны жақсылыққа жатқызу да қиын. Ол да сірә, әркімнің маңдайына жазылған жазмыштан шығар. Алайда соны ешкімнің басына салмасын делік…

22.12.2011

Серiк ЫҚСАНҒАЛИ