Жаңалықтар

ШЕКАРАСЫ КЕҢІГЕН ШЕНГЕН

ашық дереккөзі

ШЕКАРАСЫ КЕҢІГЕН ШЕНГЕН

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Кәрi құрлықты аралағысы келгендерге қосымша мүмкiндiк – Шенгендiк виза шеңберi тағы бiр елге кеңiдi. Шенген аймағындағы 25 елдiң тiзiмiне ендi Лихтенштейн қосылды.

Үстіміздің жылдың 19 желтоқсанынан бастап Шенгендік аймаққа мүше елдер тізіміндегі 25 ел қатарына Лихтенштейн қосылды. Кәрі құрлықтағы Австрия және Швейцариямен шектесетін Лихтенштейн – Орталық Еуропадағы шағын мемлекет. Атауы Лихтенштейндер әулетінен басталатын бұл елдің астанасы – Вадуц, мемлекеттік құрылым түрі – конституциялық монархия. Княздік топырағына аяқ басатын туристер енді визалық талаптарды өтеу машақатынан құтылғанмен, әуежайда шенгендік визамен бірге төлқұжаттық тексеруден өтуі тиіс. Негізі Лихтенштейннің Шенген аймағына мүшелікке өтуіне 2009 жылы Германия мен Швеция қарсы болған еді. Аталған екі елдің «Лихтенштейн салықтан жалтару мәселесінде заңсыздықтарға ұрынады» деген айып таққандықтан, Шенгенге мүше болу ұсынысы 2011 жылдың желтоқсанына дейін созылды. Аймақ құрамына ену кезегі енді Хорватияда. Ал Болгария, Румыния мен Ресейдің ұсынысы әзір қабылданған жоқ. Батыс пен Шығыс Еуропаны жалғастырған шенгендiк виза Орталық Еуропаның баяғыдай қайта күшеюiне ықпал етпек. Алайда саясаткерлердiң кейбiрi шекаралық бақылаудың алынып тастауының кесiрiнен Еуроодақ шеңберiндегi қылмыс пен заңсыз еңбек мигранттарының саны бірнеше есеге дейін көбейедi деп қауiптенеді. Өйткенi Еуропарламент қабылдаған құжаттың арқасында 400 миллион адам 4278 шақырымға созылып жатқан батыстық 24 мемлекеттi ешқандай құжатсыз, тергеу, тексерусiз еркiн аралауға мүмкiндiк алды. Әлбетте, Шенгендiк виза кәрi құрлыққа саяхат жасауға құмар Қазақстан азаматтары үшiн де тиiмдi. Сонымен, Шенген аймағы, шенгендiк виза дегенiмiз не? 1985 жылы маусымда Люксембургте Еуропалық Одақтың 7 мемлекетi – Бельгия, Франция, Германия, Люксембург, Испания, Португалия Нидерланды өз шекараларындағы төлқұжаттық тексеру шарасын жою туралы келiсiмге қол қойды. Сәл уақыттан кейiн оларға Австрия, Дания, Греция, Швеция, Финляндия, Италия, Исландия мен Норвегия қосылды. Үстiмiздегi жылдың күзiнде Еуропалық Одақтың Сыртқы iстер министрлiгi 9 мемлекеттi (Эстония, Латвия, Литва, Венгрия, Польша, Чехия, Словакия, Словения мен Мальта) шенгендiк аймаққа енгiзу туралы мәселе көтерiп, оны Еуропарламент қолдады. Швейцария шенгендiк визаны 2008 жылдың қарашасында енгiзбек. Қазiргi кезде Румыния, Болгария, Кипр, Ирландия мен Ұлыбритания Шенген аймағынан тысқары отыр. Ал кешегi өзгертулерден кейiн кәрi құрлық кеңiстiгiн 24 елдiң 400 миллион азаматы кедергiсiз аралайтын болды. Еуроодақтың iшкi шекарасын бақылауға мiндеттi Frontex агенттiгi Гаагадағы Еурополмен бiрге шекаралық күзет, мемлекеттер арасындағы үйлестiру мен кiрмелердi еңбекпен қамтамасыз ететiн иммигранттар жүйесiне тексеру жұмыстарын тез арада қолға алуды көздейдi.

Португалиядан Эстонияға дейiн және атланттық жағалаудан Украина шекарасына дейiн созылып жатқан 4278 шақырым аумақты қатаң бақылап, ақпараттар жүйесiндегi адамдарға, қару-жарақ пен автокөлiкке қатысты деректердi жиi жаңалап отыру да маңызды. Себебi, бүгiнде 22 миллион адам iздеуде жүр. Олардың бiрi iз-түзсiз жоғалып кетсе, ендi бiрiне Еуропаға енуге рұқсат жоқ. 2009 жылдың шiлдесiнде Шенгендiк келiсiмге қол қойған елдер арасында қабылданған Кодекстiң талаптарына сәйкес, 2010 жылдың 5 сәуiрiнен бастап, шенгендiк визаның «транзиттiк» деп аталатын «Б» категориясы алынып тасталды. Жаңа заңда визалық құжаттарды беру мен дайындау тәртiбiне де бiрқатар өзгерiстер енгiзiлдi. Мысалы анкетадағы сурет соңғы алты ай iшiнде түсiрiлген болуы тиiс, ал шетелдiк төлқұжат 10 жылдық мерзiммен шектелуi шарт. Айтпақшы, бұл визаның құны қазақстандықтар үшiн бұрынғы деңгейде, яғни 60 еуро көлемiнде қалды. Бұдан былай, шенгендiк аймаққа бiрнеше рет сапар шеккен шетелдiктер мiндеттi сақтандыру декларациясын әрбiр сапар үшiн жеке толтырмайтын болды. Өйткенi ол құжат визалық анкетаға бөлек бөлiм ретiнде тiркелмек. Сонымен қатар кәрi құрлықта қаржылық тұрғыда ешқандай қиындықтар туындамайтынын ресми түрде растауы тиiс. Жаңа визалық кодекс 90 күнге созылатын қысқа мерзiмдiк визаны 180 күннiң iшiнде бередi. Бүгінде Ватикан, Кипр мен Швейцария да шенгендiк визаны қабылдауға қарсы емес. Дания 1997 жылы Шенгендiк хаттамаға бекiтiлген Амстердамдық келiсiмге сәйкес, ерекше мәртебеге ие. Бұл құжат Дания аймаққа мүшелiкке өтпесе де, шенгендiк серiктестiк ауқымында кеңiрек әрi еркiн әрекет етуге мүмкiндiк бередi. Өткен жексенбiде АҚШ пен Еуропалық Одақ арасындағы «Ашық аспан» туралы келiсiм де күшiне ендi. Американдық және еуропалық ұшақтар Батыс пен АҚШ-тың кез келген қаласынан тiкелей жол тартуға құқылы.

Iшкi шекаралық талаптардың алынып тасталынуы 130 мемлекет азаматтарына (олардың арасында Қазақстан да бар) Шенгендiк визаның берiлу тәртiптерiн жеңiлдеттi. Шенгендiк визаның түрлерi бiрнеше: А категориялы виза – визада көрсетiлген мерзiм iшiнде бiр рет, екi рет немесе бiрнеше рет транзиттiк әуежай аймағында болуға және транзиттiк аймақ шеңберiнен шықпауға мiндеттейдi. В категориялы виза – рұхсат етiлген мерзiм iшiнде шенгендiк аймақ арқылы үшiншi бiр мемлекетке бiр, екi немесе бiрнеше рет өтуге болады. Ескеретiн жайт, визаның мұндай түрiне ие жолаушы шенгендiк аймақта 5 күннен артық бола алмайды. С1 категориялы виза – Шенгендiк келiсiмге қол қойған мемлекеттерге бiр, екi немесе бiрнеше рет енуге мүмкiндiк бередi. Мерзiм ұзақтығы 30 күннен жарты жылға дейiн. С2 категориялы виза – 31 күннен 90 күнге дейiн Шенгендiк аймақта бiр, екi немесе бiрнеше рет келуге жағдай жасайды. С3 категориялы виза Шенген ережелерiн қабылдаған елдерде 90 күнге дейiн өмiр сүруге рұхсат бередi және визаның заңдық күшi 1 жылға дейiн берiледi. С4 категориялы виза 3 ай (90 күн) уақыт аралығында бiрнеше рет сапар шегуге мүмкiндiк бередi. Сонымен қатар визаның мерзiмi 1 жыл, екi немесе 5 жылға дейiн созылады. А, В және С1 категориялы визалар 5 адамнан 50 адамға дейiнгi топтарға бiрге берiледi.* Шенгендiк келiсiмге қол қойған 26 мемлекеттiң арасында кедендiк және шекаралық бақылау жоқ;* Шенген аймағындағы кез келген елге кiру және шығу ережелерi ортақ;

* Құқық қорғау органдары қызметкерлерi шекарааралық қылмыстарға қарсы күресте ынтымақтаса отырып, әрекет етедi;

* Бiртұтас экстрадициялық ережелер енгiзiп, визалар мен шекаралардан өту туралы деректер (SISNET) құрылды.

22.12.2011