ОҢТҮСТІКТЕ ЖАНАРМАЙ ЖЕТІСПЕЙ ТҰР

ОҢТҮСТІКТЕ ЖАНАРМАЙ ЖЕТІСПЕЙ ТҰР

ОҢТҮСТІКТЕ ЖАНАРМАЙ ЖЕТІСПЕЙ ТҰР
ашық дереккөзі

Жуырда Үкiмет отырысында Мұнай және газ министрi Сауат Мыңбаев желтоқсан айында жанар-жағармай бағасы бұрынғы күйiнде, оның iшiнде «Аи-92» бензинiнiң литрi 106 теңге болып қалатынын мәлiмдеп едi. Дәл қазiр Оңтүстiк Қазақстан облысындағы, әсiресе Шымкент қаласындағы көлiк жүргiзушiлерi бензиндi 106 теңге емес, 150 теңгеден саудаласаң да таласа-тармаса алып қояды. Өйткенi облыста бензин тапшылығы қатты байқалуда. Соның салдарынан облыстағы 126 жанармай бекетiнiң 80-i ғана жұмыс iстеп тұр. Жұмыс iстеп тұрған бекеттердiң өзiнде де ең өтiмдi «Аи-92» маркалы бензинi талонмен берiлiп жатыр. Жергiлiктi атқарушы билiк жанармай нарығындағы бензин тапшылығын бiр-екi күнде шешуге уәде етiп едi. Бiрақ одан берi екi апта уақыт өттi. Бензин iздеп сабылғандардың қатары әзiрге азаяр емес.

Мамандардың айтуынша, облысқа айына 8 мың 300 тонна бензин қажет екен. Бұл қажеттіліктің 90 пайызға жуығын Шымкент мұнай өңдеу зауыты, қалғанын Павлодар мен Атыраудағы мұнай өңдеу зауыттары қанағаттандырып келген. «Петро Казахстан Ойл Продактс» компаниясына қарасты Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты 19 қазаннан бастап күрделі жөндеуге байланысты тоқтатылған еді. Жыл сайын қоңыр күзде болатын жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу Мұнай және газ министрлігімен алдын ала келісілген екен. 19 қарашада ол қайта іске қосылуы тиіс еді.

– Алайда зауыт күрделі жөндеуден кейін әлі де жұмысына кірісе алмай отыр. Зауыт Мұнай және газ министрлігінің бекіткен кестесіне сәйкес облыстағы бес компанияға жанармай беруі тиіс болатын. Алайда келісім-шарттағы жанармай бүгінге дейін берілген жоқ, – дейді облыстағы жанармай қауымдастығының президенті Қайыпбек Қамбаров. Оның бұл сөзін өңірде жуырда құрылған «Ынтымақ» тәуелсіз жанармай таратушылар қауымдастығының директоры Арыстанбек Жұмабек те растады.

– Зауыт қарашада бензин бермеді. Осыған байланысты кәсіпорын басшыларына хат жазып, жауап алғанбыз. «Бензин бір-екі күнде беріледі» деп уәде еткен. Бірақ ол уәденің әзірге орындалар түрі көрінбейді. Дәл қазір бензин тапшылығы Шымкентте қатты байқалып тұр. Егер осылай жалғаса берсе бірер күнде аудан-қалалардағы бекеттер де жұмысын тоқтатады. Өйткені бензин қоры таусылуға айналды, – дейді ол.

Шымкент мұнай өңдеу зауытының толыққанды жұмыс істемеуі кәсіпорында болған ақауға байланысты. Қырғызстанның Тоқтағұл ГЭС-iндегi апатты жағдайдың салдарынан 45 минут бойы электр қуаты болмай, мұнай өңдеу кәсiпорнының ендi ғана iске қосылған тораптары бұзылған. Жуырда кәсіпорынға облыс әкiмiнiң орынбасары Ерлан Айтахановтың өзі арнайы барып көрді. Мамандардың айтуынша, кәсіпорында электр қуатының болмауы бiр емес төрт сағатқа созылғанда зауыт келесi жылдың сәуiрiне дейiн тоқтап қалуы мүмкін екен. Қазiргi кезде жағдай реттелiп келедi. Бұл жұмыс толығымен облыс әкiмдiгiнiң бақылауына алыныпты.

Облысқа Павлодар мұнай-химия зауы¬ты¬ның бензинін саудалайтын «Гелиос» бекеттерiнде тек «Аи-80» мен дизель отынын ғана сатып алуға болады. Ал, ең көп қолданылатын «Аи-92» жанармайы тек талон арқылы ғана босатылуда. Ал талонды олар өздерінің тұрақты клиенттеріне ғана береді, жаңа тұтынушылармен келісім-шарт жасамай отыр. «Гелиостан» қазір жанармайды қолма-қол ақшаға таңертеңгі 6 мен 9-дың арасында ғана сатып алуға болады. Нарыққа Ресей мұнай өңдей зауыттарының бензинін сататын «Газпромнефть Қазақстан» ЖШС-iнде де дизель отынынан басқа жанармай жоқ. Бір қызығы, өткен аптада бензин тапшылығы байқала салысымен Шымкенттегі кейбір бекеттер «Аи-95» бензинін сата бастады. Бағасы бір бекетте 120 теңге, ал кейбір бекеттерде 140 теңге. Бағаның әр бекетте әртүрлі екенін түсіне алмадық. Ал бензин сапасының қаншалықты талапқа жауап бере алатыны белгісіз. Өйткені оны тексеріп жатқан ешкім жоқ.

Апта басында «ПетроКазахстан Ойл Продактс» компаниясының техникалық директоры Сергей Пилипеко Шымкент мұнай өңдеу зауыты желтоқсанның алғашқы онкүндігінде толығымен іске қосылатынын мәлім етті.

22.12.2011

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ