Жаңалықтар

АСТАНА– АРМАН ҚАЛА

ашық дереккөзі

АСТАНА– АРМАН ҚАЛА

Астанадағы алқызыл апорт

Алматының апорты елордаға ерекше сән беруде. Өткен аптаның сенбісінде елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов Астананың ескі орталық алаңында ашылған Алматы облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін аралап көрді.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Тынышбай Досымбеков қала басшысын жәрмеңке жайынан хабардар етті. Облыс әкімінің айтуына қарағанда, биылғы жәрмеңкеге Алматы облысының 16 ауданы мен 3 қаласы қатысып отыр.

Тынышбай Досымбеков жәрмеңкеге қатысушы аудандардың арасында Қаратал, Сарқан, Ескелді, Райымбек, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл, Ұйғыр, Іле, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Ақсу, Талғар аудандары, сондай-ақ Талдықорған, Текелі мен Қапшағай қалалары бар екендігін айтты. «Осы жолы біз 130 млн. теңгеге 398 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін алып келдік. Астанамен салыстырғанда бағасы 10-30 пайызға арзан», – деді облыс әкімінің орынбасары Тынышбай Досымбеков мырза.

Жәрмеңкеден соң Астана қаласының әкімі Иманғали Нұрғалиұлы «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тіккен киіз үйде болып, Жетісу өңірінен келген өнімдерден дәм татты.

«Түркі әлемі» түсінігін қалыптастырған Елорда

Жуырда елорда төрінде ТҮРІКСОЙ-ға мүше елдердің ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиялары мен Комитеттерінің Үшінші кеңесі өтті. Кеңес барысында ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы Кластерлік бюросының басшысы Сергей Лазарев Қорғалжын қорығына ЮНЕСКО биосфералық резерваты мәртебесі берілгендігін атап өтіп, ол мәртебені қорық директоры Мұрат Айтжановқа табыс етті.

Бұл шараның Қазақстан үшін аса маңызы жоғары екенін айтады ЮНЕСКО және ИНЕСКО істері жөніндегі Қазақстан Республикасы Ұлттық комиссиясының басшысы Иманғали Тасмағамбетов. Яғни ЮНЕСКО-ның «Адам және Биосфера» комитеті форматында ынтымақтастық біздің елімізде енді бастау алып жатқанына қала басшысы айрықша назар аударды.

Астана қаласының әкімі Иманғали Нұрғалиұлы өз сөзінде: «…ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламалық комитеті аясында биос­фералық резер­ваттардың Дүниежүзілік же­лісіне номинациялар дайындаудағы тә­жіри­белермен алмасуы да аса маңызды. Биылғы шілде айында осы ті­зім­ге алғашқы қазақстандық биорезерват ре­тінде Қор­ғалжын қорығы енгізілді. Қазақ-Ресей шекарасында трансшека­ра­лық «Алтай» резер­ватын құру мәселесі де өзекті», – деді.

Ұлттық комиссия басшысы кеңес барысында жиынға жиналғандардың назарын Ұлттық комиссияның өзге де маңызды бастамаларына аударды. Ол: «Түркі мәдениетін ЮНЕС­КО-да ілгерілетудің бірлескен стратегиясын әзірлеу­мен қатар, бізге қазір түркі әлемінің материа­лық және материалдық емес мәдени, табиғи және құжатты мұралары­ның реестрін реттеу өте маңызды», – деді төраға. «Қазір орталықазия­лық елдер тарапы­нан «Дүниежүзілік мұралар» тізі­міне екі транс­ше­каралық номинация әзірлеу жұ­мыстары жүр­гізілуде. Бұлар – «Ұлы Жібек жолы­ның ес­керт­кіштері» және «Батыс Тянь-Шань». Оның сыртында Қазақстан мен Қыр­ғыз­­стан арасында адамзаттың материалдық емес мұраларының Репрезентативтік тізі­мі­не «Айтыс» пен «Киіз үйді» қосу үшін бір­­лескен өтінім беру турасында уағдалас­тық бар. Осы тізім­ге кіріп қойған «Наурыз» жә­не «Сұңқармен саятшылыққа» байла­ныс­ты көпұлтты өтінімге Қазақстанның да қосылуын көздейтін үдеріс басталды», – дегенді тілге тиек етті.

Сондай-ақ кеңес кезінде Иманғали Тасмағамбетов түркітілдес елдер мен өңірлердің ғылыми тобының өкілдерін осы орталық жұмысына белсенді қатысуға және үстіміздегі жылдың 10-11 қазаны күндері Астана қаласындағы Еуразия университетінде өтетін «Л.Н. Гумилев мұралары және қазіргі заманғы еуразиялық интеграция» тақырыбында өтетін ғылыми форумға қатысуға шақырды.

«Белгілі түрколог ғалым Л.Н. Гумилевтің туғанына 100 жыл толуына арналған шараның түркі әлемі үшін маңызы зор болмақ, – деген Иманғали Нұрғалиұлы ғалымның баға жетпес еңбегінің арқасында жаһан түркі әлемі туралы, оның халқы мен мәдениеті туралы білгенін баса айтты. Бұл шараны ТҮРІКСОЙ шеңберінде атап өту ерекше маңызды екендігін тілге тиек етті.

Ұлттық комиссияның төрағасы білім саласындағы ынтымақтастың үлкен әлеуетін, әсіресе, ЮНЕСКО-мен қауымдасқан мектеп, кафедра, клубтарды дамыту Ұйымының Бас хатшысы Ирина Бокова тарапынан жоғары бағаға ие болғандығын атап өтті.

Ұлттық комиссия төрағасы өз сөзінде ТҮРІКСОЙ ұйымы мүшелерінің ЮНЕСКО істері жөніндегі Комитеті мен Ұлттық комиссиясы кеңесінің отырысы бүгінде үлкен Құрылтай санатындағы жиынға айналғандығын айтты.

«Бұған дейін осы құрамдағы түркітілдес мемлекеттер арасындағы басқосу 2010 жылы Анкарада, 2011 жылы Қазан қаласында өткізілген болатын. Бұл жолғы жиын биылғы жылы ғана «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесіне ие болған, түркітілдес мемлекеттер арасындағы ең жас елорда – Астана төрінде ұйымдастырылып отыр», – деді кеңес басшысы.

Рухани жағынан жақындастырушы екі ха­лық­аралық ұйым – ЮНЕСКО мен ТҮРІКСОЙ-дың рөлі турасында Иманғали Тасмағамбетов Қа­зақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­­тың ТҮРІКСОЙ аясындағы ынтымақ­тас­тықты дамытуға ерекше көңіл бөлетін­дігін, осы жылдың тамызында Бішкекте Түркітілдес мемлекеттер кеңесінің саммитінде Қазақстан Президенті «түркі әлемі» түсінігін қалып­тастыру жұмыстарының ерекше маңыздылығына тоқталғандығын да айта кетті.

Ханой да бізге бауырлас

Жуырда Астанаға іссапармен Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті Чыонг Тан Шанг мырза келген болатын. Осы іссапар кезінде Қазақстан мен Вьетнам астаналары бауырлас қала атанды. Екі қаланың әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Ханой қаласы Халық комитетінің төрағасы Нгуен Тхе Тхао мырза Астана мен Ханойдың ықтымақтастықтың жаңа сатысына көтерілетініне сенімді.

10 қыркүйек күні Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың Астанаға іссапармен келген Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті Чыонг Тан Шангпен келіссөздері кезінде Астана мен Ханой қалалары арасындағы бауырластық қатынастарды орнату туралы Меморандумға қол қойылған болатын.

Кездесу кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан Вьетнамды Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды стратегиялық серіктес ретінде қарастырады. Менің өткен жылғы Вьетнамға сапарым және Сіздің Қазақстанға алғашқы сапарыңыз екіжақты қарым-қатынастарды кеңейту және тереңдету үшін ерекше қолайлы жағдай жасайды. Біздің елдеріміздің экономикалық ынтымақтастығы әзірше бастапқы кезеңінде тұр. Соңғы бір-бір жарым жыл ішінде өсу үрдісі байқалуда. Қазір Қазақстанда Вьетнам мәдениетінің күндері өтуінің маңызы зор, сондай-ақ Астана мен Ханой қалалары арасында туыстық қатынастар орнығуда. Бұл біздің халықтарымызды жақындата түседі, сондай-ақ экономикалық және сая­си ынтымақтастығымызды кеңейтуге септігін тигізеді», – деген еді. Бауырлас қала атанған Астана мен Ханойдың ынтымақтастығын дамыту мәселелері төңірегінде Иманғали Тасмағамбетов пен Нгуен Тхе Тхао мырза кездесу барысында кеңінен әңгіме қозғады. Кездесу кезінде қала басшысы: «Кеше біз өздеріңізбен қалаларымыз арасында келісімге қол қойып, бауырлас атандық. Бұл құжат біздердің белсенді ынтымақтастығымыз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Еліміздің президенттері өзара ынтымақтастығымызды кеңейте түсетін достық, ынтымақтастық қатынастармыз бен іс-қимыл бағыттарымызды айқындап берді», – деген қала басшысы, әрі бізге Вьетнаммен ынтымақтастықта болудың өте қызықты екендігін де айта кетті. «Бүгінде ол бастапқы кезеңде тұр. Қаланың Вьетнаммен сыртқы сауда айналымы қазіргі таңда 600 мың АҚШ долларын құрайды. Сіздің сапарыңыздан кейін, осынау бауырластық байланыстан кейін тығыз-қарым қатынас үшін біздерге жаңа мүмкіндіктер ашылатындығына сенімім мол», – дейді Иманғали Нұрғалиұлы.

Астана қаласының әкімі Вьетнамда жеңіл өнеркәсіп жақсы дамығандығын, Астананың іскерлік серіктестікті дамыту және бірлескен жобаларды, әсіресе тоқыма саласындағы жобаларды жүзеге асыруға зор қызығушылық танытатындығына тоқтала кетті.

Кездесу кезінде Нгуен Тхе Тхао Вьетнам мен Қазақстан сонау Кеңес кезінен бастап ынтымақтастықта екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, Ханой басшысы Нгуен Тхе Тхао: «Біздің астаналарымыз еліміздің саяси орталығы, бет-бейнесі болып табылады. Сондықтан да олар тек экономика жағынан ғана емес, мәдениет және гуманитарлық сала бойынша да қарым-қатынасты дамытудың алтын көпірі болмақ», – деді.

Сондай-ақ, Ханой басшысы Вьетнам мен Қазақстан арасында тікелей авиақатынастың ашылуы екі мемлекеттің одан әрі өзара дамуына серпін беретіндігін атап кетті.

Кездесу соңында екі қаланың басшысы ынтымақтастықтың басым бағыттарын анықтап, алда бірлескен әлеуетті жобаларды жүзеге асыруды үйрену үшін іскерлік шеңберінде іс сапарлар алмасу туралы келісімдерге келді.

Астананың Анкарадағы күндері

Қыркүйек айының алғашқы күндері Анкарада Астананың мәдениет күндері өтті. Бұл шараға ресми делегацияны қала басшысы Иманғали Тасмағамбетов бастап барды.

Ресми делегация Анкарадағы тарихи қорған мен киелі орын «Қажы Байрам Уәли» мешітіне барып, «Жастар» саябағында болды. Бұл саябақта түркі әлемін дамыту ісіне қосқан зор үлесі үшін Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа 2010 жылғы 24 қыркүйекте ескерткіш орнатылған еді.

7 қыркүйек күні «Эстергон» түркі мәдениетінің мұражайында түркі елдерінің мәдениеті мен салт-дәстүрлерін паш ететін Қазақстанның тұрақты экспозицияларының ашылуы болды.

Сол күні «АТО» конгресс залында Қазақстан эстрадасының жұлдыздары – Қазақстан Республикасының Халық әртісі Роза Рымбаева, сондай-ақ,Азамат Жылтыркөзов, Маржан Арапбаева, Нұрғали Тұрлыбеков, «МузАРТ», «Ринго», «Асыл» топтары, «Белес» этно-фольклорлық тобы, «Шалқыма» халық би ансамблі, «Наз» би ансамблі, «Терра» би театры және «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдерінің қатысуымен гала-концерт өтті. «АТО» конгресс залының фойесінде 2 көрме жұмыс жасайды.

Сәндік-қолданбалы өнер көрмесінде қазақ халқының материалдық және рухани мәдениеті бұйымдары: зергерлік әшекейлер, киіз, тоқыма бұйымдары қойылған болатын. Көрме қонақтарына қазақстандық зергер Сержан Баширов пен үздік қол шебері Гүлназым Оразақ шеберлік сыныптарын көрсетті.

«Астана – арман қала» атты Қазақ­станның астанасы туралы фото көрме өтті. Ол жерде фотограф Шүкір Шахай мен Владимир Куриловтың 59 жұмысын тамашалап, елордамыздың даму тарихы және бірегей нысандарымен танысты.

8 қыркүйек күні делегация «Ататүрік» мавзолейі мен «Улус» тарихи орталығында болды. Сол күні делегация қала ортасы және тынығу жобаларымен танысып қайтты. Бұған дейін Анкара қаласының Астанада мәдениет күндері өткен болатын. 2011 жылғы маусымда анкаралық делегацияны Анкара мэрі М.Гекчек бастап келген еді.

Венгр және қазақ бизнесмендеріне ашылған жол

Еліміздің астанасы Елордада бүгінге дейін венгрлік кәсіпорындар болмаған екен. Екі ел арасындағы өзара тауар алмасу мәселесі де қарқынды дамымаған. Осы орайда екі муниципалитеттің басшылары Венгрия мен Қазақстанның бизнесмендері үшін «ынтымақтастық есігін ашуға» дайын отыр. Бұл жөнінде екі қала басшысы, яғни Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Будапешт мэрі Иштван Тарлош мәлімдеді.

Будапешт қаласының мэрі өзінің қазақстандық әріптесіне қос муни­ципа­литетті астаналар арасындағы ынты­мақтастық туралы келісім жобасын тапсыра отырып, онда ең бірінші кезекте гуманитарлық сала – мәдениет, спорт және білім бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктері қаралғандығын атап өтті. Иштван Тарлош мырза өз кезегінде: «Мәдениет пен спорт саласындағы байланысымыз ерекше екпін алса деймін. Біздің музыка әлеміне, ансамбльдер мен ұжымдар арасында тәжірибе алмасып, бірлесе музыкалық фес­тивальдер ұйымдастыруда ынтымақтастық алаңымыз ашық. Жоғары оқу орындары мен университеттер арасындағы өзара әріптестіктің арта түскені де өте маңызды деп санаймын. Будапешт – жоғары білім ордаларының қаласы. Жуырда ғана Ғылым академиямыз ең айтулы беделді университеттермен серіктестік туралы келісімін аяқтады. Сіздермен де осы білім саласында бірлесе жұмыс жасап, қарым-қатынасты одан әрі кеңейте түссек дейміз», – деді.

Сондай-ақ, Иштван Турлош мырза коммуникация, коммуналдық қызметтер, көлік, құрылыс сынды салаларда да ынтымақтастық мүмкіндіктері зор деп есептейді.

Өз кезегінде Астана қаласының әкі­мі Иманғали Тасмағамбетов венгр­лік әріптесінің бастамасын толық қолдай­тындығын білдірді. Қала басшысы:

«Біз үшін сіздермен экономика саласында қоян-қолтық қарым-қатынаста болу өте маңызды. Астана мен Венгрия арасындағы сауда айналымы ауыз толтырып айтарлықтай болмаса да, бұл мәселеде бастапқы кезеңінде тұрмыз. Менің ойымша, өткен жылы Қазақстан, Ресей және Белоруссия арасында құрылған Кедендік одақ өзара мүддемізге мүмкіндік беретін болады. Тұрмыстық нарыққа тек 16 миллион халық қана емес, енді оған Ре­сей мен Беларуссияның халқы да кіреді», дей келе, – бәрінен бұрын біз­ді ин­но­вациялық жобалар қызықтырады. Ке­зінде Венгрия өндірісі өзінің сапа­лылығымен ерекшеленгенін білеміз. Будапешт бизнесмендерінің Астанаға келуін ұйымдастыруда біз оларды қабылдауға, барлығын көрсетуге, айтуға және бірлесе кәсіпорын құруға тырысуға дайынбыз», – деп нақтылап өтті.

Қала басшысы венгрлік делегацияға Астана қаласы ономастикалық комиссия­сының елордадағы бір көшені «Будапешт» деп атауға шешім қабылдағанын жеткізді. Өз кезегінде «Будапештте де біз Астананың құрметіне көше немесе алаң атауын береміз», – деп мәлімдеген венгр басшысы Иштван Тарлош мырза: «Қазақстанның жетістіктері мен әлеуетін білеміз. Вен­грияның Қазақстанмен қарым-қатынасы аса маңызды. Бұған биылғы жылдың мамырында біздің Премьер-министрдің Қазақстанға сапары дәлел… Сіздермен де біздің қарым-қатынасымыздың маңызы орасан екенін тағы да атап өткім келеді. Келісім жобасын тағы да қарап шығуыңызды сұраймын және біз Сізді Будапештте күтеміз. Сіздің Будапештке іссапарыңыз барысында келісімге қол қойсақ деген ниеттеміз», – дегенді ай­тады.

Екі ел арасындағы ынтымақтастық көк­жиегі кеңейе түсті. Енді Венгрия мен Қазақстан арасындағы байланыс бизнес­мендеріміз үшін де тауар алмасу мәселесін орынды шешетін болады. Ынты­мағы жарасқан екі мемлекеттің арасында сауда байланысы ғана емес, мәдениет, өркениет, білім және спорт мәселелері де орнықты шешімін таппақ. Венгрияның айтулы жоғары оқу орындарымен Қазақстан жоғары оқу орындары арасындағы байланыстарды нығайту мәселесі де қарқынды дамитын болады.

Дайындаған Гүлзина БЕКТАСОВА