Жаңалықтар

СТУДЕНТТЕР САУАЛ ТАСТАДЫ...

ашық дереккөзі

СТУДЕНТТЕР САУАЛ ТАСТАДЫ...

Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай, қарашаның 26-сы мен желтоқсанның 15-сi аралығында 20 жұлдызды күн тақырыбы берілгені белгілі. 11 желтоқсан – Білім күні деп жарияланды. Осы күнге орай, кешегі аптада ҚазҰУ-дің оқу жұмысы жөніндегі проректоры Гүлнәр Төлтайқызы Балақаева университеттің белсенді студенттерімен кездесу өткізді. Мұндай форматтағы кездесуді алғаш Академиялық істер жөніндегі департамент және Болон Үдерісі бойынша Ұлттық Студенттік Бюросы бірлесіп өткізген болатын.

Химия факультетінің үлкен залында проректорға сұрақ қойғысы келетін 500-ге жуық студент жиналды. Гүлнәр Төлтайқызы ҚазҰУ оқу жүйесіндегі жаңалықтармен бөлісіп, алдыңғы қатарлы шетелдік университеттердің қатарына қосылу мақсатында оқу жоспарын қайта құрып жатқандығын жеткізді. Проректор барлық студенттерге университеттің академиялық даму мүмкіндігінің арқасында қосымша білімді кез келген ЖОО-да алуға болатынын және дұрыс таңдау жасау керектігін осы кезден анықтауды ойлану қажеттігін жеткізді. Гүлнәр Төлтайқызы оқу жылының басынан бері 160-тан астам студент танымал шетелдің ЖОО-да білімін толықтырып жатқандығын да тiлге тиек етті. «Білім беру сапасы, түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі, оқу жүйесіндегі жеңілдіктер әлем елдерінің назарын аударуда», — дейді проректор. Студенттер ҚазҰУ сайтынан университет жайындағы толық ақпараттармен, болып жатқан жаңалықтармен таныса алады. Кездесуге студенттер де жақсы дайындықпен келіпті. Олардың оқу ісінің жетекшісіне қоятын сұрақтары өте көп екен. Уақыттың аздығына байланысты студенттерді мазалаған кейбір сауалдарды БҮбҰСБ -ның Академиялық бағытына жолдап, жауабын алуға болады. Кездесуде қойылған сауалдардың көбі қысқы сессияға байланысты өрбіді. «Бұл – әлемдік тәжірибе, — деді проректор. – Осының нәтижесінде біз сіздердің жоғары дәрежелі маман болатындарыңызға сенеміз». ҚазҰУ студенттері еуропалық стандарт бойынша оқиды және өз балын жоғарылатуға қашанда мүмкіндігі бар. «Оқу ақысына жеңілдік алу үшін GPA қандай болу керек» деген сауалға проректор GPA 4.00-ге тең болса, 25 пайыз, GPA 3.67-4.00 аралығында 15 пайыз жеңілдікке ие бола алады. Ағылшын тілі де назардан тыс қалмады. Студенттер 3-4 курста ағылшын тілін меңгеруі керек деген сауалға Гүлнәр Төлтайқызы: «Университеттің лингвистикалық орталығында студенттер тіл үйренуде көптеген жеңілдікке ие болады. Таңдау курстарына қатыса алады», – деді. Сонымен қатар университеттің ака­демиялық мүмкіндіктері жөнінде де сауал қойылды. Проректор барлық факультеттерде таңдау пәндері бойынша каталогтар бар екенін хабарлады. Тіркелген студент дәрісті тегін тыңдау арқылы емтихан тапсырмай, «дәріс тыңдады» деп транскриптке енгізіледі.

Жоғары курс студенттері мен магис­трант­тар сонымен қатар университеттің академиялық мүмкіндіктеріне қызығу­шы­лықтарын білдірді. Магистратураны шетелде оқуды Білім және ғылым министрлігі мойынына алды. Қойылған көп сұрақтардан кейін проректор: «Сіздер де бізді үйретесіздер. Оқу жүйесіне енгізілген өзгерістер, білімді бақылауды күшейту жұмыстарының барлығы сіздер үшін. Мен сіздердің әрқайсыларыңыздың шетелге барып оқып, өз саласының қажетті маманы атанатындарыңызға сенемін. Біз сол үшін аянбай еңбек етудеміз», – деді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң академиялық саясаты және емтихан тапсыру ережелері «Универ» жүйесіне енгізілген. Дегенмен кез келген адам өзін қызықтырған сауалға жауапты тікелей басшылықтан алғанды жөн көреді. Мұндай мүмкіндік жасалғанына студенттер қауымы да дән риза.

Айгүл АҚТЫМБАЕВА,

ҚазҰУ-дiң академиялық сұрақтар

департаментiнiң директоры