МҰХТАР ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ

МҰХТАР ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ

МҰХТАР ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ
ашық дереккөзі

Ұлы Абайдың 150 жылдығы 1995 жылы аталып өткенi белгiлi. Сол жылы алғаш рет «Абай» энциклопедиясы жарық көрген екен. Мiне, араға он алты жыл салып, «Мұхтар Әуезов» энциклопедиясы жарық көрiп отыр. Аталмыш энциклопедияны шығаруға мұрындық болған «Атамұра» баспасы. Араға соншама уақыт салып, энциклопедияның жарық көруiнiң де өзiндiк себебi бар. Ұлы Мұхтар Әуезовтiң бай әдеби мұрасынан жинақталып отырған энциклопедия – «Атамұраның» тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығына арнаған арнайы тартуы.

«Мұхтар Әуезов» энциклопедиясын шығаруға елімізге белгілі ғалымдарымыз бен академик-профессорларымыз ат салысқан екен. 200-ге жуық ғалымдардан іріктелген топ жазушының өсіп-өнген ортасы, айналасы, шығармашылық бай мұрасы, басқа да мәселелерді қамтыған үш мыңға жуық мақала, бес жүзге тарта суреттерді жинақтапты.

Энциклопедияның тұсаукесер рәсіміне орай өткізілген шараға ғалымдарымыз, белгілі жазушылар мен БАҚ өкілдері қатысты. Алғашқы сөз тізгінін қолына алған «Атамұра» корпорациясы» ЖШС-нің президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед мырза: «Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің 1917 жылы мұғалімдер семинариясында оқып жүрген кездің өзінде-ақ, ұлттық драматургиямыздың мақтанышы болып, «Еңлік-Кебек» пьесасын жазғанын, «Қорғансыздың күні», «Қилы заман» сияқты еліміздің жоғын жоқтаған шығармаларын, «Абай» деген атпен шыққан екі томдық кітабы үшін КСРО-ның Мемлекеттік сыйлығын алғанын, қалған екі томы үшін Лениндік сыйлық алғанын жақсы білесіздер. Жалпы, менің көз алдыма Абай десе, Мұхтар Әуезов, Мұхтар Әуезов десе, Абай елестейді. Мен үшін бұл кісілер бір-бірінен бөліп жармайтын, бөліп-жаруға келмейтін тұтас ұғым сияқты. Мысалы ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романын жазып, ұлы ақынды қазақ әдебиетінің биік шыңына көтерсе, Абайдың данышпандығы, білімпаздығы, ойшылдығы ұлы жазушы Мұхтар Әуезовті дүниежүзі классиктерінің қатарына қос­ты», – деді.

«Мұхтар Әуезов энциклопедиясының» тұсаукесер рәсіміне абайтанушы, мұхтар­танушы ғалымдарымыз да жиналған екен. Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов: «Мұхтар Әуезов энциклопедиясының жарық көруі тарихи оқиға» деп баға берсе, академик Тұрсынбек Кәкішев: «Мұхтар энциклопедиясы – қазақ рухани ғылымына қосылған құнды дүние» екендігін айтады. «Абайдан басталған энциклопедия Шәкәріммен жалғасқан, енді міне, Мұхаңмен толықтырылып отыр, – деді Тұрсынбек Кәкішев. – Бұған дейін энциклопедия шықпады деп ойламаңыздар. Сәкен Сейфуллинге арналып, «Болашақ» университеті энциклопедия шығарды, одан бөлек, «Қаз дауысты Қазыбек би» туралы да арнайы энциклопедия жарық көрді. «Атамұра» корпорациясының осындай дәйектілігіне рахметімді айтқым келеді».

Белгілі ғалым Мұрат Әуезов өз кезегінде биылғы жылы әкелерінің өмірден өткеніне 50 жыл толғанын, соған орай, жазушының үрім-бұтағының еске алып, ас бергенін де тілге тиек етті. Әкесінің мұрасын дайындап, жарыққа шығарғаны үшін «Атамұра» корпорациясына деген ризашылығын да білдіре кетті ғалым.

Тұсауы кесілген энциклопедияның алғашқы данасы ұлттық кітапханаға сый ретінде ұсынылды. Одан бөлек, «Мұхтар Әуезов энциклопедиясы» еліміздің барлық кітапханаларының төрінде орын тебетін болады.

Әуезов энциклопедиясынан бөлек, «Атамұра» корпорациясының Тәуелсіз­дігіміздің 20 жылдығына тағы бір тартуы – «Қазақстан тарихының» қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген бес томдығы болды. Сонымен бірге, бұл күні белгілі жазушы Кәдірбек Сегізбаевтың авторлығымен дайындалған «Қазақы дастархан» атты кітап-альбомның да тұсауы кесілген еді. Қазақтың ұлттық тағамдарының жүздеген түрлерінің әзірлену жолдары мен өзіндік ерекшеліктерін көрсететін, түрлі-түсті суретпен безендірілген альбом кітап үш тілде, қазақ, орыс және ағылшын тілінде жарық көріпті.

Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ