Жаңалықтар

«КАЗАХСКОЕ ДЕЛО»

ашық дереккөзі

«КАЗАХСКОЕ ДЕЛО»

Сонымен бұл оқиға ма, көтеріліс пе, қозғалыс па?..

Соңғы жиырма жылдан бері осы үш атау жұрт аузында жиі-жиі айтылып, баспасөз беттерінде алма кезек жазылып жүр. Алайда нақты бір атауға тоқталатын уақыт жеткен секілді.

Әуелі осы үшеуінің «Түсіндірме сөздіктерден» анықтамаларын біліп алғанымыз жөн шығар. Владимир Дальдің «Толковый словарь живого великорусского языка» төрт томдығы 1863 жылдан бері төрт рет қайта басылып шыққан. Ең соңғысы Мәскеудің «Русский язык» баспасынан 1980 жылы жарық көріпті. Сол сөздікте ол «оқиға» мен «қозғалысқа» мынандай анықтама берген:

«События – Происшествия, современные, вь оно время случившіся. Событіе, пройсшествіе». (4том, 253-стр).

«Народное движенье – Волнение, беспокойства». (1том, 419- стр).

Мәскеудің «Издательство политической литературы» баспасынан 1988 жылы басылып шыққан «Краткий политический словарь» кітабындағы анықтама мынау:

«События – Событие, проишес­твие, случай, действие, инцидент».

«Восстание – Восстание, мятеж, повстание».

«Волнение – движение, восстание».

Ал Мәскеудің «Русский язык» баспасынан 1984 жылы жарыққа шыққан «Словарь русского языка» төрт томындағы анықтама былай сабақтайды.

«Событие-я – То, что произошло, случилось, значительное явление, факт обшественной или личной жизни». (173-стр).

«Волнение-я – Массовое выражение недовольства, протеста против чего. л».(205- стр).

«Восстание-я – Массовое вооруженное выступление для защиты своих классовых или национальных интересов». (217 -стр)».

Бұл үш атауға С.И.Ожегов Мәскеудің «Русский язык» баспасынан 1986 жылы жарық көрген «Түсіндірме сөздігінде» қандай анықтама берген. Енді соған көңіл қойсақ.

«Событие-я – То, что произошло, то или значительное явление, факт обшественной, личной жизни»; (643 стр).

«Волнение-я – Массовое выражение недовольства, протеста против чего.н. (Волнения рабочих в странах капитала)»; (81-стр).

«Восстание-я – Массовое вооруженное выступление. (Революционное в пролетариата)»; (85-стр).Алматыдағы «Даик-Пресс» бас­па­сынан 2008 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» үш атауға төмендегідей анықтама жасаған.

«Оқиға – Болып өткен іс, елеулі құбылыс». (628-бет).

«Көтеріліс – Халық бұқарасының яки белгілі бір көпшілік топтың саяси, әлеуметтік мәні бар құралды күресі, қарулы ереуілі».

«Қозғалыс – Халықтың жаппай наразылығы, ереуіл, көтеріліс». (508-бет).

Дальдан «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне» дейінгі аралықтағы үш сөздің анықтамаларында елеулі айырмашылықтар бар. Өйткені қоғам бір орнында тұрып қалған жоқ. Адамзаттың ақыл-ой жетістігімен тарихи жағдайларға байланысты үнемі өзгеріп отыратын биологиялық құбылыс.

Сол жылы желтоқсанның 16,17, 18 күндері Алматыда орын алған жағдайды «Правда» мен «Известия» секілді одақтық басылымдарға 19 желтоқсан күні ТАСС «Алматыдан хабар» деген тақырыппен жария етті.

«Алматы. 18 декабрь. (ТАСС). Кеше кешкісін және бүгін күндіз Алматыда ұлтшыл элементтер арандатып салған оқушы жастар тобы көшелерге шығып Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жуырда болған пленумының шешіміне наразылық білдірді. Бұл жағдайды бұзақылар арамтамақтар және қоғамға жат басқа да адамдар пайдаланып, право тәртібінің өкілдері жөнінде правоға қарсы әрекеттер жасады, сондай-ақ бір азық-түлік дүкеннің, жекеменшік автомобильдерді өртеді, қала азаматтарына қарсы намысты қорлайтын әрекеттер жасады.

Заводтарда, фабрикаларда, жо­ға­ры оқу орындарында, басқа да еңбек ұжымдарында болып өткен жиналыстар, сондай-ақ қала мен аудандардың партия және комсомол активтері Қазақстан Компартия­сы Орталық Комитеті пленумының шешімін мақұлдады және оқушы жастар тобының ешқандай негізсіз іс-әрекеттерін айыптап, бұзақыларға батыл шаралар қолданылуын, қалада толық тәртіп орнатылуын жақтады. Осы бағытта қолданылып жатқан іс-қимылдарды еңбекшілер қолдауда. Олар совет және партия органдарының жүргізіп жатқан шараларына белсене қатысуда. Барлық кәсіпорындар, мекемелер, оқу орындары, дүкендер, тұрмыстық қызмет, қала транспорты қалыпты жұмыс істеуде» («Социалистік Қазақстан», 19 декабрь 1986 жыл).

Кеңестік қоғамды қайта құрамын, жариялылықты жарыққа шығарамын деген Михаил Сергеевич Горбачев бастаған КОКП Орталық Комитеті бүкіл совет халқын, дүние жүзін алдауды осыдан бастады. Алаңға бейбіт түрде шыққан жұмысшы жастар мен студенттерді «оқушы жастар тобы» деп жұрт назарын саясаттан бейхабар кәмелеттік жасқа толмаған балаларға бұрып, наразылықтың саяси маңызын мейлінше төмендетіп көрсетуге тырысқан. Тіптен олар болған жайды осы шағын хабармен-ақ әдеттегідей жылы жауып қоя салғылары да келді. Бірақ жастар наразылығының саяси мәні өте күрделі, ауқымы зор еді. Сол шағын хабардан-ақ Одақ республикалары дүрлігіп, әлем халқын лезде дүр сілкіндірді. Мызғымас Одақтың қатып қалған көк сеңі қақырай жарылып, қоғамдық пікір жер-дүниені шарлап кетті.

Жылдар жылжып өткен сайын сол желтоқсан күндерінің мәні мен саяси маңызы да ашыла түсті. Жұрт болған жайды саралап талдай келе «Бұл көтеріліс!», «Бұл қозғалыс!» деген тұжырымдар жасай бастады. Қазір осы үш атау сөз жұрт аузынан алма кезек-айтылуда. Жоғарыдағы түсіндірме сөздіктермен пайымдасақ, желтоқсандағы жастардың қарсылығы «көтеріліске» саяды. Енді сол күндері болған жайды сараптап көрейік.

СЕРГЕЛДЕҢ

1986 жылдың 16 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің кезектен тыс V-ші пленумы болды. Пленум Орталық Комитеттің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты қызметінен босатып, орнына Ресейдің Ульяновскі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Васильевич Колбинді сайлады. Пленум жұмысына КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Г.П. Разумовский мен Ұйымдық-партиялық жұмыс бөлімінің сектор меңгерушісі Н.Ф Мыщенко қатысты. Пленум шешімі жөніндегі ақпарат жергілікті уақыт бойынша 15 сағатта Қазақ радиосынан республикаға таратылды.

Бұл жайсыз хабар қазақ халқына ашық аспан астында төбелерінен жай түскендей әсер етті. Ел іші абыр-сабыр. Әсіресе, жергілікті ұлт жастары көбірек шоғырланған университет пен институттар мазасыз күй кешті. Алматы театр және көркемсурет институтының студенті Гүлнәр Байбосынова: «16 желтоқсан күні үлкен залда еуропалық нәсілдегі ұстаздар сол күнгі пленум шешімін студенттерге жеткізіп жатқан. Зал толы студенттердің көңіл-күйлері түсіп, бастарын төмен салуда. Сахна төріндегі стол басында отырған үшеуі бір-біріне әлденені айтып, бізді табалағандай ыржың-ыржың етеді. Кенет профессор Асқар Тоқпановтың күңіренген екпінді үні естілді. «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер. Аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтіп күн көрер…» деп сахнадағы мінберге қарай көтеріле берді. Біз төмен салған басымызды көтеріп алдық. Ол сол жақ бұрыштағы есіктен кіріп келе жатыр. Сол-ақ екен мінберде бұлбұлдай сайтап тұрған әлгі ұстазымыз сап тиылып, стол басындағы әріптестерінің қатарына сылқ етіп отыра қалды. Тоқпанов оларды енді ғана көргендей жалт қарағанда, сұсты жүзінен сескенді ме, әлде мысы басты ма, жайылып кеткен езулерін жия қойып, бастарын төмен салды. Ұлағатты ұстаз өзіне тән шешендігімен екпіндете сөйлегенде әлгінде ғана жасып қалған көңіліміз қайты көтеріліп, рухтанып кеттік. «Қонаевтың кезінде саның біршама көбейіп, өсіп-өніп едің, қазағым! Қалт-құлт еткен тұрмысыңды түзеп, еңсеңді көтеріп, өзгелердің қатарына қосылып едің, қазағым! Мына Горбачев соны көп көріпті. Енді басымызға баяғы бодандықтың қарғы бауын қайта кидірмесе игі. Алдағы көретін күніміз не болар екен, қалың елім қазағым!..». Оның ашына айтқан осы мәнді сөздері жаңа ғана басылып қалған жігерімізді жаныды. Өн бойымызды намыс оты шарпып өтті», – деп еске алады.

Профессор Асқар Тоқпановты осы сөздері үшін Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тергеушілері Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі ретінде жауапқа тартып, екі томдық қылмыстық іс қозғаған. Бірақ адуынды жан олардың дегеніне көнген жоқ. Мойнына таққан айыптарын түгел жоққа шығарды. Тергеушілер амалсыздан істі жапқан.

Үсіпхан Сейтімбетов:

– Институтта актерлік шеберліктен дәріс оқитын ұстазымыз Шолпан Жандарбекованы күтіп отырғанбыз. Сәлден соң ол аудиторияға кіріп келді. Қоңырқай өңі сұрланып кеткен. Қолындағы сөмкесін стол үстіне қоя салды да, ашулы үнмен: «Бұл сұмдық қой! Қонаевты орнынан алып тастап, қайдағы бір Колбин дегенді әкеп қойыпты. Мәскеудегілердің қазақ халқымен санаспағаны ғой. Бізде ел басқаратын азамат жоқ дегені ме?.. Оған кім сенеді?.. Бұл барып тұрған масқара!.. Бұл өмір не болып барады өзі?..» – деп көкірегі қарс айырыла күрсінді. Біздің көңіл-күйіміз нілдей бұзылды. Ел басқаруда халықтың ықыласына бөленген Қонаевты қызметінен алып тастап, орнына қазақтың салт-дәстүрінен мүлдем мақұрым басқа ұлт өкілін қонжита салғаны шымбайымызға қатты батты,– дейді.

Тотай Ерімбетов:

–1986 жылдың қараша айында әскер қатарынан оралып, ҚазМУ-дің Заң факультетіндегі оқуымды қайта жалғастырдым. 1986 жылы 16 желтоқсан күні түстен кейін ҚазМУ қалашығындағы оқу корпусында сабақта отырғанымызда бір оқытушымыз: «Бұл не деген әділетсіздік! Қонаевты орнынан алып, бірінші хатшылыққа қайдағы бір орысты әкеліп қойыпты» дегенді айтты. Мына жағдай студенттердің бәріне қатты әсер етті. Сол арада әңгіме тақырыбы түгелдей осы мәселеге қарай ойысты. Бірінші хатшылыққа қазақтың лайықты бір азаматы жоқ па? Неге басқа жақтан өзге ұлттың өкілін әкеледі деген жай бәріміздің ашу-ызымызды туғызды, – деп өткенге ой жібереді.

Осындай көңіл-күй ауаны Алматыдағы жоғары оқу орындары: ҚазПИ, Шет тілдері, Ауыл­шаруашылығы, Медицина, Халық­ша­руашылығы, Зоотехникалық-малдәрігерлік, Политехникалық институттарда да анық байқалды. Олар қаланың әр тұсында болса да, бәрін осы жәй біріктірді.

Зоотехникалық-малдәрігерлік инс­ти­туттың екінші курс студенттері де бөлмеде отырып, ертеңгісін алаңға шығуға бекінген. Тоқтасын Артықбаев ұран жазуды ұсынды. Ерлік Омаров пен Ерлік Сәлімұлы қандай ұранмен шығу керектігін көп ойланды. Омаров: «Осы Америкада үндістер бар. Олар да біздің бұрынғы ата-бабаларымыз секілді көшпелі өмір кешуде. Солардың әр тайпасының өз көсемдері бар ғой. Біздің Лениннен басқа неге өз көсеміміз болмауы керек? Елге билік айтқан билеріміз ше? Халықты басқарған хандарымыз ше? Олар кімнен кем еді? Маған қазір бір ой келіп тұр. Ертең алаңға «Әр ұлтқа – өз көсемі!» деген ұран жазып шығайық» – деді. Сәлімұлы: «Мынауың тамаша ұран екен. Бірақ сөзін сәл өзгерту керек. «Ұлтқа» сөзінің орнына «халыққа» деп алайық. Өйткені «ұлтқа» десек, алаңға ұлтшылдар шықты деп түсініп қалады. «Халыққа» деп жазсақ та арғы жағы түсінкті ғой» – деді. Омаров: «Сенің бұл айтқаның жөн екен. Келістім», – деді.

Олар сол түні ақ жаялық тө­се­нішке бояумен «Әр халыққа – өз көсемі!» деген ұранды әуелі қазақшасын, содан соң «Каждому народу – своего вождя!» деп орысшасын жазып, 17 желтоқсан күні таң алакеуімде жұрттың алды болып Ерлік Омаров, Ерлік Сәлімұлы, Беглан Әбдіқаев, Саят Малдыбаев алаңға келді. Аздан соң оларға Тоқтасын Артықбаев, Гүлжан Күшеева және Ләззат Жаңабаева келіп қосылды. Таң ағарып атқанда жан-жақтан жастар жинала бастады.

Кеңестер Одағында сол кезге дейін бір ғана көсем бар еді. Ол – Ленин болатын. Одақтағы барлық халық соның ғана атын атап, Күн көсемге теңеп дәріптейтін. «Әр халыққа – өз көсемі!» ұраны тәуелсіздікке ұмтылған жаңа ұрпақтың, саналы әрі білімді ұрпақтың өмірге жаңаша батыл көзқарасы еді.

Театр және көркемсурет инс­ти­тутының студенттері кешкісін жа­тақ­ханада бас қосып, мәселені қызу талқылады. «Тоталитарлық биліктің бұл шектен шыққан озбырлығына енді көнуге болмайды! Алаңға шығып, өз наразылықтарымызды білдіруіміз керек». Олар осындай бәтуаға келіп, белді бекем буды, ұйымдастыру шараларына кірісті. Алаңға жәй шықпай өз талаптары мен ұрандарын транспоранттарға жазып шығуды жөн көрді. Бірнеше топқа бөлініп, қаладағы жұмысшы жастар мен студенттер жатақханаларын аралауға шыққан. Ал жатақханада қалған М.Қасенбаев кітаптарды ақтарып, Лениннің ұлт жөніндегі ұлағатты сөздерін іздестіріп, Көркемсурет факультетінің студенттері Б.Кәрменов пен С.Аязбаевқа төсек жаймасына алты ұран жаздырды.

Құрманғазы Айтмырзаев:

– 16 желтоқсан күні Нұрмахан екеуміз курс старостасы Желдібаев Еркіннің жалдап отырған пәтерінде барғанбыз. Сол жерде теледидардан Қонаевты қызметінен алып тастағаны туралы хабарды естіп, жатақханаға көңілсіз оралдық. Келсек жігіттер абыр-сабыр болып жатыр. Бөлмеде Орталық Комитет пленумының шешімін қызу талқылай келіп, өзіміздің наразылығымызды білдіру үшін ертеңіне алаңға шығатын болып келісіп, оған басқа да жоғары оқу орындарының студенттерін де тартуды ұйғардық. Бәріміз екі-үштен бөлініп, түн жамылып жан-жаққа тарап жаттық. Мен жаныма Үсіпханды ертіп, ҚазМУ-дың жатақханаларына қарай тарттым. Онда студенттер кеңесінің жетекшісінің бөлмесінде отырып, біраз қыз-жігіттермен кездесіп, өз ойымызды ортыға салдық. Олар бірден қолдап, ертеңіне алаңға шығатын болды. Өз жатақханамызға қайтып келсек, вахта алдында Бақытбек пен екі-үш курстасымыз сыртқа шыққалы тұр екен. Соларға қосылып тағы да жатақханаларды аралауға кірістік. Содан не керек түн ортасына дейін Алматыдағы біраз жатақханаларды жаяу-жалпы аралап шықтық. Ондағы жастардың бәрін ашу-ыза кернеген. Біздің бастаманы бірден қолдап жатты.

Таңертең 150 студент алаңға бардық. Алаңға жиналған жастардың бойын ұлттық рух, ұлттық намыс кернеп тұрды. Қолымызда транспоранттар. Тіптен Лениннің де портретін алып келгенбіз. Жастар арасынан кеше түнде кездесіп, сөз байласқан Киров зауыты жігіт-қыздарының бір тобын да көріп, жұмысшылардың ұстанымына іштей риза болдық,–дейді.

Кейіндеу КСРО Жоғарғы Советінің депутаты ақын Мұхтар Шахановтың талап етуімен Республика Жоғарғы Советі Президиумы жанынан құрылған «1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Алматы қаласында болған оқиғаларға байланысты мән-жайларға түпкілікті баға беру жөніндегі комиссия мүшесі, заңгер-ғалым Сабыр Қасымов былай деп жазды:

«…Біздің адамгершілік борышымыз бен ізгілікті ойымыз сол қиын күндерде және күрделі уақыттарда өзінің азаматтық ар-ожданын жоғалтпаған, Мәскеудің әрекеттеріне қарсы батыл үн қата білген және соған орай өз қаракеттерін жасаған адамдар жайында ендігі жерде ашық айтуға тиіспіз деген қортынды жасауға итермелейді. Олар өн бойларынан үрейді кейін ысырып тастап, еш қорықпастан бірінші болып қарсылық әрекеттерге шақырғандар Алматы театр және көркемсурет институтының студенттері: Құрманғазы Айтмұрзаев, Бақтыбек Иманғожаев, Үсіпхан Сейтімбетов, Аманбай Қанетов, Ертай Көпесбаев сынды жастар болды. Олар 16 желтоқсан күні-ақ жұмысшылар мен студенттер жатақханаларын аралап, жастарды алаңға шығуға үгіттеді. Олар алғашқы ұрандарды жазып, асығыстау болса да өздерінің іс-әрекеттерінің жоспарларын белгіледі. Сол үшін де олар бірінші болып жазаға тартылды, жоғары оқу орнынан шығарылды. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тергеу қапасында отырып, түрмеге қамалды». Ол кейіндеу тағы үнпарақтарды бірге жазған Кәкімбек Нұржанұлына: «1986 жылдың желтоқсанында қазақ халқының басына түскен сын сағатта халықтың ең адал, намысты бөлігі жастар соққыны тайсалмай қабылдап, өз иығымен көтерді. Бұны зиялы қауым істеуге тиіс еді. Олай болмады. Керісінше жастар шырылдап, от ортасында шырқырағанда, ешкім ара түсе алған жоқ»,– деді.

Белгілі заңгер С.А.Қасымовтың өзі де шеруді ұйымдастырушылардың бірі. Ол да әуелгіде шерудің арты қантөгіс қақтығысқа алып барады деп ойлаған жоқ. Тіпті бейбіт шеруге әскер қолданады деген қауіп те қаперінде болмаған. Сол 1986 жылы желтоқсанда Мәскеу академиясынан Алматыға ғылыми жұмысымен келіп, қазақ халқының мүддесімен санаспаған пленумның әділетсіз шешіміне, Мәскеудің шовинистік саясатына жаны шыдамай, қалайда халық атынан наразылық білдірудің жолын іздеді. Оның жалғыз жолы – жаппай шеруге шығу еді. Ол алғашқыда жергілікті ұлт өкілдерінің әр алуан тобының арасында Үкіметтің осы екі жүзді саясатына қарсы митингіге шығу керектігі жөнінде үгіт-насихат жүргізген. «Интеллигенция, зиялы қауым, халықтың ойлы бөлігі түсінеді деп үміттендім… Қатты қателескен екенмін. Енді бар ойым «қоғамның қай бөлігін алаңға алып шығуға боладыда?» тұрды. Қаладағы түрлі жатақханалардың бірінен соң біріне бара бердім. Алаңға шыққан сол бірнеше мыңдаған жас нағыз қаһармандар! Ал орталық бейбіт шеруді қазақ ұлтшылдарының әрекеті деп, оның түп-тамырын «Алашордадан», Олжастан, жазушылардан іздеді» дейді.

Республиканың құқық қорғау органдары шеруді ұйымдастырушы ұлтшылдарды көп іздеді. Колбин алғашқыда мұны Қонаев пен соның айналасындағы адамдардан іздеді. Тіптен ішкі ойына сенгені соншалық «Оқиғаны ұйымдастырушылардың кім екенін алдағы пленумда хабарлайтын боламыз» деп те айтып салды. Ал Қонаевтың айналасынан ұйымдастырушылар табылған жоқ.

Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.М.Мирошник:

«…Театр және көркемсурет институтын алайық. Осы жоғары оқу орны студенттерінің бестен біріне жуығы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты. Студенттердің бір тобы – Айтмырзаев, Қанетов және басқалар, барлығы он екі адам желтоқсанның 16-нан 17-не қараған түні қаладағы 6 жоғары оқу орны мен Киров атындағы зауыттың 8 жатақханасында арандатушылық, азғырма жұмыс жүргізді. Олар саяси жағынан тұрақсыз жастарды қоғамға жат әрекеттерге қатысуға итермеледі. Арандатушы ұрандар мен плакаттар әзірлеп, көшелерге алып шықты. Республика прокуратурасының Қазақ ССР Жоғары және арнаулы орта білім министрлігіне табыс етілген хатында студенттердің қоғамға жат қимылының себебі тәрбие жұмысындағы елеулі олқылықтар, институттың жекелеген, өздері де ұлтшылдық және басқа да жағымсыз көріністерге талай рет жол берген оқытушыларының саяси соқырлығы болғаны атап өтілген.

…Қазақ мемлекеттік универси­те­тін­де де қолайсыз жағдай қалыптасты. Ұлтшылдық дүмпу үшін онда да негіз көптен әзірленген еді»,– деп байбалам салды.

Кеңестік билік әу бастан-ақ өз қол астындағы халықтарды ұлтсыздандыру саясатын ұстанған. Сондықтан олар ел ішінде ұлтын сүйген жандар тұрғанда бұл саясаттарын іске асыра алмайтындарын білген соң олардан қалайда ақи-тақи құтылудың жолын іздеді. Ұлт арасынан шыққан ойы озық жандарды «ұлтшыл» атап, халық жауы ретінде айыптап, қатаң жазалап, халықты олардан жиренуге итермеледі. 1937 жылы осы ойларын жүзеге асырды да. Аңғал халық соларға сеніп те қалды. Ал ұлтшыл жандардың бар айыбы ұлтының жайы, бүгіні мен ертеңі болатын. Ағылшынның Бенедикт Андерсен деген ойшылы бұл жөнінде былай депті: «Ұлтты қалыптастыратын – ұлтшылдық. Ұлтшылдық – идеология емес. Ұлтшылдықты фашизм, либерализм тәрізді идеологиялармен қатар қойсақ, ол өз мағынасын жоғалтады. Ұлтшылдықты тіл, діл, дін сияқты құбылыстармен қатар қою керек. Оны туа біткен қасиет ретінде қабылдау қажет».

ДҮРБЕЛЕҢ

– Сәскеде Брежнев атындағы (қазір Республика) алаңға жастар толды. Бізден басқа да институттардың студентері талап ұрандарын жазып келген екен. Бәріміз ұрандарымызды Ақ үй жаққа қаратып ұстадық, – деп еске алады Ерлік Омаров. – Жастар «Елім-ай» мен «Менің Қазақстаным» әндерін шырқадық. Сол сәттердегі тұла бойымызды кернеген ұлттық рух сезімін айтсаңызшы. Оны тілмен жеткізе алмаспын, сірә. Күн көтеріле қолдарына резіңке сойыл ұстаған милиция жасақтары алаңды қоршай бас­­тады.

Мұхтар Шахановтың Желтоқсанға баға беру комиссиясының сұрауына қарай Қазақ ССР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті тергеу бөлімінің аға тергеушісі майор И.С.Юрченконың № 85 қылмыстық істер материалдарын қайта қарай келіп берген анықтамасынан:

«1986 жылы 17 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 9-да Жаңа алаңға (Брежнев атындағы) қазақ ұлтынан құралған 200-ден астам студенттер тобы жиналды. Олар пленум шешімін қайта қарап, Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысын қазақ ұлты өкілінен сайлауды талап етті. Жиналған студенттердің қолдарында «Лениндік ұлт саясаты жасасын!», «Каждому народу – своего вождя!», «Ни одной привилегии ни для одной нации, ни для одного языка!», «Мы за свободное, добровольное сближение нации, а не принудительное», В.И.Ленин» деп жазылған транспоранттар болды және алаңдағы мінберге шығуға әрекеттер жасаған».

Рас, жастар мінберге шығып, өз талаптарын ашық айтқысы келді. Бірақ оларды милиция жасақтары жібермей қойған. Содан кейін жиналғандардың әр тұсынан сөйлеуші жастар жанында тұрған жігіттердің иықтарына мініп, дауыс күшейткіш құралдармен тоталитарлық биліктің интернационализмді желеулетіп ана тілімізге қысым жасап отырғанын, ұлттық балабақшалар мен мектептер саны айтуға да тұрмайтынын, пәтерлерді шеттен келгендер алатынын, Қазақстанның бай ел екенін, бірақ сол байлықтың рахатын Мәскеу ғана көріп отырғанын, Мәскеу шовинистері қазақтарды екінші сортты адамдар қатарына жатқызатынын, жалпы елде ұлтсыздандыру саясаты жүріп жатқанын, енді өздерінің мұндай озбырлыққа көнбейтінін, бұдан былай Ресейдің боданы болғысы келмейтіндерін бар дауыстарымен ашына айтып жатты. Сондай-ақ «Қазақ басшы!» және «Жасасын Қазақстан!» деген көпшілік дауыстар естілумен болды.

Мейрамғазы Қасенбаев:

– Түс ауа сап түзеген әскерилер алаңға жиналған жастарды тықсыра бастады. Әскерилердің қолында сапер күректері бар. Бірақ олардан қаймығып тұрған біз жоқ. Бейтаныс біреу келіп, мені мойнына мінгізіп алды. Қолымда ұран жазылған матаның бір шеті. Лозунгтің бір шетін менен бір курс жоғары оқитын Жеңіс деген жігіт ұстады. Кейін ол жігіт сол үшін екі жылға сотталып кетті. Ашынған жастар тарқар емес. Мінберде тұрғандарға тұс-тұстан қатты дауыстап жатыр. «Қонаев қайда? Қызметтен өз еркімен кетті ме? Шақырыңдар! Бәрін де өз аузынан естиік». Тағы бір қыздар: «Біз жағдайды Қонаевтың өзі айтпай, бұл алаңнан кетпейміз!» – деп жатты. Артқы жақтан: «Неге Грузия­да, Арменияда, Өзбекстанда, жалпы басқа республикалардың бәрінде өз ұлтының өкілі бірінші басшы болады? Ал Қазақстанда неге орыстан сайланады?» деген жан айқайы да естілді,– дейді.

Қазақ ССР Жоғары және орта білім министрінің бірінші орынбасары В.А.Колесников қаладағы барлық институттардың ректорларын алаңға шұғыл шақыртып өз студенттерін алып кетуді бұйырды. Солардың бірі – Алматы халық шаруашылығы институтының ректоры, профессор Нұрғали Мамыров еді. Ол; «17 желтоқсан күні өз көзіммен көрген оқиғаларды билік пен басқару органдарының нағыз бассыздығы болды деп бағалаймын. Жоғары оқу орындарының ректорларын жинаған Колбин, Мирошхин, Асанбаев, Шулико секілді кеңес шенеуніктерінің емен есіктердің ар жағында өткізген мәжілістерінде ереуілге қатысқандардың бәрін оқудан шығару туралы мәселе қойылған. Біздің ұжымымызға да өз ортамызда сенімсіздік, күдікшілдік, ұлттық бөлінушілік ахуалын қалыптастырған моральдық-психологиялық қысым көрсетілді. Оқиғаның алғашқы сағаттарында-ақ партаппараттың оғы маған қарай атылды. Алаңның мінберінде тұрған жоғары дәрежелі адамдардың алдында, сағат 16 шамасында Камалиденов: «Білесің бе, Мамыров, сенің студенттеріңнің жартысы осында жүр» деп өктем сөйледі. Жесе де, жемесе де аузын қандайтын қасқыр керек екенін түсіне қойдым. Үлкен лауазымды адамның негізсіз тұрпайы тиіскені ашуымды келтіріп: «Сіз не, біздің әрбір студентімізді жүзбе-жүз танитын ба едіңіз. Әлде олардың маңдайында Халық шаруашылығы институтынан деген жазу тұр ма?..» – деп айтарымды айттым. Ол күмілжіп, үн-түнсіз тұрып қалды. Камалиденов пен Меңдібаевтың маған өшігіп, соңыма шам алып түсуі содан басталды, – дейді қынжылып.

Аманғазы Кәріпжанов:

«Мінбердегі радиодан «Қазақ басшы!» деген сөздер естілді. Жанымдағы Гүлнәр Әшімова алға қарай жүгіріп кетті. Мен оның соңында, солдаттар қоршаған дәліз арқылы трибунадан бір-ақ шықтым. «Мыналар не қылып жүр?» деген ректордың дауысын естіп жалт қарадық. ҚазМУ-дің ректоры Ерғожин 14 адаммен бірге жанымызға келді. Ол бізге: «Қайтыңдар!» – деп зекіді. Екі көзіміз ректорда болғанмен, құлағымызды жоғарыға тосып тұрмыз. Бір әйел репродуктордан «Балам қайда?» деп жылап тұр. Трибуна маңайындағы жігіттер: «Баласын қайтарыңдар» – деп қатты дауыстап талап етті. Бір кезде трибунаға қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы шығып: «Студенттер қайтыңдар. Кейін қиын­шы­лық болады. Сендер елімізді әлем алдында масқараладыңдар» – деді қазақ және орыс тілінде бар дауысымен күшене сөйлеп. Оны қасында тұрған тағы біреулер қоштап сөйледі. Тарих факультетінің 3 курсында оқитын қыз көзіне жас алып тұрып: «Қазақтар жасасын!» деген ұран тастады. Басына папаха киген бір кісі оны дауыс күшейткіш алдынан ысырып жіберіп: «Студенттер мен жастар, бұларың дұрыс емес. Мен прокурор республікпін» – деген кезде мен жанымда тұрған ректорға; «Неге ана кісі республика прокурорымын деп таза қазақ тілінде айтпайды. Тілі күрмеліп тұр ғой» – дедім. Ректор маған ежірейіп бір қарады да үндемеді. Гүлнәр: «Бұлар қазақ тілін қорлап жатыр. Мен Қатон-Қарағай ауданынан 200 адамның қолын жинап білім басқармасына апарған кезімде қабылдамай тастады. Бірақ арттарына түсіп жүріп қазақ бала бақшасын аштырдым» – деді ашынып. Мен: «Ал Алматыда қазақ мектептері неге жоқ? №12 және № 2 мектептен басқа мектеп жоқ», – дедім. Ерғожин ештеңе естімегендей үнсіз тұр. Жанындағы генерал шеніндегі кісі: «Балаларын қазақ мектебіне бермейтін қазақтардың өздері кінәлі», – деп дүңк ете қалды. Ал Ерғожин мізбаққан жоқ. Гүлнәр өжет екен.

­­­– Мектеп үйлерінен алыста болса, қалай береді? Шона Смаханұлы шырылдап жүріп, бір қазақ мектебін зорға аштырған жоқ па.

– Шонаң кім сенің? – Генерал оған шүйлігіп тұр.

– Кім болушы еді. Ақын!

– Какой-то ақынды кім тыңдайды? Мектептің бәрін ашып беріп отырған – Үкімет пен Компартия!

– Шона ағамыз халықтың қол­дауымен табандап талап етпегенде, үкімет пен партия мектеп ашып қайтсін. «Балық басынан шіриді». Іс қағаздарын орысша жасап қойған соң, қазақ тілі кімге керек? – Гүлнәр жанарына кілкіп келген көз жасын жұтып,өршелене сөйледі. Ректор маған; «Мына қыз түбі құрып кетеді. Алып кетші өзін», – деді кіжініп. Гүлнәрдің жан-жағынан фотоаппараттар мен бейнекамералар түсіре бастап еді мен сескеніп, Гүлнәрді қалқалай бердім. Ал ол егесін қояр емес.

– Сіз секілді басшылар қазақша сөйлемесе, қазақтың тілі республика тілі болмаса, біз мүлдем орыстанып кетеміз, – деді қайсар қыз. Иә, ол кезде мемлекеттік тіл жөнінде айтылмайтын еді. («Қазақстан-Zaman», 18 желтоқсан, 2008 жыл).

Мінберге кішкентай нәрестесін көтеріп, Нүркенова деген әйел шығып, сөйлей бастады. Ол: «Орысша білмейтін азаматтар қалада жұмысқа орналаса алмайды.Қазақ жастарын тұрғылықты етіп тіркемейді. Тұрғын үй бөлуде де әділеттік жоқ. Өз елімізде өзіміз өгейдің күнін кешіп жатырмыз…», – деп жатқанда Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері қолтығынан алып алаңның артқы жағына қарай күштеп алып кетті. Алаңдағы жастар тұс тұстан айқайлап, Нүркенованы босатуды талап етті. Таңертеңнен бері наразылықтарын әнмен білдіріп тұрған жастар дүрбелеңі осыдан бас­тал­ды.

Түс әлетінде алаңдағы жастар қатарларын көбейте түсу үшін бір бөлігі қала көшелерімен шерулете жүріп өтуді ұйғарды. Олардың қомақты бір бөлігі Фурманов көшесімен төмен түсіп, Абай даңғылымен Ленин (қазіргі Достық) даңғылына қарай бет алды. Сол шерушілер алдында Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ОК-тің идеология жөніндегі хатшысы Зақаш Камалиденов те жүрді. Олар Абай даңғылымен Ленин даңғылына дейін бірге барған. Екеуінің жастарға не айтқандарын естіген жандар әлі күнге баспасөздерде жариялаған жоқ. Дегенмен жастарды сабырға шақырған болар.

Мейрамғазы Қасенбаев:

– Шерушілер алаңда толқып тұра бермей қала көшелерін аралауға кірісті. Абай даңғылын бойлап отырып, Ленин даңғылына қарай беттедік. Лениннен төмен қарай жылжыдық. Көше бойында жүрген жастар мен аз да болса жасы үлкен кісілер бізге қосылып жатты. ҚазПИ-дің корпусы мен жатақханасына келіп, іштегі студенттерді дауыстап шақырдық. Жігіттер ауық-ауық «Қазақ басшы!» деп ұран тастап қояды. Әскерилер есіктерді жауып, сыртқа ешкімді шығармай тұр екен. Оларды итеріп жіберіп есіктерді аштық. Іштен бірнеше студенттер шығып, бізге қосылды. Жұбымызды жазбай ұрандата жүріп, Гоголь көшесінің бойындағы Коммунистік (қазіргі Абылай хан) даңғылына жеткенде екіге жарылдық. Бір тобымыз Коммунистік даңғылымен жоғары өрледі. Ал біз сол Гогольді бойлап, Қыздар педагогикалық институтының жатақханасына да жеттік. Терезелерден сыртқа шыққысы келетін қыздар қолдарымен есік жақты көрсетіп жатты. Есіктерін шегелеп тастапты. Әскерилердің бір тобы қалқалап тұр. Біз олармен де итерісіп жүріп, есікті аштық. Іштен шыққан қыздар біздің қатарымызды көбейте түсті. Содан соң Байтұрсынов көшесімен жоғары өрледік. Сағат 4-ке таяу алаңға оралдық. Алаңдағы иін тірескен жандар теңіздей толқып тұр екен, – деп еске алады.

Бақытбек Иманғожаев:

– Біз Коммунистік даңғылы бойындағы Жазушылар ғимаратының алдына барып кідірдік. Сыртқы есік жабық болды. Үстіңгі қабаттың терезелерінен бізге біраз адамдар қарап тұрды. Біз бәріміз қосыла: «Олжас, сыртқа шық!»,– деп дауыстадық. Халықтың назарын өзіне қаратқан дуалы ауыздың, билік басындағылардың мысын басатын арқалы тұлғаның бізбен бірге болғанын қаладық Ол бізбен бірге болып, жөн сілтегенде бәлкім кейбір қасіреттерді айналып өтер ме едік. Олжас ағамыз Одақта жоқ болды ма, әлде оны да Қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері шығармай қойды ма, ол жағы бізге белгісіз болды. Сонда да сол ғимараттан жастарға жанашыр қолдау көрсететін, ұлтым деп жүрген бір зиялының сыртқа шықпай қойғанына мен әлі күнге дейін таңданыспен келемін, – деп назаланады.

Сол күні Олжас Сүлейменов Жазушылар одағы ғимаратында болған жоқ. Болса, үйдің ішіне бой жасырмай, міндетті түрде өзін шақырып тұрған жастарға шығатыны кәміл еді. Шерушілерге есікті айқара ашып, бәрін ішке кіргізіп, басу айтары хақ Өйткені оның болмысы, туабітті табиғаты сондай. Иә, өкінішке қарай, ол сол күні одақта болмады. Алайда ол Алматыда, үйінде болатын.

Олжас алыстағы Италияның Сицилия аралында іс-сапарда жүрген. 15 желтоқсан күні Мәскеуден шұғыл шақырту қағазын алып, сонда ұшып келеді. Ондағылар 16 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің кезектен тыс V пленумы болатынын, мүше ретінде соған міндетті түрде қатысуы керектігін жеткізген. Ұшақ Алматыға белгіленген уақытынан біраз кешігіп қонады. Олжас үйіне бармай бірден Орталық Комитетке қарай тартады.

«…Мінберде Г.В.Колбин сөйлеп тұрған сәтте залға кірдім. Пленум Д.А.Қонаевты босатуға және бірінші хатшыны бекітуге дауыс беріп қойған екен. Осылайша ең қысқа мәжіліс бітті де, оның ұзаққа созылған сарсаңды нәтижелері бас­талды. Горбачев осы кезеңнің (демократия, жаңаша ойлау, жариялылық) көшбасында тұрғанымен өз ісін, өз ой сарабынан терең өткізбеген сыңайлы», – деп жазды кейінірек О.Сү­­лейменов.

Пленум жұмысы біткен кезде бюро мүшелері Колбиннің ауанымен Қонаевты байқамағансып, алыс­тан айналып өтіп жатқанда Олжас Сүлейменов қасына барып амандасып, жылы ілтипатын білдірген.

«…Мен екі күн қатарынан көз шырымын алған жоқ едім. Үйге бардым да, бір стакан коньякты ішке тастап жіберіп, ес-түсімнен айырыла ұйқыға бас қойдым. Содан 17 желтоқсан күні таңғы сағат 10-да жастықтан басымды бір-ақ көтердім. Ойым Димаш Ахметұлының үйіне кіріп шығу. Бірақ оның мүмкіндігі болмады. Маған үйдегілер қазақ жастарының шеруге шыққанын, олардың үлкен бір легі Жаңа алаңға қарай беттеп бара жатқанын жеткізді. «Жаңа жетекшіге» қарсы наразылық басталған екен. Димаш Ахметұлына телефон қоңырауын шалып: «Сыртта не болып жатқанынан хабарыңыз бар ма?» – деп сұрадым. Ол: «Иә, білемін. Әлгінде Орталық Комитетке де барып қайттым. Алаңда жиналғандар алдында сөйлейін деп едім, жаңа басшылар қажеті жоқ деп қашқақтатты», – деді.

Жазушылар одағынан көлік ша­қырт­тым да, алаңға бардым. Орталық Комитет ғимаратының бас есігіне дейін жеттім. Автокөлікті қалдырып, алаңдағы мінберге жақындадым. Қоршаудан өткізген жоқ. Мінберде Орталық Комитеттің бюро мүшелері студенттерді тарауға үгіттеп тұрды. Жауап орнына ысқырық пен айғай-шу естілді».

Жазушы Софы Сматаев сол жылы ОК Мәдениет бөлімінің сектор меңгерушісі болатын. Желтоқсан көтерілісін өз көзімен көрген, биліктің ішінде жүріп бәріне куә болған жан.

«…Он жетінші желтоқсан күні сағат бірге таман Олжас Сүлейменов Орталық Комитеттің Мәдениет бөліміне келген-ді. Бөлім бастығы К.Смайылов орнында жоқ болған соң менің кабинетіме кірді. Көкірегіндегісін көмейіне бүкпей, тыңдар құлақ таппаса да, шындығын шырқырап жеткізбек болған алаңдағы іні-қарындастарына, терезеден қарап тұрып, орыс-қазақ сөздерін араластыра: «Максималисты! Таза ғой, шыншыл ғой жастар! Вот оно проявление сопротивление господству тоталитарной системы»,– деді. Түстен кейін Олжас, Дүйсен Қасейінов үшеуміз бірінші қабатқа түсіп, есік көзінде жиналып тұрған Орталық Коми