Жаңалықтар

ӨРТЕҢ

ашық дереккөзі

ӨРТЕҢ

Жайылып созылған жапан сары дала.

Ана шеті Каспий, мына шеті Қытай. Ұзыннан ұзақ созылып көсілген сары дала. Сарқырап аққан өзендер, жылтырап шалқыған көлдер. Күмістей таза мөлдір су. Күңгірт тартқан қалың ну. Қараңғы түнде қалқыған, маужырап ұйқыға кеткен сеңгір таулар. Іштері толған қазына: алтын, күміс, тас, көмір, темір, қорғасын.

Ұйпаланған қаудан шөп. «Қашса, қоян жасырынған». Анау қараңдап жүрген адам. Мынау көрінген қыстау.

Күндер өтіп барады. Жылдар өтіп барады. Заман жүріп келеді. Қараңдап қазақ әлі жүр. Қарайып киіз үй әлі тұр… Ұйпаланған қаудан шөп. Жайылып, созылған сары дала!..

Ау, қазақтың баласы! Еркін өсіп, еркін еміп, ел болған еңбекші ел! Еңбегің осы ма? Қараңдап неге жүре бересің?! Қымызға әлі тоймадың ба? Жайылып созылған сары даланы неге көркейтпейсің? Ұйпаланған шірік қауды неге жұлып тастамайсың? Бүйірін қысып, қалтасындағы көк қазынаны, мол байлықты неге алмайсың? Алтын, күміс әлде керегі жоқ па?

Мөлдір суды неге жөндеп ішпейсің? Қалың нуды неге реттеп кеспейсің? Үнемі қымыз бола ма? Киіз үй мәңгі тұра ма? Ескі, битті күпіңді шешіп тас­тап, сілкінсеңші! Темір күректі қолға алып, ақ білекті сыбансаңшы.

Күні кеше қаптаған қара бұлт еді. Жел соқты, дауыл болды. Жердің жүзі ақтарылып, төңкерілді. Сатыр-күтір етті. Бытыр-бытыр етті. Сұлаған сары дала оянбады. Қимылдай түсіп, қайта жатты. Күндер өтті, айлар өтті… Зор дауылдың екпіні ерікке ешкімді қоймады. Ыңыранып сары дала да оянды. Оянысымен орнынан ұшып түрегелді. Қараса, жан-жақтың бәрі өрт екен. Өмірге емес, өлімге келген өрт екен. Ұйпаланған қаудан шөп лапылдап жанып барады екен. Өрт шалмаған жер қалмады. Бұрынғының бәрі күйді. Бәрі жанып кетті. Ішіндегі биттерімен ескі күпі де кетті. Қарайып тұрған жыртық киіз үй де кетті…

Жел басылды. Жадырап жаздың күні шықты. Ұйпаланған қаудан шөптің орнына желкілдеген жас өртең өсті. Көкпеңбек, жұп-жұмсақ, тап-таза, пәк, кіршіксіз жас өртең! Қалай сары дала енді көгермес екен? Өзгерістің өртінен кейін? Қалай қазақ оянбас екен?

Гүрілдеген өзендер, маужыраған таулар, қараңдаған қара қазақ қалайша енді өзгермес екен? Өзгереді!.. Өзгереді де! Өзгергеннің белгісі міне, біз қызғалдақтай бұлаңдап, жаңа өскен жас­тар! Жаңа жастар! Еңбекші елдің бел баласы, еліне деп еңбек еткен ер жастар! Еңбекші елдің әрі ұлы, әрі еркесі, әрі иесі, төрт түлігі тың жастар! Өртең өсіп келеді! Қайырлы болсын! «Көк күмбездің астында көк масаты». Жаңа қоныс жайлы болсын!

«Өртең» газетi, №1, 1922 жыл