Жаңалықтар

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ҮШ ШАРТЫ

ашық дереккөзі

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ҮШ ШАРТЫ

Өндірістік қарқынды еселеуге, қаржылық жүйені нығайтуға, экономиканың шикізаттық емес саласын дамытуға мүдделі Қазақстанда бүгінде халықаралық деңгейде жұмыс жасайтын мемлекеттік және жекеменшік кәсіпорындар көп. Егемендігін осыдан жиырма жыл бұрын алған Қазақстанның дамуына үлес қосып отырған отандық компаниялардың қазіргі ахуалы қандай? Елмен бірге көктеп, елмен бірге өскен олардың қол жеткізген жетістігі қайсы? Тәуелсіз елдің тәуелсіз экономикасы туралы олар қандай пікірде?

Питер ХАУЗ, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының Басқарушы директоры: – Біз қандай экономикалық тәуелсіздікке ұмтыламыз деп сұрақ қоюға тиіспіз. Мұнай бағасынан тәуелсіздік негізгі аспектілердің бірі болып табылады. Қалған әлемнен тәуелсіздік – бұл екінші мәселе. Шетелдіктерден тәуелсіздік – бұл үшінші. Қазақстан бір кезде Кеңес Одағына қатты тәуелді болды өндіретін және сататын өнімдеріміздің көпшілігін Мәскеу басқарды. Содан соң Қазақстан осыдан 20 жыл бұрын саяси тәуелсіздікке ие болды – ол күтпеген жерден сауда тұрғысынан алғанда мүлде оқшау қалды, көптеген басқарушылық және басқа да жоғары кәсіптік позиция­лар Қазақстанға қоныс аударған адамдардың қолында болуын қоса алғанда, бірқатар факторлар үшін мүлде әлсіз болды. Қазақстан өзінің негізгі экспортқа шығаратын мұнай, газ өнімдерін және пайдалы қазбаларды сату бойынша тығыз байланыстағы елдерге қандай да бір дәрежеде әрдайым тәуелді болады. Алайда 20 жыл бұрынғыға қарағанда жағдай әлдеқайда тез өзгеруде, сондықтан ол импорт үшін қандай да бір жекелеген елге бұрынғыға қарағанда азырақ тәуелді. Экономиканы әртараптандыру кезінде біз мұнай мен газдан алынатын кірістерден барынша тәуелсіз болуға тиіспіз. Бірақ бұл біз әртараптандыратын зауыттар мен кәсіпорындар субсидиясыз, рентабельді болған жағдайда ғана мүмкін болады. Егер олай болмаса, біз осы субсидияларды ұстау үшін мұнай бағасына бұрынғыдан да көбірек тәуелді боламыз. Ауқымды индустрияландыру тағдырдың тәлкегіне қарай сыртқы нарықтарға көп тәуелділікке, демек әлемдік экономикаға да көбірек тәуелділікке әкелуі мүмкін. Егер экспорттық нарық болмаса, Қазақстанда бар-жоғы 16 миллион халықпен ірі ауқымды кәсіпорындарды дамыту әрдайым орынды бола бермейді. Ресеймен және Беларуссиямен Кеден одағы көп дәрежеде нарықты қазақстандық тауарлармен қамтамасыз етуге көмектеседі. Бірақ жоғары саяси тәуекелдер есебінен, әрине жоғарыдағы елдерде шығарылатын тауарлар және қазіргі кезде импортталатын тауарлармен бәсекелесуге қабілетті бола алған жағдайда ғана бұл жүзеге асады. Сондықтан біз қосылатын бағаны азайту, бірақ сату көлемін жоғалтпау үшін осы тауарларды өндіруге жұмсалатын шығындардың басқа елдердің құнынан төмен болуына кепілдік беруге тиіспіз. Тасымалдауды қоса алғанда, шығыны аз өндіруші, әдетте сапаның артқышылығын негізге ала отырып, клиенттер үшін күресте жеңіп шығуға тиіс. Мен Қазақстан әзірше шығыстарды оңтайлы деңгейге дейін жеткізе алды деп ойламаймын, алайда бағыт дұрыс таңдап алынды. Ілеспе проблемалардың бірі – еңбек өнімділігі болып табылады және ол технологиямен ғана емес, басқарумен де байланысты. Басқарудың озық тәжірибесін елге тартпай, бізге жетекші елдерді қуып жету оңай болмайды және бұл біздің мақсатымыз болуға тиіс. «Болашақ» бағдарламасы қазақ­с­тандық жастарды оқытатын­ды­ғы­мен жақсы, бірақ мен бұдан да әрі баруға болады деп ойлаймын және осы қабілетті жастар жағдайды нақты өзгерту үшін қажетті практикалық жұмыс тәжірибесіне ие болатындай етіп жасауға болар еді. Қазақстандағы шетелдік компанияларда немесе шетелде жұмыс істеуге рұқсат ету арқылы олар басқару мәдениеті мен жұмыс әдістерін меңгере алар еді. Осындай тәсілдің артықшылықтары көп. Бұл жастар осы компанияларды тікелей Қазақстанға тартуға көмектеседі, сондай-ақ олар әріптестерімен, жеткізушілермен және клиенттермен өзара іс-қимыл жасауда өздерінің қаншалықты зерек әрі қабілетті екендігін көрсете отырып, еліміздің елшілері ретінде қызмет етер еді. Шетелдік кәсіпкерлерге егер Қазақстанда өндірістік шығындары аз, ал тауардың сапасы жоғары болса, онда өз отанындағы зауытты жауып, осы өндірісті Қазақстанға беру туралы шешім қабылдаған тиімді. Егер олардың Қазақстан туралы ұғымы болмаса немесе олар Қазақстанда жұмыс істемесе, мұндай шешім қабылдау оңай болмайды. Еңбек өнімділігі мен жұмыс орындарын құрудың арасында табиғи қақтығыс болады, сондықтан мүмкіндігінше неғұрлым қысқа мерзімде экономиканы кеңейту үшін шетелдік және жергілікті инвестицияларды тартқан аса маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан бұрынғысынша экономикалық жағынан сыртқы әлемге өте тәуелді. Алайда Қазақстан көптеген басқа елдермен салыстырғанда бизнесті жүргізу үшін өте тартымды болып табылады, демек, қосымша маркетингтің көмегімен инвестициялардың көп мөлшерін тартуға арналған салалар болуға тиіс (мен соңғы бірнеше айдың ішінде айтарлықтай жақсарғандықты көрдім). Қазақстан соңғы 20 жыл ішінде ұзақ жолдан өтті және жаңа инфрақұрылымдық жобалар елді неғұрлым тәуелсіз (энергияға қатысты), бұрынғыға қарағанда неғұрлым қолжетімді (тасымалдауға қатысты) етуге тиіс. Жақсарудың күн өткен сайын жылдам жүргендігі байқалады, болашақтағы 10 жыл ішінде экономиканың теңгерімделген және өзін өзі қамтамасыз етуге жеткілікті болатындай қалыптасуындағы ілгерілеуді күтемін, ол ілгерілеу соңғы 20 жылдың экономикасы сияқты айтарлықтай қарқынды болады. Эдуард ОГАЙ, «Қазақмыс Тобы» Директорлары кеңесінің мүшесі, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС Басқарма Төрағасы: – Желтоқсанда Қазақстан Респуб­ликасы Тәуелсіздіктің 20 жылдығын тойлайды. Екі онжылдықта көп нәрсе бастан өтті: өндірістік қаржылық құлдырау, әкімшілік-жоспарлы экономикадан нарықтық жүйеге көшу, сосын түбегейлі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер орын алды, стратегиялық жос­­парлар жасалды, оның оң нәти­же­ле­рі туралы мереке қарсаңында жан-жақты айтылуда. Нарықтық қатынастарға көшу 1992-1994 жылдары басталды, сол кездегі Үкімет қызметі экономиканы бейтараптандырып, нарықтық экономиканың заңдылық және институттық базасын құрумен айрықшаланды. «1995 жылдан 1997 жылға дейін реформаның басты бағыты макроэкономикадағы, заңдық негіздерді нығайтудағы, қаржы жүйесі, әлеуметтік сала мен өндірістік сектордағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, сонымен бірге, кәсіпорындарды демонополизациялау, жекешелендіру, банкроттау және санациялаумен қоса жүргізу болды», – деп мәлімдеді Н.Назарбаев Тәуелсіздіктің он екі жылдығына арналған баяндамасында. 1997 жылдың аяғында «Қазақстан-2030» Стратегиялық Бағдарламасы жарияланды. Нақ осы жылы ел астанасы кейін Астана атауын иеленген Ақмолаға ауыстырылды. 1998-2000 жылдарғы жұмыс Қазақстанды экономикалық дағдарыстан алып шықты және экономикалық даму жолына түсірді. Егер 1999 жылы экономикалық өсім 2,7% құраған болса, 2000 жылы бұл көрсеткіш 9,8% құрады. Тәуелсіз Қазақстанмен бірге «Қазақмыс» та дамыды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қиын жағдайлар қалыптасты. Бірақ «Жезқазғантүстімет» АҚ мемлекеттік пакетін «Самсунг» фирмасының басқаруына беру өндірісті қалпына келтіріп, техникалық жарақтандыруға жол ашты. 1998 жылы Самсунгтен бөлінген несие толықтай жабылды. 1997 жылы «Жезқазғантүстімет» АҚ негізінде «Қазақмыс» корпорациясы құрылды. «Қазақмыс Тобы» – жылдам қарқынды даму жолына түскен, ерекше тікелей интеграцияланған, кен-металлургия кәсіпорындары арасында өзіне теңдесі жоқ бизнес-құрылым болып табылады. Тек соңғы жылдары ғана даму және техникалық жарақтандыру мақсатына 450 млн. доллар көлемінде инвестиция жасалды. Алдағы бес жылда 6 млрд. доллар көлемінде инвестиция жасау көзделуде. Бұл инновациялық-индустрияландыру жобаларындағы ірі инвестиция болмақ. «Индустриализация – біздің Тәуелсіздік жылдарындағы қолға алған аса ауқымды жұмысымыз», – деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев жуырдағы Қарағанды облысына жұмыс сапары кезінде. «Қазақмыс Тобы» – ұлттық экономикадағы шешуші саланың бірі – тау-кен саласында қызмет етіп келе жатқан ірі компания. Компания қызметінің негізгі бағыттары – мысты өндіру және өткізу, сондай-ақ мырышты, күмісті және алтынды, жалпы алғандағы қосарлы өнімдер өндіру. Біз елдегі ІЖӨ-нің 2 пайызын қалыптастырамыз, әрі әлемдегі ең ірі мыс өндірушілер қатарындамыз. «Қазақмыс» – кен өндіріп шығарып, оны металл түріндегі дайын өнімге өңдеуге арналған меншікті қуаттылықтарын қолданатын толығымен интеграцияланған компания. Бұл біздің бәсекеге қабілетті зор артықшылық қасиетіміз. Біздің иелігімізде жерасты және ашық түрде өндіретін 17 кеніш, 10 кен байыту фабрикасы және мыс балқытушы екі кешен мен көліктік инфрақұрылым бар. Оған қоса, «Қазақмыс» – Қазақстандағы ең ірі электр энергиясын жеткізушісі. Тобымызға Қазақстандағы ең ірі электр станциясы – Екібастұз ГРЭС-1-дің 50 пайыздық қатысу үлесі, сондай-ақ меншікті қажеттіліктерге арналған бірнеше электр станциялары мен көмір кеніштері тиесілі. Қазақстанда өндіріліп отырған энергияның 20 пайызынан астамы Топтың иелігінде басқарылуда. Тағы бір айта кететіні, «Қазақмыс Тобы» ашық жариялы компания болып табылады, біздің акцияларымыз Қазақстанның және Лондон қор биржаларында саудаланады, осылайша үстіміздегі жылғы маусым айының соңында Қазақмыстың акция­лары Гонконгтағы қор биржасында сәтті түрде саудалануға шығарылды. Елбасымыздың тапсырмасы бойынша Жезқазған аймағын әлеуметтік-экономикалық дамытудың бес жылдық кешенді жоспары бекітілген болатын. Кешенді жоспарды жүзеге асыруға «Қазақмыс» белсенді түрде қатысып жүріп, сол жоспардың аясында минералды-шикізат базасын ұлғайтуға, индустриалды-инновациялық дамытуда жəне тұрғын-коммуналды шаруашылықты жаңғыртуға, сонымен қатар, аймақты көріктендіру мен сумен қамсыздандыруға қатысуға ынталы. Біздің компания шешуші тұтынушылық нарықта тиімді орынға ие, әрі қызметіндегі ұзақмерзімді перспективалар берік тұғырда негізделген. «Қазақмыс» әлеуметтік қызметті өзінің даму стратегиясының құрамдас бөлігі ретінде қарастырады. Біздің әлеуметтік бағдарламамыз – еліміздегі ең кең ауқымдылардың қатарында саналады. Өткен жылдың өзінде-ақ әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға шамамен 200 млн. АҚШ доллары бөлінген. Қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылып келеді. Компанияда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен еңбекті қорғау бойынша басшылық пен жұмыскерлердің бірлескен әрекеттерінің механизмін қалыптастыруға бағытталған іс-шаралардың жалпы кешені жүргізілуде. «Қазақмыс» жарақаттанушылықты тіптен болдырмауға әрі авариялық жағдайларға жол бермеуге барынша тырысып, қауіпсіздікті өзінің өндірістік қызметінің ажырамас бөлігі ретінде қарастырады. Компания өндірісті модерни­за­циялауға, инновациялық техноло­гия­лардың енгізілуіне, сонымен қа­тар қызметкерлердің біліктілігін жоға­ры­латуға және өндірістегі тәртіпті сақтауға елеулі қаражат салып келеді. Осы әрекеттердің барлығы өндірістің тиімділігін арттыруға, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, «Қазақмыс» қызметін жүзеге асырып келе жатқан аймақтардың әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуына, әрі түбінде қызметкерлердің және олардың отбасы мүшелерінің игіліктері арттырылуына бағдарланып отыр. Михаил ЛОМТАДЗЕ, «Kaspi bank» АҚ Басқарма төрағасы:– Ең басты жетістік – Қазақстан – бұрынғы кеңестер кеңістігіндегі ең тұрақты ел. Бұл үлкен тәжірибенің, даналық пен стратегиялық ойлау қабілетінің арқасында қол жеткізген өте маңызды актив пен үлкен артықшылық. Тұрақтылық бизнестің табысты дамуының ең маңызды факторларының бірі. Нарықтағы қазіргі жағдайды 2008-жылмен салыстырсақ, айырмашылық анық байқалады. Қазір жағдай анағұрлым оңтайлы. Төрт жыл бұрын сыртқы факторлардың ішкі нарыққа әсер етуі қазіргіге қарағанда әжептеуір жоғары болған. Неге десеңіз, заем тарту құрылымы, соның ішінде банк саласына қаржы тарту қиын болғандықтан, сыртқы қарыз басым еді. Бүгінде Қазақстанның банк саласы мен Қазақстан экономикасы мүлдем басқа күйде. Еліміздің үздік банктерінің сыртқы нарықтан қанша қаржы тартқанына қарасақ, бұл көрсеткіш әжептеуір азайған. Біріншіден, бірнеше банктің сыртқы қарызы қайта құрылымдаудан сәтті өтті. Екіншіден, банк секторының негізгі бөлігі сыртқты қарыздарын ойдағыдай жапты. Бүгінде kaspi bank жайлы айтсақ, «депозитке шаққандағы несие» деген көрсеткіш шамамен 100% құрайды. Яғни несиенің әрбір доллары депозиттің 1 долларымен қаржыландырылады. Бірнеше жыл бұрын бұл 200%-дан асатын. kaspi bank басқа да отандық банк­тер сияқты бірінші кезекте ішкі қаржыландыру көздеріне мән береді. Маңызды жетістік – бүгінде Қазақстан экономикасы ішкі қаржыландыру көздеріне басымдықпен негізделген және мемлекеттің өз ресурстары бар. Атап айтсақ, кез келген уақытта нақты секторды қаржыландыруын жалғастыра алатын Ұлттық қор бар. Қазірде Қазақстан экономикасының дер кезінде дағдарысқа қарсы қабылданған қатаң шараларына негізделген бірнеше артықшылығы бар. Әрине, алғашында олар тым түбегейлі болып көрінді: девальвация болды, шығыстар қысқартылды. Дегенмен сол кезде ірі инфрақұрылымдық жобалар мен мемлекеттік даму бағдарламалары іске қосылды. Осының бәрі өзге елдерге қарағанда кешенді түрде елді тұрақтылықпен қамтамасыз етті. Әрине, бұл шаралардың кейбірін көңілден шықты деуге болмас, себебі ол бәрімізге әсер етті, дегенмен нәтижесінде тұрақты экономикаға қол жеткіздік. Болашақ та анағұрлым болжамды. Осы тұрғыдан алғанда, банктердің экономика субъектілерін, жеке секторды несиелеуі сыртқы дағдарыс кезінде ішкі экономиканың өсімін қамтамасыз ететін шара болып табылады. Оның үстіне ІЖӨ өсімінің қарқыны айтарлықтай жоғары, бірақ банктердің несие қоржыны анағұрлым балансты түрде өсуде. Тым керемет, агрессивті, аса қарқынды емес, нақты сектордың қарқынына сай өсуде. Неғұрлым жылдам өссең, соғұрлым қатты құлайтының жақсы сабақ болды. Сондықтан, қазір сыртқы факторлардың әсеріне дайындығымыз анағұрлым жақсы екенін сеніммен айта аламын. 2007-жылы қаржы нарығының жабылуы ақша болмағандықтан, бәрінің тоқтап қалатынын білдірсе, қазір банктердің өтімділігі жақсы. Ішкі қаржыландыру базасы дамып келеді. Ал мемлекетте ұзақмерзімді инфрақұрылымдық жобаларға бөлінетін қаржы бар. Қазақстан жол салуда, жұмыс орындары ашылуда, инновациялық жобалар қаралуда. Осының бәрі алдағы он жылдың ішінде «жемісін» береді. Мейлі, 10 жобаның тек 3-і сәтті жүзеге ассын. Сол себепті бүгінгі жағдайдың 2007-2008 жылдарға қарағанда айтарлықтай айырмашылығы бар. Дайындаған Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ