Жаңалықтар

ТӘУЕЛСІЗДІК — АЙБЫНДЫ РУХТЫҢ АЗАТТЫҒЫ!

ашық дереккөзі

ТӘУЕЛСІЗДІК — АЙБЫНДЫ РУХТЫҢ АЗАТТЫҒЫ!

Тәуелсiздiк – ең тәттi ұғым. Тәуелсiздiк – қазақ халқына бұйырған бақыт.

Тәуелсiздiк – ата-бабамыз армандап, аңсап күткен күн. Тәуелсiздiк – бүгiнгi ұрпаққа берiлген аманат. Бiз Тәуелсiздiк күнi қарсаңында ұлт, тiл жанашырларына бiр-екi сауал тастап едiк. Соны назарларыңызға ұсынып отырмыз. Тәуелсiздiк елiмiзге не бердi? Ал сананың тәуелдiлiгiнен арыла алдық па? Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ, ғалым: 1. – Тәуелсіздік елімізге бәрін де берді. Бірақ осы мүмкіндікті пайдалана алмай отырған өзіміз кінәліміз. Өйткені батпандап кірген құлдық сана біздің ой-сана, танымымыздан мысқалдап шығуда. Біз жағдайға байланысты Балтық жағалауы халықтары батыл жүргізген отарсыздандыру саясатын қолдана алмадық… 2. – Алпауыт империяның бодандық бұғауынан босанып, күні келген құрттай аршындай шауып кете алмайсың. Үш ғасыр бойы отаршылдықтың шырмауында тұншығып, тарихи жадының жойылып, С. Торайғыровтың: «Елдігіне, жеріне һәм дініне құрылды талай тұзақ, талай қақпан» деп көрсеткеніндей, қазақ елі сан түрлі айлалы қыл тұзақтың қақпанына түсті. Ресей империясының басты мақсаты – миссионерлік саясатты ұстану арқылы қазақ елін провославия дініне шоқындыру әрі орыстандыру еді. Бұл мақсатқа жетудің кілті орыс-түзем мектебі болса, кеңестік идеология оны аралас мектепке айналдырып, интернационалистік тәрбиенің бесігі деп әспеттеді. Осы жалған идеяға алданған Қазақстан аралас мектепті бүгінде 2089 мектепке жеткізді. 1857 жылы Ресейдің саяси элитасы қазақтарды тез арада жат дінге шоқындырып, орыстандыру керек деді, көнбесе жер бетінен жою саясатын ұстанды. Осы саясаттың мұрагеріне айналған Кеңес үкіметі Ресейге қараған түрік халықтарының ең көбі, яғни 57 пайызға жеткен қазақ халқын қолдан жасалған ашаршылық арқылы қынадай қырып, 21 пайызға түсіріп жіберді. Н. С. Хрущевтің КОКП Пленумындағы жасаған баяндамасында: «Біз Сталинге Қазақстанда адам төзгісіз ашаршылықтан бүкіл қазақ халқы қырылудың аз-ақ алдында тұрғанын айтқанымызда: – Ол сары пәлекеттерден тек сондай жолмен ғана құтылуға болады, – деп жауап берді», – деп жазуынан көп сырды ұғамыз. Ашаршылықты өзі қолдан ұйымдастырып, сол арқылы қазақ елінің қырылуын жақтап отырған көсемнің ниеті мұндай болса, біз кімге сеніп келгенбіз? Ал 1937 жылғы қызыл қырғында зиялы атаулыны түгел жойып, жас ұрпақты өткенін ұмытып, тарихи жолдан ойысып, мәңгүрттендіру үшін жазу таңбасын екі рет ауыстырып жіберді. Осының нәтижесінде қазақтар дінсізденіп, тіл жағынан бір халық – ада қазақ, шала қазақ, таза қазаққа (ауыл тұрғындары) бөлініп кетті. Бүгінде мемлекеттік тілдің даму қарқынына тұсау болып отырған басты күш – орыстанған ада қазақтар мен шала қазақтар болып отыр. Әрине, бұған олар кінәлі емес, бұған саясат кінәлі. Осы себепті де мәңгүрттенген қазақтар ғасырлар бойы жүргізілген орыстандыру саясаты арқылы адасты, ұлттық санамыз, тарихи жадымыз шайылуы арқылы құлдық сана тұтқынына түстік. Тәуелсіздік алсақ та, құлдық сананың тәуелділігінен арыла алмай жатқанымыз – қасіретті шындық. Одан арылудың жолы – жауынгер ұлттық идеологияның өмірге енуі. Тұрсын ЖҰРТБАЙ, ғалым, тарихшы: 1. – Тәуелсіздік – құлдық басы­байлылықтан құтылудың барлық мүмкіндігін берді. Алайда біз сол тарихи мүмкіндікті толық пайдалана алмадық. Жансарайымыз тазармады, өзегімізге тат болып қатып қалған кеңестік идеологияның ысы сол күйі сартаптанып, тыныс жолын бітеп, санамызға азаттықтың таза ауасын жібермеді. Миымызға бостандықтың кәусары толық сіңбей, азаттық пен Алаш идеясы буалдыр елес күйінде «елес» берді. Алғашқы күннен бастап біз толық тәуелсіздікке жетелейтін идеологияны қауымға сіңіре алмадық. Тәуелсіздіктен гөрі қарапайым жұрт «базар бағасын» бағдаршам етіп алды. Сіңірі шыққан адамның жілігіне май бітсе, ақылы тәннің тәбетіне жол береді. Өйткені ақыл да сол тәбеттен азықтанады ғой. Сондықтан да рухани және экономикалық тәуелсіздікке толық қол жеткізе алмағанымыз өкінішті. Соның нәтижесінде, өзі жартылай аш өзек күйде жүрсе де «ырыздығын ауызымен құсша тістеп асыраған» бір буынды жоғалтып алдық. Оларға қазір тәуелсіздік не десең, иығын қиқаң еткізеді. Ал өздерін өр сезінсе де, құл мен күңнің тоқтық психологиясының құшағында кайф кешіп жүр. Олар қоғам мен тәуелсіздікке қауіп төндіре алмайды, бірақ «артық адам» ретінде сүйретіліп жүріп бөгет жасайды. Олар тәуелсіздікті сезінген ұрпақтың екпініне қарсы тұруға дәрменсіз, бірақ сүйретіндінің аты – сүйретінді. Алайда мұндай құбылыс бодандықтан жаңа құтылған отар елдердің бәрінде көрініс берген жай. Бүгінгі Ливия, Мысыр елдеріндегі азаматтық қозғалыстар сондай сүйретінділер мен әсірепатриоттардың арасындағы қайшылықтан туып отыр. Біздің сүйретінділер ондай қуатқа ие болады деп ойламаймын. Өйткені олар ондай қуатты күшке айналатындай еркіндікті сезініп көрген емес. Асырандылардың әптігі тез басылады, олардың орынын дәл қазіргі шақта азаматтық белсенділігі ояна бастаған бүгінгі бүлдіршіндер басады деп толық сенемін. Нағыз бостандықтың дәмін тататындар да солар болатынына сенемін. 2. – Мен осы екі сұраққа бір мәсліммен жауап бердім ғой деп ойлаймын. Қашан тәуелсіз ғылым басымдылық алады, сонда ғана санамыз азат ойдың сауыты болады деп есептеймін. Еуроцентризммен күресіп, «бас еркінен» айырылған ғалымдар мен зиялы қауымның өкілдері сиреген тұста тәуелсіздік алдық та, мемлекеттің идеологиясына «бас еркін» білмей өскен тетік иелері келді де, еуропацентристік, еураазиялық шырғаға өз еркімен мойынын созды. Бұл ағыстың екпіні әлі бес-он жылға созылады. Содан кейін ес жиямыз деп ойлаймын. Бірақ оған дейін тағы да біраз ұлттық қасиеттеріміз бен зиялыларымыз көз жаздырып кететіні өкінішті. Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, қоғам қайраткері: 1. – Тәуелсіздіктің қазақ еліне әкелген жақсылықтарын, сірә да, айтып тауыса алмаспыз. Мақтанышымызда шек жоқ. Ежелден еркіндікті аңсаған, сол үшін ғасырлар бойы қанын да, жанын да аямай күрескен қазақ жиырмасыншы ғасырдың соңында аңсаған арманына қол жеткізді, ел иесі, жер иесі атанып, дербес мемлекет ретінде дами бастады. Жиырма жыл – тарих үшін ұзақ уақыт емес. Десек те осы кезеңде бірталай игіліктерге олжа салғанымыз баршаға аян. Қай саланы алсақ та өркендеп, даму үстінде. Дәл қазір солардың бәрін тізбелеудің қажеті бола қоймас. Меніңше, ең бастысы тұңғыш рет қазақтың тағдыры өз қолына тиіп, ұлт ретінде дамуға мүмкіндік алды. Аз да болса, қазақ тілінің тынысы ашылды. Қазақты қазақ билейтін заман туды. Көптеген халықаралық ұйымдарға мүше болған, Кәрі құрлықтың төріне туын тігіп, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткен қазақ елін әлем тани бастады. Былайғы жұрт қазақпен санасатын болды. Осының бәрі, әрине, көңілге қуаныш ұялатады. Бірақ оған басымыз айналмауы керек. Өйткені біздің тәуелсіздігіміздің әлі белі бекіп, бұғанасы қатая қойған жоқ. Жиырма жылда біраз белестерді бағындырдық десек те, алда кезегін күтіп тұрған істер, тарқатылмаған түйіндер аз емес. Демек алдағы кезеңде тәуелсіздігімізді баянды ету жағын көбірек ойлауымыз, осы орайда қолда бар мүмкіндіктерді дұрыс пайдалануымыз, тарихта есесі кеткен қазақтың бағының шын мәнінде жануы үшін күресті жалғастыра беруіміз керек. 2. – Бұл сауалға үзілді-кесілді жауап беруге болмайтын сияқты.Тәуелсіздік дегеніміз барлық жағынан азат болдық дегенді білдірмейді. Бәсекеге қабілетті мықты мемлекеттер қатарына қосылу үшін әлі қыруар істер атқаруға тура келеді. Біз санада сілкініс болмай ісіміз алға баспайды дегенді жиі қайталаймыз. Расында да, бұл – біз үшін аса маңызды шаруа. Қазақ – ғасырлар бойы бодандықтың қамытынан құтыла алмай, теперішті көп көрген халық. Оның сарқыншақтарын жою үшін көп уақыт керек шығар. Дегенмен санада өзгерістер туғызатын тетіктерді іске қоса алмай отырғанымыз да шындық. Бір ғана мәселе – жиырма жылда отарсызданудың тоңы сөгілген жоқ. Содан да жасқаншақпыз, ұлттық мүдде ұтатын жерде шегіншектеп тұрамыз. Бір сөзбен айтқанда, әлі ұлт ретінде ұйыса алмай жатырмыз. Сол сияқты, Алаш арыстарының мұрасын тиісінше бағалап, бүгінгі жас ұрпақты солардың үлгісінде тәрбиелесек, ұпайымыз түгел болар еді. Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, Жезқазған қаласының әкімі: 1. – Тәуелсіздік қазақ халқына бәрін берді. Кейбіреулер тілге, тарихқа қатысты мәселеде көңіліміз толмайды деп жиі айтады. Дегенмен де салыстырып қарасаңыз, “Тәуелсіздік алмасақ не болып кетер едік?” деген сұрақ туады. Тәуелсіздік алу – адамға өмір бергенмен тең. Тәуелсіздіктің арқасында мемлекет болып, бүкіл әлемге танылдық. Тәуелсіздік үшін қаншама адамдар ашаршылық кезінде қырылып қалды. Олар өздерін құрбандыққа шалғандарын білмей де қалды. Қазақ елінің тәуелсіздікке жетуі кездейсоқтық емес. Сондағы қанның бәрі бекер кеткен жоқ. Алла Тағала біздің арман-тілегімізді қабыл алды. Тәуелсіздік үшін күресіп, қан төгіп жүрген жанымыздағы басқа да азаматтар сол күнге әлі жете алмай жатыр. Мәселен башқұрттар, шешендер, татарлар, ноғайлар, қарақалпақ, ұйғырлар әлі күнге Тәуелсіздікті армандап жүр. Сондықтан да бұл қазаққа үлкен әділдік орнап, дүниеге қайта келгенмен бірдей. 2. – Тәуелсіздік – бодандықтан құтылып, азаттық алу. Адамның ең үлкен арманы осы. Азаттық – ең қасиетті әрі қастерлі ұғым. Соңғы кезде Тәуелсіздікті дұрыс насихатттап, халыққа толыққанды жеткізе алмай жатырмыз ғой. Тіпті, бұрын азаттықты аңсаған жұрт өмірге келген сәбиіне Азат деп ат қоятын еді. Азаттық – құлдықтан құтылу. Ең алдымен қазақ құлдықтан, бодандықтан азат болды. Ал әлі күнге құлдық санадан арылмай жүргендіктен де, тәуелді санадан құтыла алмай жатырмыз. Әлі күнге жалтақтаушылық басым. Өкінішке қарай, мемлекетіміз 300 жылға жуық шайқалғандықтан да мемлекеттік инстинкт деген жоғалып кеткен. Бір қынжылтарлығы, мемлекеттік тұрғыда ойлау бұқара халықты толыққанды қамтымай келе жатыр. Кейде қара басты алдыңғы орынға қоятындар бар. Яғни Тәуелсіз сана – қара бастың қамынан құтылу. Мемлекеттің, ұлттың мүддесін қара бастың мүддесінен жоғары қою керек. Байқасаңыз, қорқып, қаймығып қалған адам кейбір іс-қимылдарға бара алмайды. Азаматтар «қазақ тілі үшін шығайық» десе, бұғып қалатындар көп. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде осындай көріністер қатты соққы берді. 1991 жылы университетте оқып жүргенде студенттер: «Бәріміз алаңға барайық» дегенде, «Құрысын, бәлесінен аулақ» дейтіндерді көрдім. Ал 1989 жылы осы көтерілістің үш жылдығында далаға шығайық дегенімізде де тіпті шошып кететіндер көп болды. Тәуелді сана деген сол. Басқа мемлекетке және қара бастың мүддесіне тәуелділік бар әлі. Орыс тіліне, орыс мәдениетіне, орыстілді ақпарат құралдарына тәуелдіміз. Өкінішке қарай, мұның жақсы әрі жаман жағы бар. Жаман жағы – қазақ тілін, қазақ ұлтын дамытпауға, қазақ үшін бір істі жасауға кедергі жасайды. Жақсы жағы – кез келген адам бәрін үйрену керек, білу керек, басқа елдермен бәсекелі болуы керек. Бұған жау ретінде қарамау үшін, қазақ тілі бәсекеге қабілетті болуы қажет. Тәуелсіздікпен құттықтамас бұрын кө­ше­лердің бәріне Жаңа жылдың шыршаларын жағып қоямыз. Тәуелсіздікті аңсап, армандап, сол үшін күресіп, қан төккен ұлттар мұндайға жол бермейді. Мұның бәрі бұйрықпен жасалатын нәрсе емес. Жалпы, 16 желтоқсан – қазақ үшін азалы күн. Ең алдымен, бұл құрбан болғандарды еске алатын күн. Осы жағына да көп көңіл бөлмейміз. Біз Жезқазғанда Желтоқсан көтерілісіне арнайы көше атын және Қайрат Рысқұлбеков есімін мектепке бердік. Сондай-ақ қаламызда көтеріліске қатысқандарға арнайы кітап шығарып, құрмет көрсетудеміз. Махамбет БЕЙДАЛЫ, «Нұр Отан» ХДП АҚФ төрағасының бірінші орынбасары: 1. – Тәуелсіздік мемлекеттің басты құндылығы болып табылады. Ең бастысы, тәуелсіздіктің бізге бергені бұл: Біріншіден, Тәуелсіздік қазақстандық қоғамның рухани санасын көтерді. Қазақ­стандықтар өздері тұрған, бірақ сол тұрған үйлеріне толық құқығы болмаған үйді қайта тапқандай болды. Сол сәтте ең бастысы үйімізді достықпен, бірлікпен, жақсы іс-әрекеттермен толықтырып, мақсатымызға қол жеткіздік. Ал мақсатқа қол жеткізуіміз Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасы. Екіншіден, Тәуелсіздік Қазақстан Рес­публикасына мықты көшбасшыны сыйлады. Қазақстан халқының бастан өткерген барлық қиыншылықтарға қарамастан, Елбасымыз Н. Ә.Назарбаев жас мемлекеттің одан әрі қарай дамуында жаңа саяси инс­титуттар мен механизмдердің құрылуына бар күшін салды. Үшіншіден, Тәуелсіздік арқылы жаңа экономикаға қол жеткіздік. Демокра­тия мен делимитацияның қиын да қысыл­таяң кезеңдерін бастан өткердік. Уақыт талаптарына жауап қайтаратын және экономикалық жылдық өсімді қамтамасыз ететін жаңа экономикалық механизмдерді қалыптастырдық. 2. – Иә, әрине, санамыз тәуелділіктен арыла алды. Қазақстандық қоғам тәуел­сіздікті мемлекеттілік пен қазақ­стандық дамудың, ғажайыптың жалғасы ретінде негізгі құн­дылық деп түсінеді. Алайда мемлекеттің негізін құраушы әрі қажырлы ұлт ретінде қазақтар қазақстандық қоғамның дамуы үшін өз белсенділіктерін танытпайды. Ол керісінше болуы тиіс, қазақтар жалпы қазақстандық қоғамның ілгері дамуына белсене қатысып, өз үлестерін қосуы керек. Барша қазақстандықтар еліміздің үл­кен жетістіктерге жеткенін біледі. Осы жетістіктер арқылы еліміздің ынтымағы мен бірлігінің арта түсуі ұлт көшбасшысы Н. Ә.Назарбаевтың стратегиялық даму жоспарының жүзеге асыру нәтижесі болып табылады. Ғизатулла ХАЛИДУЛЛИН, тарих ғылымдарының докторы: 1. – Қазақ халқына Тәуелсіздік оңай келген жоқ. Тәуелсіздікті бұдан да бұрын ата-бабамыз аңсап кеткен еді. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен еліміздің бодан болып кетпеуі үшін қаншама жұмыстар жасады. Азаттық қозғалысының барлығының көкейкесті ойы сол болатын. 16 желтоқсан күні Алматы қаласында Үкімет үйінде Сұлтан Сартаев, Салық Зиманов бастаған бір топ азаматтар еліміздің Тәуелсіздік жолындағы декларациясын халыққа паш етті. Тәуелсіздік бізге не берді? Тәуелсіздік – қазақ халқының ұлт ретін­де қалыптасуына, экономикасының нығаюына, мәдениетінің өркендеуіне үлкен жол ашты. Егер де экономикасы болмаса, мәдениеті мен елдігі болмаса ел ретінде сақталып қалмас едік. Біз әуелі шекарамызды бекіттік. Біреулер «біздің шекарамыз бұрын да болған» дейді. Иә, болды. Бірақ егемендікке қол жеткізгеннен соң шекара халықаралық стандарт бойынша белгіленді. Әрине, өтпелі кезеңде қазақ халқы өте қиын жағдайды бастан кешті. Бірақ бар ауырт­палықты жеңе білген мемлекетіміз 20 жылда осындай жағдайға жетті. Бұған да тәубе деуіміз керек. 2. – Еліміз тәуелсіздік алды, бірақ санамыз тәуелділіктен арылған жоқ деуге бола қоймас. Әркімнің ойы әрқалай. Алайда тіл мәселесінде шешілмей жатқан түйткілдер бар. Тіл комитетінің құрылғанына да 20 жыл болып қалды. Осы тұрғыда бірқатар шаралар жасалып, арнайы бағдарламалар қабылданды. Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің өз мәртебесін алатын күн алыс емес. Дәурен БАБАМҰРАТОВ, «Болашақ» жастар қозғалысының жетекшісі: 1. – Ең бірінші біз заң жүзінде, яғни қағаз бетінде бүкіл әлем мойындаған тәуелсіздікті алдық. Соған сәйкес сыртқы және ішкі саясатымызды құра бастадық. Ұлттық өркендеу басталды, тарихымызға, мәдениетімізге деген ерекше көзқарас пайда болды. XXI ғасырда өзгелермен терезесі тең мемлекет болдық. Алайда бұл дүниенің барлығы тек салыстырмалы түрде ғана. Егер қазақ тіліне қатысты айтатын болсақ, біз бұрынғы КСРО елдері арасында ұлттық, ана тілі мәселесін түбегейлі шешпеген жалғыз мемлекетпіз. Егер мәдениетіміз бен тарихымызды алар болсақ, оған қатысты да әлем мойындайтындай мардымды ешнәрсе жасап үлгермедік. Экономикамыз мұнайға, сыртқы саясатымыз ірі-ірі әлемдік ойыншыларға тәуелді болғандай. Сондықтан әлі атқаратын жұмыс қыруар, бұл жиырма жыл тек аралық есеп беретін меже ғана. 2. – Өкінішке қарай, арылды дей алмаймыз. Біздің санамыз әлі күнге дейін толығымен Ресейдің мәдениеті мен ғылымының құрсауында. Айталық, Қазақстанда сатылатын газет-жур­нал­дардың 90 пайызы орыс тілінде жарық көрсе, соның ішінде тағы 90 пайызы Ресейдің басылымдары (тек болжамды түрде, нақты ақпар жоқ). Кез келген тарихи, мәдени, ғылыми дүние жасар алдында әлі де Мәскеуге жалтақтаймыз. Сондықтан бүгінгі Қазақстан қоғамының санасын басқару біздің қолда емес. Бізде ондай мүмкіншілік болу үшін әлі неше жыл керек екені белгісіз. Тіптен керісінше, талай қазақ өз елінде отырып, орыс тілінің және Ресей мемлекетінің болашағы үшін, олардың тәуелсіз санасы үшін байқамай қызмет жасап отыр. Дайындағандар: Гүлзина БЕКТАСОВА, Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ