«СКАЗКА» БІТТІ. «АЙНАЛАЙЫН» АТАЛАДЫ

«СКАЗКА» БІТТІ. «АЙНАЛАЙЫН» АТАЛАДЫ

«СКАЗКА» БІТТІ. «АЙНАЛАЙЫН» АТАЛАДЫ
ашық дереккөзі

Осы жағымды жаңалықты есту үшін жарғақ құлағымыз жастыққа тимей, әкімдіктің ресми сайтына бірнеше рет хат жазып, аудандық білім бөлімінің табанын тоздырып едік. Бәлкім, жергілікті биліктің мазасын алған да болармыз, алайда қол қусырып қарап отыра алмадық. Себебі балабақшалардың атаулары – «Сказка», «Улыбка» деп орысша аталып келген-тұғын. «Ең болмаса біреуін қазақ тілінде атау керек еді, тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі балабақша атауына да жарамай қалды ма?» деп үйде қынжылғаннан не пайда? Одан да әкім-қараға осы мәселені жеткізу керек шығар дедік. Аталған мәселені шешу үшін Қостанай облысының әкімі С.Кулагиннің араласу қажеттілігі туды. Бізге анық болғаны – аудандық білім бөлімі тәжірибесінде мекеменің атауын өзгерту жағдайы бұрын-соңды болмаған екен және ауданның биылғы бюджетінде бұл мәселе қарастырылмаған. Демек, қаражат бөлінбеген. Осылайша тығырыққа тірелген аудан шенеуніктері мәселенің оң шешілуін келесі жылға қалдырғанға ұқсайды. Ал біз болсақ, «темірді қызған кезде соғып» қалуды жөн көрдік. Қолға алған істі келесі жылға қалдырмайық дедік.

Расында, балабақшаның қазақша аталуы – бүлдіршіндердің, олардың ата-аналарының мемлекеттік тілге құрметін арттыратын қадамдардың бірі ғана емес, тұрғындарды нағыз қазақстандық азамат етіп тәрбиелейтін қасиеті де барын жоққа шығаруға болмас. Олардың патриоттық сезімін ояту мемлекеттік тілдегі сөздің еншісіне тиіп тұрған жоқ па? Мемлекет тәуелсіздігіне қол жеткізгелі 20 жыл болғанын ескерсек, бұл мәселе өзектілігін жоймайды. Әйтпесе шет мемлекеттердің қайсысы өз балабақшаларын, мекемелерін өзге тілде атап жатыр? Міне, осы мәселенің шешілуіне атүсті қарамаған облыс әкімі С.Кулагин өз бақылауына алды. Нәтижесінде облыс әкімі өз блогында: «Қарабалық ауданы әкімдігімен «Қарабалық ауданы әкімдігінің «Сказка» балалар бақшасы» МКҚК атын Қарабалық ауданы әкімдігінің «Айналайын» бөбекжай-бақшасы» МКҚК атына өзгерту туралы шешім қабылданды. Осы уақытта құжаттар мемлекеттік тіркеу процедурасынан өту үшін әділет органдарына берілді. Атын өзгерту бойынша жұмыс 2011 жылдың 1 желтоқсанына дейін аяқталады» депті менің жолдаған сауалыма (04.10.2011ж).

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Қостанай облысының әкімі С.Кулагиннің араласуымен Қарабалық кентіндегі бір балабақшаның атауы қазақша аталатын болды!

08.12.2011

Төлен РАМАЗАНҰЛЫ

Қостанай облысы