АТҚАМІНЕРЛЕР АЩЫ ШЫНДЫҚТЫ МОЙЫНДАМАЙДЫ

АТҚАМІНЕРЛЕР АЩЫ ШЫНДЫҚТЫ МОЙЫНДАМАЙДЫ

АТҚАМІНЕРЛЕР АЩЫ ШЫНДЫҚТЫ МОЙЫНДАМАЙДЫ
ашық дереккөзі

Әркімнің талғамы әртүрлі ғой. Құдайға шүкір, газет-журналды оқып, талдаудан қалғанымыз жоқ. Еліміздегі шығып тұратын газет-журналдардың бағыт-бағдарлары әр бағытта, әр сарында: Отан­ды сүю, әдет-ғұрыпты, салт-дәс­түрді, тілді, дінді сүю, жастарды адамгершілікке баулу. Осы газеттердің ішінде сіздердің газеттеріңіздің орны мен үшін ерекше. Мұнда көкейтесті мақалалар ашық та айқын жазылады. Бірақ ащы шындықты мойындайтын, дабыра қылмай жөндей салатын атқамінерлер жоқтың қасы. Мені алаңдататын мақалалар – оралмандар мен тіл мәселесі. Ойпырмай, басқа ұлтқа емес, өзімізге өзіміз қастандық жасайтын қандай халық болып кеттік. Еліміздің 138 зиялылары мен 100 керекулік азаматтың жан айғайына құлақ аспайтын бұл қандай Үкімет, қандай Мемлекет?!

Газеттің құн­дылығы оның шындықты жазуы. Осы ба­ғыттан таймасаңыздар екен. Әйтеуір бір күні ОЯНАР.

Менің сіздерге айтар ұсынысым да жоқ емес. «Ырыс», «Жаһан», «Қоныс» арнайы қосымшаларынан бөлек:

1. Денсаулық беттерін ашсаңыздар екен. Онда әйел жолдастардың (біздің қыздарымыз бен келіндеріміз) аяғы ауыр болған сәтінен бастап, баланы босанғанға дейінгі кезеңде өзін-өзі күту жағдайы, баланы қазақы тәрбиемен күтіп-баптауы, баланы шомылдыруы, аяқ-қолын созып, массаж жасауы, бесікке салуы, т.б. түрлерін жасау мәселелері айтылса… Жалпылама көкөністерден жасалатын халық емдерін, қырыққабат, картоп, қияр, қызанақ, пияз, сарымсақ, жүгерінің шашақтары, т.б. өсімдіктерден жасалатын дәрілерді жазсаңыздар.

2. Көктем келеді. Онымен қоса, тіршілік қамына кірісеміз. Сол кезде жеміс-жидек отырғызамыз. Мысалы: алма, жүзім ағаштарын қалай таңдаймыз, қалай отырғызамыз, қалай ауру-сырқауға ұрындырмай күтіп баптаймыз. Күзде осы ағаштарды қысқа қалай дайындаймыз. Қыста жеміс-жидекке қандай жағдай жасаймыз деген мәселелер қозғалса…

3. Халық қолөнерінен: қазақы тері илеу, таспа тілу, неше түрлі қамшы өру. Қайыстан жүген, тартпа жасау, ертоқым мен жабдықтарын жасау, таға салу, ат тағалау, шана жасау.

4. Маржансөз айдарымен дана ба­баларымыздың асыл сөздерін, ақын-жа­зушылардың өнегелі қағытпа сөздерін, өлеңдерін, құрбы-құрдастардың әзіл әңгі­мелерін беріп тұрсаңыздар екен. Бұларды жазып отырғаным, келешек ұрпақтар қазақтың әдет-ғұрпын білсін, үйренсін, өзі білсе басқаларға үйретер деген ой-тілегім. Біз бұлардың толықтай болмаса да, шет жағасын көріп өстік. Басымыздан талай нәрсе өтті. Соғыс жылдарындағы, одан кейінгі тапшылықты көрдік. Ол күндер де келмеске кетті. Бес ұл-қыз өсірдім. Он екі немере, екі шөбере сүйіп отырған қариямын. Ел аман, жұрт тыныш болсын! Бұл менің бата берген сайын ең соңында қайтаратын сөзім. Былтыр жеңістің 65 жылдығында Новгород облысында 1943 жылы соғыста қайтыс болған әкемнің басына құран оқып қайттым. Оған да тәубә деймін.

08.12.2011

Құрметпен

Шелбой ИМАНӘЛIҰЛЫ