Жаңалықтар

АБЫЛАЙ ХАН МҰРАҒАТ ҚОРЛАРЫНДА

ашық дереккөзі

АБЫЛАЙ ХАН МҰРАҒАТ ҚОРЛАРЫНДА

1760 жылы 16 сәуірде Орынбор губерниясының кеңсесінен құпия экспедиция арқылы Орынбор гарнизонының жаяу әскер полкының поручигі, князь Иван Ораков, тілмаш Яков Гуляевтар Абылайды іздеп, бес күн жүріп, старшын Байжігіттің ауылына келеді. Абылай осы жерден 3-4 шақырым жерде қоныстанған екен. Көкшетауға, Әулие Петр қамалына жазда бармақшы.

Орақов пен Гуляевтар әдептілік, сыпайылық көрсетіп, Абылай сұлтанды тағы да Орынборға, тіпті болмаса Троицкіге келуді өтініп сұрайды. Оған Абылай былай жауап берген: «Қашқария қырғыздары Айходжа және Күнходжа Жаркент қалаларына шабуыл дайындап жатыр. Бұл жердегі халықтар Ташкент, Түркістан, Бұқараға көпестер және таможнялықтармен еріп көшіп жатыр. Ол жерге көмек көрсетуіміз қажет. Сол себепті Орынборға баруға уақытым жоқ».

Осылайша үш (Ресей, Жоңғар, Қытай) алып мемлекеттерінің арқасында дипломатиялық шеберлікпен қазақ елінің бостандығын сақтай білді.

1759 жылы (қор-122, «Қырғыз-қайсақ ісі», тізім-1, іс-3) Орынбордың губернаторы, құпия кеңесші Давыдовқа және генерал-майор Тевкелевке, Сібір губернаторындағы әскери қолбасшы Брегадир Фрауендорфқа жазылған Император ханымның кеңсе қызметкері граф Воронцовтың хаты Абылай ханның өміріндегі тағы бір жайларды ашып беріпті.

Мұнда Абылай ханның Ресейдің губернаторларына, тіпті ханымға, канцлерге де бас имейтіні, бірнеше рет өздеріне келіп жолығуын 1743 жылдан бері сұраса да бармағаны, оның үстіне олардың алдына өзінің талаптарын қойып, оның орындалуын табанды түрде сұрағаны айтылады.

Осы хаттың 74-бетінде былай делінген:

«…Сіз (губернатор Давыдов – Б.Н.) биылғы жылғы 15 наурыздағы хабарламаңызда тағы да ұсыныс жазыпсыз. Онда Абылай сұлтанды жақсырақ өзімізге тарту мақсатымен есіркеуді және Орынборда көбірек марапаттауды талап етіпсіз. Мұндай жалақы үшін ол (Абылай – Б.Н.) одан әрі беріліп қызмет етуге міндетті. Оны жоғалтпас үшін, біздің жағымызды қолдауы үшін, тіпті болмаса ашық қарсы шықпас үшін, бүгінгі қытайлықтардың тырысып отырғанына беріліп кетпей, өз жағымызға шығару керек. Біздің жақтан да оны ескеруіміз қажет. Онымен жеке хат жазысып тұрыңыздар. Ол өте пайдалы. Абылай сұлтанға Император – Ақ Патша ханымның атынан 1759 биылғы жылдың басынан бастап жалақы төлеуі дұрыс. Орынбордың шет ел шығыны есебінен қырғыз-қайсақтардың Кіші Ордасының Нұралы ханының жалақысын азайтып, әр қайсысына 600 рубльден жалақы берілсін. Оларда реніш болмау үшін жылына 300 рубльден тағайындау керек. Оның үстіне 100 рубль басқа қырғыздарға берілмей Абылай сұлтанның өзінің пайдалануына беріледі.

(76-беті) Өйткені бізге белгілі, ол өзінің екі жүз рублімен қырғыз-қайсақтың салты бойынша жергілікті старшындарымен бөліседі.

2-ші, Абылай сұлтанның басқа ұсыныстарын алсақ, ол Ресейдің шекаралық командирлеріне өкпелі, сондай-ақ башқұрттарға және белгілі Ноян Шерендеге. Ол қырғыз-қайсақтардың жауы көп, жылқыларын алып кеткен. Сондай-ақ қасиетті шоқынуға барғандар туралы айтыпты, олардың басым көпшілігі өз еріктерімен шоқынуға барған жоқ.

…Абылай сұлтан қойған мәселелерді шешу және Ноян Шереннің ұстап отырған адамдарын, жылқыларын да қайтарып беру мүмкіндігіне сенемін. Абылай жанжал шығарады. Оның арызы бойынша Сібір командирлерін тыныштандыру керек.

3-ші, Абылай сұлтан қойған мәселелерін шешу үшін қабылданған жарлықты нақты орындайық (78-беті). Абылай сұлтан кейбір жағдайға сенбеуі мүмкін. Оның талаптары толығымен орындалған жоқ…»

Міне көріп отырсыздар, Санкт-Петербургтен канцлер Абылайдың талаптарын орындау қажеттігіне қатты көңіл бөлген. Бұл Абылай сұлтанның беделі жоғары екенін, өзін Ресейге бағынышты деп мойындамайтынын көрсетсе керек..

Осы хаттың жалғасында былай депті:

… «Абылай бүкіл Орта Орданың ең басты қожасы болып есептеледі, оның үстіне ол басқалардан гөрі әлдеқайда зерек, әрі икемді, оны нағыз хан жасау керек. Жергілікті халық Орта Орданың Әбілмәмет ханы секілді мысалындай жарлықсыз хан сайламасын. Оған қарсы тұру өте қиын. Өйткені ісіне қарап әр жерде бүгінде Абылайды хан деп атайды» делінген.

Қараңыз, Абылайды халық әдейілеп сайламаса да оны «хан» деп есептейді.

Осы жағдай туралы канцлер Воронцов өзінің хатында:

… «Абылай сұлтанның Кіші Ордаға Нұралыны хан етуі (Әбілхайыр туралы хаттарда бұл айтылмаған Б.Н.) кейде ол Орта Орданың да иесімін деп есептейтіні өкінішті-ақ. Абылай сұлтан барлық жерде көп сенім артқан адам. Бұл жердің халқының еркінсіз хан деп жарияланған жоқ. Іс әдеттегідей жүріп жатуы, осы жерден құрмет алуы және басқа да істер ақсамас үшін екі Орда да хандарының жеке болғандары дұрыс. Ол екеуінің арасында бөлінушілік көбейді. Оны алдын ала білуге болады» – деп оған қуана отырып канцлер мына мәселелерге көңіл бөліпті:

«Абылай сұлтан өзінің қол астындағыларға Кіші Орданың мысалындай өз орнына ізбасарының бірін немесе абыройлы туыстарының бірін аманатқа берер ме екен? Нұралы сұлтанның аманатта балалары бар. Ал Абылай сұлтанның аманатта ешкімі болмауынан оған хан атағын беру ыңғайсыз болған болар еді.

Орта Орданың ханы болып отырған Әбілмәмет хан бүгінде хандыққа – ешқандай араластығы жоқ. Өйткені сіздің 1759 жылғы 13 мамырдағы хабарламаңызда көрсетілгендей, Абылай сұлтанды бақылауға жіберіп, сізбен кездесуге үгіттеуге аудармашы Араповты жіберіп, оған хат, біраз кішірек сәлемдеме жіберіпсіз. Әбілмәмет ханға да беріпсіз. Оның хан болып тұрған кезіндегі Түркістаннан келгеннен кейін біздің жаққа жасаған жақсылығы, Орта Орданың қырғыздарына (қазақ – Б.Н.)Императордың – Ақ Патша ханымға адалдықты бекіткені үшін Орта Ордадан кеткеннен кейін Абылай сұлтанды хан етіп тағайындап кетті. Әбілмәмет ханның бүгінгі күнге дейін хандық күші Орта Ордада бар. Оны ашуландырмаған жөн және Қытай жағына көңілі ауып кетпеуін байқау керек».

Осы хат арқылы канцлер губернаторға мынадай тапсырма береді:

… «Абылай сұлтаннан шеберлікпен жасырын сұрасаңыз: «Осы жаққа хан болуға – келісімін берер ме екен? Оған қоса Аманатқа біреуді жіберсе (81-беті), ауызша осы ұсынысты қабылдаса оған сеніммен қараймыз».

Абылай хан бұл ұсынысты қабылдамады. Ол әдептілігін, ар-ұяты барлығын, ағасына адал екендігін білдірді.

Абылай ханды үш орданың сұлтандары, билері, батырлары хан ретінде мойындағандары соншалықты, қиын жағдайлар пайда болса оның арашашы болуын тілеп көмек сұраған.

Мұрағаттан табылған бір хатта Шапырашты Наурызбайдың жақын туысы Байжігітті ұры ретінде Ресейліктер өлім жазасына кесіпті. Оны дарға асудан Абылай хан құтқарып қалған екен.

Ресей Империясының Сыртқы істер министрлігінің сыртқы саясат мұрағатынан (қор-122 тізім-1 іс-10 (35 парақ)) төмендегі хат табылды (1747 жылы 3 наурыз).

«Сібірдің губерниялық кеңсесінен сыртқы істердің мемлекеттік коллегиясына Баянат:

«…Өткен 1745 жылы 28 қарашада сібір губерниялық кеңсесіне генерал-майор Киндерманның хатымен бірге қырғыздың қожасы Абылай сұлтанның және генерал-майор губернатор Сухаревтің хатының түпнұсқасы жіберілді. Абылай сұлтан онда Ресейдің қолындағы қырғыз-қайсақтардың тұтқындағыларының шоқындырылып жатқанына қатты қиналады. Ол қырғыз-қайсақ Байжігіт Жайлаубаевты босатуын талап етті. Абылай былай депті: … Мен үйсіндерден естідім. Олардың бір адамы Байжігіт Жайлаубаев және оның інісі Ақбеш Тобылда түрмеде отыр. Сізден генерал Киндерман мырза мемлекетіңізде басыбайлы адамымызды босатып жіберуіңізді сұраймыз. (27-беті). Оның аты Байжігіт Жайлаубаев. Туған жері Қазақ Ордасы, Шапырашты руынан. Онда старшын Наурызбай Төлемышев. Ол жылқы ұрлап қолға түскен…

…Өткен жылғы 1743 жылы 2 маусымда Сібірдің губерниялық кеңсесіне Қазақ Ордасынан тұтқын Байжігіт Жайлаубаев майор Кейманмен жіберілді. Ол қырда жылқы айдап бара жатқан жерде ұсталды. 23 желтоқсан күні Сібірдің губерниялық кеңсесі қырғыз-қасақ Жайлаубаевты Тобылдан Сапун кигіз үйіне әкелініп гарнизонда дарға асулары тиісті болатын. 1747 жылы 7 қаңтарда гарнизонның кеңсесінің жариялауы бойынша, бұл міндетті орындаушы экспедициядағы Сібір гарнизонының қателігінен орыс тұтқындарының 9-ның ішінен қалмақ Календарды қателікпен дарға асыпты» .

Генерал Абылай ханның сұрауын қанағаттандырып, бұйрықты жедел жеткізіпті. Осылайша Байжігіт інісі, жолдастарымен еліне жіберілген.

Абылай ханның үлкен дипломат екендігі жоңғар ханы Қалдан Серен өлгеннен кейін ерекше белгілі болды.

Қалдан Серен өлген соң оның балалары таққа таласып, бірін-бірі өлтірді. Ең соңында күңнен туған ұлы Лама Дорчжи қулық-сұмдық жолмен хандық тақты басып алды. Оның Даваци, Амурсана атты інілері Абылай ханның ордасына қашып келді. Осы кезде Әбілмәмет хан, атақты Малайсары билер Абылайға Лама Дорчжиге екі қашқынды қайтарып беруді талап етті. Бұл Абылай ханның ел басқарып жүргендегі өте ауыр кезеңі еді.

Осы кезеңде оның табандылығын, тапқырлығын, қайратты жігерлілігін көрсететін деректерді Санкт-Петербургтің орталық кітапханасынан алған В.В.Вельяминов-Зерновтың (Императордың географиялық орыс қоғамының толық мүшесі) «Тарихи хабарлама «Қырғыз-қайсақтар туралы және Әбілхайыр хан өлгеннен кейінгі Ресейдің Орта Азиямен қарым қатынасы» (1748-1765 ж.) кітабынан көруге болады. Онда былай делінген: «Лама Дорчжи 1750 жылы мамыр айында өкіметті өз қолына басып алды. Бір інісін соқыр қылып жер аударды. Бадемирдің бес ұлын тұншықтырып өлтірді. Одан басқа да көптеген туыстарын сол әдіспен құртты.

Ұрыс-керіс және келіспеушіліктер оның тез арада сөзсіз құритынының белгісі еді. Мемлекет үшке бөлінді. Бір бөлігі Лама Дорчжиге қалды. Екіншісі Қытайға көшті, үшіншісі Сібірге, Ертіс өзеніне қарай ығысты.

Енді елдің иесі жауыздықтың жаңа түрін қолдануға көшті. Даваци – ең жақын таққа таласатын ізбасар болғандықтан, оны бақталас деп есептеп тұншықтырып өлтірмекші болды. Оған мазасызданған Даваци өзінің жиені – Амурсанамен Сібір шекарасына, Орта Орданың қырғыздарына қашып барды (1752 жылы маусым айында). Даваци екі адамын Абылай сұлтанға жіберді. Одан рұқсат талап етті. Осы жерде қалайын ба, жоқ басқа жаққа барайын ба? – деді.

Айлакер Абылай сақтық шарасын қолданып үлгерген болатын. Жоңғарларды жек көре тұра, бұл жағдайға қуанды. Давацидің келуін пайдаланып, толқу мен тәртіптің бұзылғанын ұзартуды ойлады.

Дегенмен де жоңғарлармен ашықтан-ашық соғысу ол үшін қауіпті екенін түсінді. Ол Лама Дорчжидің әлі құдыретті күші барын, оның қашып келген княздерді қайтарып берулерін талап ететінін, ал егер қайтармаса қаруларымен шабуыл жасауы мүмкін екенін білді. Күшінің тең еместігін түсініп, Абылай оларды ескертуді дұрыс деп шешті. Оларға Давацидің жолдастары өздігінен келгенін хабарлады. Даваци үшін жауласуды немесе келіспеушілікті қаламайтынын білдірді.

Лама Дорчжи жағынан өзінің қауіп сіздігін қамтамасыз етіп алған соң Абылай енді бұл іске бар мүмкіндігінше кірісті. Давацидің елшілерін жылы шыраймен қабылдады. Жоңғардың қожасы табанды түрде қырғыздардан княздерді беруді талап етті. Оның талабы Абылайды мазасыздандырды. Өз пайдасына байланысты ол оларды қолынан шығармауы тиіс еді. Оған ризашылығын білдірді. Ол жоңғарларда тұтқында болғанда, оған Даваци аз жақсылық жасаған жоқ-ты. Ал Дорчжидің талабын орындамаудың арты Орда үшін өте ауыр жағдайға апарып соғуы мүмкін. Оған Абылайдың басқа сұлтандар мен қырғыздардың көмегінсіз қорғана алмауы мүмкін-ді. Сол мақсатпен Орта Орданың атақты старшындарын Ұлытау мекеніне шақырып, 1752 жылы күзде съезд өткізуге шешім қабылдады. Кеңеске Нұралы ханды да шақырды. Тевкелев оны жібермеді. Оның орнына інісі Ералы сұлтанды жіберді.

… Әр жақтан 70-тей старшындар мына рулардан келді: Найман, Уақ, Керей, Бәсентиын, т.б. Әбілмәмет хан Түркістаннан келді. Ол жоңғардың иесін толығымен жақтаушы ретінде келеді. Ол Түркістанды басқарып отырғандықтан Лама Дорчжидің Вассалы ретінде князьдерді қайтарып беруді талап етті. Бірақ оның сөздері ешқандай әсер етпеді. Абылай бастаған, барлық старшындар бірауыздан: «Қашқындар өз князьдарының ішіндегі ең беделді, құрметтеуге лайықты адамдар. Егер Давациді қайтарып берсек, ол тірі қалса, бұрынғыша күшейіп, тіпті ел қожасы болады да кек қайтарады. Ол Лама Дорчжидің қаһарынан да қатты қорқыныш әкеледі. Мойындамауға болмайды» – деп шешті. Осы шешімді старшындардың қабылдауына Абылай көп күш жұмсады. Тек өзінің Орта Ордаға үлкен абыройы, беделі болғандықтан ғана осы шешімді қабылдады.

Жәнібек тарханның ұлы Дәуіт тархан және Бөгенбай батыр кеңеске шақырылмапты, барған жоқ. Олар Абылайға адам жіберіп (1752 ж. күзде), князьдар туралы, съездің шешімі туралы хабар беруін сұрап, өздері Давациді қайтарып бермеуіне келісетінін айтыпты. Егер қауіпті төне қалса, жоңғарларға барлық ұлыстардың старшындарымен бірге қарсы шығуға дайын екендігін хабарлапты.

Лама Дорчжидің жіберген адамдарының ішінде аса беделді Жапақ (Жебекте болар Б.Н.) батыр бар еді. Абылай хан ол батырды өз жағына шығарып алды. Абылайға қарсы шыққан аса беделді старшын Малайсары бастаған топ еді. Оны жақтаушылар аз болып шықты.

Сонымен Лама Дорчжидің елшілері жағынан жасалған қысымға қарамай, Абылай Давациді және оның жолдастарын қайтармаймыз деп кері қайтарды.

Артынан Абылай старшындардың өзін қолдайтынына сеніп, өз елшілерін жоңғардың басшысына жіберді.

Елшілері арқылы жоңғарлардың басшысына Абылай хан: «Князьдар ордаға өздері келді. Қырғыздардың салты бойынша жоңғарлар мен қайсақтардың арасында ұрыс туса да, оларды қайтарып беруге болмайды» – депті.

Дегенмен осындай батыл шешімге келген соң олар қауіпсіздікті сақтау мақсатымен жоңғарлардан алысқа көше бастады. Бірақ бұл көш Төле биден келген хабардан кейін ғана (1752 жылы) тоқтады. Төле би былай депті: «Давацидің жақтаушылары көп. Соның кеселінен жоңғарлардың өз ішінде бағынбаушылық және тәртіпсіздік болуда. 9 мың отбасы бір беделді князьбен Қытайға көшіп кетті. Оның үстіне жоңғарды аштық қырып барады. Сондықтан қырғыздарға (қазақтарға – Б.Н.) ешнәрседен қорқуға болмайды».

Төле бидің Абылайға хат жазғаны, хаты онымен санасқаны емес пе?

1757 жылы Абылай 10 мың сарбазбен Қашқария жерінде (1 млн.қалмақтарды қытайлықтар қырғаннан кейін) қалған торғауыттарды қырып, (Арғын Атығай – Күлеке батыр – 2000 сарбазбен; Керей Мерген батыр – 2000 сарбазбен, Көкжал Барақ батыр (Найман) – 2000 сарбазбен; Абылай сұлтан – 2000 сарбазбен; Қаракерей Қабанбай батыр – 2000 сарбазбен), қалған қалмақтардың бірде-бірін қалдырмай тұтқындап, қазақ жеріне құлдыққа таратты. 1760-1764 жылдар аралығында Қабанбай батырды Абылай сұлтан Зенгор жеріне бас қолбасшы етіп тағайындады. Қабанбай батыр Қаракерей Наймандарды, Төленгіт Райымбек батыр (Албан Райымбекпен шатастырмайық Б.Н.) Уақ-Керейлерді Зенгор жеріне көшірді. Бұл тек қана Абылай сұлтанның талабымен іске асты (қор-1, тізбе-1, іс-88, 1760 жыл Омбы мұрағаты).

1760 жылы 20 мамырда князь поручик Иван Орақов Генерал-майор және Сібірдің шекаралық әскери бас командирі Иовемарн Иван Ивановичке жазған хатында былай дейді: (қор-1 тізім-1 іс-88, Омбы мұрағаты):

«19 ақпан күні Абылай сұлтанның төленгіт қырғызы Райымбек былай деді: «Өткен күзде Абылай сұлтан өз атынан мені Орданың Қаракерей Найман руына жіберді. Олар Звенигорск қамалының жанында Қарата атты жайлаудағы көштермен бірге жүр. Кейін қайтар кезде сол рудың Бас старшыны Қабанбай Абылай сұлтанның атынан оған Райымбекке бұйрық берді. Ол Райымбекке өзінің ұлыстарын түгелімен алдағы жазда Зенгор хандығының жеріне көшуін, ондағы Зенгор ханы Қалдан Серен Урғгның тұрған жеріне барып тұруын бұйырды (Жоңғар мемлекеті 1757 жылы құлады. Бір жолата жойылды Б.Н.) Абылай сұлтан қалжыңдап: «Қайсақ ордасына даңқыңды жаю үшін бар», – деп күліпті.

Абылай ханның батыл әрі ғажап қимылынан кейін Орск бағытының қолбасшысы полковник Родестен Генерал-майор Фонвейнмарнге 1760 жылы 22 қыркүйекте (№315) мынадай баянат келген (қор 1, тізім 1, іс 89):

«…20 шілдедегі хатты Абылайға оқып берген. Онда Зенгордан Тарбағатайға дейінгі жерлер Барабы татарларының жері – Уранхайлардың қонысы деген. Абылай: «Ешқандай Барабы татарларын естіген емеспін, білмеймін. Жер біздікі» – деп жауап береді. Жер дауын шешу үшін Абылай өзі шілдеде барып қайтамын, содан кейін жауабын генерал-майорға жазамын» – дейді.

Поручик Гуляев Абылаймен кездескені туралы жоғарыдағы хатын былай жалғайды:

… «Абылай мені 22 күні жібермекші болды. Мен жердің алыстығына байланысты өтірік ауырған болып, бармай қалдым. Қытайдың елшісі келе жатқанын да естідім. Абылай: «Олармен таяу арада кездесе алмаймын. Уақытым жоқ» – депті. Аз уақыт өткен соң 23-і күні Қытай елшісі Абылайдың ордасына 30 адаммен келді. Олар Абылайға кісі жіберіп, бүгін кездесуді талап етеді. Абылайдан сескеніп басқа қырғыздар да (296 беті) кездескілері келмепті. Қытайлықтар қырғыздардың аудармашысына риза болмай, хатты бермей, тек ауызша ғана өз талабын айтады. Абылай мен Жолбарыс сұлтан парсы тілі араласқан қалмақ тілінде жазылған хатты түсінбейді. «Қырғыздар уранхайлардың және торғауыттардың жерлерін басып алған. Олардың тұтқындағы адамдары мен малдарын қайтарып беруге уәде беріңдер» – депті қытайлықтар хатында. Егер қайтармасаңдар «әскер жіберемін» – деп қорқытыпты. Олар Абылайды сыйлағандықтан ғана жіберген жоқпыз» – деді.

Абылай қытайлықтарға тиіспеймін – деді. Ал қытайлықтар «Уранхайлар мен торғауыттың жерін басып алуға қырғыздарды жіберген Абылайдың өзі екенін біліп отыр».

Ресейге ант беріп, қоластында кірдім деген ел басшысының бірі (қор 1 тізбе 1 іс 88) 1760 жылы 10 наурызда Гуляевке былай депті: «…Өткен жазда ол өзінің ұлысымен Зенгор жеріне көшіп барып, қалмақ ханы Қалдан Серен, Ургенің (жоңғар мемлекеті жойылғаннан соң Б.Н.) қонысына орналаспақшы болды. Абылай сұлтан Атығай руымен бірге тұрады. Ол менің ақылымсыз ешнәрсе істемейді. Басқа ешкімді тыңдамайды. Өйткені мен мұнда бас старшынмын. Ал алдағы жылда Абылай сұлтанның не ойлайтынын білмеймін. Абылайдың сіздерге «берген сертіне берікпін дегені қызыл сөз, ол алдайды». Абылайды алдағы жазда Орынборға барады деп ойлайсыз ба? Бармайды».

Міне, осындай жүздеген хаттар мұрағаттарда жатыр. 1738-1781 жылдар арасында Қызылжар, Көкшетау, Кереку, Зайсан, Семей, Өскемен тағы басқада солтүстік, шығыс шекараларын қорғап, еліміздің бүгінгі күнге жетуін қамтамасыз етіп, оңтүстікте Төле би, Шапырашты Наурызбайдың сарбаздарымен қарым-қатынаста болып, оларға да қорған бола білгендігін дәлелдейтін хаттар бар. Қара қырғыздардың озбырлығын үш рет басып тыныштық орнатты. Кіші ордадағы Әбілхайырдың балаларымен қарым-қатынасы өте тығыз болды. Нұралы хан әрбір қиыншылығында Абылай сұлтанмен ақылдасып отырды. Ералы сұлтан осы Абылайдың қоластында Керей руын басқарды. Түркмен, Хива, Бұхарлықтарға қарсы Абылай бастап барған жорықтар туралы да құжаттар жеткілікті. Әбілхайыр тірі тұрған кезінде Абылаймен қарым-қатынас жасаған. Әбілхайырды өлтіргенде оның балаларын аман алып қалған – Абылай сұлтан. Ол туралы Әбілхайырдың жұбайы Бопай ханымның канцлерге, Генерал-губернаторға жазған хаттарында: «Абылай сұлтанға көп рахмет. Балаларымды ажалдан құтқарды» – депті.

Абылай хан айтқандарына көнбеген соң Сібірдің губернаторы Саймоновтың Сыртқы істер мемлекеттік коллегиясына 1763 жылы 5 ақпанда, сондай-ақ 1764 жылы генерал-майор Фонфрауендорфтың жазған хаттарында Абылай сұлтанның абыройын төгіп, жамандап канцлерге хат жазыпты. Онда: «Абылай сұлтан бірде-бір руды басқармаған, халықтың арасында абыройы жоқ» — деп, екіншісі «қытайларға жалтақтық жасады» – депті. Осы хаттарды оқыған бірен-саран тарихшы-жазушыларымыз жерден жеті қоян тапқандай үлкен сенсация ретінде халыққа жариялап, әртүрлі газет-журналдарға мақала беріп, Абылай ханды жамандаушылар әлі де бар. Абылайдың әруағын сыйлау – әр қазақтың міндеті. Онымен санасу халқымыздың тарихын мойындау деп білемін.

Болатбек НӘСЕНОВ,

тарих ғылымдарының

докторы,

экономика ғылымдарының кандидаты

(Соңы. Басы өткен санда)