Жаңалықтар

«БІРЖАН МЕН САРА АЙТЫСЫНЫҢ» АВТОРЫ — Әрiп ақын

ашық дереккөзі

«БІРЖАН МЕН САРА АЙТЫСЫНЫҢ» АВТОРЫ — Әрiп ақын

37 ЖЫЛ БҰРЫН 

Мен 1976 жылы наурыз айында «Жұлдыз» журналының сын бөліміне әдеби қызметкер болып жұмысқа орналастым. Өзіме дейін тап осы орында отырған жігітпен бөлімдегі бар материалдардың бәрін қабылдап алдым. Бұл пәлендей көп дүние емес еді, өңкей бір әдеби журналға жариялауға жарамсыз деп табылған, жазылу дәрежесі төмендеу бес-алты сыни мақалалар мен рецензиялар ғана. Тек солардың ішіндегі біреуі мені елең еткізді. Ол белгілі лингвист ғалым, Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің қадірменді ұстазы Ыбырайым Есенқұлұлы Мамановтың «Біржан мен Сара айтысының авторы – Әріп ақын» деген мақаласы еді. Шекесінде әлдекімнің «Болмайды» деген қолмен жазған жазуы тұр. Алайда өз басым сол ақын Сара туып-өскен өңірдің баласы болғандықтан бұл мәселе жөнінде оқыған-тоқығаным, естігенім едәуір баршылық еді. Өзіме дер кезінде университет қабырғасында дәріс берген, тіл ғылымы саласындағы көптеген сүбелі еңбектердің авторы, студенттер алдында аса сыйлы, сондағы барша мұғалімдер ортасында да шоқтығы жоғары сүйікті ұстазымның мақаласын мұқият оқып шықтым. «Апырау, мынадай аса дәйекті дәлелдері мол, соншама ыждаһаттылықпен жазылған мақала неге жарыққа шықпауға тиіс, неге мұны жариялауға болмайды» деген сауал басымды дың еткізді. Себебі материалдың шекесіндегі «болмайды» деген жазудан «Жұлдыз» журналының сол кездегі басшыларының журнал бетінде орын беруге үзілді-кесілді қарсы болғанын біліп едім. Алайда мен батылдық жасап, иманды болғыр Ыбырайым Есенқұлұлы Мамановтың осы зерттеу мақаласын екі рет ұсынып, амалым қанша, екі ретінде де өткізе алмадым. Арамызда қаншама дау-дамай болды, бәрібір нәтиже шықпады. Бірақ мен өз пікірімде қала бердім. Бұл аса бай, ағартушы, текті тұқымнан шыққан лингвист ғалымның Біржан-Сара айтысына қатысты еңбегі оқырмандарға жетуге тиіс. Ал бұған қарсылық көрсетуші басқалар мұндағы дәйекті дәлелдерді, нақтылы мысалдарды жоққа шығарып көрсін! Шындық осындай айтыс үстінде ғана туады. 1988 жылы «Жұлдыз» журналынан жұмыстан босағанымда біреу-міреулер жоғалтып жіберер деген күдікпен қадірменді ұстаздың бұл мақаласын өзіммен бірге ала кетіп едім. Одан беріде талай жыл өтті ғой, заман өзгерді, ұғым өзгерді. Сондықтан да бұл мақаланы көпшілік назарына қайта ұсынып отырмын.

Ұзақбай ДОСПАНБЕТОВ Қазақ әдебиетінде айтыс өлеңдерінің ішінде Біржан мен Сараның айтысы өзінің мазмұны, құрылысы, стилі жағынан ерекше орын алады. Ал осы айтыстың қалай жарық көргендігі, оның авторы кім екендігі күні бүгін анық шешімін таба алмай келе жатқан даулы мәселе екендігі жұртқа мәлім. Бірнеше көрнекті әдебиетшілер мен жазушылар Біржан мен Сараның айтысы 1860-70 жылдар арасында болған деп, өздерінше жобалап, түсіндіреді. Зерттеушілердің екінші бір тобы айтыстың авторы Тәңірбергенұлы Әріп ақын деп жазады. Соңғы рет 1968 жылы Біржан мен Сара айтысы жөнінде «Қазақ әдебиеті» газетінде Шеген Ахметов жолдастың «Айтыс ақиқаты» деген мақаласы жарияланды. Автор осы мақаласында Біржан мен Сараның бетпе-бет айтысқаны ақиқат шындық деп қорытынды есебінде шешім айтты. Шығарма туралы даулы болған жағдайда, белгілі зерттеу әдістеріне сүйену арқылы ғана оның ақиқат шындығына жетуге болатындығы зерттеушілер үшін белгілі қағида. Осы зерттеу әдісінің бірінші түрі – шығарманы қолжазбамен /оригинал/ салыстыру. Әрине, қазір айтыстың қолжазбасы ешбір архивте сақталмаған. Соңдықтан бұл әдіске сүйеніп пікір айту мүмкін емес. Зерттеу әдісінің екінші түрі – шығарманың мазмұны, құрылысы және тіліне сүйеніп зерттеу. Бұл әдіс бойынша айтыс текстеpiне сүйенгенде, мынадай жәйттерді ескеру керек сияқты: Біріншіден, Сараның әкесі – Сұлтанбек, руы – Кенже, ал ол айтыста өзін Тастанбектің қызымын, Қаптағаймын деп таныстырады. Екіншіден, Біржан да, Сара да өз елдерінің мықты адамдарын атамай, Тобықты, Сыбан руларының мықты адамдарын дәріптеп мақтан етеді. Біржан да, Сара да – ел намысын, өз намысын қорғай білетін ақылды, зерек адамдар. Ал олардың өздерінің аты-жөнін, руын жасырып, бөтен руды бүркеніш етуі ешқандай шындыққа үйлеспейді. Айтыста екі жақтың да дәріптеп мақтан еткен адамдарының көпшілігі Әріп ақын білетін Тобықты, Сыбан елінің адамдары. Сараның атаған адамдарының ішінде Маман, Тұрысбек, Есімбек – Матай. Әріп бұл адамдарды қызмет бабымен жақсы біледі. Үшіншіден, тағы бір көңіл аударарлық нәрсе – айтыста Біржанның да, Сараның да өлеңдерінің ұйқастары, стилі бір-біріне өте ұқсас. Мұны қалайда бір ақынның жазып шығарғандығы анық сезіледі. Сонда, бұл айтыстың авторы кім? Бұл сұрауға архив материалдарына және көрген, білген адамдардың аузынан естіген мәліметтерге сүйеніп қана дұрыс жауап табуға болады. Біржан мен Сара осыдан 70-80 жылдар бұрын жасаған адамдар. Оларды көрген, білген адамдар, жақын туыстары олардың елдерінде қазірде де бар. Менің әкем Маманов Есенғұлдың Біржан мен Сараның айтысы туралы бірнеше peт былай деп айтқаны есімде: «Біржан мен Сараның айтысын жазған Тасбекетте /Ақсу ауданының орталығы, қазір Жансүгіров деп аталады/ почта начальнигі болып істеген, Зайсан жағынан келген Әріп ақын жазып шығарған. Әріптің бұл айтысты жазудағы мақсаты – оның Абайда өкпесі, кегі бар көрінеді. Абайға өзі бата алмай, Сараның сөзі етіп, Абайды даттап өш алу екен». Соңғы жылдары елге /Ақсу ауданы/ барып, бірнеше ел ақсақалдарымен әңгімелескенімде де, олардың ешқайсысы Біржан мен Сараның айтысын болды деп қуаттамады және олардың барлығы да айтыс туралы кейін басылып шыққан кітаптан білгендігін айтады. Ал Сара туралы ел ақсақалдары оның көрікті адам болғанын, домбыраға қосылып ән салып, өлең айтатынын қуаттайды, бірақ оның үлкен ақындығын, басқа белгілі ақындармен айтысқанын ешкім естімеген. Дегенмен, осы мәселені анықтай түсу үшін сөз білетін бірнеше ел ақсақалдарымен әңгімелесіп, мынадай деректерді естідім. І. 1969 жылы Матай стансасының тұрғыны Есбембетұлы Намазбек ақсақалдың кеңесімен, сол ауданда Қосағаш совхозында тұратын Сараның жақын туысы Байтолықұлы Мейрамбай ақсақалмен кездесіп, Сара жөнінде әңгімелестік. Мейрамбай 1969 жылы 94 жаста, ұзын бойлы, жарлауыт тік қабақ, көз шарасы орта түскен, көзінің қарасынан ағы көп, қасы қою, ат жақты, селдір сақалды адам екен. Сақалының ағы мен қарасы бірдей. Жүргенде еңкеймей тік жүретін, арық, қара кісі. Ескірген, қолдан жасаған домбырасы бар. Ептеп домбыраның үніне қосылып, ән салады, сөзден жаңылмаған. Біз аты-жөнімізді айтқанда, сап етіп біздің ата-тегімізді, олардың кім болғанын, жөн-жосығын өзі түгел айтып берді. 60-70 жыл бұрын өткен уақиғаларды қай жерде, қай мезгілде болғанын жіпке тізгендей етіп, баяндайды екен. Біздің жай-жапсарымызды білген соң, өте бір шабытпен, көңілді отырып әңгімелесті. Біз Сара жөнінде бірнеше сұрау қойдық. Бірінші сұрауым: – Сарамен жақындығыңыз қанша? Жауап: – Біздің бергі руымыз –Тастемір. Тастемірден – Айтқожа. Сарамен мен сол Айтқожадан тараймыз. Айтқожадан – Есентай, Есентайдан – Күші, Күшіден – Байтолық, Байтолықтан – мен тудым. Айтқожаның бір баласы – Жанқолы, Жанқолыдан – Сұлтанбек, Сұлтанбектен – Сара. Айтқожа – маған бесінші ата, Сараға –төртінші ата. Екінші сұрау – Сараның бірге туған туыстары кімдер? Жауап: – Сараның әкесі – Сұлтанбек, шешесі – Жаншөке. Сұлтанбектен үш бала болды: Үлкені – Тұрсын, екінші ұлы –Кәкежан, үшінші қызы – Сара. Сұлтанбек қайтыс болған соң, Жаншөке қайнағасының баласы Толыбайға атастырылды. Жаншөке Толыбайдан үш бала көрді: Таласбай, Сақари, Бейіс /қыз бала/. Сұрау: – Сара неге «Қызы едім Тастанбектің атым Сара», – дейді? Жауап: – Қиса жазған кісі Тастемір деген ру атын Тастамбек деп шатастырып жүрген болар. Сұрау: – Сара сізден қанша үлкен? Жауап: – Сара менен 10 жас үлкен еді, менің 33 жасымда Сара қайтыс болды. Сұрау: – Біржан мен Сараның айтысы туралы не білесіз? Жауап: – Біржан осы елге келді, Сарамен айтысты дегенді естіген емеспін. Кейін жазылған қиссадан естідік. Сұрау: – Сараны Құлдар Жиенқұлға айттырғаны туралы не білесіз? Жауап: – Сараны қыздай айттырған жері – Тасыбай руынан Бекбай. Сараны басқа айттырған жері жоқ. Жиенқұл дегенді өмірі естігем жоқ. Сұрау: – Бекбайды көрдіңіз бе? Жауап: – Көрдім. Тасыбай Сараны айттырып, малын берген соң, Бекбай ұрын келіп жүрді. Ұзын бойлы, қара торы жігіт еді. Салмақты, сабырлы сөйлейтін еді. Ат-тұрманы, киген киімі, әсіресе біздің көзімізге түсетін еді. Бекбай қазақ әдетімен басқа күйеулер сияқты балдыздарымен, жеңгелерімен тәртіпсіз ойнамайтын еді. Сұрау: – Сара оң жақта /ұзатылмай тұрып/ екі қабат болыпты деген сөз рас па? Жауап: – Бұл рас, дұшпан әр түрлі етіп айтады. Шынында, Бекбай бір жылдан артық ұрын келіп жүрді. Нeгe екенін анық білмеймін, Тасыбайлар Сараны сұрап бірнеше рет келсе де, бір-екі жыл ұзатпай, кешіктіріп берді. Сара оң босағада отырып бір ұл бала туды. Бекбай ылғи Сарамен бірге болды. Бала бір жарым жасқа келгеңде, Сараны ұзатып, Тасыбай еліне көшіріп апарды. Сараны ұзатып көшіріп апарып қайтқандардың айтқанынан есімде қалғаны: Сара қазақ әдет-ғұрпымен ауылға жақындағанда, аттан түсіп, баласын жетелеп жаяулап жүреді. Сол кезде Тасыбайдың бір өлеңші жігіті Сараның алдынан шығып: Еліне Тасыбайдың Сара келді, Қолына домбырасын ала келді. Білмедік біздікі ме, басқа ма екен, Жетелеп бір баласын ала келді! – депті. Сонда Сара: Еліне Тасыбайдың Сара келді, Қолына домбырасын ала келді. Тасыбай аз рудың бірі еді деп, Бір батыр найзасымен ала келді, – депті. Сонда тұрған үлкендер Тасыбай руының кемістігін әшкерелеттің деп, әлгі жігітті ұрысып, Сараны қарсы алыпты. Сұрау: – Сараның басқа ақындармен айтысқаны туралы не білесіз? Жауап: – Сараның тұсында болған мен білетін ақындар: Қаракерей Тайкөт ақын, Түбек ақын, Садыр елінен Құл ақын, соқыр Бекетбай ақын, Толғамбай ақын, Жалайыр Бақтыбай ақын. Бірақ осылардың ешқайсысының Сарамен айтысты дегенін естігенім жоқ. Сұрау: – Сара әкесі өліп, жетім қалып, өмірдің қысымын көрді деп жазады кейбіреулер, сол рас па? Жауап: – Ол өтірік. Сараның өз әкесі Сұлтанбек өлген соң, шешесі Жаншөке әмеңгері Толыбайға қосылды. Сара жетімдік көрген жоқ. Айтқожа балаларының қыс қыстауы, күзегі, жайлауы бір. Бәрі бір атаның балалары. Той-томалағы, ас-жаназасы бәріне ортақ. Мен есімді біліп, Сараны таныған күннен бастап, оның күйсіз халде болып, тұрмыс қысымын көргенін білмеймін, естігенім де жоқ. Сараның өз әкесі Сұлтанбектің де, екінші әкесі Толыбайдың да өз ауқаты өзінде, алыс-берікке жарайтын мал-мүлкі болатын. Ас-судан, сауыннан, мінер көліктен тарыққан емес. Сұрау: – Сараның өлеңдері есіңізде қалды ма? Жауап: – Үлкен атамыз Айтқожаның Боқы деген баласынан туған Байтілеу батырдың бейіті Ақсу өзенінен 15 шақырымдай «Қызыл таң» совхозына қарасты жерде. Сараның қыз күніндегі ата қонысы. Күз айы /қазан/ тары қаралап болған соң, осы жерде Сараның екінші әкесі Толыбайға ас берді. Осы асқа Сара келді. Мен сол жылы 25 жастамын. Асқа көп ел жиылды. Палуан күресі, ат жарысы болды. Халықтың сұрауы бойынша Сара өлең айтты. Сара отырған үйге кісілер сыймай, өлең тыңдаймыз дегендер үйді қиратып кете жаздады. Сонан соң Сара сыртқа шығып, халыққа қарап түрегеліп тұрып мынадай өлең айтты. Соның бір-екі ауызы есімде қалыпты: А дегенде айтамыз ебін білмей, Ерге құлақ бітеді тебінгідей. Кей адам құдасынан мал алады, Қызына жасайтұғын себін білмей. Көшбасшысы жаманның көші адасар, Қонатұғын қоныстың жөнін білмей. Малға сатып қыздарын жылатқан бар, Қызық көрер қызының теңін білмей. Әйтеуір мал алуға мәз болады, Жақсы менен жаманды айырып тегін білмей. Жас қыздарын жылатып шалға беред, Кетер ме екен бір кезек бір күн келмей. Содан бір жыл бұрын біздің аталас туыстарымыз Мұқан деген кісі 14 жастағы Жалиман деген қызын 70 жастағы Шақышқа әйел үстіне берген. Естібай деген бір тұқымымыз Күнсұлу деген 13 жасар қызын елуден асқан Шорман деген кісіге әйел үстіне берген болатын. Сара тысқа шыққанда, осы адамдарды көріп, соларды шалып айтқаны еді. Сұрау: – Сара неше жасында қайтыс болды? Жауап: – Сара қайтыс болғанда, мен 33 жаста едім. Сара менен 10 жас үлкен. Сонда Сара 45 жаста қайтыс болғаны ғой. Сара қайтыс болған соң, Бекбай екі-үш жылдай үйленбей жүрді. Сұрау: – Сараның тұсында Сара білетін Матайдың қандай басты кісілері болды? Жауап: – Қаптағайдан: Маман, Толқын, Тұрысбек, Тәнеке, Есімбек, Дубек, Өтеулі, Тұрлыбек, Барлыбек. Аталықтан: Шиырбай Мырзақұл, Кенжеден: Қыли, Қырбас, Шатырбай, Үфі, Сарбас, Мүсәпір батыр, Баймолда. Сұрау: – Біржан мен Сараның айтысы деген кітапта Сара мына адамдарды мақтайды: Сыбан мұрын, Дәуімбек, Шерубай, Тәукебай, Тілеуберді, Бабатай, Ақтамберді, Аққожа, Байтоқа, Кенеспай, Данияр, Тойғұлы. Сіз осы адамдарды білесіз бе, Матайда осы аталған адамдар болған ба? Жауап: – Mұндай белгілi адамдарды естіген емеспiн. 2. 1970 жылы, Талдықорган облысы Көксу станциясында тұрушы Сәрекеұлы Кәрия /80 жаста/ ақсақал Сара туралы былай деді: Сараның ұзатылып келген жері Тасыбай руымен біздің көктеуіміз, күзегіміз жақын болатын еді. Ауыл арасында қатынас үзілмейтін, той-томалақты бірге өткізетінбіз. Сондықтан Сараның ауылын жақсы білемін: Сара Толыбайдың қызы, (Ақсақал Сараның өз әкесі Сұлтанбек екенін естімеген) руы – Кенже, Кенже ішінде – Тастемір. Сараның күйеуі – Бекбай Алтынбек баласы, руы – Тасыбай. Сараның Нұрмұқамбет және Баймұқамбет деген екі баласы болды. Баймұқамбет көкпар тартып жүріп, аттан жығылып, қаза тапты. Бұлардың қонысы – «Қалған көл» деген жерде, үлкен кіре жолының үсті. Бұл жолмен үзілмей кіре тартқандар күні-түні жүріп жатады. Сара домбыра шертіп, ән салатын, өлең айтатын. Үлкен ақындығын, айтысын естігенім жоқ. Сымбатты, көрікті адам болған. Тасыбай, Қаржау, Бөрте руларының биі менің әкем Сәрекенің ағасы Бейсетбай деген кісі болған. Ел арасында Бейсетбайды Сараның ауылына бара береді деп, сөз қылатын. Біздің елде той-жиында қыз-келіншектер мен жігіттер бірнеше жерден екі-екіден отыра қалысып, айтысатын әдеті ғой. Осындай бір тойда Қаржау руының бір жігіті Сарамен айтысыпты. Солардың айтқаны деп, ел аузынан естіген бір-екі ауыз өлең есімде қалыпты деп, сол өлеңін айтты. Жігіт: Құдай қосқан, ей Сара, Бекбай байың, Жігітті таба алмассың Бекбайдайын. Бағыңды басыңдағы бағалай біл, Қанжығалап қалмайды Бейсетбайың, – деген екен. Сонда Сара: Кісімен сөйлеспеймін надан болса, Айта бер тағы жабар жалаң болса. Іші күйсе жігіттер тұз жаласын, Тартармын ақиретте жазам болса, – деп жауап қайырыпты. Жиенқұл туралы да мен бірнеше ел ақсақалдарынан сұрағанымда, оны білетін ешкімді жолықтыра алмадым. Тек «Жұлдыз» журналының 1970 жылғы 3 санында С.Қайнарбаев жолдас «Жетісу бұлбұлы» атты мақаласында Жиенқұл Ақтайлақ-Құлдар руынан шыққан адам деп жазыпты. Осы жәйтті анықтап білу үшін 1970 жылы Қапал-apacaнның қасындағы Ақсу совхозының фермасында /Баласаз/ тұрушы Ақтайлақ-Құлдар руының қазіргі үлкен ақсақалы Сүлеймен ұлы Қали деген кісімен сөйлесіп, Жиенқұлдың жөн-жосығын сұрадым. Қали ақсақал сол жылы 80 жаста, хат таниды, 1925-28 жылдары ауыл советтің председателі болып қызмет істеген. Кейінгі жылдарға дейін совет жұмысында болған адам. Қазір пенсионер. Қали ақсақалдың берген мәліметі мынадай: – Менің әкем – Сүлеймен. Сүлеймен – Доспанбет ұлы. Доспанбет – Аралбай ұлы, Аралбай – Тоғызак ұлы. Тоғызақ палуан болған екен. Құдыққа түсіп кеткен ақ тайлақты екі-үш адам шығара алмағанда, Тоғызақ жалғыз өзі сол ақ тайлақты құдықтан суырып алыпты. Содан кейін Тоғызақ Ақтайлақ палуан атанып кетіпті. Содан бері біздің руымыз Ақтайлақ-Құлдар деп аталып кеткен екен. Құлдар деп аталу себебі: Тоғызақтың /Ақтайлақтың/ әкесі Жаубөрі деген кісі жаугершілік кезінде қолға түсіп, Қаптағайға сіңіп қалған көрінеді де, оның ұрпақтары Құлдар деп атанып кеткен. Ақтайлақ-Құлдар көп өсіп-өнбеген аз ғана ру, бұлардың ішінен ешқандай болыс, би болмаған, жай шаруа адамдары ғана болған. Жаубөрі /Құлдар/ – маған алтыншы ата, Тоғызақ /Ақтайлақ/ – бесінші ата. Осылардан тараған түтіннің саны 30-40 үйден аспайды. Кейбір жас балалары болмаса, осы 30-40 түтіннің адамдарын, олардың аты-жөнін түгел білемін. Ақтайлақ-Құлдарда Жиенқұл деген адам болған емес. Жоғарыда келтірілген деректерге қарағанда, Біржан мен Сараның айтысын Әріп ақын жазғандығы ешқандай күмән тудырмасқа тиіс. Біржан мен Сараның айтысы жөнінде пікір айтушылардың бipазы Әріп пен Сараның арасында сүйіспеншілік, махаббат болғандығын айтады. Ел арасында мұны дәлелдейтін дерек болмаса да, Әріп ақынның «Сараға», «Қалың мал» атты өлеңдері бұлардың арасында белгілі дәрежеде сезімдік байланыстың болғандығын аңғартады. «Сараға» деген өлеңінде: Сөз бірге, ақыл үйлес, мінез тату, Тұрады сені көріп, көңіл тасып. Махаббат бізде болмай жатта болса, Аһ ұрам у ішкендей ішім ашып, – деген жолдары Сара екеуінің арасында махаббат және сөз бірлігі болғандығын дәлелдейтін сияқты. Ал ақынның «Қалың мал» атты өлеңінде мынадай жолдар бар: … Осыған армандының біреуі өзім, Тағы өзімдей өзгені көрген кезім. Адамды адам тұсап малға сатқан, Қиянатқа қапамен жазған сөзім. Әріптің қосыла алмай арманда қалған адамы Сара болуы ықтимал. Өйткені Әріп Тасбекетте почта начальнигі болып қызмет істеп тұрған мерзім 1880 жылдардың бас кезі. Сараның қыз күніндегі ата қонысы – Тасбекеттен 35 километрдей қашықтықта Қосағаш деген жер. Ал оның ұзатылып барғандағы қонысы Қалғанкөл деп аталады. Қалғанкөл үлкен кіре жолының үсті, сол жолмен почта да жүреді. Әріп сол кезде 26-27 жастарда, Сара одан 9 жасы кіші. Бұлардың бірін-бірі жақсы білетіндігі даусыз. Ол кезде ата-тегі белгісіз, бөтен елден келген салт атты, сабау қамшылы адамға қалың малсыз қыз беру қазақ ғұрпында болмайтын уақиға. Оның үстіне Сараға сәби күнінде Тасыбай елі құда түсіп, айттырып қойған. Қалың малы да төленген. Айттырып қойған қалыңдықты екінші біреуге ұзату ел арасын айыратын үлкен даулы мәселе. Қазақ арасында ол кезде даудың ең үлкені – құн дауы болса, құн дауынан кейінгісі – жесір дауы болатын. Бұл екі дауды шешуде сол дауға тікелей қатысты бір атаның ғана балалары емес, оған бүткіл ел болып кірісетін. Сондықтан аз ру Тастемір Сараны айттырған жеріне ұзатпауға дәрмені жоқ. Сараға қосыла алмай арманда болған Әріп ақын айтыста Бекбайды Жиенқұл деп, бүркеніш атпен көрсетуі әжеп емес. Елдің айтуына қарағанда, Бекбайдың жуас, момын адам болғандығы анық. Сараның оң босағада /әкесінің үйінде/ босанып, баласы екі жасқа толғанда ғана Тасыбай еліне ұзатылып барғандығы, Сара қайтыс болған соң екі жылдай үйленбей жүруі Бекбайдың жуас, момын адам болғандығын дәлелдейді. Біржан мен Сараның айтысы қазақ әдебиетінің алтын қорына енетін құнды мұра. Әрбір құнды шығарма автордың өзіне жасаған өлмейтін ескерткіші. Ол ұрпақтан-ұрпаққа қалып, мәңгі жасайтын асыл дүние. Олай болса, оның авторы да өлмек емес. Абай: … Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – дейді. Біржан сал мен Сараның айтысы туралы шындық деректерге сүйенбей, құрғақ қиялға сүйеніп, үстірт пікір айту біріншіден, әдебиеттану ғылымына, екіншіден, оның авторына зор қиянат. Өйткені зерттеушілердің бүгінгі жазғаны кейінгі ұрпақ үшін материал. Әрбір зерттеу обьектісі жөнінде үстірт айтылған сөз, оғаш пікір кейінгі зерттеушілерді адастыратын жалған дерек. Ыбырайым МАМАНОВ