БЮРОКРАТТАР НӘПАҚАСЫЗ ҚАЛАТЫН БОЛДЫ

БЮРОКРАТТАР НӘПАҚАСЫЗ ҚАЛАТЫН БОЛДЫ

БЮРОКРАТТАР НӘПАҚАСЫЗ ҚАЛАТЫН БОЛДЫ
ашық дереккөзі

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының сапасыз қызметiнен жүйкесi жұқарып, қан қысымдары көтерiлiп, әбден мезi болған ағайын Бiртұтас ақпараттық жүйенiң арқасында уақыты мен қаражатын үнемдейтiн болды. Жаңа жылдан бастап ендi «Үй кiтапшалары» да қолданыстан шығарылады. Демек, бюрократия «дертiне» шалдыққан кей шенеунiк нәпақасыз қалмақ. Есесiне, елдi титықтатып бiткен Халыққа қызмет көрсету орталықтарының басты мiндеттерiн электрондық үкiмет өз мойнына алады.

Заманауи техника мен тех­но­ло­­гиялардың дамуы адам өмірін жеңілдетуге сеп. Соның бір мысалы, Қазақстан азаматтарының қолындағы «Үй кітапшалары» 2012 жылдан бастап қолданыстан шығады. Бұған дейін ауызекі тілде «СИК», «РНН» аталып кеткен Әлеуметтік жеке код пен Салық төлеушілердің тіркеу нөмірі қолданыстан шығарылатыны жайлы ақпарат тараған еді. Енді адамдарды ресми тіркеу тұрақты мекен-жайға байланысты электрондық түрде жүзеге асырылмақ. Біртұтас жүйеге қайта тіркелу үстіміздегі жылдың 15 желтоқсанына дейін жүргізілетін көрінеді. Қызметтің мұндай жаңа түрі отандастардың жүгін жеңілдететіндіктен, келесі жылдан бастап жеке куәлікті ауыстырғыңыз келсе, Қазақстанның кез келген жерінен өтініш беріп, құжат толтыра аласыз. Ол үшін тек электрондық нұсқадағы мекен-жай туралы анықтама қағазын алсаңыз жетіп жатыр. Тағы бір маңызды жайт, құжаттарды қайта тіркетуге тайлы-тұяғыңызбен түгел шұбырмайсыз. Үй кітапшасында аты-жөндері көрсетілген отбасы мүшелеріне тиесілі куәліктерді жинап аласыз да, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының біріне келіп, тапсырасыз (бұл жерде құжаттардың көшірмелерін жасатуды ұмытпаған жөн). Сонымен шаруа тәмам.

Негізі біртұтас ақпараттық жүйені Қа­зақ үкіметі осыдан бес жыл бұрын қолданысқа енгізген болатын. Қазіргі кезде халықты қағазбастылықтан құтқарған біртұтас ақпараттық жүйенің арқасында сіз құжаттарыңызды ауыстырумен шектелмейсіз. Сондай-ақ, мекен-жай туралы анықтама, АХАЖ-ға үйленуге өтініш білдіру, жаңа туған сәбиді тіркету, зейнетақы қорларына аударылатын ақшаңыз жайлы деректер алу т.б. енді үйіңізде отырып-ақ, интернет арқылы іске асыруға болады. Тіпті, жол ережесін бұзуға қатысты айыппұлды төлеуге де электрондық үкіметтің көмегіне жүгінуге болады. Демек, ұзыннан-ұзақ шұбалған кезек, ортада жүретін делдалдар, орталықтың дөрекі қызметкерлері т.б. құтыласыз. Әрі құжаттарды компьютер тез арада дайындап, сізге қажетті деректерді тез арада қолыңызға береді.

Бұл жаңалық бір жағынан, бюро­кратиялық дерт­ке шалдыққан біраз шенеунікті нәпақасыз қал­дырмақ. Ал Халыққа қызмет көрсету ор­талықтарының негізгі міндетін енді электрондық үкімет өз мойнына алады. Әзірге аталған жоба қазақ қоғамы үшін тың болғандықтан, «бір қайнауы ішінде». Бірақ жұмыс барысында кемшін тұстар жөнделері сөзсіз. Тек іске қосылса, болды.

08.12.2011