Жаңалықтар

КЕДЕРГIНIҢ ҚАРАМА-ҚАРСЫ ЖАҒЫ

ашық дереккөзі

КЕДЕРГIНIҢ ҚАРАМА-ҚАРСЫ ЖАҒЫ

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Қазақ тiлiндегi басылымдардың таралымы неге көбеймейдi? Қазақтiлдi БАҚ-тың бизнес көзiне айнала алмауына не себеп? Журналистер арасындағы кәсiби бiрлiктi, бәсекелестiк қабiлеттi арттыру үшiн не iстеген жөн? Қазақтiлдi БАҚ билiкке ықпалды ма? Қазақ қоғамындағы мемлекеттiк тiлдiң дәрменсiз күй кешуi қазақ баспасөзiне қалай әсер етуде? Талай әрiптестi толғандырған осындай сауалдар II Аймақтық медиа-форумда қаузалды.

Сорос-Қазақстан қоры мен Астанадағы ЕҚЫҰ орталығының қолдауы бойынша «Республика» (қазіргі «Голос респуб­лики») газетінің ұйымдастыруымен «БАҚ болашағы журналистер қолында» тақырыбына өткізілген ІІ Аймақтық медиа-форум еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары саласына тән қиындықтар мен кедергілер, оларды шешу жолдары, кеңестер мен пікір алмасуларға негізделді. Отандық және халықаралық ұйымдар, Қазақстандағы елшіліктер мен консулдықтар, баспасөз бен құқық қорғау саласындағы үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық қоғам белсенділері, сондай-ақ Ресей, Грузия, Украина, Қырғызстан өкілдері қатысқан бұл шараға Қазақстандағы Freedom House, Алматыдағы Хельсинкилік комитет, Норвегиялық Хельсинкилік комитет, Қазақстан Журналистер одағы, «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымы, Қазақстандағы Соғыс пен бейбітшілік репортаждары институты, MediaNet халықаралық журналистика орталығы, Медиа Стандарттар институты – серіктес.

Форумдағы отырыстардың басты тақы­рыптары: «Медиатрендтер-2011: қа­уіп-қатерлер, үдерістер», «Посткеңестік кеңістіктегі БАҚ проблемалары: қоғамның үміті мен шынайы жағдай», «Билік және БАҚ: кедергінің қарама-қарсы жағы», «Медианарықтың ғаламдық проблемалары – ішкі көзқарас», «Қазақстандық БАҚ – бүгін төртінші билік пе, жоқ па?», «Оқырмандар не туралы ойлайды?», «Цензурадан аман қалу», «Әлеуметтік желілер ақпарат көзі ретінде. Мобильді журналис­тика», «Азаматтық журналистика және дәстүрлі медиа: кім жеңеді?» т.б. Сонымен қатар, әсіресе қазақ журналистері үшін аса маңызды болған отырыстардың бірі – «Қазақтілді баспасөз проблемалары». Танымал журналист Әміржан Қосанов модераторлық тізгінді қолға алған бұл сессияда «Қазақстан» газетінің бас редакторы Серғазы Мұхтарбек «Қазақ газеттерінің таралымы неге өспейді?» тақырыбына жасаған баяндамасында бар кінәрат Қазақ билігінің мемлекеттік тілді дамытуға аса мүдделі еместігін айтты: «Басылым таралымдарын көбейтуде билік кедергіні қолдан жасап отыр. Билікке көзі ашық, сауатты халық керек емес». Тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи жасаған «Қазақ басылымдары оқырман үмітін ақтап отыр ма?» деген баяндамасында бүгінгі таңда еліміздегі оқырманның да екіге бөлінгенін көлденең тартты: қарапайым оқырман және оппозициялық оқырман. Газетіміздің белді қызметкерлерінің бірі әрі «Мінбер» Журналистерді қолдау орталығының же­текшісі Есенгүл Кәпқызының «Қа­зақтілді БАҚ не туралы жазады?» тақы­рыбында дайындаған баяндамасында еліміздегі басылымдардың көтеріп отырған тақырыбы мен оларды толғандырған басты проблемалар талқыға салынды. Ал біздің «Қазақ журналистикасы: даму жо­лындағы кедергілер мен кемшіліктер» тақы­рыбындағы баяндамада еліміздегі түрлі аймақтық және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының 80-ге жуық қызметкері тартылған сауалнама нәтижесі көлденең тартылып, кедергілерді жоюдың жолдары көрсетілді. Мәселен сауалнамадағы «Қазақ журналистикасының дамуына не кедергі?» деген сауалға рес­понденттердің 21 пайызы – «ішкі және сыртқы цензура», 17 пайызы – «мемлекеттік тілдің қауқарсыздығы», 14 пайызы – «жеке басқа тән кемшіліктер» (қызғаншақтық, жалқаулық, ізденбеушілік, тамыр-таныстық т.б.), 14 пайызы – «қаржылық тәуелділік», 15 пайызы – «кәсіби сауатсыздық», 10 па­йызы – «бәсекенің жоқтығы» десе, 9 пайызы «ешқандай кедергі жоқ» деген сенімде. Бұл жерде әріптестеріміз журналистиканың басты мақсатын түсінбеу, оны ақындықпен, жазушылықпен т.б. шатастыру, ақпарат алу мәдениетінің қалыптаспауы, мемлекеттік тапсырысқа тәуелділік мәселелерін де назардан тыс қалдырмады. Сондай-ақ журналистердің құқықтық тұрғыда қорғансыз болуы да БАҚ өкілдерінің емін-еркін қимылдауына кедергі болары анық. Жеке басқа тән кемшіліктерге келгенде модератор Әміржан Қосанов айтылған жайттардың көпшілігі еліміздегі орыстілді БАҚ-та да бар екендігін ескертті.

Өкінішке қарай, бүгінде жалпы журналистер арасында кәсіби бірлік жоқ. Сауалнама барысында қойылған «Кәсіби бірлікті күшейту үшін не істеу керек» деген сұраққа респонденттердің 33 пайызы «кәсіби біліктілікті арттыру керек» десе, 26 пайызы «жаңа ортақ ұйым құруға» шақырады. Ал 19 пайызы «ортақ мүддеге топтасуды» көздесе, 5 пайызы «қаржылық тұрғыда тәуелсіз болуды» аңсайды. Кәсіби біліктілікті жоғарылату мәселесі «Бәсекелестік қабілетті арттыру үшін не істеу керек?» деген сауалға қатысты берілген жауаптарда да қайталанды – 37 пайыз. Сондай-ақ, олардың 34 пайызы қаржылық қолдау (сыйақы, түрлі марапаттар т.б.) бәсекелестік қабілетті жоғарылатуға сеп деген сенімде. Әлбетте, кәсіби біліктілік деңгейі – әркімнің жеке мәселесі. Бірақ кем дегенде 2 шет тілін, әсіресе ағылшын тілін жетік меңгеру, семинарлар, тренингтер, дөңгелек үстелдер ұйымдастыру, талмай іздену, жаңалыққа құмар болу, халықаралық деңгейде тә­жірибе алмасу маңызды екендігі анық. «Қазақ журналистері үшін қай тақырып жабық?» сауалына 28 пайыз респондент – билік, 19 пайызы – саясат пен экономика, 9 пайызы – ұлтаралық мәселелерді атады. Ал 23 пайызының пікірінше, «жабық тақырып жоқ». Аталған шараның басқалардан айырмашылығы сол, қазақтілді БАҚ-тың проблемасы жалпы отырыстың күн тәртібіне шығарылды. Бұрын қазақ журналистері сессия өткізілетін атшаптырым залдардың есіктерін тарс жауып алып, «өз сорпаларында өздері қайнап», қызылкеңірдек боп пікір таластырып, сосын жайларына кететін. Бұл жолы олай болмады. Баяндамашылардан кейін шетелдік қонақтармен бірге орыстілді әріптестеріміз өз ойларын ортаға салды, көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды. Ең маңызды жайт, қазақ қоғамындағы мемлекеттік тілдің бүгінгі қауқарсыз халі тағы да ортаға шықты. Әлбетте, мұндайда кейбір «бұра тартқыштардың»: «Тіл мәселесін қозғауға әлі ерте. Асықпау керек» деген сыңаржақ пікірін айтпаса да болар еді. Бірақ Тәуелсіздік алғалы 20 жыл өткенін ескерсек, осы 20 жылда ақыл-есі бүтін әрі мүдделі адам кем дегенде 4-5 шет тілін еркін әрі жетік меңгеріп алары сөзсіз. Демек, қазақ тілін, Қазақстанның мемлекеттік тілін үйренгісі келген ұлты басқа отандас шын мүдделі болғанда тіл мәселесінде талай қазақты шаң қаптырар еді. Өкінішке қарай, мемлекеттік тілді тұғырына қондыруға құлшынбайтын, қағаз жүзіндегі шешімдерімен, түрлі қаулы-қарарларымен шектелетін Қазақ билігі секілді отандастардың көпшілігі қазақша шорқақ күйінде қалып отыр. Демек, елімізде мемлекеттік тіл мәселесі шешімін таппайынша, қазақ журналис­тикасы өсіп-өркендемейді, таралым ауқымы кеңеймейді, қазақ тіліндегі газет-журналдар масыл баланың күйін кеше береді, бизнес көзіне айналмайды, қаржылық тұрғыда өзін-өзі ақтауға сеп жарнама тапшылығы жойылмайды, билікке ықпалы да орыстілді БАҚ-қа қарағанда да анағұрлым әлсіз болмақ. Тағы бір маңызды жайт, «мемлекеттік тіл күшейіп кетсе, нәпақасыз қалам» деп қорқатын кей ағайын қазақ тіліне деген «қисық» көзқарасын түземейінше, «қазақтілді» және «орыстілді» деп екіге жарылған қазақ қоғамында мүдделер тоғысы емес, мүд­делер қақтығысы орын ала бермек. Бұл отан­дық бұқаралық ақпарат құралдарында көтерілетін тақырыптарда айқын көрінеді.

08.12.2011