Жаңалықтар

ТАЗА АДАМ ТАЗА ЖОЛМЕН ЖҮРЕДI

ашық дереккөзі

ТАЗА АДАМ ТАЗА ЖОЛМЕН ЖҮРЕДI

Сәкеңді сырттай ғана танимын, жолымыз қалайда қиылысқан емес. Ал өзімнен мүшел жас үлкен ақжарқын Олжекеңмен әзілдесе беретін әдетім бар. Жараса шүңкілдесіп отырған екеуінің сәнін бұзғым келмей кідіріп тұрып қалып едім, отағасы інім Ержан Дүйсенбиев келіп қолтығымнан алып: «Аға, жүріңіз, екі ақсақалдың жанына жайғасыңыз!» деп алып барды.

– Ассалаумағалейкүм, ағалар! – деп сәлем бердім.

– Уағалейкүмәссалам! Кел, отыр! – деп Олжекең қолын да, оң жағындағы орындықты да нұсқады.

– Ассалаумағалейкүм! Ғаббассың ба? – деп Сәкең қолын ұсына бере жымиды.

– Сәке, ағеке, сәлем менен ғой? – дедім.

– Сізді сырттай білемін, сыйлап жүремін, сондықтан сәлем бергім келіп еді, – деді Сәкең, жымия түсіп.

– Ғаббасқа інілері сәлем берсе, сол жетеді, тоқсанның есігін қағып жүрген біздің қасымызда бұл, қайда, бала емес пе?, – деп Олжекең қалжыңын бастады.

…Ардақты екі ардагермен мөлшері екі сағатқа созылған әңгіме барысында Олжекең көп жыл сырлас, дос болған ақын жездем Әнуарбек Дүйсенбиевтің, оның жұбайы – Рәбиға апайым Түгелбаеваның жарқын бейнелері (екеуі де – марқұм; жандары жәннәтта болсын!) көз алдыма уақ-уақ келе берсе, қарымды қаламгер ініміз Софы Сматаевтың сонау бір жылы Сағидолла ағаның кесек қимылы хақында сүйіне айтқан хикаяты есіме түсе берді.

Софы: «Қарапайым да қайратты қазақ» деп сипаттаған Сәкеңнің сол кесек қимылын жадымның «мұрағатжайынан» алып, өзім де үзбей оқып жүрген осы «Түркістан» гәзетінің, әсіресе жас оқырмандарына ғибрат болса екен деп ұсынып отырмын. Жас оқырмандар Софы ағаларын қаламы жүйрік жазушы, ақын деп жақсы білсе де, азаматтық іс-қимылдарын біле бермеуі мүмкін. Бүгінде оң әрекетті кімнің болсын жұртшылыққа танылуы оңай шаруа емес.

Танылу мәселесін, меніңше, «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?!» деген Абайдан артық айтқан адамның барын білмеймін. Абекең осы өлең сөзімен: Өйтіп «танылғаны» құрысын, ондайлардың өмірі бүгіндік қана деп түйген тәрізденеді. Біздің кейбір әріптестеріміз Абайды не оқымайды, не түсінбейді, — төпелеп жаза беретін күлдібадам бірдеңелерін үйіп-төгіп тықпалап, жыл құрғатпай кітап етіп шығарттырып, онысының беташарына: «Оқырманы ең көп жазушы», немесе: «Кітаптары шетел тілдеріне ең көп аударылған жазушы», немесе: «Кітабының таралымы ең көп жазушы» деген түсіндірме (аннотация) жазады (әрине, өзі!). Арзан да болса атақ керек. Бірақ кітап дүкендерінің сөресінде айлап, жылдап сіресіп тұратын кітаптар — солардікі.

Ал татымды, тартымды жазатындардың кітаптары жиі шықпайды, шыққан күнде бояуы кеппестен дерлік сатылып кетеді, өйткені олар — сан қуып жанталаспайтын қарапайым, қалаулы қаламгерлердің туындылары. Жазушы, ақын Софы осы сырбаз, қанағатшыл, танымал топтан десем, Азамат Софының, әлгі біреулерше өзін өзі насихаттайтын, не өзгеге насихаттататын кәсібі жоқтықтан, 1986 жылғы Желтоқсан сұрапылы күндері жасаған жанкештілік қимылдары — ерен ерлік болса да, көп айтылмай, көпшілікке жетпей келеді.

Болып өткеніне жақында 25 жыл толатын сол астан-кестең күндерде Софы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Мәдениет бөлімінде сектор меңгерушісі еді. Д. Қонаевтың орнына сырттан Г. Колбин дегеннің әкеліп қойылғанына наразылық білдірген алматылық жастардың орталық алаңға жинала бастағанын алғаш байқаған, олардың арасына бір емес, бірнеше рет барып, арандап қалмауларын өтінген қызметкерлердің бірі – Софы. Жазушы Софы Сматаевты танитын жастар оны әр жолы қоршалап алып, өздерін алаңға алып келген өрепкі ой сұрақтарын қойды: «Шеттен Колбин дегенді әкелгендері қалай?!. Қазақстанды басқаратын не қазақ, не орыс өзімізден табылмағаны ма?!. Мәскеу бізді қашанғы билеп-төстей береді?!. Енді не болады, не істеуіміз керек?!.» десті. Қаламгер аға оларды түсініп, орынды сауалдарына орнықты жауап қайтарды: «Партияның өктем екенін білесіңдер, ол бұл шешімін енді өзгертпейді. Сендер ойланыңдар, ашуға жеңдірмеңдер. Колбин бірер жылдан кейін кетер, басшы өзімізден болар. Сәл шыдаңдар, айналайын іні-қарындастарым, сабыр сақтаңдар, ойланыңдар, тараңдар, арандатуға ұрынып қалмаңдар, бұлар сендерге қарсы күш қолданудан тартынбайды», – деді.

Бірінші күннің кешінде алаңды әскерлер қоршай бастағанда Софы мен Төлен екеуі (белгілі жазушымыз Төлен Әбдіков, ол да — Орталық комитеттің қызметкері) бір сұмдықтың боларын біліп, жандары шырылдап, жастарды қорғау керектігін айтады, бірақ олардың жанайқайын тыңдауға тиіс басшылар кергіп: — Бүлікшілермен сөйлесіңдер, олардың алдына шығып сөйлейтін кісілерді тауып, осында шақырыңдар! — деп дүрсе қоя береді. Ондай жағдайда тәуекелге бел буып келетіндер табыла берген бе?!

Партия Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы З. Камалиденовтің бөлмесіне шақырылған Софы мен А. Устиновке (ОК Үгіт және насихат бө­лі­мінің меңгерушісі) алаңдағы жастарды тәртіпке шақырған үндеу жазу тапсырылады. Софы тез жазып, Камалиденовке ұсынғанда үндеудің «Айналайындар, адаспаңдар!» делінген қазақы тақырыбы басекеңе ұнамай қалады да, ол тас-талқан болып: – Мұндайдың керегі жоқ, Альберттің жазғанын қазақ тіліне аударыңыз! – дейді. Ал Устиновтің жазғанынан «махровый казахский национализм» деген сөздерді оқыған Софы: — Устинов жолдас, шовинистік пиғылыңыз тірілген екен! Қазақ халқына бұлайша жала жаппаңыз! – деп оның «үндеуін» өзіне ұстата салады. Лауазымы жоғары Устинов жарыла жаздап: – Қазақтар, әне, нағыз ұлтшыл халық екендерін көрсетіп жатыр! – дейді. Сонда Софы бөлмеде отырған: республика Жоғарғы Кеңесінің төрағасы С. Мұқашевті, Министрлер Кеңесінің төрағасы Н. Назарбаевты, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы С. Меңдібаевты иегімен нұсқап: – Сіздіңше, мына үшеуі де нағыз ұлтшылдар болды ғой?! – дегенде анау тілін тістеп, мылқиып қалыпты. Софы: – Басқа аудармашы тауып алыңыздар! – дейді де, бөлмеден шығып кете барады.

Жастар толқынысының ақыры не болғаны белгілі. КСРО Қарулы күштерінің бас қолбасшысы, көзі жалтыраған зәлім М. Горбачевтің безбүйректік бұй­ры­ғымен шеттен әскер әкелініп, Алматының орталық алаңы қанға боялды. Жүздеген жастарымыздың жаны қиылды, мыңдаған жастарымыз мүгедек болып қалды…

Лауазымы жоғарылардың көбі кекшіл келеді, оған сол кезеңде Софының да көзі жетті. «Ұлтаралық жағдайды жақсартуымыз керек» деген себеп тапқан Колбин бір аптадан кейін оны Ақтөбе облысына жұмсады. Камалиденовке бағынбағаны бар, Устиновтың не деп жамандап қойғанын да ит білсін, әйтеуір, келімсек «көсем» оны қырына алған еді. «Денсаулығым сыр беріп жүр, жақын облыстардың біріне барайын» дегенін құлағына ілмей: «Ақтөбеге баруың керек!» деп қасарысты. Он шақты күнге созылған саяси сарсаңда жүйкесі шабақталған Софы сол күні, қызмет үстінде, жүрек талмасына (инфракт) ұшырап, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді.

Әдетте, лауазымы жоғарылардың көбі қоластын­да­ғылардың хал-ахуалын, денсаулық жағдайын ойлай қоймайды. Софының оған да көзі жетті. Айдаған жағына жүрмеген «қыңыр Сматаев» ауруханадан шыққан соң колбиндік қара мылтықтың қарауылына қайтадан ілікті. Арада бір апта өткенде Колбин мен Камалиденовтің тапсыруымен Орталық Комитеттің Үгіт-насихат, Мәдениет бөлімдерінің үш «мықтысы»: «Софы Сматаев жолдас партия басшыларын тыңдамайды, міндетін дұрыс атқармайды, ұлтшылдық пиғылы басым» деп беталды кінә таққан жазбаша мәлімдеме жасап, оның тәртібі Орталық комитет хатшыларының мәжілісінде қаралатын болды. Мәжілісте әлгі үш «мықтының» баяндамаларынан кейін Колбин бірден: – Түсінікті болды, кәне, Сматаевқа қандай жаза қолдану керек, айтыңыздар! – дейді, қарақошқыл бетінің түгі тік тұрып. Софы соңғы сөзін айтуға хақы барын пайдаланып түрегеледі де, анау үшеудің жамау-жасқаулы пікірлерінің суын сығып, іліп алар ештеңесі жоғын көрсетіп береді. Үшеудің бірі (қазекең) сипақтап: – Солай жазу керек деп тапсырған соң… – деп сүлкие түрегелгенде Орталық комитеттің екінші хатшысы Сағидолла Құбашев оған зілдене қарап: – Міңгірлемеңіз, отырыңыз! Ойлы адам жала жабумен әуестенбес болар! – дейді, әдейі қазақ тілінде сөйлеп. Жалма-жан арашашы болғысы келіп аузын аша берген Устиновтің дертесін Сәкең: – Все понятно, садитесь! –деп бір-ақ қайырып, Софыны колбиндік жазадан қорғап қалыпты. Інінің Азаматтық қасиетін таныған Сәкеңдей Аға көп болса ғой, шіркін!

Керіауыз келімсектің құзырында енді жүргісі келмеген Софы сол «міңгір мәжілістің» ертеңінде екінші өтінішін жазып, «Ақ үйден» аулақ кетті. Бірінші рет өтінішті ауруханада жатқанында жазған еді, бірақ «құдайлар» ескермеді, өйткені олар «төмендегі» коммунист Сматаевқа есе жібермеу үшін оған шара қолдануға асыққан болатын. Софы бірде Колбиннің кадр саясатындағы солақайлығын бетіне басқан. «Мені сынайтындай сен кімсің?!» деп тебіткеніне Софының: «Сынауға хақым бар, сіз бен біз – бір партияның мүшесіміз!» деген оқ-сөзі Колбиннің қара жүрегіне қадалып қалған…

Софы «Ақ үйдегі» алапес тірліктен азат болып, қаламын қолға бірыңғай алды.

Екі ағаның алдында есіме орала берген Софы хикаяты осы еді…

Жазықсыз жәбірленген сезімтал жан қатты қиналады. Қиянат көрген жүйке жұқарады. Ойында жоқта сондай халге ұшыраған Софы ауыр сырқатқа тап болды. Ауруханада жатуы жиіледі. Он шақты жыл әлетінде жүрек талмасы тағы үш рет ұстады, екі рет сал болып төсек тартты. «Бір айналдырғанды шыр айналдырады» деген рас, денсаулығы басқа да теперіш көріп, оташының үстелінде жатып та тұрды.

Біздің – басында шығармашылық ноқтасы барлардың – өзге мамандық иелерінен бір ерекшелігіміз, қолымыздан қаламымыз түсіп кеткенге дейін тыным таба алмасымыз деп ойлаймын. Жүз жасауына тілектес Софы ініміз қанша михнат тартса да, қаламын қисайтпай келеді. Әңгіме, хикая, өлең, дастан, пьеса туындылары өз алдына, «Елім-ай» романының төртінші кітабын жазып жүр.

Шырайлы шығармалары Мемлекеттік сыйлыққа екі мәрте ұсынылса да, екі ретінде де «сол ауылдағы» астыртын саудада бағаланбай қалды, өйткені Софы сыйлық жөніндегі комиссияда әділдік, әдебиетке адалдық бар деп сенді, орағытып өтіп кетер жол іздемеді. Жаны тазалар тек таза жолмен жүреді.

Тірліктің тылсымы қолыңды қаққан, аяғыңнан шалған кездегі халіңді қабағыңнан танып үлгеретін, иығыңа түскен зілді, кеудеңді кеулей бастаған құйынды көре білетін, сені кері тартқан қияметтен бері тартуға дереу ұмтылатын інілер де бар. Сондай інінің — көпшілікке танымал қайраткер Иманғали Тасмағамбетовтің шарапатымен Софының туындылары 15 томдық жинақ болып жарық көрді! Әлбетте, ол жинаққа әлі талай кітап қосыларына, оларда замана ағымын паш еткен небір құнды дүниелер болатынына мен де күмәнданбаймын!

Өзіміз әзілді арқау ете айтатын «жігіт жасы — 70-ті» артқа тастап, алға озған Софының жазушылық қырларын «жыр» етпедім. Мың сан оқырманының ризашылығына тәнті көңілім азамат Софы хақында шертіле бермейтін сырдың өзіме белгілісін баян етуімді қалады.

08.12.2011

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,

жазушы