Жаңалықтар

ҚОНАЕВ МҰРАЖАЙЫНА – 10 ЖЫЛ

ашық дереккөзі

ҚОНАЕВ МҰРАЖАЙЫНА – 10 ЖЫЛ

Жуырда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі қарсаңында Алматыдағы Д.А.Қонаев мұражайының 10 жылдығы аталып өтті. Өткен жылы республика мұражайлары арасында өткізілген конкурста жеңімпаз атанған еді. Мұражай директоры Болысбек Батталханов басқарған ұжым бұл даталы күнге жақсы дайындықпен келді. Олар сол күні кезінде Дінмұхамед Ахметовпен қызметтес болған жандарды мұражайға қонақ ретінде шақырып, «Қонай мұражай үйінің жетістіктері» деп аталынған көрмені назарларына ұсынып, жаңа экспонаттармен таныстырды.

Жиналған көпшілік алдында мемлекет және қоғам қайраткері Кеңес Аухадиев сөз сөйлеп, Қонаевтың 100 жылдық мерейтойына дайындық барысымен таныстырды. Сөз соңында ол осыдан санаулы жылдар бұрын жазушы Серік Әбдірайымов пен танымал телережиссер Мадрид Рысбеков үшеуі түсірген «Д.А.Қонаев мемлекет қайраткері» атты 10 сериялық фильмнің таспасын мұражайға табыс етті. Сол фильмнің алғашқы екі сериясын көрермендер назарына ұсынды. Сондай-ақ Балтағұл Бигелдиевтің «Заман өтер дөңгеленіп» атты екі томдық кітабының тұсаукесері болды. Өнерге қанат қаққан жастар күй тартып, ән шырқады.