МҮМКІНДІК ПЕН МҮЛТ КЕТУ

МҮМКІНДІК ПЕН МҮЛТ КЕТУ

МҮМКІНДІК ПЕН МҮЛТ КЕТУ
ашық дереккөзі

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Тәуелсiздiк алғалы 20 жыл iшiнде Қазақ үкiметiнiң экономикалық-әлеуметтiк тұрғыда қол жеткiзген жетiстiгi мен табысы қайсы? Кеңестiк империя кезiнде шикiзатпен қамтамасыз ету мiндетiн атқарған Қазақстан экономикасына шетелдiк инвесторлардың қызығушылығын арттыру мақсатында қандай шаралар атқарылуы тиiс? Экономиканы дербестендiру шарасы қай салаларды қамтымақ? Әлемдiк қаржылық дағдарыс кезiнде ашкөздiктерiнiң салдарынан оңбай таяқ жеген кейбiр отандық жекеменшiк банктердiң бүгiнгi ахуалы қандай? Осы сияқты басқа да сауалдар Астанадағы Экономикалық форумда көпшiлiк талқысына салынды.

Астана қаласында «Қазақстанның әлеу­меттік-экономикалық дамуы: Тәуелсіз­діктің 20 жылы және жаңа міндеттер» тақыры­бына өткізілген Экономикалық форумда еліміздің даму жолдары, қол жеткізген жетістіктері сараланды. Алғаш рет 1997 жылы Қазақстан дамуының 2030 жылға дейінгі дамуын страте­гиялық тұрғыда қарастырған бағдарлама ЖІӨ көлемін ұлғайту, экономикалық ахуалды жақсартуды көздеген.

«Қазақстан-2030» бағдарламасында бекітілген межелерді уақытынан бұрын игеріп келеміз» деп мәлімдеген Қазақ премьері Мәсімов: «Экономиканың 2000-2007 жылдар аралығында қарқынды дамуы (ЖІӨ көлемі – 7-8%) – 90-жылдары жүргізілген нарықтық қайта құру шараларының нәтижесі. 2007 жылы әлемдік қаржылық дағдарыс кезінде біздің алдымыздан шыққан міндеттер мен қиындықтарды жеңе білдік. Бұл жүйеміздің тұрақтылығын көрсетті. Қазақстан экономикасына қатысты проблемаларды оңтайлы шешуімізге де мүмкіндік берген осы». Мәсімовтің мәлімдеуінше, Қазақстанның 2010-2011 жылғы экономикалық дамуы – экономикалық тұрақтылықтың жемісі. Оған дәлел – аталған кезең аралығында (2010 және 2011 жылдың алғашқы 10 айы) экономиканың 7 пайызға өсуі. Standard & Poor’s, Fitch Ratings секілді халықаралық рейтинг агенттіктерінің елімізге тиесілі несиелік көрсеткіштерді, ал Дүниежүзілік банктің бүкіл әлем бойынша елдегі кәсіпкерлікпен айналысу мүмкіндігі қаншалықты екендігін саралайтын Doing Business көрсеткішін едәуір жоғарылатуы т.б.

Кедендік одақ пен Біртұтас экономикалық кеңістік шеңберінде бірқатар шаралар ат­қаруды көздеп отырған Қазақ билігі отан­дық тауар өндірушілердің бәсекелестік қабілетін арттыруға баса назар аудармақ. Кеңестік империя кезінде КСРО құрамында болған 15 одақтас республиканың өндіріс орындары Ресейде шоғырланғанын, Ресей экономикасы Қазақстан экономикасынан бірнеше есе үлкендігін ескерсек, отандық өнім өндірушілерге біраз терлеуге тура келері анық. Өйткені қазақ нарығын жаулап алған шетелдік өнім Қазақстанда жасалған өнімдерге қарағанда анағұрлым арзан. Бұл жерде сапа тұрғысынан сөз қозғау артық, әрине. Мәселен халықтың күнделікті пайдаланатын ұсақ-түйек затынан бастап, азық-түлік, киім-кешек т.б. «Әттеген-айы», экономиканың шикізаттық емес саласын дамытуға мемлекеттік тұрғыда дер кезінде көңіл бөлінбеуі отандық өнім өндірушілердің аяғынан тік тұрып кетуіне, бәсекелестік қабілетін шыңдауына кедергі болды.

Бүгінде экономиканы дербестендіруге ұмтылған Қазақ билігі сырттан инвестиция тарту арқылы шикізаттық емес салаларды күшейтуге мүдделі. Осыдан төрт жыл бұрын басталған қаржылық және экономикалық дағдарыстың соңы бүгінде қарыздық дағдарысқа ұласқан. Қарызға белшеден батқан еуроаймақтағы қиындық қазір Еуропалық Одаққа мүше елдерге қарай ойысты. Осындай келеңсіздіктер мен кемшіліктерден сабақ алуы тиіс Қазақ Үкіметі қордаланып қалған проблемаларды тез арада шешіп, дағдарыстың өзінен пайда табуды көздеп отыр. Өйткені шетелдік инвесторлар болашағы бұлыңғыр дамыған елдердің экономикасына қаражат құйғаннан гөрі келешегі жарқын дамушы елдердің экономикасына ақша салуға мүдделі. Қытай, Ресей, Орта және Орталық Азия елдерімен бірге бұл тізімде Қазақстан да тұр. Мұнай, газ секілді энергетикалық қорларға бай, басқа да табиғи ресурстарға кенде емес біздің ел жатжұрттық қалталылардың көмегін пайдалана отырып, тікелей тартылатын шетелдік инвестиция көлемін арттыруға, осылайша шикізаттық емес саланы дамытуға ұмтылады. Әрине, дамыған батыстықтардың Қазақстан жайлы хабары аздығын ескерсек, алдымен елімізді әлемге таныту, жарнамалау, насихаттау мәселесі маңызды екендігі белгілі. Астанадағы экономикалық форумда Дүниежүзілік банктің Еуропа мен Азия елдері бойынша бас экономисі Индермит Гилл Қазақстанды сенімді серіктес ретінде ынтымақтастық орнатуға лайық деді: «Сонымен қатар Қазақстан – макроэкономика бойынша тұрақты дамып келе жатқан мемлекет». «Қазақстанның ендігі дамуы тез әрі жеңіл болады» деп сендірген Азиялық даму банкінің экономисі Чанйонг Рии индустрияландыру мен экономиканы дербестендіру бір-бірімен тығыз байланыс­та болу керектігін айтты.

Макроэкономика мен әлеуметтік саясатты талқылауға бағытталған сессияда форумға қатысушылар экономикалық дамудың жетістіктері, қаржылық саясатты келешегі, халықты жұмыспен қамту, жекеменшік кәсіпкерлік саласын дамыту, Қазақстанның БҰҰ бағдарламалары шеңберіндегі мәселелерге байланысты шығарған шешімдері т.б. тақырыптар төңірегінде ой бөлісті. Ал ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов: «20 жылдың ішінде еліміз нарықтық экономиканы қалыптастыру жолында мақсатты түрде дамып келеді. Біз әлемдік тәжірибенің ең озығы мен үздігін еліміздің бәсекелестік басымдықтарын ескере отырып, отандық экономикаға бейімдеуге тырысамыз. Бүгін­де әлемдік қауымдастық Қазақстанды эко­номикалық және инвестициялық мүмкіндігі мол ел ретінде қызығушылық танытуда. Қазақстан кезінде қабылданған дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасының арқасында 2008-2010 жылдардағы әлемдік дағдарыс кезеңінде экономикасы өсуін жалғастырған, осылайша дағдарыстан кейінгі кезеңде тұ­рақты өсімге қол жеткізген санаулы мемлекеттер қатарында». Министрдің пікірінше, ішкі даму мүмкіндіктерін толық пайдаға асыру келешекте экономикалық өсімнің тұрақтылығын қамтамасыз етпек. Форумда еліміздің қаржылық саясаты туралы сөз қозғаған ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев 20 жыл ішінде Қазақстанның нарықтық экономикадан – индустриалдық-инновациялық дамуға негізделген аралас экономикаға, эко­номикалық құлдыраудан экономикалық өсу мен қоғамның әлеуметтік тұрақтылығына көшкенін көлденең тартты. Жәмішев сондай-ақ еліміздегі жекешелендіру мәселесі, кәсіп­керлікпен айналысу жолында кездесетін кедергілерді жоюды көздейтін шаралар, салық жүйесін дамыту, нақты нәтижеге қол жеткізуді көздейтін мемлекеттік жоспарлауды енгізу, бюджеттік жүйені қалыптастыру мәселелеріне де тоқталды. Оның пікірінше, қазіргі кезде алғашқы дағдарыстан кейін құрылыс саласы жолға қойылды, банк саласына қатысты қауіп-қатер жойылды, т.б. Бұл қаржылық тапшылыққа ұрынып, қарыздық проблемалармен күресіп жатқан әлемдік экономика дағдарыстың жаңа толқынына кезіккен жағдайда қазақстандық экономиканың айтарлықтай зардап шекпеуі үшін маңызды.

08.12.2011