Жаңалықтар

ШЕКАРА КҮНI ТОЙЛАНДЫ

ашық дереккөзі

ШЕКАРА КҮНI ТОЙЛАНДЫ

Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы күрескен тәуелсіздіктің ақ таңы атқалы да міне, 20 жылға аяқ басты. Елбасымыз Н.Назарбаев: «Тәуелсіздік – бұл біздің ең басты құндылығымыз… сондықтан да оны атап өтуді жоғары дәрежеде ұйымдастыруымыз қажет», – деп қадап айтқан болатын. Мемлекет тарихындағы осындай бірегей белес елдіктің, егемендіктің, кемелдену мен келешекке құлаш сермеудің тамаша кезеңіне айналуы тиіс

Біз небәрі жиырма жыл ішінде ғасырға бергісіз жолдан өттік. Барлық көршілермен мемлекеттік шекарамызды бейбіт түрде бекіттік. Ең бастысы, әрбір қазақстандықтың жүрегіне өз Отанына, халқына, еліне, Елбасына деген мақтаныш сезімі мен патриоттық рухты сіңірдік.

Иә, биылғы жыл Қазақ елі үшін ерекше жыл! Халқымыздың сан ғасырлар бойғы арманы жүзеге асып, азат ел болғанына жиырма жыл. Бұл қатардағы көп мерекенің бірі емес, бірегейі. Мәдениет министрлігінің бастамасымен мерейлі мерекені лайықты атап өту мақсатында «Тәуелсіздіктің жиырма асқаралы шыңы» атты республикалық дейгейде 20 күн бойы мерекелік шаралар тізбесін өткізу тұжырымдамасы бекітілген болатын. Соған байланысты ҰҚК Шекара қызметінің шекарашылары «Атамекен» атауымен мемлекеттік шекара күнін атап өтті. ҰҚК Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Нұржан Мырзалиев бастаған шекарашылар осы мерейлі күнді атап өтуге арналған іс-жоспар бағдарламасы бекітілді. Мерекелік шара «Отан қорғаушылары» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімімен ашылды. «Атамекен» күнін атап өтуге еліміздің белгілі қайраткерлері, ҰҚК органының ардагерлері, т.б. қатысты. Мұндай шаралар Шекара қызметінің барлық әскери бөлімдері мен құрамаларында жалғасын табады.

Нұрғиса САХОВ,

әскери журналист