МҰҒАЛIМ ДАЙЫНДАУ – МҰРАТТЫ ІС

МҰҒАЛIМ ДАЙЫНДАУ – МҰРАТТЫ ІС

МҰҒАЛIМ ДАЙЫНДАУ – МҰРАТТЫ ІС
ашық дереккөзі

Бүгiнгi күнi мұғалiм мамандығы туралы түрлi әңгiме көп. Бiреулер «қадiрi қашқан мамандық осы болды» десе, екiншiлерi «тұрақты жұмыс пен айлық тек мұғалiмдерде» деп жүр. Бiз болашақ ұстаздардың ұстаханасына айналған №1 Алматы қазақ мемлекеттiк гуманитарлық-педагогтiк колледжiнiң директоры Серiккүл Андабекованы осы мәселелер жөнiнде аз-кем әңгiмеге тартып көрдiк.

­– Серіккүл Жолшыбекқызы, сіз көп жылдан бері ұстаздық етіп, жастарға тәлім-тәрбие беріп келесіз. Айтыңызшы, бүгінде «болашақта мұғалім болсам», – деп армандайтын жастар бар ма?

– Әр күнімді білім ордасында өткізіп жүрген соң, мұндай күмәнді оймен келісе алмаймын. Шын мәнінде, қазіргі жастар арасында ұстаздық кәсіптің маманы болсам дейтіндер аз емес. Көпшілік мұғалімдік жұмыстың бейнеті көп, зейнеті аз деп жатады. Белгілі бір мөлшерде бұл пікірмен келісуге тура келеді. Алайда, егер сіз сыныпқа бір рет болсын бас сұғып, оқушыларға бір сабақ өтіп көрсеңіз, онда өмір бойы мектептен кеткіңіз келмей қалады. Білім жүйесінің осындай бір сиқырлы құдіреті бар. Сол тылсым күш кез-келген қиындықтан өтуге кепіл беріп, үнемі алға жетелеумен болады. Ақын сөзімен айтсақ, «тарыдай болып кіріп», «таудай болып шыққан» шәкірттердің азамат болуын көру нағыз бақыттың өзі. Ал өмір бар жерде ұрпақ тәрбиелеу, балаға білім беру ешқашан тоқтап қалмайды. Яғни мұғалім мамандығына сұраныс бұрыннан болған, қазірде бар, келешекте де бола бермек!

– Дегенмен, қазіргі жастар бизнеске, жеке кәсіпке көп қызығатын секілді. Қанша дегенмен, ақпараттық технология заманы емес пе?

– Иә, біздің жас кезімізде екінің бірі ғарышкер болуды армандайтын. Ғылым жетістіктері қоғамға өз жаңалығын енгізген тұста мұндай көңіл күйдің болуы заңды. Мәселен, қазір екі-үш жастағы сәбиді ұялы телефонмен қызықтыра алмайсыз. Олар тіпті мәзірге қалай кіріп, нөмірді теру немесе суретке түсіру амалдарын ересектерден жетік біледі. Ал небәрі бес жыл бұрын байланыс құралының жетілмеген қарапайым ғана түрі біздер үшін алынбастай қамал болды емес пе! Сіз меңзеп отырған мәселе де осыған ұқсас. Жаңалыққа бәрі әуестене, қызыға қарайды. Және оны кемшілік деп қабылдамау керек. Қайта, жаңа өзгерістің пайдалысын алып, қажетке жаратып, сіңіріп алған дұрыс. Осы тұрғыдан қарағанда, қазір білім саласы да күн сайын жаңғыру үрдісінде. Мысалға, бес-алты жыл бұрын біздің алдымызда студенттерді компьютермен, интернетпен қамтамасыз ету тапсырмасы қойылды. Қазіргі уақытта өзім қызмет ететін №1 Алматы қазақ мемлекеттік гуманитарлық-педагогтік колледжінде бұл мәселе күн тәртібінде маңызды іс ретінде тұрған жоқ.

– Сонда, сіздер үшін бүгінгі аса маңызды шаруа не?

– Қазір инновациялық-педагогикалық технологияға етімізді үйретіп алдық десек те болады. Алыстағыны дәл алдыңнан шығаратын интерактивті тақта, оқу пәндерінің электронды үлгісін жасау, онлайнда сабақ өту, ғылыми зерттеулер жүйесін интернет арқылы жетілдіру, ақпараттық-әдістемелік кабинет құру секілді қажетті де, жауапты шаралар біз үшін қазір тың жаңалыққа емес, күнде көріп, біліп жүрген қарапайым жұмысқа айналды. Яғни, заман мен ғылым дамуына орай, еліміздегі білім беру әдістемелері мен жүйесі де оң бағытқа өзгеру үстінде. Әрине, бұл көштен болашақ ұстаздарды тәрбиелейтін біздің колледждің шет қалуы тіпті мүмкін емес. Себебі, бірнеше жылдан кейін ноутбуктың қосу тетігін таппай тұрған ұстаздарды балалар тыңдамайтын болады. Яғни, біздің бүгінгі ақпараттық технологиялық өзгерістерге дайындығымыз осал емес. Және бір қуантарлығы, бізде білім алып жатқан студенттердің басым бөлігі ауыл жастары. Осы жастардың бәрі қалада қалып қалмас. Төрт-бес жылдан соң, олардың кемінде 30-40 пайызы елді мекендерге оралып, бала тәрбиелейді десек, алыстағы қазақ балаларының ақпараттық-технология жүйесіне тезірек сіңуіне кепіл болмақ. Біздің колледждің бір ерекшілігі де осында. Толықтай мемлекеттік тілде білім беретін болған соң, түлектеріміздің жұмысқа орналасу ауқымы да артып келеді. Себебі, мемлекеттік тілді меңгерген мамандарға сұраныстың жылдан жылға арта беретінін өмірдің өзі көрсетіп отыр.

– Сіз басқарып отырған колледждің ашылғанына биыл жиырма жыл толады екен. Тоқсаныншы жылдары жамырай ашылған көптеген оқу орындардың қазір ізін де таппай қалдық. Сіздер қалай сақталып қалдыңыздар?

– Иә, биыл біздің де мерейтой! Төл мерекеміздің Тәуелсіздіктің жиырма жылдығымен қатар келгеніне қуанышымыз шексіз! Жалпы, осындай атаулы күндер тек дастархан жайып, той тойлауға ғана емес, өткен кемшілік пен жеткен жетістікті бір таразылауға, сол арқылы келер күнге жоспар құруға үлкен сеп. Жыл сайын қалалық, облыстық, республикалық түрлі байқауларда, олимпиадаларда шәкірттеріміздің қоржыны бос қайтқан емес. Колледжіміздің мерейін асырған, ұстаздарының еңбегін ақтаған осы студенттерімізге сіздердің басылымдарыңыз арқылы мың да бір алғыс айтқым келеді. Студенттің жетістігі біздің жұмысымызға берілген шынайы баға болса керек. Ал, сұрағыңызға келсек, тоқсаныншы жылдары шынында да түрлі оқу орындары көбейіп кетті. Оның бірі ақша табуды мақсат етті, ниеті түзулердің жолы болмады. Олардан ерекшелігіміз – біздің ұстаздар ұжымы мен материалдық-техникалық шамамыз орнықты еді. Неге десеңіз, бұл білім ордасы 1978 жылы Алматы қалалық мектепке дейінгі тәрбие педагогикалық училищесі болып ашылған еді. 1990 жылы №1 Алматы педагогтік онда да таза мемлекеттік тілде білім беретін колледж болып құрылды. Нарық заманында білім ордасының шаңырағын шайқалтпай, керегесін мықтап ұстап қалған Дамиля Жүсіпова Зәкірқызының еңбегі үлкен. Жиырма бір жыл колледжге жетекшілік жасаған ол бүгінде республикаға танымал ағарту саласының көрнекті ұстаздарының басын қосып, үлкен ұжым қалыптастырды. Бүгінде біздің колледжде 81 оқытушы жұмыс атқарады. Яғни, біз қабырғамыз қатып, буынымыз бекіген ұжымбыз! Тәуелсіз Қазақстанның алдағы ғұмырында біз мемлекет пен ұлтқа қажетті ұстаздарды даярлауды маңдайымызға жазылған бақ деп есептейміз! Тәуелсіздігіміз асқақтап, ұлтымыздың мерейі өсе берсін!

Әңгiмелескен Жәнiбек ӘШIМ