Жаңалықтар

Боран Рахымбек (Англияда тұратын қазақ): МЕН – ҚАЙДА ЖҮРСЕМ ДЕ ҚАЗАҚПЫН

ашық дереккөзі

Боран Рахымбек (Англияда тұратын қазақ): МЕН – ҚАЙДА ЖҮРСЕМ ДЕ ҚАЗАҚПЫН

Бүгiнде көптеген жастарымыз шетел асып, бөтен жерден «бақ» iздеп әлек болса, шетелдегi қазақ бабалар мекенiне оралуды көксейдi. Олардың әрқайсысы, Қазақстанды көргенi бар, көрмегенi бар, Атажұртын алыстан сағынады. Қасиеттi топырағын маңдайына басып, саф ауасын көкiрек керек жұтуды аңсайды. Тұманды Альбиондағы қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап отырған сондай жанның бiрi – Боран Рахымбек. Күндердiң күнiнде Англияның солтүстiк шығысының мәдени астанасына айналған Ньюкасл қаласында 10 жылдай тұрып келе жатқан Боран ағамызбен де сұхбаттасудың орайы келдi.

– Мен1968 жылдың 25 қарашасында Қытайдың Тарбағатай аймағы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық округі, Дөрбілжің ауданындағы Қараеміл ауылында дүниеге келгенмін. Ата-бабаларымыз текті тұқымнан тараған, дәулеті де шалқып жатқан, бүкіл өңірге мәшһүр әулет. Үлкен әулеттің мыңғырған малы ен далаға сыймай жатады екен. Әкеміздің айтуына қарағанда, өткен ғасырдың 25-27 жылдары Зайсанның маңынан Қытайға көшкен. Найман руының ішіндегі Жантүкештен тараймыз, – деп әңгімесін сабақтады Боран ағамыз. – Ресей империясы заманында қатып қалған меже жоқ, ары-бері емін-еркін көшіп-қонып жүре берген қазақ екі ірі мемлекеттің шекара бөлісінен кейін Қытай жерінде амалсыз қалып қойыпты. Бір ауыл – екі мемлекет деген сол болды ғой. Сор да сол. Қытайда өстік, қытайша тәрбие көрдік, бірақ әкеміз ылғи айтып отыратын: «Әй, балам, ана тауды көрдің бе? Сол тау бөктерінің арғы жағы – өз ауылың», – деп. Ол кезде ес тоқтатпаған бала болдық, Қазақстан деген ұлан-байтақ ел бар екенін ұға бермейміз. Әйтсе де әкемнің сөзі жадымда жатталып қалыпты.

Боранның әкесі Рахымбек – Шығыс Түркістанға Қытай қызылдарының табаны тимей тұрып, медреседе тәлім алған кісі. Кейін Шыңжанда коммунистік жүйе орнаған соң жастар одағының мүшелігіне өтіп, Қытай компартиясына қызмет еткен көзі ашық азамат. Идеологиялық шеңберде, бастаушы ұлт жетегінде өмір сүрсе де, Рахымбек Кітапбай бес баласын бес түрлі оқуға түсіріп, өсіріп-жеткізеді. Боранның өзі қытай медицинасы факультетін тәмамдаған, ағалары инженерлік және сәулет саласының мамандары, әпкесі балет өнерінің хас шебері.

– Әкеме мың да бір рахмет. Оның бізге қалдырып кеткен асыл мұрасы қазақ тілі ме екен деймін. Мен үшін бұл – кеудеме сыймайтын ғаламат қуаныш. Әкеміз сол заманның өзінде алғы күнді болжай білген, кішкенемізден құлағымызға құйып кеткен.Тілмен бірге діл де, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып та сіңеді. Өмірбақи Қытайда тұрсақ та, қытайдан әйел алып кеткен жоқпыз. Соның бәрі хикмет. Бала кезде білмесек те, айналасына қарап әкеміздің қалай күйінгенін қазір ғана түсініп келе жатырмыз.

– Аға, өзіңіздің туып-өскен ортаңыз жайлы аз-кем баяндап берсеңіз…

– Бастауыш білімді Дөрбілжің ауда­нын­дағы қытай мектебінен алдым. Ол кездің өзінде ұлттық мектеп бар болса да, әкеміз бізді қытайша оқытуға шешім қабылдады. Бір өкінішім, мен қазір қытай тілі мен тарихын қытайлардан кем білмеймін, ал өз ана тілімде 42 жасқа келіп, жақсы сөйлегеніммен, кирилше оқи алмаймын. Бірақ балаларымды ағылшынша да, қазақшаны да білсін деп тәрбиелеп жатырмын. 1986 жылы Үрімжідегі медицина университетіне оқуға түстім. Ол жерде Қытай медицинасы мен ине салуды 5 жылдай оқыдым. Жақсы оқып, сол университет қабырғасында 10 жылдай жұмыс істедім. 1992 жылы Қазақстан-Қытай арасындағы достық қарым-қатынастарды дамыту келісімінің арқасында Қазақстанға қызмет етуге 1 жылға контракт арқылы келдім. 1 жыл Мақаншыда болдым, Жамбыл облысының Меркі шипажайында, Шымкент, Алматы қалаларында жұмыс істедім. Содан кейін Алматыда мүгедек балалар орталығында біржола қалып, жұмыс істеуге бел будым. Орталықта Роза Айтжанова деген кісі басшылық етіп, маған жол көрсетіп, қамқорлығын аямады. Осы күнге жеткенім сол кісілердің арқасы деп ойлаймын. Мың рахмет айтамын сол кісілерге. Олар болмаса менің де бүгінім жоқ еді. Еуропаға шығып, әлеми үдерістерге өзімізше қарай бастадық. 2 жылдай жұмыс істеген кезде елімізді таныдық, қайтқым да келген жоқ. Көп себептермен Алматыда тұрақтамай, Қытайға қайтып барып, өз университетімде қайта жұмысқа орналастым. Сол жерден отбасын құрып, балалы-шағалы болдым. 2002 жылы оқуға келетін бағдарлама арқылы Еуропаға тіл үйренуге келіп, балалардың болашағы үшін қалуға бел будық. Артынша care worker-дің оқуын оқып, келісімге отырып, азаматтық алуға талпындық. Бір жағынан үйіңді, ел-жұртыңды сағынасың. Қазақпыз ғой. Елден жырақ кеткің келмейді. Екінші жағынан, балалардың келешегін ойладық. Тағы бір жағынан әлем көп өзгеріп жатыр, бұл жерде көзіміз ашылды десек те болады. Сырттағы елдің тұрмысын көзімізбен көрдік, одан ақырындап, шаңырағымызды түзедік. 10 жылдан артық тұрып келе жатырмыз.

Қытайда туып-өскен Боран ағамыз кіндік қаны тамған жері көршіміздің елін емес, Қазақстанды, Алматыны қатты сағынатыны жүректі елжіретеді. Көлігінде қазақ әндерін тыңдап, кейде көз жасын сығып та алады.

– Қазіргі күні сәнге айналған өркениеттер жұғыстығы, мәдениеттер тоғысы деген ұғым бар. Дей тұрғанымен Шығыстың аты Шығыс, Батыстың аты Батыс емес пе. Сіздіңше, ұлттар арасындағы қарым-қатынас қандай іргетасқа қалануы керек?

– Өз түсінігім былай. Өзге елдің озығын үйрене отырып, өз қымбатыңнан айрылып қалма. Мысалы, қанша жыл тұрсам да, мен ағылшын болып кете алмаймын. Балаларым да ағылшын болып кете алмайды. Мүмкін емес. Жақсыдан үйрен, бірақ бұл жерде тұрдым екен деп христиан болып кету не болмаса бүгін ағылшын саясына өттім екен деп, осылар сияқты ертең көшеге жартылай жалаңаш шығып кету бізге жат. Жаманнан жирену керек. Неге? Мен бәрібір қазақпын, мен қайда барсам да қазақпын, қаным қазақ, елім қазақ, сүйегім қазақ. Басқа бір ұлт болып кетуге менің ойым да жоқ, ниетім де жоқ. Бұл жердегі мақсатым – балаларым жақсы білім алып, өнегелі жұрттан тәлім алса деген ой.

– Қазақтың ежелден ел көру, жер көру құмарлығы бар. Яғни көшпелілік қанында, генінде. Ал Сіздің Қытайдан ит арқасы қияндағы Англияға қоныс аудару себебіңізді қалай түсінсек екен?

– Ең басында тек оқу мақсатымен келдім. Бір жаққа шығып, қалып қоямын деген ниет болған жоқ. Келіп көрген соң, әсіресе оқу жүйесіне қатты қызықтым. Біздің елмен салыстырғанда Англияда оқу жүйесі өзгеше. Неге бұл ел дамып кеткен? Неге алдыңғы қатарлы ел болды деген ой мазалай берді мені. Ал түптеп келгенде Ұлыбританияның екі басы, алты қолы жоқ. Техникасын, жүйесін, оқуын, тұрмысын біз үшін үйрену керек әлі де. Ол жағынан Ұлыбритания бізден әлдеқайда көш ілгері. Соны көріп, балалардың оқуы үшін қалғымыз келді. Бір жағынан өкінеміз, жасымыз 40-тан асқан кезде шетелде қаңғып жүргеннің несі жақсы? Елді сағынамыз. Кейде балаларымызға қараймын, олар тілді ұмытып бара жатыр, дәстүрді ұмытып бара жатыр. Бұл біз үшін үлкен өкініш бір жағынан. Бірақ қазір интернет бар, Қазақстаннан сендер сияқты оқуға келіп жатқан жастар көп. Мен ойлаймын, тіпті келешекте қолайлы болады деп.

– Қазақ көрші ауылға көшіп барса да біраз уақыт жаңа ортаға бауыр баса алмай, жатырқап жүреді. Жерсінеді дегендей. Өзіңізге алғашында бөтен елде күнкөріс қиынға соққан жоқ па? Мен тіл үйрену, бөтен жұрт тіршілігіне бейімделу, жұмысқа орналасу жағын айтып отырмын.

– Бұл сұрақты жақсы қойдың. Бір елге барып қоныстану өте қиын. Жасыратыны жоқ, біз де жаңадан келгенде Лондонда үйлердің жертөлесінде де жаттық. Себебі ол жерлер арзан болады. Әйелімнің аяғы ауыр, жағдай қиын. Рас айтамын, қытайлардың асханасына барып ыдыс-аяқ жудым, жертөле тазаладым. Басымыздан көп нәрсе өтті. Қазақ сияқты көрпе жайып қойып, етін асып беріп, келе ғой дейтін адам жоқ бұл жерде. Әр нәрсеге жету үшін өзің тырысып, күресіп жүруің керек. Бірақ аяғында жаман болмадық, далада қалған жоқпыз. Екі қолың, басың бар ма, барлық жерге сіңіп кете алады екенсің. Өзіңе-өзің сенуің керек екен. Әрине, оңай түспеді. Бірақ тағы да айтамын, қандай қазақ болсын, қай жерде жүрсе де, ұмтылу керек, ел-елді көру керек екен. Өзге елді көрген үлкен білім екен. Англияға жасым ұлғайып келді. Ағылшын тілін біраз білетінмін, бірақ жетік білмеймін. Бұл жағынан өте қиын болды. Бір тілді үйрену деген оңай іс емес. Асүйде тамақ жасап отырып радионы қосып қоямын. Үйде теледидарды сөндірмеймін, ал кешке ағылшынша кітап оқимын. Қайталай бересің бір жұмысты. 3 жылдай солай қиналдық. Енді айналаңның бәрі ағылшын болғаннан кейін қай жерге барсаң да ағылшынша сөйлейсің. Өзіміз де тырыстық. Мәселенің бәрі де уақытта, уақыт керек бәріне. Тәжірибе жүзіне асырып, ұялмай сөйлей берсең тіл дамиды. Кезінде 24 сағаттың 18 сағаты ағылшын тілін оқумен кететін. Жергілікті халық та ағылшын тілін үйренемін деушілерге көмегін аямайды. Себебі, олардың ойынша, бір адам ағылшын тілін білсе, бір адам Ұлыбританияны таниды деген сөз. Айтайын дегенім: өзің сияқты қазақ балалары Англияға оқуға келгенде, бір-бірімен 5-6 адам болып тұрып алады. Қазақ қазақпен тұрғанда тіл ешқашан дамымайды. Содан ештеңе үйренбей қайтады. Ағылшындардың қалай ойлайтынын, мәдениетін үйрену үшін сол халықтың орнына өзіңді қоя білуің керек.

– Батыс «өз үйім – өз қорғаным» деген тұрақты тіркеске жүгінеді, ал қазекең «өз үйім – өлең төсегімді», «өз үйім – кең сарайдай боз үйімді» пір тұтады. Яғни бәрі отбасы, ошақ қасынан өрбитіні рас сөз. Отбасыңыздағы тәлім-тәрбие, ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыпты сақтау жайында бір ауыз пікіріңізді білгім келеді.

– Ағылшынның өзін айтайын, жалпы алғанда, өз мәдениеті мен дініне қатты қарайды. Аузымен айтпаса да, тұрмыста өзім араласып жүрген адамдар «мен ағылшынмын» дегенді бірінші орынға қояды. Мектептегі мұғалім болсын, көрші-қолаң мен достарың болсын, сенің дінің қандай, мәдениетің қандай деп сұрақ қояды. Олар: «Қанша ақшаң бар? Қандай көлік айдайсың? Неше үйің бар?» – деп сұрамайды да, қызықпайды да. Неге үйге осының бәрін асып тастадым (Боран аға үй қабырғасындағы ұлттық бұйымдарды нұсқады. – Ә.Қ.), себебі қазақтың қандай дәстүрі бар екенін көрсету үшін. Айналып келгенде, балаларға мен Еуропаға келдім деп шаш бояудың дұрыс емес екенін саналарына сіңіруге тырысамыз. Бәрібір қазақсың деген тәрбие береміз. Енді өкінішке орай, балалар тілден қиналады. Себебі қазақша сөйлесетін ортасы жоқ, айналасының бәрі ағылшын. Бұл балалар бәрібір жетіліп шықса, Қазақстанға қайтады түптің түбінде. Мен өз отбасымда бұларға қазақша сөйлеп, қазақша ән тыңдатқызамын. Қазақстаннан көп әндер жинағының дискілерін сатып алғанмын. Бұлар кішкентай ғой әлі, бірақ есінде қалсын деген ой ғой біздікі.

Осы ретте Боран ағамыздың балалары туралы азды-көпті дерек бере кетейік. Үлкен баласы Айбол – 14 жаста. Орта мектептің 10-сыныбында оқиды. Ортаншы қызы Әлия 9 жаста, кенжесі Данияр 5 жаста. Сізді көре салып, өз тіліне айналған ағылшыншасында сайрай жөнелсе де, балалардан қазақылық шырайын байқау қиын емес. Бәлкім, бұл Боран ағамыздың беріп отырған қазақы тәрбиесінің жемісі шығар.

–Балаларыңызға қазақ тілін қалай үйретесіз, ұлт тарихы туралы білімді қалай жеткізесіз? Болашақта олар қандай мамандық иесі болса екен дейсіз?

– Бұлар мен кіммін? Қазақтың қандай киімі бар деген сұрақтарды жиі қоя бастады күн өткен сайын. Жағдайың келіп жатса, Қазақстанға апарып, көрсету керек. Мысалы, шетелде тұратын қытайлар қауымдастық шеңберінде өз балаларын Қытайға аз да болсын мерзімге экскурсияға жіберіп тұрады. Бөтен елде туған қытай балалары өз мемлекетін танып өссін деген ой ғой. Келешекте қазақ мемлекеті шет елдердегі балаларды ұйымдастырып, атамекеніне алдырып тұрса деп ойлаймын. (Осы тұста маған «Болашақ» бағдарламасы осындай кері байланысқа да сеп болсашы деген ой келді. – Ә.Қ.). Былтыр Қазақстанға барып келдік. Киіз үй деген не, қымыз деген не, қазақтың тойы қандай екенін – бәрін көрсеттік. Бұлардың сұрағанының өзі маған қуаныш. Балалар тек тілді ғана емес, дәстүр мен мәдениетімізді елден үйреніп, сыртқа алып шығып жарқырата көрсетсе деймін. Үлкен ұлым өзімдей дәрігер болса екен деймін. Осы жақтың жақсы техникасын меңгеріп, ертең еліне барып көмегі тиіп жатса, бізге одан артық не керек? Қазақтың тарихын зерттеп, Еуропаға жыға танытса деп армандаймын. Өзім қанша қиыншылық көргенімнің себебі де осы. Өмірлік мақсатым – өзім кедей болып, қайыршылық күн кешіп кетсем де, балаларымды оқытып жеткізу. Еуропадағы байып кеткен адам емеспін, артық ештеңем жоқ, қарапайым қатардағы адаммын. Бірақ өз ниетім — осы үш баламды ортан қолдай үш қазақ қылып тәрбиелеу.

– Әрине, бір қазақ үшін қандай толерантты, қандай демократияшыл мемлекет болсын, бала-бақша, мектеп ашып бермейтіні айдан анық. Ендеше, шетте, жырақта тарыдай шашылып жүрген қазақтардың аты ғана қазақ болмау үшін не істеу керек?

– Қазақстанның Ұлыбританиядағы елші­сі­мен байланыс жасай алсақ, қазақша кітап, оқу-құралдарынан жәрдем берсе. Ең болмағанда интернет арқылы ағылшын тілділер үшін онлайн қазақ тілін оқыту жағын қолға алса деп ойлаймын. Келешекте қазақтың зиятты әлеуметі бұның бәрін қолға алатынына сенімдімн.

– Өз басым «тарихи Отан» деген сал­қын­дау ғылыми терминге тосырқай қараймын. Сондықтан бас әріппен Атамекен дейін. Өзіңіздің Атажұртпен, Қазақстанмен, жақын-жұрағаттарыңызбен байланысыңыз үзілмеген шығар?

– Қазақстанға барып-келіп тұрамын, ин­тер­­нетпен хабарласып, балаларымды туыс­тарыммен сөйлестіріп тұрамын. Қазақпыз ғой, бәрібір туысыңды іздейсің. Байланысты үзбеуге тырысамыз.

– Кейінірек болса да елге оралу ойыңызда бар ма?

– Ойлап отырсам, енді бір 15-20 жылда бәрібір қайтамын. Осы жерде сүйегім қалады деп ойламаймын ешқашан. Өзімнің елім бар, жерім бар. Қазақтың туын көшеде көріп қалсам, жайнап кетемін. Елге барғанда қазақша хабарларды көріп, көшеде қазақша сөйлесіп, қуанып қаламын. Көлігімде де Қазақстанның туын іліп қойғанмын, себебі мен қазақпын. Жұмысымдағы әріптестерім, айналамдағы көршілерімнің, жора-жолдастарымның бәрі Қазақстаннан екенімді, қазақ екенімді біледі. Өйткені мен барлығына да мәдениетімізді таныстырып жүремін. Негізінде мен қартайған кезде ауылға қайтқым келеді. Туған жерде қойымды құрттап, сорпамды ұрттағанға не жетсін.

– Сырт көз – сыншы, қазақ елі тап қазіргі кезде неден кенде қалып отыр?

– Былтыр елімізге барып көрдім. Ақырындап дамып келе жатыр, маған ұнады. Бір қуанғаным кішкене балалардан бастап бәрі қазақша сайрап тұр. Бірақ шетелге, сыртқа шығып көру жағынан әлі де арттамыз. Біз ешкімнен кем емеспіз. Қолдағы алтынның қадірін біле бермейміз. Туристік жүйемізді дамыту мықтап қолға алынса… Америкалықтар мен еуропалықтар Қазақстанға басқа емес таудағы аю мен киіз үйді көру үшін барады. Турист келсе, ол керісінше қалтадағы долларын тастап кетеді ғой. Берлин мен Нью-Йоркте неге қазақ үйін тігіп қазақты таныстырмасқа? Неге біз кешке дейін елдің батыстың Hollywood пен Америкасын білуіміз керек? Біз де сыртқа өзімізді таныту керекпіз. Неге ел білмейді біздің ән-күйімізді, жаңа Астанамызды? «Ойбай, мынау Америка екен, анау Англия екен ғой!», – деп лепіртудің қажеті жоқ. Сырттағының бәрі тәтті тоқаш болып көрінеді, ал шындығында олай емес. Біздің де елге көрсететін нәрселеріміз бар. Қазақ дегенде тек сайқымазақ Борат-шоуды ғана елестетпеуі керек. Кезіге алмай жүрмін, әйтпесе бетпе-бет кездессем, мен Боратыңның…(күліп алады – Ә.Қ.). Содан кейін менеджмент, басқару жүйесі әлі де болса дамыса… Адаммен сөйлесу мәдениетінің өзі — Еуропада тұтастай бір білім жүйесі. Алматыға барғанымдағы вокзалда болған бір оқиғаны айта кетейін. Астананы Ақмолаға көшіргелі ол жерге барған жоқпын. Сонау Англиядан ат терлетіп бір келгенімде, отбасыма жаңа Астанамызды көрсеткім келіп, үлкен үмітпен вокзалға билет сатып алуға бардым. Бір апай отыр екен, кезек көп. Англия бойынша билетті ары-бері билетті қатар алсаң және отбасыңа бірнеше адамға біржола алсаң, шегеріммен арзанға түседі. Мен осы жақтың түсінігімен барып-қайтуды қатар алсам қанша болады деп сұрай бергенім сол еді, кассадағы келіншек «Енді қоса салмайсың ба? Соған да миың жетпей ме? Ары тұр! Ар жағыңда адам бар!», — деп, зеки жөнелді. Бір жағынан күлкім келді, бір жағынан бетім қайтып, жүрегім ауырды. Жарайды, мен қазақпын, өз қазағымның кемшілігін жасыруға тырысамын. Ал шетел турисі болса, бұндай сөзден кейін екінші рет келмей қояды ғой. Сауда қылу сыпайылықтан басталады. Біз территориясы жағынан кең-байтақ елміз, табиғи байлықтарымыз да жетіп артылады. Ол рас. Ал әлі күнге дейін қазақ: «бізге бы-ла-а-а-й жетеді», – деп жайбарақат өмір сүріп келе жатыр. Олай дейтін заман өтті. Қазіргі заманда бас істету керек. Тағы бір айта кететін жайт, үй қымбат, қызмет таба алмай жатқандар көп. Мәселен Қытай Қазақстанды 30 жыл бұрын зерттеп болған. Неге біз соларды зерттемейміз? Біз сияқты қытайша сайрап жүрген қазақтар көп, соларды әкеп, Қытайдың өзін неге зерттемеске? Тек Қытай бізден пайда көрмесін, біз де олардан пайда көрейік. Интернеттен қазақша хабарларды көргіміз келеді, ескі, сан жыл бұрынғы нәрселерден басқа түк таппайсыз. Youtube-тан не нәрсені ашсам да орысша шыға келеді, мен оны түсінбеймін. Үйімде бүтін дүниенің арналары бар, бірақ қазақша жоқ. Қазақты әлемге танытатын таза қазақша спутниктік телеарнаның жоқтығы жаман әсіресе. Қытайдағы ата-анама қоңырау шалу үшін мен минутына небәрі 1 пенс төлеймін, ал соған көршілес Қазақстанға хабарласу анағұрлым қымбат. Өзімізге өзіміз мықтырақ болсақ… тек жерім бар, байлығымыз бар деп тоқмейілсіп жату өрге бастырмайды. Табиғи байлық та бір күні бітер. Қоршаған орта туралы көп ойлай бермейміз. Алматыға былтыр барсам, бәрі үлкен, дәу көлік мініп алуға әуес екен. Ал Еуропада болса, ондай көлік қоршаған ортаны қатты ластағандықтан ондай көлік көп мінілмейді. Төлейтін салығы да қымбат. Ал оны ойлап тұрған адам жоқ. Енді бір қуанғаным, көшедегі ұсақ балалардың да, көк базарда жүрген қазақтардың да, такси айдаушылардың да – барлығының қазақшасы мүлтіксіз. Алайда көп естимін, жоғар оқу орындарындағы оқытушы-профессорлардың айлығы төмен болады екен. Англияда ол мүмкін емес жағдай. Олардың алар жалақысы қоғамдағы бедел-берекесіне, беріп жатқан біліміне сай болғаны жөн. Тек мал-мүлікті қуаламай, діл мен дінге, ұлттық мәдениет пен спортқа, ардагерлерге, әлеуметтік жағдайы нашар адамдарға көңіл шынайы бөлсе… Егер жас балаларға, әсіресе ауылдық жерлерде футбол алаңдарын салып, жаппай спортқа баулыса, олардың нашақорлыққа, ішімдікке салыну қаупі төмендейді. Енді ақырындап-ақырындап дамып келеміз, көш жүре түзелмей ме?

– Баршаға белгілі, патшалық Ресейдің боданында болдық, Кеңестер одағы құрамында да талай жыл өмір кештік. Алып империя – КСРО-ның ыдырағанына да жиырма жыл. Арыдағы мемлекеттілік тарихымыз өз алдына. Қазақ азаматы, қазақтың жанашыр бір ұлы ретінде тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесі алдында өз еліңізге қандай игі тілек жолдар едіңіз?

– Менің өзім Қазақстанда 90 жылдардың. басында тұрғанмын. Одан кейінгі 20 жылдың ішінде қай салада болмасын өзгеріс көп. Газет-журналдар қазақша, Пәкістан, Үндістан, араб елдері мен Африка елдеріне қарағанда біз өте бақыттымыз. Айтпақ ойым, көп жетістікке жеттік, бірақ бұнымен іс бітті екен деп қол қусырып, мүлгіп-қалғып отырудың қажеті жоқ. Елім тыныш, болса, аман болса деймін. Менің де жоспарым бар, Құдай жеткізсін сол күнге, Қазақстанға оралсақ, жағдайы жоқ балалардың оқуына көмектессем деп ойлаймын. Жетім балалардың оқу қаражатын тауып, киім-кешектерін алып берсем. Өз балаларыма да сол міндетті тапсырып кетемін. Отбасымда 5 жан болсақ, әрқайсымыз 2 баладан оқытсақ, 10 адамға көмек қолын созар едік. Бұл жерде біреудің иті ауырып қалса да, азар да безер болып жатады. Ал өзіміз нан жеп отырып, елімде бір қазақтың қара суға қарап отырғаны мен үшін сұмдық. Керемет үлкен іс жасай алмаймын, әрине. Бірақ қолымнан келген көмегімді аямаймын.

– Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан Әсел ҚАМЗА,

«Болашақ» бағдарламасының магистранты,

Ньюкасл университетi,Ұлыбритания