АРХИВ – АЛТЫН КӨМБЕ
АРХИВ – АЛТЫН КӨМБЕ
Жуырда Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдық және Орталық мемлекеттiк мұрағатының 90 жылдық мерейтойларына арналған конференция өттi. Онда «Жауһар жәдiгерлер-2011», «Туған тарихымыздың құндылықтары ғасырдан-ғасырға сақталады» деп аталатын көрме ұйымдастырылып, көрмеге елiмiздiң тарихына қатысты соңғы екi жылда Араб, Түрiк елдерiнен әкелiнген құнды мұралар қойылды.
Қоғамның әлеуметтік-мәдени дамуында мұрағаттың алатын орны ерекше. Бай дереккөздер қоймасы саналатын Орталық мемлекеттік мұрағат қорында кеңес дәуіріне дейінгі және кеңестік, Тәуелсіз Қазақстан кезеңдерінің мекемелері мен ұйымдарының жарты миллионға жуық мұрағат құжаттары сақтаулы тұр. Мұрағат тарихы 1921 жылдың қыркүйек айында Торғай және Орынбор губернияларының мекемелері мен ұйымдарының құжаттары негізінде Орынбор қаласында Орталық өлкелік мұрағат ретінде құрылды. Ол Қырғыз (Қазақ) АКСР-дағы алғашқы республикалық мемлекеттік архив болды. Оның құрылуы мен қалыптасуына белгілі жазушы, ақын Сәкен Сейфуллин сүбелі үлес қосқан. Аз уақыттың ішінде мұрағат еліміздегі ғылыми және мәдени маңызы бар ірі тарихи құжаттық дереккөздерді жинаушы ғылыми және мәдени маңызы бар мекемеге айналды. Қазіргі кезде оның жалпы қоры 1 млн. 500 мың тарихи және мәдени жәдігерден тұрады. Сондай-ақ, онда қазақ халқының жан дүниесі, еркінсүйгіштік рухы мен сол еркіндікке жету жолында толассыз күрескен билер, хандар мен батырлардың мұралары бар. Орталық мемлекеттік мұрағатының бас директоры Ләззат Ақтаеваның айтуынша, құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету мен қорларды ақпараты мол жинақтармен толықтыру – мұрағат жұмысының негізі болып табылады. Сондай-ақ, қызметкерлер күн сайын қоймалардың температуралық-ылғалдылығын бақылап отырады. Істердің нақты қолда бар-жоғын анықтап, оларды іздеп тауып, құжаттардың сақтық қорын жасауда үлкен жауапкершілік танытуда. Осы міндеттерді толық атқарып келе жатқан орталық мамандары ұрпаққа аманат етілген жауһарларымыздың қатарын арттыруда тынбай еңбектеніп келеді. Мәселен былтыр мұрағат түрік елінен ұлтымыздың біртуар ұлы, танымал қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың жазылған қолжазба хаттарын алдыртса, биыл Мысырдың Араб қолжазбалар институтынан Жамбыл облысының тумасы, Араб – Египет Республикасының азаматы Насрулла Ат-Таразидің шығармаларына қол жеткізіпті. «Насрулла Ат-Тарази – көзі тірісінде қазақ халқымен қоса, түрік, парсы елдеріне аса қажет құнды дүниелер қалдырып кетті. Ол өз ана тілінің қасында парсы тілінде докторлық диссертациясын қорғаған. Ғалымның он алты томдық зерттеу жұмыстарынан тұратын каталогі аса құнды тарихи жәдігер. Насрулла белгілі ғалым ғана емес, сырлы өлең жолдарының да авторы. Сондай-ақ, ол иран, парсы, түрік, өзбек тілдерін меңгерген полиглот болған», – дейді Египет елінің өкілі, ҚазҰУ-дың оқытушысы Абдул Азиз әл-Хулил. Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан тарихшылары қауымдастығының президенті Мәмбет Қойгелді: «Кез келген мұрағат ұлттық идеологияны қалыптастыруға қызмет ету керек. Ол тәжірибе кез келген елдерде бар. Мәселен Батыс Еуропа мен Америкада «архив революциясы» деген үлкен тәжірибе қолға алынған. Сондай-ақ, кеңестік дәуірде партиялық архивтер үгіт-насихат жұмысының құрама бөлігі саналған. Қазіргі таңда мұрағат қорында репрессияға ұшыраған қазақ зиялыларының зерттеу жұмыстарын, құжаттық материалдарын таба алмайсың. Ызғарлы саясаттың салқыны Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов, Санжар Асфандияров сынды репрессия құрбандарының деректік құжаттарын құртқан. Ол құжаттарсыз, біз Алаш қозғалысын, қазақтың саяси элитасының шындығын аша алмаймыз. Абай Құнанбаев «Бір жанға екі өлмек әділет пе?» деп жырлайды. Демек сол Алаш арыстарының атылып кетуі – олардың бірінші өлімі болса, екінші рет зиялыларымыздың жазысқан хаттары мен өмір деректерін тауып, кейінгі ұрпаққа аманат етпесек, біздің жиырмасыншы ғасырдағы тарихымыз толық ашылмай қалады. Сондықтан да ол құжаттардың ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан мемлекеттік мұрағаттарға қайтарылуын сұраймыз», – деп өз өтініш тілегін білдірді. «Мен осы Орталық мемлекеттік архивтің Отандық тарих бөлімінде жүріп, ондағы тарихи деректердің негізінде үш кітап жаздым. Архив деген – алтын көмбе. Халық қазынасы. Алтынды қалай бағаласақ, архив те сондай асыл қазына. 90 жылдық тарих «талай тар жол тайғақ кешіргенімен», бүгінде мұрағат жұмысы тек алға қадам басып келеді. Ал мұрағат қызметкерлерінің жұмысы өте ауыр. Және де мұндағы әрбір қызметкер өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Осы мұрағаттың ішінде отырып, ойламаған жерден әкемнің әкесінің арғы аталары туралы деректерді тауып алдым. Сыр елі тарихына қатысты деректерден әкемнің әкесінің қолтаңбасы сақталған екен. Бұл менің үш ұйықтасам, түсіме кірмеген жағдай», – деді белгілі жазушы, журналист Тынышбек Дайрабай.
1991 жылдың 29 қазанынан бастап Қ.Р-ның Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының жаңа Қаулысына сәйкес, Орталық мемлекеттік мұрағат құжаттары сақталған бірден-бір мемлекеттік мекеме ретінде тіркелді. Ал 1999 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан Мұрағат құжаттарын басқарумен айналысатын мемлекеттік Комитет құрылды. Ал қазіргі таңда аталмыш мекеме Қазақстан Республикасының Байланыс және Ақпарат Министрлігі жанындағы Ақпарат және мұрағат комитеті деп аталады.
Маржан КЕҢЕСБАЙ01.12.2011