Жаңалықтар

Питер ХАУЗ: «ХАЛЫҚТЫҚ IРО» - ХАЛЫҚҚА АРНАЛҒАН

ашық дереккөзі

Питер ХАУЗ: «ХАЛЫҚТЫҚ IРО» - ХАЛЫҚҚА АРНАЛҒАН

Мемлекеттiң халыққа қосымша пайда табу үшiн берiп отырған мүмкiндiгiн адамдар әлi түсiнбей отыр. Оған себеп көп. «Аузы күйген үрiп iшедiнiң» керiн келтiретiн ағайын ақшамызды желге шашып аламыз ба деп тайсақтайды. Әрi заты да, аты да таңсық IРО көпшiлiктiң сенiмiне әзiр кiре алмай отыр. Қазақстандық қор нарығының тиiстi деңгейде дамымауы тағы бар. Астанадағы журналистердiң семинарында «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басқару директоры Питер Хауз мырзамен сұхбаттасып, аталған бағдарламаға қатысты көкейдегi сауалдарымызға жауап алған едiк.

– Хауз мырза, сіздіңше, дәл қазіргi кезде қазақстандықтар «Халықтық ІРО» бағдарламасынан халыққа пайда келетініне сене ме?

– Халық сенбейді. Бұл жерде мен «Халықтық ІРО» туралы білетіндерді айтып отырмын. Ал шындығына келсек, халықтың басым бөлігі аталған бағдарламадан хабарсыз. Көшелерден такси ұстаған кезде көлік жүргізушілерінен үнемі «Халықтық ІРО» жайлы сұраймын. Олардан алатын жауап: «Жоқ». Бұл Қазақстанның ірі қалаларындағы жағдай. Ал Алматыда тіпті ұлттық компанияларға тиесілі көліктердің жүргізушілері де бағдарламаның кімге және неге арналғанын білмейтіндіктерін айтады. Сонда орталықтардан шалғай жатқан аудандар мен ауылдар туралы не айтуға болады? Дәл қазіргі сәтте «халықтың сенімі» тұрғысынан алғандағы мүмкіндігіміз өте аз. Бірақ мен бұған бас қатырмаймын да! Өйткені жалпыхалықтық оқу-ағарту мәселелерін жүзеге асырғаннан кейін адамдардың «Халықтық ІРО»-ға деген қызығушылығы мен құлшынысы артары сөзсіз. Қазір бұл мәселе мемлекеттік қызметкерлер мен жауапкершілік жүгі артылған мемлекеттік мекемелер өкілдерінің тар шеңберінде талқылануда. Келешекте қаржыгерлер мен компаниялар түгел білетін болады. Себебі олар «Халықтық ІРО» процесінен шет қалмауға мүдделі. Қазіргі сәтте республика бойынша өте кең ауқымдағы жарнамалық шаралар ұйымдастыруға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Осының нәтижесінде халық ел экономикасының өсуіне белсене атсалысады.

– Сіз Қазақстанды тіпті Монғолияның шаң қаптырып кеткені туралы айттыңыз…

– Қазақстан Моңғолиядан құнды қағаздар нарығының дамуы жағынан кенже қалған. Бірақ ІРО мәселесінде емес. Бұл екеуі екі басқа дүние.

– Қор нарығы арқылы пайда табу – елдің әлеуметтік ахуалын, жалпы мемлекет экономикасын жақсартуға оң ықпал ететін құрал. «Халықтық ІРО» бағдарламасы кеш қолға алынған жоқ па?

– Қазақстандағы жекешелендіру про­цесі 90-жылдары басталған. Сосын 2006 жылы жекешелендіруге «Қазтелеком» мен «Қаз­МұнайГаз» шығарылды. Олардың құны халық үшін барынша қолжетімді болғанымен адамдардың бәрі білетіндей деңгейде танымал емес еді. Меніңше, ол кездерде жалпыұлттық ағарту және жарнамалық шараларды жүргізуде кемшін түсті. Егер зейнетақылық реформалар бағытында қолданылған жарнамалық кампанияларды мысалға келтірсек, қарапайым халыққа ұғынықты да түсінікті болатын. «Халықтық ІРО» бағдарламасының мақсаты мен міндеті туралы оқу-ағарту, жарнамалау істерін кең ауқымда жүрігізе отырып, елдің санасына сіңіру қажет. Сонда ғана халық үкіметтің, мемлекеттің не жайлы әңгіме қозғап отырғанын ұғып, сонда ғана бағдарламаға қатысты сұрақтардың қарша борайтыны белгілі. Мұндайда нарыққа енуге мүдделі адамдармен жұмыс істеу, пайдалы кеңестер айтуға бағыт-бағдар сілтеу оңай.

– Бағдарламаның алғашқы кезеңі қашан басталады?

– Келесі жылы парламенттік сайлауды өткізгеннен кейін, ақпан айында басталатын шығар. Яғни халық үшін ең қолайлы сәт – ақпан айы. Тағы бір маңызды жайт, Initial Public Offering – қазақша не орысша сөз емес. Сондықтан «ІРО» сөзін халық ұғымына, табиғатына жақындататын атау тапқан жөн.

– Қор нарығына енуге еліміздегі зейнетақы қорларының дайындығы қай деңгейде?

– Зейнетақы қорлары «Халықтық ІРО» бағдарламасына қатысуға құқылы. Олардың қорлардағы қаражат көлемі де жеткілікті. Әрі қор нарығы арқылы қосымша пайда табуға олар мүдделі де. Мәселен нарыққа шығарылатын компанияның 100-200 мың АҚШ долларына бағаланса, бұл дегеніңіз қазіргі зейнетақы қорлары активтерінің небары 1 пайызы ғана. Ал олардың жалпы қаражат көлемі 17 млрд. долларға жеткен. Заң бойынша зейнетақы қорларының 9 пайызын облигацияларға емес, акцияларға салады. 270 млн. доллар қазіргі акциялар құнының 10 пайызы болар еді. Бұл – тым көп те емес, аз да емес. Оның үстіне, зейнетақы қорларының капиталы Қазақстан азаматтарының ай сайын салатын қаражаттарының есебінен өсіп отыратынын ұмытпау керек.

– Жатжұрттық қалталылар «Халықтық ІРО» шеңберінде шығарылатын акцияларды сатып алуға құлшынып отыр. Олар отандастарымыздың көмегін пайдалана отырып, ҚР азаматтарына тиесілі акцияны сатып алуы мүмкін бе?

– Меніңше, шетелдік инвесторлар қазақстандық компаниялардың акцияларын сатып алуға шынымен-ақ мүдделі. Олардың ІРО кезінде де белсенділік танытуы әбден мүмкін. «Қазақтелеком» акцияларын сату барысында осындай жайттар орын алып, ел Президенті ескерту жасағаны белгілі. Сондықтан бағдарламаны жүзеге асыру процесінде тиісті шараларды қабылдап, кемшіліктерге жол берілмеуін қадағалаймыз. Әрі адамдар да «маған шетелдіктердің ұсыныс жасауы тегін емес, демек менің де пайда табуыма мүмкіндігім бар. Акцияларды олар емес, өзім иеленейін» деп ойлануы керек. Сонымен қатар оған тосқауыл қоюға да болмайды. Өйткені нарықтың аты – нарық. Оның да өзіне тән ереже, талаптары бар. Адамдарға қолдарыңдағы акцияларыңды сатуға болмайды деу – мүлде дұрыс емес.

– Бірақ «Халықтық ІРО» – халыққа арналған бағдарлама ғой?

– Дұрыс, халыққа арналған. Бірақ бағдарлама арқылы сатып алынған акцияларды қайта сатқысы келсе, кез келген адамға сатуға құқылы. Ешқандай шектеу қойылмайды, қойылмауы керек те.

– Бұл ел экономикасына, ұлттық компанияларымызға қауіпті емес пе?

– Жоқ, қауіпті емес. Нарыққа компаниялардың 15 пайыздық акциялары ғана шығарылады. Бұл басқа мемлекеттерде, мысалы Австралияда, АҚШ-та ұлттық компания акцияларын шетелдіктерге иеленуге рұхсат бермейтін арнайы заң бар. Бұл қауіп-қатердің алдын алу үшін қабылданған шаралар. Бірақ біздегі акция көлемдері соншалықты қомақты емес, демек тәуекел мен қауіп-қатер де жоқ.

– Бірінші кезеңде – «ҚазТрансОйл», «KEGOC» және «Эйр Астана». Екінші кезеңде қай компаниялар шығарылады?

– Одан кейінгі кезекте «Самұрық Энерго», «Қазтрансгаз», сондай-ақ, «Қазақстан темір жолының» бір бөлігі, «Қазатомпром», осылайша тізім ауқымы кеңейе береді. Бұл басы ғана. «ІРО» ұғымын халық арасына кеңінен енгізіп алғаннан кейін жұмыс жеңілдеп, нарыққа шығарылатын компания қатары өсе түсері анық.

– Ел арасында сатылатын акциялардың құны туралы да кереғар пікірлер көп. Компаниялардың акциясын қарапайым халық сатып алатындай деңгейде бола ма?

– Акциялардың бағасы адамдар үшін толық қолжетімді болады. Мәселен компания 1 млрд. долларға бағаланса, оның әр акциясы 1 доллар болар еді. Акциялар құнын тым қымбатқа бағалау – халық үшін де, мемлекет үшін де тиімсіз. Сондықтан акциялар бағасы кез келгеннің қалтасы көтере алатындай деңгейде бекітіледі.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ